Accessibility links

«Қытай тыңдап тұр» жұлдызының қазіргі өмірі


Қытайдағы қазақ әншісі Арай Айдархан.
Қытайдағы қазақ әншісі Арай Айдархан.

2013-2014 жылдары Пекинде өткен байқауларда ақтық сынға дейін жетіп, үздік бестікке енген қазақ әнші Арай Айдархан Азаттыққа танымалдықтан соңғы өмірі туралы айтып берді.

Бірнеше жыл бұрын қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары мен музыкасүйер қауымды елең еткізген 26 жастағы Арай Айдархан Қытайдың Алтай аймағында дүниеге келген. Әкесі Қытай қазақтарының арасында танымал палуан. Басында әке жолын қумақ болған Арай 2004 жылы Алматыдағы Қажымұқан атындағы спорт мектебінде бір жыл дайындықтан өткен. Бірақ кейін Қытайға қайтып оралып, Пекиндегі музыкалық мектептердің бірінде білім алады. Қазір де Қытай астанасында тұрады.

Азаттық: – Қазақстандық тыңдармандар Қытайда Арай Айдархан есімді қазақ әншісінің бар екенін өзіңіз қатысқан «Сhinese Idol» мен «China Is Listening» («Rising Star» жобасының «Қытай тыңдап тұр» атты жергілікті нұсқасы – ред.) байқауларынан кейін біле бастады. Алғашқы танымалдылықтан кейінгі өміріңіз қалай өзгерді?

Арай Айдархан: – Сол байқаудан кейін Қытайдың мемлекеттік телеарналары үздіксіз қонаққа шақырып тұрады. Қазір музыка туралы бағдарламалар болса міндетті түрде шақырыламын. Концерттерден қалдырмайды.

Жалпы осы әншілік жолға келгелі үлкен екі байқауға қатыстым. Біріншісі 2013 жылы «American Idol» атты АҚШ-тағы ірі жобаның Қытайдағы нұсқасы еді. Ол байқауда да алғашқы үздік бестіктің қатарынан көрінген болатынмын. Онан кейін «Rising star» деп аталатын байқаудың қытайша нұсқасында бақ сынадым. Бұл байқауда да үздік бестікке ендім.

Бұдан басқа қазір елде экономикалық жақтан өзгерістер болып жатыр. Яғни белгілі байқаулардан жүлделі болғаннан кейін менің де бағам арта түседі ғой. Өзіңнің атыңа сай келісім-шарттар болады. Тағы бір өзгеріс – Пекин секілді үлкен қалаларда болмаса да, шағын қалаларда көшеде кетіп бара жатсаң танып қойып, суретке түсіп жатады. Бұл да менің жаныма жылы тиеді. Сол байқаудан кейін Қазақстанға бір емес, бірнеше барып қайттым. Жергілікті телебағдарламаға қатыстым.

Қытайдағы қазақ әншісі Арай Айдархан.
Қытайдағы қазақ әншісі Арай Айдархан.

Азаттық: – Орындаушылықтан басқа қандай жұмыстармен айналысып жүрсіз?

Арай Айдархан: – Менің кәсіби мамандығым композиторлық қой. Осы күнге дейін бірнеше ән жаздым. Жеке студияда жекелеген әншілердің музыкалық альбомдарын жасап бердім. Арасында әндерді өңдеумен айналысам. Өзім продюсерлік ететін тобым бар. Мысалы, Данияр деген оқушым «Қытай балалар дауысы» байқауына қатысты. Бұдан басқа «Ай» деп аталатын қыздардан құралған топ бар. Соларға жетекшілік жасап жүрмін.

Азаттық: – Продюсерлік жұмыстар, әндерді әрлеу, телебағдарламаларға жиі бару сіздің орындаушылық өнеріңізді кейінге ысырып тастаған жоқ па? Яғни өзіңізді танымал еткен байқауларға енді қатыспайсыз ба?

Арай Айдархан: – Байқау болғанда енді, танымал әншілердің дегейіндегі байқаулар болса қатысамыз. Бірақ қазір өзім тікелей ән айтпағаныммен менің өңдеуімнен өткен шығармалар байқауға қатысып жатыр. Мысалы Қытайда жыл сайын өтіп тұратын «Мен әншімін» деп аталатын танымал байқау бар. Соған өткен жылы өзімнің АҚШ-та тұратын ұстазымның бір әніне өңдеу жасап, оркестрге жазып берген едім. Сол ән өткен жылғы әндер бойынша ең танымал ән болып шықты. Көрілімі өте жоғары болды.

Азаттық: – Ән өңдеуде қандай ерекшелігіңіз немесе қолтаңбаңыз бар?

Сахнада сыбызғыны таныстыра кеттім. Себебі ол байқауды Қытай жұртының тең жарымы көреді. Көрілімі өте жоғары байқауда қазақтың бір музыкалық аспабын таныстырып кетсем, мен үшін одан артық жұмыс жоқ.

Арай Айдархан: – Мен негізінде қазақы [музыкалық] аспаптардың үнін қосам. Мысалы, сол өткен жылы хит болған әнге арнайы сыбызғышы шақыртып, сыбызғының үнін қостым. Сахнада сыбызғыны таныстыра кеттім. Себебі ол байқауды Қытай жұртының тең жарымы көреді. Көрілімі өте жоғары байқауда қазақтың бір музыкалық аспабын таныстырып кетсем, мен үшін одан артық жұмыс жоқ. Мұнан басқа биыл жазда Қытайдағы қазақтардың ән фестивалін өткіздім. Оған Қазақстаннан Алтынай Жорабаева бастаған әншілер мен «Ninety One» тобын шақырдым. Алдағы уақытта жыл сайын өткізсем деген ниет бар. Қазір осы секілді жұмыстарды істеп жүрмін.

Азаттық: – Ұмытпасам, сіз соңғы қатысқан байқауда қазақстандық тыңдармандар да жақсы біле бермейтін әнді, қазақстандық композитор, әнші Бақытжан Қажымұқановтың «Таңғы жас» деп аталатын әнін орындап, финалға өттіңіз. Бұл әнді неге таңдадыңыз?

Арай Айдархан: – Бұл өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары орындалған ән. Автор «Азия дауысы» байқауында орындағаны белгілі. Сол кезде мелодиясымен есімде қалып қойыпты. Сарапшылардың ешқайсысы ән сөзін түсінген жоқ. Бірақ әннің мелодиясы мені бесінші орынға алып шықты. Тіпті, бұдан жиырма неше жыл бұрын шыққан ән дегенімде таң қалды.

Ол кісінің (Бақытжан Қажымұқановтың – ред.) «Таңғы жас» деген әнінің клипін қайта түсіріп, қазір монтаждап жатырмыз. Бұйыртса, жақында шығарамыз.

Азаттық: – Отбасылық жағдайыңыз қандай?

Арай Айдархан: – Қазір бір үлкен идеяларым бар. Соны жүзеге асырып алып барып отбасын құрмақпын. Әзірге жаспын.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет!

XS
SM
MD
LG