Accessibility links

Eurovision: Әнші Қырым татарлары қасіретін жеткізсем дейді


Eurovision-Украина байқауы сахнасында тұрған Жамала. Киев, 6 ақпан 2016 жыл.
Eurovision-Украина байқауы сахнасында тұрған Жамала. Киев, 6 ақпан 2016 жыл.

Eurovision ән байқауына Украина атынан қырымдық әнші Жамала шығатын тәрізді. Оның «1944» әнінде СССР диктаторы Сталин тұсында Қырым татарларын ОА-ға депортациялағаны баяндалады.

Биылғы Eurovision байқауында Украина атынан шығуы мүмкін 32 жастағы әнші Иосиф Сталиннің қатыгез саясаты 1944 жылы Қырым татарларын күштеп депортациялап, Орталық Азия елдеріне көшіргені туралы ән шырқайды.

«1944»

Жамала (Джамала деп те айтылады - ред.) «1944» әнімен Eurovision-нің Украинадағы ширек финалында жеңіске жетіп, төрешілерден де, SMS дауыс беруден де ең көп ұпай жинады. Бірақ бұл дауыс беруге 2014 жылы Ресейге күшпен қосылған Қырым татарлары қатыса алмады. Ресей аймақты өзіне қаратқан соң, Украинаның телекоммуникация компанияларын аластатып, қазір бұл түбекте тек ресейлік фирмалардың жабдықтары қолданылады.

Жамала Азаттықтың Украина қызметіне «Бұған қатты қынжыламын. Қолдаушыларымның көбі Қырымда екенін білемін. Көптеген адамдар мені қолдап, SMS жолдаймыз деп жазды. Оларға «ақшаларың босқа шығын болады, дауыстарың есепке алынбайды» дедім, бірақ бәрібір дауыс береміз деп жатыр» деді.

Дегенмен ақпанның 6-сы күні Киевте өткен алғашқы жартылай финалда Жамалаға әлеуметтік желі арқылы қолдау білдіргендер көп болған. Мәселен Руслан есімді әлеуметтік желі пайдаланушы «Әніңіз Қырымнан айырылғанымыздың орасан қасірет екенін ұғындырды. Сізбен бірге егіле қайғырдым» деп жазған.

Әннің сөзі ағылшын тілінде болғанымен, қайырмасында татар тілінде хор қосылады. «1944» әні сол жылдың мамырында Қызыл армияның 250 мың Қырым татарын депортация жасағанын баяндайды. Гитлер нацистері түбекті басып алған кезде Совет үкіметі Қырым татарларын «немістермен ынтымақтасты» деп айыптап, оларды Орталық Азия елдеріне күштеп көшірген.

Жамаланың "1944" әні (видео):

Жамала «Адамгершілік «ақыл қайда?» деп жылайды. Өздеріңді Құдайға баладыңдар. Жанымды тұншықтырма. Біздің жанымызды буындырма» деп шырқайды.

«ТАРИХ ҚАЙТАЛАНБАСА ДЕЙМІН»

Содан кейін ол татар тіліндегі хормен айтылатын қайырмасына көшіп, қырым татарларының «Алушту желі» аталатын бейресми ұранынан үзінді келтіреді. Қырым туралы «Жастығымды сол жерде өткізе алмадым. Сол жерге тұрғызбадыңдар» деп шырқайды.

Мәжбүрлі депортацияға ұшыраған Қырым татарларының 30-50 пайызы айдауда болған алғашқы екі жылда қаза тапқан, бұл оқиғаны Украинаның Жоғарғы Радасы геноцид деп бағалады.

«Ән отбасым, әжем жайлы. Оны жазбауға болмайтын еді. Әнді шығарған кезде және оны орындаған кезде сол зұлмат кезеңді басымнан өткергендей болдым. Бұл - жоқтау ән, оны айтып шығу да қиын» дейді Жамала.

Әлеуметтік желіде пікір білдірген Қырым татарларының көбі әннің қазіргі Қырымдағы жағдайды да бейнелейтінін айтады. Ресей билігі жергілікті халықтың құқықтарын жаппай бұзып жатқан оқиғалар жиі кездеседі.

Жамаланың толық аты-жөні - Сусана Жамаладинова, 1983 жылы Қырғызстанда туған. Әкесінің ата-анасын депортация жылдары Қырғызстанға көшірген. Жамала мен әкесі – мұсылман, анасы – христиан, армян қызы.

Ол бала кезінде советтік Қырғызстанда классикалық музыкадан сабақ алды, кейін отбасымен Қырымға оралып, Симферопольдегі музыкалық коллежде оқыды. Дегенмен ол әуел бастан джазға қызыққанын айтады, жасөспірім кезінен вокалдық байқауларға қатысқан. 2009 жылы Латвияның Юрмала қаласында «Жаңа толқын» (Новая волна) фестивалінде бас жүлде алған.

Жамаланың Қырымнан, қақтығыс аймақтарынан Киевке көшіп барған босқындарға арналған концертінің фотографиясы. Киев, 12 желтоқсан 2014 жыл.
Жамаланың Қырымнан, қақтығыс аймақтарынан Киевке көшіп барған босқындарға арналған концертінің фотографиясы. Киев, 12 желтоқсан 2014 жыл.

2011 жылы Жамала Украинаның Eurovision байқауында Smile (күлімде - ред.) әнімен финалға жетті. Бірақ финал кезінде дауыс берудегі тәртіп бұзушылыққа наразылық білдіріп, байқаудан шығып кетті.

Қырым татарларының жетекшілері украиналық Eurovision ұйымдастырушылармен келісіп, ақпанның 13-і күнгі жартылай финал мен ақпанның 21-і күнгі финалда Қырым татарларының дауыс беруіне жағдай жасатпақ. Қырым татарларының жетекшісі Рефат Чубаров «егер қырымдықтар украиналық сайысқа дауыс бере алмаса, біз «Қырым Украинаның бір бөлігі емес» дегенге үнсіз келіскен болып шығамыз» дейді.

Жамаланың айтуынша, «1944» өткеннің мұңын ғана қозғамайды. Әнді айтқан кезде ол Қырымда тұрып жатқан жақындарын еске алады.

«Қырым татарлары Ресей жаулап алған аумақта тұрып жатыр. Бұл оларға өте қиын тиді. Қатты қысым көріп жатыр. Кейбіреулері із-түссіз жоғалып кетті. Бұл - сұмдық жағдай. Тарихтың қайталанғанын көргім келмейді» дейді ол Азаттық тілшісіне.

Виктория Веселованың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG