Accessibility links

Қырғызстан Қытаймен арада теміржол сала ма?


Ухань қаласындағы техникалық қызмет көрсету базасында тұрған жүйрік пойыздар. Хубэй провинциясы, Қытай, 25 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қырғызстан президентінің Пекинге сапарында Орталық Азия арқылы Қытай мен Иранды жалғайтын жаңа теміржол желісін салу жайы назар аудартты. Көптен жауапсыз жатқан бұл мәселеде осы жолы Өзбекстан да жиі атала бастады.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың қаңтардың 6-сы Қытайға сапарында Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан – Түркіменстан – Иран теміржол желісін кеңінен талқыламаса да жобаға деген мүдде тағы бір мәрте пысықталды. 2013 жылы Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев бұл жобаның еліне тиімді емесін айтып, артынан қайтадан позициясын өзгертіп, жобаны қолдаған болатын.

МҮДДЕ МЕН МҮМКІНДІКТІҢ ҚАЙШЫЛЫҒЫ

Желтоқсан айында Иран президенті Хасан Роуханимен кездесуден кейін қырғыз басшысы Алмазбек Атамбаев «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан – Түркіменстан – Иран теміржол құрылысы біздің ортақ мүддемізді біріктіреді. Бұл – менің Өзбекстан мен Қытайға сапарымда талқылайтын негізгі тақырып болады» деген. Иран «тұтас аймаққа да тиімді» бұл жобаны техникалық жағынан қолдауға әзірлігін жариялаған. Бішкекке барар алдында Роухани да Иран Қырғызстанды Қытаймен байланыстыратын бағыттағы ел ретінде танитынын айтты.

Қытайдан Иранға келген алғашқы пойыз. Тегеран, 15 ақпан 2016 жыл.
Қытайдан Иранға келген алғашқы пойыз. Тегеран, 15 ақпан 2016 жыл.

Соңғы жылдары Қытай өзінің батыс аймақтарын дамытып, Еуропа елдерімен арада тиімді бола алатын тасымал жолдарын белсенді түрде қарастыра бастады. Осы ретте Пекин «Жаңа Жібек жолы» немесе су жолдары арқылы тасымалға негізделген «Белдеулер мен жолдар» бастамасын көтерген. Қытай бірнеше елді басып өтетін Орталық Азия арқылы Парсы шығанағына және Каспий теңізі арқылы Еуропа елдерімен тасымалды жолға қоюды көздейді. Өткен аптада Қытайдан Ұлыбританияға қатынайтын жүк пойызы жүре бастады. Бұл пойыз Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Бельгия және Франция жері арқылы өтеді.

Ал Орталық Азия елдері арқылы Парсы шығанағымен байланыстыратын теміржол қатынасына аймақ елдері де, Иран мен Қытай да мүдделі болғанымен бұл туралы көптеген сұрақтар жауапсыз қалып отыр.

НЕ КЕДЕРГІ?

Иран – Қытай арасын жалғайтын теміржол құрылысының жүргізілуіне аймақ елдеріндегі саяси жағдайдың өзгеруі кедергі жасап келген. Мәселен, Қырғызстанда Асқар Ақаев президент болып тұрған кезде-ақ бұл туралы айтылғанымен, Бішкек содан бері екі бірдей революцияны бастан кешірді.

Ал Ислам Каримов билігі тұсында Орталық Азиядағы трансұлттық теміржол тармақтарын Өзбекстаннан айналдырып тарту мәселесіне көбірек маңыз берілді. Айталық, 2010 жылы Иран, Қытай, Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан арасында екі мың километрден асатын теміржол құрылысын жүргізу келісіміне қол қойылды.

Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы теміржолдың бұзылған тұсы. 22 наурыз 2012 жыл.
Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы теміржолдың бұзылған тұсы. 22 наурыз 2012 жыл.

Тәжікстан да 2008 жылдан бері Өзбекстан жеріне енбей өтетін өзінің ішкі теміржол желісі құрылысын бастады. Түркіменстан 2011 жылы Өзбекстанды айналып өтетін теміржол құрылысын аяқтады. Тиісінше, Өзбекстан да 2009 жылы Түркіменстанды, былтыр Тәжікстанды айналып өтетін өзінің ішкі теміржол желісін іске қосты. Бұл Орталық Азиядағы шимай іспетті анклав аймақтарды көрші елдерге тәуелділіктен құтқару бағытындағы ұмтылыстар болатын. Соңғы жылдары Қырғызстан Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан арасын жалғастыратын желіге қайтадан назар аудара бастады. Тіпті соңғы жоба бойынша құрылыстың алғашқы кезеңін 2016 жылы бастау туралы да жоспар болған. Бірақ осы теміржол тармағы бойындағы елдердің бірауызды шешімге келе алмауы жобаны бастауға кедергі болды.

Совет кезінде салынған теміржол және құбыр желілері бүгінде Орталық Азия елдерін бір-біріне кіріптар етіп отырғандықтан елдер трансұлттық жобалардан бұрын алдымен ішкі тармақтарын реттеп алғанды құп көреді.

АУҒАНСТАН, ТҮРКІМЕНСТАН – ҚАЙСЫСЫ АРТЫҚ?

Иран арқылы тиімді су жолдарына шығу Қытайдың батыс провинцияларына да және Қытаймен көршілес елдерге де тиімді болып есептеледі. Қазіргі уақытта Қытай мен Иран арасындағы теміржол қатынасы Қазақстан арқылы жүзеге асып отыр. Қазақстан әуелде Иранға Өзбекстан арқылы шығуды көздегенімен, Өзбекстан билігі оған дайын болмай шықты. Одан кейін 2014 жылы Қазақстан –Түркіменстан – Иран арасын жалғастыратын теміржол құрылысы жүргізілді. Солтүстік – Оңтүстік транспорт коридорының бір бөлігі болып табылатын осы бағыт арқылы бүгінде жүк тасымалданып жатыр. Өзен – Берекет – Горган бағытындағы бұл теміржол желісі Қазақстан, Түркіменстан, Қытай, Ресей және Беларусьтің Парсы шығанағына шығуына жол ашты. Аталған теміржол желісі Совет кезеңінен кейін Орталық Азиядағы екі елді бір-бірімен жалғастырған бірегей жоба болды.

Оның үстіне Пекин назарға алған Қытай – Қазақстан – Каспий теңізі – Әзербайжан – Грузия – Еуропа арасын жалғайтын Транскаспий жобасы да Орталық Азияны кесіп өтетін балама бағыт болып табылады.

Қазақстан, Түркіменстан мен Иранды жалғастырған теміржолдың ашылу салтанаты. Түркіменстан, 3 желтоқсан 2014 жыл.
Қазақстан, Түркіменстан мен Иранды жалғастырған теміржолдың ашылу салтанаты. Түркіменстан, 3 желтоқсан 2014 жыл.

Трансұлттық теміржол жобалары іске асқандай болса, Қырғызстанның Орталық Азияны Иранға жалғауда Түркіменстан мен Ауғанстан бағыттарының бірін түпкілікті таңдауы керек болады. Қырғызстан Тәжікстан – Ауғанстан арқылы да және Өзбекстан – Түркіменстан арқылы да Иранға шыға алады. Әлбетте, Түркіменстан арқылы өтетін бағыт мазасыз Ауғанстанға қарағанда анағұрлым қауіпсіз. Алайда 2011 жылға дейін теміржолы болмаған Ауғанстан да мүмкін болған жобалардан бас тартпайтыны анық.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Пекинде Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесуде өз елінің «Белдеулер мен жолдар» бастамасына белсенді түрде қатысқысы келетінін білдірді. Бұл ниет қуатталса, Қырғызстанның көршілерімен талқылайтын мәселелері еселене түседі.

Бішкектің Қытай мен Иран арасын жалғайтын трансұлттық теміржол жобаларына қатысуға деген мүддесін осы тұрғыдан қарастыруға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

XS
SM
MD
LG