Accessibility links

Қытайды Лондонмен жалғайтын пойыз жолы


Қытай президенті Си Цзиньпин мен Ұлыбритания патшайымы Елизавета Букингем сарайына күймемен келе жатыр. Лондон, 20 қазан 2015 жыл.

Батыс баспасөзі Қытай мен Ұлыбритания арасында теміржол қатынасы ашылғаны, Қазақстанды өмір сүру өте арзан тұратын елдер санатына қосқан сербиялық сайттың рейтингі туралы жазған.

ҚАЗАҚСТАН АРҚЫЛЫ ӨТЕТІН ПОЙЫЗ

Тайландтың Bangkok Post газеті Қытайдан Лондонға ашылған жаңа теміржол маршрутына қатысты комментарийін сақтана жазған. Алғашқы пойыз Қытайдың шығысындағы Иу қаласынан жексенбі күні шыққан. Жол-жөнекей Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Бельгия және Францияны кесіп өтетін пойыз Лондонға дейінгі 12 мың километр қашықтықты шамамен 18 күнде жүріп өтеді. Қытайдың Xinhua жаңалықтар агенттігінің хабарлауынша, пойыз жүгінің ішінде киім-кешек, сөмке, шабадан сияқты тұтыну тауарлары бар.

"Бұған қоса, Қытай теміржол қатынасын шетелде дипломатиялық әдісі ретінде пайдаланады. Қытайдың пойыз өндірушілері теміржол арқылы жүк тасымалдауға тапсырыс алу үшін Африка, Латын Америкасы және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі жаңа нарық көздеріне назар аударумен қатар дамыған елдермен жан-жақты келісім жасаудан үмітті" деп жазады Bangkok Post. Мақалада Еуропа мен Азия арасында ашылған теміржол бағытын "сирек маршрут" деп атаған, өйткені жүк көбінесе теңіз жолы арқылы тасымалданады. Азиядан жөнелтілген жүк Лос-Анжелеске дейін теңіз арқылы шамамен 10 күнде жеткізіледі, ал Голландияның Роттердам портына 30 күнде жетуі мүмкін.

Қытайдан Иранға келген алғашқы пойыз. Тегеран, 15 ақпан 2016 жыл.
Қытайдан Иранға келген алғашқы пойыз. Тегеран, 15 ақпан 2016 жыл.

Америкалық Bloomberg агенттігі сайты да бұл жаңалыққа қатысты комментарий жариялаған. "[Қытайдан Лондонға баратын пойыз] 200-дей контейнер жеткізе алады, бірақ 20 мың контейнер сиятын ауыр жүк кемесімен салыстырғанда, жүкті жеткізуге Шығыс Азия мен Оңтүстік Еуропа арасында жүзуге кететін 30 күннің жартысынан азы кетеді" деп жазады Bloomberg. Британдық Brunel Shippingкөлік компаниясының операциялық директоры Майкл Уайттың Bloomberg агенттігіне айтуынша, "теңіз жолы арқылы тасымалдағанда жүк бөгеліп тұрып қалуы немесе жүк жөнелту жоспарланған уақыттан кешігуі мүмкін, сондықтан бұл әсіресе шығыны екі есе қымбат әуе тасымалымен салыстырғанда, теміржолды бәсекеге қабілетті вариант етуге мүмкіндік береді".

Кезінде Қытай құнды қағаздарды реттеу комиссиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарған Йао Гангтың 2015 жылы айтқан сөздеріне сілтеме жасаған мақала авторларының хабарлауынша, ел президенті Си Цзиньпиннің стратегиясы бойынша, Қытай шетелде тас жол мен теміржолды дамытуды қаржыландыруға әдепкіде 40 миллиардтай доллар бөлген, ал транспорт дәлізі бойында орналасқан елдермен сауда көлемі алдағы 10 жылда екі жарым триллион долларға жетуі мүмкін.

"КӘСІБИ ТЕРРОРШЫЛАР"

Германияның Deutsche Welle сайтында жарияланған "Мамандығы - терроршы ма? ИМ содырларды Орталық Азиядан жинайды" деген мақалада Қазақстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстанды "үгіттеуге ұтымды аймақ" деп атап, Орталық Азиядан "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымы қатарында соғысатын "жаңа сарбаздар" жинауға қатысты ахуалды талдаған. Сириядағы ИМ ұйымында Орталық Азиядан барған содырлардың нақты саны белгісіз. Нью-Йоркте орналасқан Soufan Group стратегиялық қауіпсіздік агенттігінің 2015 жылғы желтоқсандағы есебінше, ИМ ұйымының 4700-ге жуық содыры бұрынғы Совет одағы елдерінен шыққандар. Олардың жартысынан көбі - Шешенстан, Ингушетия және Дағыстаннан шыққан ресейлік азаматтар. Өзбекстан мен Қырғызстанның әрқайсысынан қосылған шамамен 500 содыр сан жағынан екінші үлкен топты құраған.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы содырлары түнгі клубқа жасаған шабуылы кезінде қаза тапқан 23 жастағы түрік жігіті Юнус Гормекті жерлеу рәсіміне жиналғандар. Стамбул, 2 қаңтар 2017 жыл.
«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы содырлары түнгі клубқа жасаған шабуылы кезінде қаза тапқан 23 жастағы түрік жігіті Юнус Гормекті жерлеу рәсіміне жиналғандар. Стамбул, 2 қаңтар 2017 жыл.

Мақалада халықаралық коалицияның Сирия мен Ирактағы ИМ ұйымына қарсы жуырдағы шабуылдары кезінде "Орталық Азиядан барған содырлардың көбінің көзі жойылды", сондықтан "көптеген содыр Түркия арқылы еліне оралып жатыр" деп санайтын ресейлік кей сарапшылардың пікірін келтірген. Мысалы, қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ресейлік сарапшы Лев Корольков Орталық Азиядан барған содырлар үшін ИМ ұйымына кіру "еңбек миграциясының жаңа түріне" айналды деп санайды. Ол "сарапшылардың пікірінше, Орталық Азиядан "жихадқа" идеологиялық емес, көбінесе қаржылық себептермен аттанатындар көбейді деп санайды" дейді. Ресейде көші-қон саясаты күшеюіне байланысты Ресейден Орталық Азиядағы еліне оралған жас мигранттардың көбі "ИМ қатарына қосылуға үгіттейтіндер үшін оңай олжаға" айналуы мүмкін.

Жаңа жыл мерекесі түні ондаған адам мерт болып, жараланған Стамбулдағы түнгі клубта жасалған терактіден кейін бұл шабуыл - Орталық Азиядан шыққан адамның ісі деген ақпарат тараған. Оны әлі іздеп жатыр. Терактіні Түркия бауырлас әрі дос аймақ деп санайтын Орталық Азия елдерінің бірінен шыққан адам жасауы мүмкін деген хабардан кейін Түркияда жұрт наразылық танытқан.

ӨМІР СҮРУ АРЗАН ТҰРАТЫН ЕЛДЕР

Сербияның Numbeo.com сайты әлем елдеріндегі 2016 жылы өмір сүру құны бойынша рейтингін жариялады. Әлгі рейтингте Қазақстан өмір сүру үшін ең арзан елдер арасында - Үндістан, Молдова және Пәкістаннан кейін төртінші орынды иеленді. Сербиялық сайттың жазуынша, 2016 жылы Бермуд аралдары, Швейцария, Багам аралдары, Норвегия және Исландия өмір сүру үшін ең қымбат елдер болған.

Сайтта баспананы жалға алу, азық-түлік құны, мейрамханадағы бағалар сияқты өлшемдер бойынша барлығы 122 ел бағаланған. Сайттың түсіндіруінше, бағалау параметрлері Нью-Йоркпен салыстырмалы түрде алынған. Сайт дерегінше, Қазақстан тұрғындарының тұтыну мүмкіндігі индексі - 59,30 балл болған, яғни Нью-Йорктің орташа жалақы алатын тұрғындарына қарағанда, Қазақстанның орташа жалақы алатын тұрғындарының тауар және қызмет түрлерін сатып алу мүмкіндігі 40,7 пайызға аз. Бірақ Қазақстанда өмір сүру құны (баспананы жалға алудан өзгесі) - 26,82 балл, яғни Нью-Йоркке қарағанда 73,18 пайызға арзан. Сербиялық сайт "зерттеуге әлдебір үкіметтік ұйымдардың ықпалы болған жоқ" деп мәлімдейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG