Accessibility links

Қытайдағы өнер байқауында танылған әнші


Димаш Құдайберген (оң жақта) атасы Құдайберген Айтбаев және әжесі Миуа Низамудиновамен бірге. (Миуа Низамудинованың Instagram парақшасындағы сурет.)
Димаш Құдайберген (оң жақта) атасы Құдайберген Айтбаев және әжесі Миуа Низамудиновамен бірге. (Миуа Низамудинованың Instagram парақшасындағы сурет.)

Қытайдағы "I Am a Singer" байқауында өнерімен көрерменді тәнті еткен қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге жетпістегі әжесі әлеуметтік желі арқылы жанкүйер болып отыр.

Қытайдың Hunan TV арнасы ұйымдастырған "I Am a Singer" ән байқауының алғашқы екі турында көпшіліктің қошеметіне бөленген қазақстандық әнші Димаш Құдайберген ақпанның 4-і күні байқаудың үшінші турында кезекті рет сахнаға шықпақшы. Ұлына қолдау білдіру үшін Димаштың әкесі Қанат Айтбаев ақпанның 3-і күні Ақтөбеден Қытайдың Чанша қаласына жолға шықты.

Азаттық тілшісі бұл күндері қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде есімі жиі атала бастаған 22 жастағы әнші жігіттің отбасында болып, туған-туыстарын әңгімеге тартқан еді.

"АТА-ӘЖЕСІНІҢ БАЛАСЫ"

Ақтөбе қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжін тәмамдаған Димаш Құдайберген қазір Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курсында оқиды. Димаш Қанат және Светлана Айтбаевтар отбасындағы үш баланың тұңғышы. Димаштың мектеп жасындағы қарындасы Раушан мен інісі Әбілмансұр бар. Анасы Ақтөбе филармониясының әншісі, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, әкесі - облыстық мәдениет басқармасын басқарады.​

Димаштың әкесі Қанат Айтбаев (солдан оңға), қарындасы Раушан, інісі Әбілмансұр және анасы Света Айтбаева.
Димаштың әкесі Қанат Айтбаев (солдан оңға), қарындасы Раушан, інісі Әбілмансұр және анасы Света Айтбаева.

Димаш немеренің де тұңғышы болғандықтан сәби кезінен ата-әжесінің тәрбиесінде өскен. Үй-ішінің айтуынша, Димаш бала күнінен әжесін "мама" деп атайды екен.

- Қырқынан шыққан соң алғашқы немеремізді атасы екеуміз бауырымызға салғанбыз. Әлі күнге Димашсыз ұйықтай алмаймын, - дейді әжесі Миуа Низамудинова.

Ол немересінің жастайынан өзгеге қамқор, қолы ашық болып ер жеткенін айтып берді.

- Димаш Ақтөбедегі музыка колледжінде оқып жүргенде ауыл балаларына асханадан тамақ сатып әперіп жүретін. "Мен ата-анамның жанындамын, олардың қарны ашып қалады ғой" деп жанашырлық танытатын. Ешқашан қолын қаққан емеспіз, - дейді Миуа Низамудинова.

Миуа Низамудинова немересі Димаштың әртүрлі байқауларда алған жүлделерін көрсетіп тұр.
Миуа Низамудинова немересі Димаштың әртүрлі байқауларда алған жүлделерін көрсетіп тұр.

Бұл күнде зейнеткер Құдайберген Айтбаев пен Миуа Низамудинова Димашқа бас-көз болу үшін Ақтөбеден уақытша Астана қаласына қоныс аударғандарын айтады. Димаш қазір Қытайдағы байқауға қатысып жүргендіктен ата-әжесі жуырда Ақтөбеге оралған. Азаттық тілшісмен әңгімеде әжесі немересінің өнері жайлы атып берді.

- Димаш әнді әрдайым фонограммасыз айтады. Сахнада барын салып ән шырқайтындықтан жейдесінің терін сығып алатын күндеріміз көп. Концертке киетін костюмдерін әзірлеп, ас-суын уақытылы бермекке баламыздың соңынан Астанаға еріп кеттім. "Тіл-көзден сақтай гөр" деп ертелі-кеш есімін дұғама қосып отырамын. Сахнаға шығар алдында қалтасына бір шымшым тұз салып, костюміне түйреуіш қадап жіберемін, - дейді Миуа Низамудинова.

Миуа Низамудинова немересі Димаштың Қытайдағы байқауға қатысқалы бері өзінің Instagram-парақшасына жазылушылар саны күрт артқанын айтады.
Миуа Низамудинова немересі Димаштың Қытайдағы байқауға қатысқалы бері өзінің Instagram-парақшасына жазылушылар саны күрт артқанын айтады.

Шет мемлекеттерге жиі шығатын Димашпен хабарласып отыру үшін бұл күнде жасы жетпістен асқан Миуа Низамудинова Instagram желісіне тіркеліп, WhatsApp мессенджерін меңгеріп алған. Немересі Қытайдағы "I Am a Singer" байқауында көпшілікке танымал болғалы бері әжесі Instagram-дағы парақшасына жазылушылар саны да күрт көбейгенін айтады.

- Баламның тілеулестері өте көп екендігін әлеуметтік желіден көріп қуанып отырамын, - дейді Миуа Низамудинова.

КӨРЕРМЕНГЕ ТАНЫМАЛ ЕТКЕН ҚЫТАЙДАҒЫ БАЙҚАУ

Светлана Айтбаева ұлының кішкентай кезінен өнерге жақын болып өскенін айтады.

- Бір орнында отыра алмайтын тынымсыз болды, талай рет қол-аяғын да сындырды, ит те қауып алды. Бірақ вокал студиясындағы сабағы мен бассейндегі жаттығуларынан бір рет те қалып көрген емес, - дейді Светлана Айтбаева.​

Димаш Құдайбергеннің бала кездегі суреті.
Димаш Құдайбергеннің бала кездегі суреті.

Ол Димаштың әншілік өнеріне бала кезден суға жүзуге құштарлығы да септігін тигізгенін айтады.

- Денесінің сұңғақ бойлы, кең иықты болып қалыптасуы бассейннің әсері болса керек. Жалпы дауыспен жұмыс істейтіндер үшін суда жүзудің пайдасы ұшан-теңіз. Ән салып тұрғанда Димаштың демін ұзақ ұстай алатындығына да жүзумен айналысқаны көп пайдасын тигізді, - дейді Светлана Айтбаева.

Анасының сөзінше, Қытайдағы ән байқауын ұйымдастырушыларға қазақстандық әншінің ата-анасы бір ғана шарт қойыпты. Димаш қытай асханасына үйрене алмағандықтан, ерлі-зайыпты Айтбаевтар ас мәзірінің еуропаша әзірленуін өтінген. Ұйымдастырушылар оны құп алған.

Үй-ішінің айтуынша, Қытайдағы байқаудың алғашқы екі турында қатарынан озған Димаштың өнеріне тәнті болғандар көбейіп, онымен жүздескісі келетіндер де көбейген.

- Байқауды ұйымдастырушылар Димаштың күзетін күшейтуге мәжбүр болды. Қазір оның қауіпсіздігін тәулік бойы төрт адам күзетеді, - дейді әншінің анасы Светлана Айтбаева.

Димаш Құдайберген бұған дейін Қытайдағы "I Am a Singer" ән байқауының екі турында топ жарған. Ақпанның 4-і күні кезекті рет сахнаға шығатын әншінің Қазақстандағы жанкүйерлері оның өнерін интернет арқылы тамашаламақшы. 14 турдан тұратын "I Am a Singer" ән байқауының жеңімпазы сәуір айының соңында белгілі болмақ.

XS
SM
MD
LG