Accessibility links

Украина мен Ресей Eurovision-да да қарсылас


Eurovision байқауына қатысып жатқан Ресей әншілері Анастасия мен Мария Толмачевалар (екі жақта) және Украина әншісі Мария Яремчук. Фото Филипп Киркоровтың сайтынан алынды.
Eurovision байқауына қатысып жатқан Ресей әншілері Анастасия мен Мария Толмачевалар (екі жақта) және Украина әншісі Мария Яремчук. Фото Филипп Киркоровтың сайтынан алынды.

Eurovision ұйымдастырушылары "ән байқауының саясатқа қатысы жоқ" дейді. Бірақ жартылай финалға Украина мен Ресей шықса, «қақтығыс Копенгаген сахнасында жалғасады» дейтіндер бар.

Сайысты ұйымдастырушылар оның тек ән байқауы екенін ғана айтса да, Eurovision фанаттары Ресей мен Украина арасында ушығып бара жатқан қақтығыс жыл сайын өтетін өнер сайысы кезінде де бой көрсете ме деп алаңдайды.

РЕСЕЙ МЕН УКРАИНА САХНАДА САЙЫСАДЫ

Украинаның шығысы мен оңтүстігіндегі адам өліміне әкелген жағдайлар (оны қазіргі Украина президенті Александр Турчинов «орыстар ашқан соғыс» деп атады) «бұл екі ел 59-рет өтетін ән байқауына биыл қатыспайды» деген дақпырттың шығуына түрткі болды.

Бірақ аяғында Украина да, Ресей де байқауға қатысатын 31 еуропалық мемлекеттің қатарынан табылды. Енді екі ел жартылай финалда (16 үміткер) бір-бірімен бәсекеге түспек, бұл топта Ресей мен Украина және Әзербайжан бар.

Украина сайыскерлерінің соңғы жылдарда шырқаған әндерінен Ресейге қарсы леп байқалып тұрса, биыл олар барынша бейтарап ән таңдаған сияқты. Осы жылғы үміткер, 21 жастағы Мария Яремчук саяси астары жоқ, махаббат туралы «Тик-так» деген көңілді ән шырқайды.

Дегенмен украин халық әндерін орындайтын танымал әнші, марқұм Назарий Яремчуктің қызы Мария еліндегі жағдайға алаңдайтынын, әсіресе мамырдың 2-сі күні Одессада 40 адамның қаза тапқанына қайғыратынын айтты. Ол қақтығыстан бір күн өткен соң Азаттыққа «Әрине, біз бүкіл тобымызден уайымдадық. Дайындық кезінде де елдегі жағдайға алаңдап тұрасың. Бірақ бізге ештеңе бөгет бола алмайды, керісінше, оның бәрі одан сайын мықты болуға әсер етеді» деді.

Eurovision-ға Ресейден егіз әншілер - Анастасия мен Мария Толмачевалар қатысып жатыр. Олар 2006 жылы балалар арасындағы Eurovision сайысында жеңіске жеткен. Енді 17 жастағы ақсары шашты, бота көз қыздар Ресейдің шетелдегі имиджін жақсартуға тырыспақ.

Бірақ олардың «Жарқыра» («Shine») әні кейбір украиналық бақылаушылардың көңіліне келуі мүмкін, себебі онда «екі оттың арасындамын, қылмыс жасауға даярмын, кейде шектен шығып кетемін» деген сияқты өлең жолдары бар.

«БӘРІБІР САЯСИ ШАРА»

Британия ғалымы және Eurovision жанкүйері, «Доктор Eurovision» деген лақап аты бар Пол Иордан (Paul Jordan) «Eurovision фанаттары арасында Ресейдің Украинадағы әрекетіне ғана емес, гейлерге қарсы қабылдаған заңына да наразылар бар» дейді. Дегенмен ол егіз Толмачевалардың байқауға қатысқанын құптайды.

«Eurovision аудиториясының көпшілігі – гейлер. Ресей бұл байқаудан шығып қалатын сияқты. Eurovision жанкүйерлері қазірдің өзінде «ол қыздарды сахнадан ысқырып қуып шыққан жөн» деп дауласып жатыр. Ресейліктер байқауға қатысар алдында ойланды ма екен? Меніңше, ойланып шешім қабылдаған сияқты» дейді ол.

Украина мен Ресей арасындағы қақтығыстың көрші елдерге қалай әсер еткені дауыс беру кезінде байқалады. Онда әр мемлекет өз үміткеріне дауыс бере алмайды, сондықтан әдетте географиялық тұрғыдан жақын көршісін қолдауға тырысады.

Eurovision-нің әр жылғы дауларын мына фотогалереядан көре аласыз:

Бітіспес бақталастар - Әзербайжан мен Армения ғана көршісіне дауыс беретіндер қатарынан көрінбейді. «Көршіге дауыс беру» дәстүрінің қолайсыз тұстары байқалғандықтан, Eurovision шенеуніктері 2009 жылы қазылар алқасын сайлады. Қазір дауыстың 50 пайызын қазылар берсе, қалғанын көрермендер шешеді. Аяғында бәрі жинақталып, 12 ұпаймен есептеледі. 12 – ең жоғары ұпай, 0 – ең төмен ұпай.

Пол Иордан «2005 жылы Украинада сарғылт-қызыл төңкеріс жүріп жатқанда Ресей көршісіне небәрі 2 ұпай ғана бергенін» еске алады (ал украиндар оның алдында Ресейге 12 ұпай сыйлаған еді). Қазір іштей екіге жарылған Украинаның жағдайы одан да қиын – Қырым Ресейдің бір бөлігі болып кеткендіктен, дауыстың қалай есептелетінін болжауға да келмей тұр.

Eurovision шенеуніктері байқаудың саясаттан тыс екенін айтудан жалығар емес, олар «осы сайыс еуропалық елдерді біртұтас қалпында көруге мүмкіндік береді» дейді.

Дегенмен Иорданның айтуынша, мамырдың 10-ы күні болатын финал кезінде келесі жылы сайыстың қай елде өтетінін анықтауға саясаттың ықпалы болады. Алдағы жылы байқаудың 60 жылдығын өткізуге 16 мемлекет таласады.

Иорданның болжамы бойынша, келесі жылы байқау өткізу құқығын Ресей немесе Украина емес, Грекия жеңіп алады. «Байқау сырттай телевизиялық шоу, ойын-сауық тәрізді көрінгенімен, Еуропадағы шиеленісті Eurovision байқауы кезіндегі дауыс беру процесіне қарап бағалауға да болады. Ұйымдастырушылар қаласа да, қаламаса да бұл саяси шараға айналып кетті» дейді ол.

(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG