Accessibility links

Сахнаға ШЫҰ туралы әнмен оралуға тырысу


Өзбекстанның халық әртісі Юлдуз Усманова.
Өзбекстанның халық әртісі Юлдуз Усманова.

Өзбекстанның халық әртісі Юлдуз Усманова Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Ташкентте өтетін саммитіне ән арнады. Сыншылар әншінің бұл әрекетін сахнаға қайта оралу амалы деп атайды.

Маусымның 23-і мен 24-і күндері Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті Ташкентте өтеді. Саммит қарсаңында өзбек әншісі Юлдуз Усманова бұл ұйымға ән арнады. Азаттықтың Өзбек қызметінің жазуына қарағанда, кейбір сыншылар әншінің бұл әрекетін сахнаға оралу амалы ретінде бағалайды. Усманова бұл елде ресми жарияланбаған тыйымға ұшыраған еді.

Юлдуз Усманованың ШЫҰ туралы әні:

Усманованың қолында Өзбекстандағы «Узбекнаво» эстрадалық бірлестігінің лицензиясы болғанымен, оны үлкен сахнаға шығармай келеді. Оның әндері телеарналар мен радиодан да қойылмай кеткен.

Бұған наразы болған әнші Өзбекстаннан кетіп, Түркияда еңбектеніп көрген еді. 2011 жылы еліне оралған Усманова барлық күшін сахнаға оралуға жұмсап келеді. Лицензиясын қайта алғанымен, ол әлі де үлкен концерттерге шақырылмайды, телеарналар мен радиолар оны эфирге шығармай отыр.

Юлдуз Усманованың шығармашылығына қойылған мұндай шектеуді кезінде билік шешімдеріне ықпалы болған Өзбекстан президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримова да жоя алмаған еді.

2012 жылы Юлдуз Усманова Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнараға арнаған «Гулисан» әнін интернет арқылы таратты. Мұнан соң ол 2013 жылы көктемде Гүлнара Каримова қоры ұйымдастыратын «Асрлар садоси» (Ғасырлар жаңғырығы) гала-концертіне ресми түрде шақырылды. Бірақ концерт кезінде Усманованың әні бағдарламадан алынып тасталды.

Былтыр Усманова сахнаға оралудың тағы бір амалын тапқандай болған. Бұл жолы ол Өзбекстан президенті Ислам Каримовқа ән арнап, оны «патша» деп атады.

Былтыр Ташкенттегі «Дедеман» ресторанында ән айтқан ол «Мен Өзбекстанды бірнеше жыл басқарып, елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтап келе жатқан патшамызға, халқымыздың атасына ән арнадым. Мен ол кісіге ризамын» деген.

Азаттықтың Өзбек қызметінің жазуына қарағанда, Юлдуз Усманованың жаңа әнінің мәтіні түзетіліп, «Каримов» сөзін алып тастап, президенттің «Ислам» есімі ғана қалған.

Алайда бұл ән де Усманованы сахнаға оралта алмайтын сияқты.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG