Accessibility links

Қытайда жұлдызға айналған Димаш


Димаш Құдайберген Қытайдағы байқауда ән айтып тұр. (Сурет әншінің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды)
Димаш Құдайберген Қытайдағы байқауда ән айтып тұр. (Сурет әншінің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды)

22 жастағы қазақ әншісі Димаш Құдайберген Қытайдағы Singer 2017 әншілер байқауына қатысып, музыкалық телеарнадан көрінген бетте сенсация жұлдызға айналды.

Димаш Құдайберген өз елі Қазақстанда Қытайдағы телевизиялық таланттар жобасына шыққанға дейін аса танымал болмаған еді.

Бірнеше аптадан кейін ол Қазақстанға танымал адамға айналып оралды. Оны әуежайдан күтіп алуға Ақтөбедегі жергілікті билік өкілдері, қаптаған фанаттар, телеоператорлар барды.

Ақтөбеліктер Қытайдың Singer 2017 (I Am a Singer) байқауының бірінші айналымында француз тіліндегі S.O.S. D'UN Terrien En Détresse әнін айтқан жерлестері жеңімпаз атанғанда қатты қуанды. Мұнан соң, ақпанның 25-і күні ол байқаудың үшінші айналымының жеңімпазы болды.

Оқи отырыңыз: Қытайдағы өнер байқауында танылған әнші

Алты айналымнан тұратын бұл байқау Қытайдың Hunan TV телеарнасынан қаңтардан сәуірге дейін апта сайын көрсетіледі. Бұл - Қытайда өтетін талантты әншілердің жыл сайынғы байқауы. Жеңімпаздар көрермендер берген дауыс санымен анықталады.

Өткен аптада Димаштың Қытайдың Weibo әлеуметтік желісіндегі фанаттары 244 миллион адамнан асты.

Димаштың Қытайдағы Weibo әлеуметтік желісіндегі парақшасы. 1 наурыз 2017 жыл.
Димаштың Қытайдағы Weibo әлеуметтік желісіндегі парақшасы. 1 наурыз 2017 жыл.

Weibo желісінің Wanna есімді қолданушысы Kazakhheartthrob сілтемесі арқылы «Мәдениетаралық қатынастар профессоры менен «Бір белдеу – бір жол» жобасы (Қытайдың Азия мен Еуропа елдерін жалғайтын, сауданы дамытатын транспорттық дәліз салу жобасы) туралы не ойлайтынымды сұрағанда мен «Димаш» дей жаздадым» деп жазды.

Weibo-дағы екінші бір қолданушы Димаштың суретін жариялап «Мен сені сүйем» деген. Есімін Ван Фэн деп белгілеген тағы фанат «Димаш Гуандун провинциясына келіп қашан ән айтады екен?» деп сұраған. Гуандун - Қытайдың оңтүстік-шығысында орналасқан аймақ.

Оқи отырыңыз: Қазақ әншісі "Славян базарының" бас жүлдесін иеленді​

Димаш та фанаттарының көңілін қалдырмауға тырысады. Ол Гонконгта жекпе-жектің «супержұлдызы», әлемге танымал актер Джеки Чанмен кездескенде «армандар орындалады» деп мәлімдеді. Димаш Құдайберген Джеки Чанның пайдалы кеңестер бергенін, кунг-фу йогасының бірнеше би қимылын үйреткенін хабарлады.

Димаш Instagram желісіндегі өзінің 656 мың «досына» «Бүгін менің өмірімде тариxи есте қалатын ерекше күн! Атақты актер Джеки Чан мырза мені теледидардан көріп, кездесуге шақырды! Кездесуде актер маған өзінің эксклюзивті күртешесін және арнайы фирмалық ән тыңдау құрылғысын сыйға тартты! Ал мен актерге қазақтың шапанын жауып, домбыраны сыйға тарттым!.. ол шығармашылығымды бақылайтынын айтты» деп хабарлады.

Димаштың ата-анасы Қанат пен Света Айтбаевтар, қарындасы Раушан, інісі Әбілмансұр.
Димаштың ата-анасы Қанат пен Света Айтбаевтар, қарындасы Раушан, інісі Әбілмансұр.

Ол өзін Қытайдағы фанаттары қоршап алған видеосын да жариялады. Оны әуежайда, көшеде жүрген жерінен көрген жұрт қоршап алып, селфиге түсіп, қолтаңбасын сұрап жатады.

Димаштың атағынан ақша жасай бастаған қытайлық кәсіпкерлер де бар. Кейбірі әншінің суреті басылған және қазақ тілінде «Мен сені сүйем» деген жазуы бар қағаз пакеттер шығара бастаған. Қытай базарынан оның аты жазылған кондитерлік өнімдерді де байқауға болады.

Димаш Құдайбергеннің ресми өкілдері әншінің халық саны Қазақстаннан 75 есе көп Қытай еліндегі ондай бизнес ұсыныстарға қарсы емес екенін айтады. Алайда олар кондитерлік өнім мен қағаз пакеттер шығарып жатқан кәсіпкерлердің әнші имиджін пайдалануға рұқсат алмағанын мәлімдеді.

Өзінің жеке өмірін көп жарнамаламайтын Димаш қазірдің өзінде атақ-даңқ пен телевизия тарапынан шектен тыс қызығушылықтың түрлі зардабын да көріп жатыр. Қытайдың кейбір журналдары Димаштың "бұрын жүрген қызы" деп Instagram желісіндегі курстасымен түскен бір суретін жариялап үлгерді.

Ал Қазақстандағы кей ақпарат құралдары Қытайдағы Димаштың фанаттары онымен бірге жүру үшін ұшақ билеттерін сатып алған деген ақпарат жариялады. Димаш Қытайдағы ән байқауы өтіп жатқан кезде Қазақстанда өткен универсиадада ән айту үшін еліне бір рет келіп-кеткен еді.

"Жас Қанат - 2012" байқауының жеңімпазы Димаш Құдайберген. Астана, 20 мамыр 2012 жыл.
"Жас Қанат - 2012" байқауының жеңімпазы Димаш Құдайберген. Астана, 20 мамыр 2012 жыл.

Димаш Ақтөбеге Қытай журналистерін де ерте келген. Олар қазақ әншісі туралы деректі фильм түсіріп жатыр. Ақтөбе әуежайында оны облыс әкімі, басқа да шенеуніктер қарсы алды, ондаған қолдаушылары әндерін айтып, оның аты жазылған плакат көтеріп, есімін айқайлап тұрды.

Димаштың әншілік дарынын ата-анасы ерте байқаған. Сөйтіп ол бес жасында жергілікті музыка мектебі табалдырығын аттайды. Содан бері ол халықаралық және жергілікті ән байқауларында бірнеше рет жүлде алған. Оның ішінде Беларусьтің Витебск қаласында 2015 жылы өткен «Славянский базар» ән байқауы да бар.

Фарангис Наджибулланың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG