Accessibility links

ШЫҰ-дан көңілі қалған Қытай «Жібек жолын» жаңғыртқысы келеді


Пекинде басталған "Бір белбеу - бір жол" стратегиясы аясындағы халықаралық ынтымақтастық форумына қатысушылар. 14 мамыр 2017 жыл.
Пекинде басталған "Бір белбеу - бір жол" стратегиясы аясындағы халықаралық ынтымақтастық форумына қатысушылар. 14 мамыр 2017 жыл.

Пекинде 14 мамырда «Бір белдеу - бір жол» стратегиясы аясында халықаралық экономикалық форум жұмысы басталды. 30 шақты мемлекеттің өкілі қатысып отырған жиында іскерлік және сауда қатынастары талқыланып, келісімдерге қол қойылады.

"Қытай Жібек жолы қорына қосымша 100 миллиард юань (14,5 миллиард доллар) бөледі" деп мәлімдеді Пекинде мамырдың 14-і басталған "Бір белбеу - бір жол" стратегиясы аясындағы халықаралық ынтымақтастық бойынша жоғары деңгейдегі форумда Қытай президенті Си Цзиньпин.

Оның сөзінше, Қытай мемлекеттік даму банкі Жаңа жібек жолы жобаларын қолдауға 250 миллиард доллар бөлуге, ал Қытайдың экспорт және импорт банкі "Бір белдеу – бір жол" бастамасы жобаларын қаржыландыруға 130 миллиард юань көлемінде мақсатты несие бөлуге дайын.

Пекинде екі күнге жалғасатын халықаралық экономикалық форумға қатысып жатқан 29 елдің басшылары арасында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бар.

Қытай 2013 жылы жылы бастаған "Бір белдеу – бір жол" жаңа экономикалық даму стратегиясы Еуразия елдері арасында сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытып, инфрақұрылым құруды көздейді. Бұл стратегияға сәйкес, Қытай көршілес Қазақстан және Ресей арқылы Шығыстан Батысқа тауар тасымалдайтын сауда дәлізін іске қосуды жоспарлаған.

"Бір белбеу - бір жол" стратегиясы аясындағы халықаралық экономикалық форум. Пекин, 14 мамыр 2017 жыл.
"Бір белбеу - бір жол" стратегиясы аясындағы халықаралық экономикалық форум. Пекин, 14 мамыр 2017 жыл.

Қытайдың "Жібек жолын" жаңғыртуы Орталық Азия елдеріне де қолайлы мүмкіндік болғанымен, оны тиімді пайдаланып жүзеге асыруда ішкі кедергілер бар. Оны жоймай, тиісті деңгейде байланыс жасау қиынға соғады дейді Азаттыққа сұхбатында саясаттанушы Мұхит Асанбаев.

Азаттық: - 2013 жылы басталған Қытайдың "Бір белдеу - бір жол" жобасы әуелде транспорттық, логистикалық мүмкіндіктерді ашуға бағытталған мүмкіндік сияқты көрінетін. Қазіргі талдауларға қарасақ, Қытайда бұл жобаны стратегия ретінде түсіндіре бастады. Осының мәнісі неде?

Мұхит Асанбаев: - Иә, соңғы 20-30 жылда қарқынды дамып келе жатқан Қытай үшін бұл жоба шынымен де стратегиялық бағыт, мақсат болып отыр. Халқының санын айтпаған күннің өзінде, Қытай басқа да әлеуеті жағынан алпауыт елдер қатарына кірді. Өзін-өзі өндіріспен қамтамасыз етіп, енді шамадан тыс өндіріс пен инфрақұрылымға ие елге айналып келеді. Төлеу мүмкіндігінен асыра товар шығарған бұл ел енді шамадан тыс өндіру дағдарысына жақындап қалды. Дағдарысқа ұшырамаудың бір жолы – товарды елден сыртқа көптеп шығару. Айталық, батыс нарығына неғұрлым тезірек шығатын болса, бұл Қытай экономикасы үшін болашақ қауіптің алдын алуға соғұрлым қолайлы болады.

Иран астанасына Қытайдан жеткен алғашқы пойызды қарсы алу шарасына жиналғандар. Тегеран, 15 ақпан 2016 жыл.
Иран астанасына Қытайдан жеткен алғашқы пойызды қарсы алу шарасына жиналғандар. Тегеран, 15 ақпан 2016 жыл.

Тарихи жағынан алып қарасақ та Қытай 14-15 ғасырға дейін өз товарын құрлық жолы арқылы Еуропаға жеткізіп, басқа да елдермен тығыз қарым-қатынаста болғанын көреміз. Еуропалықтар Африканың батыс жағалауына, Үнді мұхитына шығып, теңіз жолдарын ашып, дамытқан соң Қытайдан Еуропа, Азияға товар таситын құрлық жолдары өзінің маңызын жойды. Соның салдарынан осы жолдың бойындағы елдер де дағдарысқа ұшырады. Қазіргі Қытай болса, кейде "Жібек жолы" деп те аталатын "Бір белдеу - бір жол" жобасы арқылы батыс нарығынан өзінің орнын алуды көздейді.

Азаттық: - Қытай "Бір белдеу - бір жол" идеясын батыстық нұсқадан үздік әлемдік үлгі ретінде жариялай бастады. Ал бүгінгі басталатын отыз шақты елдің басшылары мен өкілдері қатысатын форумда Ресей президенті Владимир Путиннің бірінші болып сөйлейтіні хабарланған. Қытай аймақ елдерімен қатынасқа қандай жаңалық енгізе алады?

Мұхит Асанбаев: - Қытай үшін Ресей де батыс елі. Қырымды басып алғаннан кейін Ресейдің Еуропа одағымен және Америкамен қатынасы нашарлап кетті. Қырымды қайтарсын деген талаппен батыс елдері Ресейге санкция салып, изоляцияға ұшыратып отыр. Бірақ Қырым дағдарысының зардабын тек Ресей ғана емес, Еуроодақ пен АҚШ та сезіне бастады. Бірақ бір ғана ел – Қытай осының қызығын көріп отыр. Мәскеудің Еуропа жақтағы қақпасы жабылған соң Қытай да Ресейді стратегиялық әріптес ретінде тани бастады.

Азаттық: - Қытайдың Орталық Азия елдеріне ықпалын қалай бағалар едіңіз?

Мұхит Асанбаев: - Алдымен Орталық Азия үшін Қытайдың орны ерекше екенін айтар едім. Қытай Орталық Азия елдеріндегі негізгі қаржы доноры екені белгілі. Мәселен, дипломатиялық қатынас орнатқан соң 25 жыл өткенде, Қазақстандағы мұнай өндірісінің 25 пайызы Қытайға тиесілі болып қалғанын көріп отырмыз. Оның сыртында біз біле бермейтін қарыздар қаншама?! Қытайдың үлесі Орталық Азияда тек Қазақстанда ғана емес, Түркіменстан мен Қырғызстанда да күшейіп барады. Түркіменстаннан қытайлар газ импорттап отыр. Түркіменстандағы ірі Галкыныш газ кенішін Қытай монополияландырып, өзі өңдеп, тасымалдау құқығына ие болып отыр. 2008 жылы құрылысы басталған Орталық Азия - Қытай газ құбыры тағы бар.

Қытай мен Қырғызстанды жалғайтын жаңа жолдағы жүк автокөліктері.
Қытай мен Қырғызстанды жалғайтын жаңа жолдағы жүк автокөліктері.

Бұл жерде Қытайдың оңтайлы әсері болғанын да жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, Қазақстан бұрын қуат көздерін тасымалдауда Ресейге тәуелді болатын. Бірақ Қытаймен қатынастың арқасында Қазақстан бұл салада Ресейге кіріптарлықтан құтылып келеді.

Азаттық: - Қытай өзінің кейбір өндіріс жобаларын Орталық Азияға көшірмекші. Бір ғана Қазақстанға көшіріледі деген өндіріс жобасының саны 50-ден асады. Ал Тәжікстан мен Қырғызстанда жерді жалға алып отырған негізінен қытайлар екені белгілі. Жалпы Орталық Азия -Қытай байланысында кім неден көбірек ұтып отыр?

Мұхит Асанбаев: - Әрине, мен Қытай дер едім. Қытай тарихи жағынан, қауіпсіздік, экономика, саясат және географиялық жағынан Орталық Азияны былай қойғанда, алыстағы Америка үшінде потенциалды қатер тудырып отыр.

Қытайдың Орталық Азиядағы имиджіне қарасақ та қауіп-қатердің көзі ретінде қарастырылады. Бұл – аймақта мыңдаған жыл бойы қалыптасқан фәлсафа, ой-сананың нәтижесі. Тек қазақтар ғане емес, Орталық Азиядағы өзге де елдер тарихи сана тұрғысынан қарағанда Қытайдан сақтануға шақырып келгенін көреміз. Баяғыда мәдени, тілдік барьер бар еді. Қытаймен сіңісіп кетпегеніміз де сондықтан шығар. Бірақ қазіргі жағдайда Қытай біртіндеп өзінің әйгілі "жұмсақ күшімен" мәдени барьерлерді алуға тырысып жатыр.

Тиісінше Орталық Азия үшін іргедегі миллиардтан астам тұрғыны бар Қытай үлкен нарық бола алар еді. Бірақ сол нарықты Орталық Азия аша алмай отыр. Қазіргі жағдайда Орталық Азияда қауіп Қытайдан емес, коррупциядан төніп тұрғанын айта кеткен абзал. Осы менталитет өзгермей, Қытаймен де, басқа елдермен де жөнді байланыс жолға қойылмайды.

Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Шанхай, 19 мамыр 2014 жыл.
Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Шанхай, 19 мамыр 2014 жыл.

Азаттық: - Орталық Азияның Қытаймен қатынасы негізінен экономикалық салада өрістеп жатыр десек, Қытайдың өз ұлттық валютасы – юаньді саналы түрде девальвация жасауы көрші елдерге әсер етуі мүмкін бе?

Мұхит Асанбаев: - Әрине, әсер етеді. Орталық Азия тұрмақ, Қытай девальвациясы Америка экономикасына да әсер етіп отыр ғой. Америка Қытайдың ұлттық валютасын орынсыз девальвация жасауын үнемі сынап келеді. АҚШ Қытайды әдейі девальвация жасап, товарын бәсекеге бейімдеп отыр, бұл - сауданың таза ережесіне сәйкес келмейді деп есептейді.

Орталық Азияда қарапайым халық өндірістің емес, тек сауданың арқасында ғана күн көріп, өз жағдайын жасап отыр. Батыс елдерінде мұндай жоқ деуге болады. Институционалды тұрғыдан Қазақстанды алып қарасақ, өз бетімен әрекет ететін тәуелсіз экономикалық субьектілері жоққа тән, тек шағын бизнес нысандары мен квази-мемлекеттік сектор ғана жұмыс істейтін ел екенін көреміз. Оның үстіне мұнай бағасы да соңғы кезде бареліне 40-50 доллардан ғана айналып тұрып қалды. Ал тәуелсіздігіне ширек ғасыр өтсе де, Қазақстан мұнай бағасына тәуелді болмайтындай жол қалыптастыра алмады.

Азаттық: - Орталық Азия үшін мазасыздық жайлаған Ауғанстан қатері мен Қытай үшін Шыңжаңдағы "ұйғыр сепаратизмін" ескергенде аймақты қауіпсіздікпен қамтамасыз ету мәселесінде Қытайдың орны қандай?

Қарулы қытай жасағы мен бала көтерген ұйғыр әйелі. Үрімжі, шілде, 2010 жыл.
Қарулы қытай жасағы мен бала көтерген ұйғыр әйелі. Үрімжі, шілде, 2010 жыл.

Мұхит Асанбаев: - Менің байқағаным – Қытай "ұйғыр проблемасын" баяғыда-ақ басып тастаған. Бірақ Қытай үшін мемлекет бәрін бақылап тұр деген жайдың айтылуы аса тиімді емес. Қытайға салсақ, проблеманың бар екені көрінуі керек және оны реттеуге басқа елдерді де араластыру керек деген мүдде байқалады. Бұл – қауіпсіздік саласында өзге елдермен қарым-қатынас жасаудың ілігі болып табылады. Ауғанстанды алып қарастырсақ та, осыны айтуға болады. Мәселен, тәліптер қайтадан билікке келіп жатса да, бұл Қазақстанға тікелей әсер ете қоймайды. Бұдан бұрын Талибан билікте отырғанда да оны Франция тәрізді батыс елі мойындауға да дайындала бастаған еді.

Жалпы, әлдебір елдегі жағдайды қауіпті етіп көрсету соған өзге елдердің араласуына жол ашады. Ал Ауғанстанның Үндістан, Пәкістан, Орталық Азия және Қытай арасындағы буферлі зонада орналасуын осы елдің трагедиясы дер едім.

Азаттық: - Ресей Еуразия экономикалық одағы, Ұжымдық қауіпсіздік ұйымы арқылы бұрынғы совет елдерін өз ықпалында ұстағысы келеді. Ал Қытай Ресейге ықпал ету арқылы аймақта өзгеше көрініс қалыптастыра ала ма?

Мұхит Асанбаев: - Қытай үшін бұл - көп жүрісті амалдың бірі. Қытай Орталық Азияда кейбір мәселеде Ресей арқылы көздеген мақсатына жетуі де мүмкін. Кейбір мәселеде Қытай мен Ресейдің пікірі бір-біріне қарама-қайшы келіп қалатын да тұстары болады. Мәселен, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) құрылғанда Қытайдың дәмесі зор еді. Пекин осы ұйым арқылы Ресей мен Орталық Азияда инвестициялық, стратегияларын жүзеге асыруға тырысты. Тіпті ортақ валюта шығару мәселесі де көтерілген. Бірақ соның көбі қағаз жүзінде қалды. Ал "Бір белдеу - бір жол" бастамасы Қытайдың ШЫҰ-дан көңілі қалған соң, Орталық Азияға басқа жағынан кіруі болып есептеледі.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңізге рахмет.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG