Accessibility links

Қытайдағы мұсылманша есімге тыйымның қазақтарға әсері бар ма?


Кешкі базарда жүрген балалы ұйғыр әйелі. Шыңжаң, 15 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Шыңжаңда ислам дінімен байланысы бар ондаған есімді балаға қоюға тыйым салды. Қытайдағы қазақтардың кейбірі «компартияның ат қою жайлы саясаты дұрыс» екенін, бірақ ол тыйымның «өздеріне қатысы жоғын» айтады.

«Қытай коммунистік партиясы тыйым салған адам аттары тізіміне мұсылманша есімдер де кіргізілгені рас» деп мәлімдеді Қытайдағы Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы әкімшілігінің ресми өкілі бірнеше күн бұрын Азат Азия радиосына берген жауабында. Қытай билігі ол тыйымды таяуда жариялаған «Этникалық азшылық өкілдеріне есім беру ережелері» деп аталатын құжат негізінде салған. БАҚ дерегінше, Қытайда енді балаға қоюға болмайтын кісі аттарының қатарында Ислам, Құран, Мекке, Жиһад, Имам, Саддам, Қажы және Медине сияқты есімдер бар.

Үрімжі көшесінде отырған ұйғыр ақсақал. (Көрнекі сурет)
Үрімжі көшесінде отырған ұйғыр ақсақал. (Көрнекі сурет)

Шыңжаң аймағының әкімшілік орталығы Үрімжі қаласы полициясының өкілі «мұсылманша есім қойылған балалардың денсаулық сақтауға және білім беруге қол жеткізетін мемлекеттік тіркеу жүйесінен шығарылатынын» хабарлады.

«БАТЫРЛАР МЕН БИЛЕРДІҢ АТЫН ҚОЙМАУЫ ТЫЙЫМНАН ЕМЕС»

Шыңжаңдағы ислам дінін ұстанатын ұлт өкілдеріне діни сипаттағы ат қоюға тыйым салынғаны жайлы хабар бұдан бірнеше жыл бұрын шыға бастаған. Бірақ ол өңірдегі Алтай аймағында тұратын қазақ журналисі Болат Қаңтарбай «нәрестеге мұсылманша есім беруге салынған тыйымның өздеріне қатысы жоқ екенін» айтады.

Қазақтар ескі есімдерді, батырлар мен билердің аттарын, ислам дінінің шариғатына негізделген есімдерді балаға беруді қазір қойды.

– Ат қою жағынан партияның да бағыты мен саясаты өте дұрыс. Аз ұлттарға деген өз еркіндігі бар. Сол еркіндік бойынша қалаған аттарын қоя береді. Бірақ қазақтар бұрынғыдай ескі есімдерді, батырлар мен билердің аттарын, болмаса ислам дінінің шариғатына негізделген есімдерді балаға беруді қазір қойды, – дейді ол.

Болат Қаңтарбайдың сөзінше, Қытайдағы қазақтардың балаға мұсылманша ат қойып, пайғамбарлардың есімдерін берген кезеңі болған.

– Қазір ол үрдістің жоғалып бара жатқанына Қытай билігінің нәрестеге мұсылманша есім қоюға салған тыйымының ешқандай қатысы жоқ. [Қытайдағы қазақтар] оның орнына зат есімдер мен сын есімдерге негізделген атауларды береді, – дейді ол.

Журналистің сөзінше, қазір ол елдегі қазақтар балаларына жиі қоятын есімдердің арасында Заңғар, Самғар, Нұртас, Ерсін және Құнар деген аттар бар.

Шыңжаңдағы қазақтар қыз қуу ойнап жүр. 12 қаңтар 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Шыңжаңдағы қазақтар қыз қуу ойнап жүр. 12 қаңтар 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

«МҰСЫЛМАНША ТҮГІЛ ҚАЗАҚША АТ ҚОЮ ҚИЫНДАП БАРАДЫ»

Бірақ Қытайда туып-өсіп, қазір Астанада тұрып жатқан қазақтардың бірі Азамат «Шыңжаңдағы жағдай Болат Қаңтарбай айтқандай емес» дейді. Ата-анасы мен туыстары әлі сол елде тұратынындықтан өзінің толық аты-жөнін жариялаудан қорқатынын айтқан ол «Қытайда қазір мұсылманша есім түгілі қазақша ат қою қиындап барады» дейді.

«Бұл есімің қытайша жазылмайды» деп жазудан бас тартқан жағдайлар болған.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын Шыңжаңның Санжы ауданында арнайы тізім жасалған. Баласына сол тізімде жоқ есімдерді қойғандарға «Сенің бұл есімің қытайша жазылмайды» деп – ол атау, мейлі, қазақша болсын, мейлі, ұйғырша болсын – жазудан бас тартқан жағдайлар болған. Сол себепті қазір кейбір қазақтар өздері таңдаған қазақша есімді қоя алмайтын жағдайға келе жатыр, – дейді сұхбаттасымыз.

Оның сөзінше, шамамен бір айдай уақыт бұрын Қытайдың WeChat хат-хабар алмасу желісінде тыйым салынған есімдердің тізімі жарияланған.

– Онда 28 мұсылманша адам аты көрсетілген. Бұл – енді шыққан бұйрық емес, 2015 жылы шыққан бұйрықты қайтадан жаңғыртып отыр, – дейді Азамат.

Оның айтуынша, әу баста Шыңжаңдағы ұйғыр ұлтының өкілдеріне бағытталған ол бұйрықтың күші қазір қазақтар көп тұратын аймақтарда да жүре бастаған.

– Бұл бұйрық Алтайға да жетті. Қазір ол жақта да ұйғыр, қазақ, дүнген демей, тыйымдабелгіленген есімдердің қойылмауын талап етіп жатыр, – дейді Азамат.

Шыңжаңда ислам дінін ұстанатын бірнеше ұлт – 10 миллиондай ұйғыр, бір жарым миллиондай қазақ, 150 мыңға тарта қырғыз, 5 мыңдай татар, 5 мыңдай тәжік пен мыңға тарта дүнген тұрады. Ол аймақтағы ең ірі мұсылман қауымы – ұйғырлар көптен бері Қытай билігі тарапынан қысым көріп жатқанын айтады.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG