Accessibility links

Eurovision: бас демеуші ТеliaSonera дауға қалды


Даниялық әнші Эммили де Форест (ортада) Eurovision-2013 байқауының бас жүлдесіне ие болды. Мальма, Швеция, 18 мамыр 2013 жыл.
Даниялық әнші Эммили де Форест (ортада) Eurovision-2013 байқауының бас жүлдесіне ие болды. Мальма, Швеция, 18 мамыр 2013 жыл.

Байқаудың бас демеушісі, құрамында қазақстандық Kcell бар TeliaSonera-ның «адам құқығын бұзатын елдермен пайдаға бола келісімге барған» деп айыпталуы ұйымдастырушыларға жайсыз тиді.

Швецияның Мальма қаласында мамырдың 18-і күні Eurovision (постсоветтік елдердің біразында «Евровидение» атымен танымал) байқауының жеңімпаздары анықталды.

Eurovision-2013 байқауының бас жүлдесін «Only Teardrops» әнін шырқаған даниялық 20 жастағы Эммили де Форест (281 ұпай) жеңіп алды.

Екінші орын Әзербайжан елінің өкілі Фарид Мамедовке («Hold Me» әні, 234 ұпай), ал үшінші жүлде украиналық Злата Огневичке («Гравитация» әні, 214 ұпай) берілді.

Халықаралық ән байқауын тікелей эфирден 125 миллион көрермен тамашалап, өздері ұнатқан әншіге дауыс беріп, кәсіби мамандардан тұратын қазылар жүлдегерлерді анықтады. Жеңімпазға байқаудың ауыспалы сыйлығы - хрустальдан жасалған микрофон табыс етілді. Байқау шартына сәйкес, Eurovision-2014 Данияда өтуі тиіс.

Эммили де Форест орындаған «Only Teardrops» әні:




Биылғы байқаудың бас демеушісі – TeliaSonera телекоммуникация компаниясының пост-советтік елдерде еншілес бөлімдері бар. Ол Қазақстанда «Ксеll» сауда белгісі ретіінде байланыс қызметін көрсетеді. «Ксеll» компаниясы сайтында скандинавиялық TeliaSonera телекоммуникациялық холдингінің құрамына кіретінін жазған.

Швед басылымдары TeliaSonera-ны пайдаға кенелу мақсатымен пост-советтік елдердің нарығына ену үшін пара беріп, үкіметтік құрылымдардың оппозиция мен қоғамдық белсенділерге қарсы іс-әрекетіне септескен деп айыптады.

«АВТОРИТАРЛЫҚ БИЛІКПЕН ЫМЫРА»

Швед әншісі Лорин былтыр Бакуде өткен Eurovision сайысында жеңіске жеткен соң бұрынғы советтік елдердегі адам құқықтары туралы айта бастады. Ол Әзербайжанда адам құқықтарының «аяқ басқан сайын бұзылатынын» айтып, Бакудегі биліктің ашуын туғызды. Әнші Беларусь президенті Александр Лукашенконы да сынап, Алесь Беляцкий сияқты саяси тұтқындардың отбасын жазалағаны үшін айыптады.
Швед әншісі Лорин (оң жақта) Беларусьтегі адам құқықтарын қорғайтын "Вясна" ұйымының басшысымен кездесіп отыр. Витебск, 13 шілде 2012 жыл
Швед әншісі Лорин (оң жақта) Беларусьтегі адам құқықтарын қорғайтын "Вясна" ұйымының басшысымен кездесіп отыр. Витебск, 13 шілде 2012 жыл

- Әкесі түрмеде, ұлы мен анасы басқа жақта жүрген отбасын көргенде жүрегім ауырады. Олар әділеттік үшін күресіп жүр, - деді Лорин.

Швеция биыл Eurovision конкурсын өткізетін болғандықтан Европа Одағының либералдық елі осы үлгіні негізге алып, күн тәртібіне адам құқығы мәселесін еппен енгізетіндей көрінген. Бірақ оның орнына Швецияның ірі телекоммуникациялық компаниясы, байқаудың бас демеушісі TeliaSonera пост-советтік елдердегі іс-әрекетіне байланысты дауға ілінді.

Компания Өзбекстанның мобильді байланыс нарығына ену үшін билікке 100 миллион АҚШ доллары шамасында пара берген деген ақпарат тарады. Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстан үкіметтеріне саяси қарсыластарының телефон әңгімелерін қадағалап, интернет жазбаларын оқуға септескен деген күдікке қалды.

Швециялық SVT телекомпаниясында Uppdrag Granskning бағдарламасын жүргізетін журналист Иоаким Дифвермак TeliaSonera-ның бұрынғы советтік елдердегі іс-әрекетін әшкереледі. Оның пікірінше, үлесінің басым бөлігі Швеция мен Финляндияға тиесілі компания көп пайдаға кенелу мақсатымен пост-советтік елдердің нарығына ену үшін күмәнді қадам жасаған.
Олар адам құқықтарына қарсы шығатынын біле тұра тәуекелге барды. Диктаторлық режиммен келісіп, лизенцияға ие болды.

- Олар адам құқықтарына қарсы шығатынын біле тұра тәуекелге барды. Диктаторлық режиммен келісіп, лизенцияға ие болды, - деп сынады журналист.

Uppdrag Granskning бағдарламасы 2012 жылдың сәуірінде TeliaSonera еншілес компаниясы бұрынғы советтік елдерде ұлттық қауіпсіздік мекемелеріне азаматтардың телефон мен интернет жазбаларын оқуға мүмкіндік бергенін анықтады. Ол елдердегі оппозициялық саясаткерлер мен қоғамдық белсенділердің телефонмен сөйлескен сөздері мемлекеттік ақпарат құралдарында жиі жарияланады.

TeliaSonera компаниясының Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстанда жергілікті филиалдары (Kcell, Tcell және Ucell) жұмыс істейді.

"ЭТИКАДАН ЖҰРДАЙ КОМПАНИЯ"

Eurovision байқауына жетекшілік ететін Еуропалық хабар тарату одағы (EBU) 2013 жылғы TeliaSoneraның демеушілігін «тамаша әріптестік» деп атап, 2007 жылы Хельсинкидегі конкурсқа да демеуші болғанын ескеріп, компанияны марапаттады.

Azercell TeliaSonera да былтыр Бакудегі конкурсқа демеуші болғаны үшін Еуропалық хабар тарату одағының марапатына ие боған еді.
Бакудегі Azercell компаниясының ғимараты
Бакудегі Azercell компаниясының ғимараты

Бұл таңдау біреулерге ерсі көрінді. Azercell 2009 жылы Eurovision-де бәсекелес Армения әншісіне дауыс берген әзербайжандықтың SMS-хатын билікке бергені туралы хабар тараған.

EBU медиа-директоры Анника Нибергтің айтуынша, TeliaSonera-ның соңғы келісім-шарты ұзаққа созылған жан-жақты келіссөздің нәтижесінде бекіген.
Біз адам құқығын қорғау ұйымы емеспіз. Медиа ұйымбыз. Демеушілерді өз құндылығымыз тұрғысынан таңдаймыз.

- Біз адам құқығын қорғау ұйымы емеспіз. Біз - медиа ұйымбыз, ұстанатын қағидамыз бар. Демеушілерге өз құндылығымыз тұрғысынан қараймыз, оларды таңдағанда өте сақпыз, - деді ол.

Eurovision ән байқауын ұйымдастырушылар саясаттан аулақ болуға тырысады. Бірақ конкурс аясы кеңіп, бұрынғы советтік елдерді қамтыған соң, адам құқы мәселесіне назар аудару туралы талаптар да жиі айтыла бастады. Әсіресе Ресей, Әзербайжан сияқты елдер сайысты өткізгенде ол анық байқалды.

TeliaSonera пост-советтік елдерден тапқан даудан құтылмақ болды: бас директор мен директорлар кеңесінің бірнеше мүшесі өз еркімен жұмыстан кетті, компания сөз бостандығын сақтау мен жеке бастың құпиясын ашпау туралы жаңа нұсқаулыққа қол қойды. Бірақ оған да қанағаттанбайтындар бар.

– TeliaSonera – этикадан жұрдай компания. Ол өз халқын қудалайтын режимге қызмет етеді, – дейді шведтік құқық қорғаушы Изабель Зоммерфельд.

Беларусь еліне жиі саяхаттайтын, оппозиция өкілдеріне жасалатын қысымды өз көзімен көрген Изабель Зоммерфельд TeliaSonera компаниясының Eurovision байқауына демеушілік жасауға құқы жоқ деген еді.

(Мақаланы ағылшын тілінен аударған - Динара Әлімжан).
XS
SM
MD
LG