Accessibility links

Жаңа "Жібек жолы" мен Қытай жұмысшыларының қауіпсіздігі


Иран астанасына Қытайдан жеткен алғашқы пойызды қарсы алу шарасына жиналғандар. Тегеран, 15 ақпан 2016 жыл.
Иран астанасына Қытайдан жеткен алғашқы пойызды қарсы алу шарасына жиналғандар. Тегеран, 15 ақпан 2016 жыл.

Шетелдік бірнеше басылымда Қытайдың "Жібек жолын" жаңғырту бастамасының жалғасы туралы жазыпты. Қытайдан тыс жерлердегі нысандарда еңбек етіп жатқан қытай жұмысшыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нарық пайда болған.

ҮНДІСТАН МЕН ЕУРОПАНЫҢ МАҚТАУЫ

Қытайдың ұлы Жібек жолын жаңғыртуды көздейтін «Бір белдеу – бір жол» бастамасын Сингапурдың Channel News Asia телеарнасының сайты «амбициялық даму бастамасы, Азия мен Еуропаның арасын қазіргі заманға сай инфрақұрылымның үздіксіз тізбегімен жалғайтын триллиондаған доллардың жоспары» деп атаған. Жоба Оңтүстік Қытай теңізі мен Ағылшын каналына дейінгі аралықта орналасқан елдердің экономикасын дамытуға түрткі деп болжанады.

Қытай бұл бастамасын алғаш рет 2013 жылы Астанада жария еткен. Жаңа Жібек жолы әлем халқының үштен екіге жуық бөлігін, әлем елдерінің ЖІӨ-нің үштен бірін, дүниежүзілік тауар, қызмет сауда-саттық айналымының ширек бөлігін қамтып, тас жолдар, теңіз порттары және құбырлар арқылы 80 елдің арасын жалғайды деген болжам бар.

Қытай мен Қырғызстанды жалғайтын жаңа жолдағы жүк автокөліктері.
Қытай мен Қырғызстанды жалғайтын жаңа жолдағы жүк автокөліктері.

Үндістанның Economic Times газеті «Пекин баспасөзі: Қытайдың Жібек жолы жобасы үшін Үндістанның қатысуы маңызды» деген мақаласында Қытайдың бастамасын іске асыруда Үндістанның рөлі аса маңызды, өйткені «миллиардтаған доллар тұратын жобаға кей елдердің қосылу жайлы шешіміне [Үндістанның] ұстанымы ықпал етеді» деп жазған. «Бір белдеу – бір жол» бастамасын іске асыру кезінде терроризмге қарсы тұру, аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қытайға Үндістанмен ынтымақтасу қажет» делінген газетте. Бұған қоса, газеттің жазуынша, мамырдың 14-15 күндері 28 елдің басшылары жиналатын «Бір белдеу – бір жол» саммиті өтуі тиіс, бірақ Үндістан оған қатысатыны жайлы әзірше ештеңе айтқан жоқ.

Мальтаның Times of Malta газетіндегі «Еуропа Одағының жоғары лауазымды дипломаты Қытайдың жаңа Жібек жолы еуропалықтарға ашық болуы тиіс деді» атты мақалада ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Федерики Могерини Пекиндегі Циньхуа университетінде сөйлеген сөзінде жобаны Еуропа үшін де маңызды деп атағаны жайлы жазған. ЕО Қытаймен екі жақты инвестициялық келісім бекітуге 2012 жылдан бері тырысып келеді, ондай келісім бекітілсе, еуропалық компаниялардың Қытайда бизнес жүргізуі жеңілдеп, кей елдердің Қытаймен екі жақты келісімдерінің орнын басар еді.

ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ

Ұлыбританияның Reuters агенттігі сайтындағы «Жергілікті және дүниежүзілік күзет агенттіктерінің Қытайдың «Жібек жолына» қатысуға таласы» деген мақалада Қытайдың Жібек жолын қайта жаңғырту бастамасын дамыту додасына жеке меншік күзет агенттіктері де қатысып жатқанын жазады. Олар Жібек жолы бойында жүрген мыңдаған қытай жұмысшысын, салынған жолдар мен зауыттарды, тартылған құбырларды қорғау үшін өз қызметтерін ұсынып жатыр.

«Бірақ бұл оңай болмайды, өйткені жоғары лауазымды қызметшілердің ескертуінше, Африкадан бастап Вьетнамға дейінгі аралықта іске қосылған жобаларды игеріп жатқан немесе жоспарлап отырған мемлекеттік кәсіпорындар кейде қытайлық отандастарымен істес болғанды жөн көреді, қауіпсіздікті мешеу ой санап, шығынды барынша азайтуға тырысады» деп жазады Reuters.

Жергілікті тұрғындар мен қытай жұмысшылары жаппай төбелескен Куршаб ауылында. Ош облысы, Қырғызстан, 9 қаңтар 2013 жыл.
Жергілікті тұрғындар мен қытай жұмысшылары жаппай төбелескен Куршаб ауылында. Ош облысы, Қырғызстан, 9 қаңтар 2013 жыл.

Жібек жолы жобасына қатысу үшін өзара бақталас халықаралық қауіпсіздік операторлары арасында Control Risks, G4S (GFS.L) және Frontier Services Group (0500.HK) сияқты фирмалар аталады. Ертеректе Blackwater америкалық бизнес қауіпсіздігі қызметінің негізін қалаған Эрик Принц құрған Frontier Services Group компаниясы өкілдері былтыр желтоқсанда Қытайдың оңтүстік-батыс провинциясы Юннань мен Пәкістанға баратын маршрут басталатын Шыңжан провинциясында кеңсе ашуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.

Қытай жұмысшылары шетелде тап болатын қауіп-қатерді «сан қилы әрі алдын ала болжанбаған қатерлер» деп атайды. Sinopec мұнай компаниясы өкілінің сөзінше, ұрлық пен ереуіл ең көп тараған оқиғалар саналады. Бірақ өзге оқыс жағдайлар да болып қалады, мысалы, 2015 жылы Малидегі қонақүйге шабуыл жасау кезінде Қытай мемлекеттік компаниясының үш қызметкері қаза тапқан. Қытай билігінің ресми дерегінше, 2010-2015 жылдары Қытай компанияларының шетелдегі жұмысына қатысты 350-ге жуық оқиға болған.

«Бірақ [қауіпсіздікке қатысты] бұл қорқыныштар ұтымды контрактілерге оңайлықпен ұласа қоймайды. Кейде күзет агенттіктерін ұзақ мерзімді стратегия әзірлеу үшін емес, төтенше жағдайды реттеуге ғана шақырады» деп жазады Reuters.

Қазақстан мен Қырғызстандағы кәсіпорындарда қытайлар мен жергілікті жұмысшылар арасындағы жаппай төбелеске дейін жеткен қытай жұмысшыларымен болған жанжалдар жайлы ертеректе Азаттық хабарлаған. Өткен жылдары Қазақстандағы кәсіпорындарда мұндай ірі қақтығыстар түрік және жергілікті жұмысшылар арасында да болған.

ҚЫТАЙ ДИПЛОМАТИЯСЫ ҮШІН СЫНАҚ

Америкалық World Politics Review сайтындағы «Орталық Азиядағы «Бір белдеу – бір жол» жобасы Қытай дипломатиясы үшін неліктен сынақ болмақ?» деген мақалада Қытай жобаны дамыту кезінде тап болып отырған қиындықтарды сипаттаған. Қазіргі сәтте транспорт инфрақұрылымын дамытуға көбірек мән беріліп отыр. Мысалы, Орталық Азия арқылы бірнеше маршрут өтуі тиіс, оның солтүстік маршруты Қазақстан мен Ресей арқылы Еуропаға, балама солтүстік маршрут Қазақстан мен Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Грузия, Түркия және Еуропаға, Иранға апаратын маршрут Қазақстан мен Түркіменстан арқылы өтуі тиіс. Бұдан бөлек, Өзбекстан мен Қырғызстан арқылы өтеді деп болжанатын оңтүстік маршруттың да жоспары бар, оған Тәжікстан мен Ауғанстан да қосылуы мүмкін.

Қытайдан Тараз қаласына келіп жеткен «Ұлы Жібек жолының мәдени керуені» экспедициясына қатысушылар. Қазақстан, 8 қазан 2015 жыл.
Қытайдан Тараз қаласына келіп жеткен «Ұлы Жібек жолының мәдени керуені» экспедициясына қатысушылар. Қазақстан, 8 қазан 2015 жыл.

«Стратегиялық тұрғыдан алғанда, Шығыс Азияда қақтығыс бола қалған жағдайда [жаңа Жібек жолы] Қытайға импорт пен экспортты, электр қуатын жеткізу үшін пайдаланатын балама маршруттар болады, бұған қоса, беймаза Шыңжан аймағы айналасында тұрақтылық пен қауіпсіздік аймағын құруға мүмкіндік береді. Экономикалық тұрғыдан алғанда, Еуропаға теңіз жолымен салыстырғанда, қымбаттау болғанымен, уақытты үнемдейтін жаңа экспорттық маршрут ашады, бұған қоса, Қытай компанияларының мемлекеттік жобаларға инвестиция құйып, контракт алуына мүмкіндік береді. Бұған қоса, [Жаңа жібек жолы] жұмсақ күш қолдану бола алады: Қытай қоғамдық маңызды тауарлар – транспорт пен энергетикалық инфрақұрылымды беріп, «адамдардың арасын жақындату» бастамасын дамыту арқылы» аймақтағы беделін жақсартудан үмітті деп жазады World Politics Review.

Кейінгі жылдары Қазақстан Қытайға мұнайды жаңа құбыр арқылы экспорттай бастады, ал совет заманда мұндай мүмкіндік болмаған еді. Жаңадан ашылған Қытай нарығы Түркіменстан газын экспорттауға да мүмкіндік берді, совет заманында бұл ел газды Ресейге экспорттауға тәуелді болған. Қырғызстан да Қытаймен сауда-саттық көлемін ұлғайтып келеді, мысалы, екі елдің арасын жалғайтын жаңа халықаралық автомобиль жолы салынды.

XS
SM
MD
LG