Accessibility links

Өзбекстан билігі поп-мәдениет ықпалынан қауіптенеді


Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова (солдан санағанда үшінші) сәнді киім үлгісіне қарап отыр. Ташкент, 12 қазан, 2010 жыл.
Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова (солдан санағанда үшінші) сәнді киім үлгісіне қарап отыр. Ташкент, 12 қазан, 2010 жыл.

Eurasia View басылымы өзбек билігінің жастарды жаппай аңдып, бақылап отырғанын жазады. «Өзбек билігі осы орайда заңдар шығарудан жалығар емес, бірақ олардың іске асып жатқаны шамалы» дейді басылым.

«2012 жылы Самарқандта Наурыз мерекесінде қыз-келіншектер ұлттық киім киді. Өйткені оның алдында, қаңтар айында Өзбекстанның білім министрлігі бекіткен «жүріп-тұру ережесі» шықты. Онда студенттердің «жылтырақ, сәнді» киім киюіне тыйым салынған еді. Ол ереже «оқытушылар бұл ереженің мүлтіксіз орындалуын қадағалауға тиіс» деп басталады.

ЖАСТАРДЫ ЖАППАЙ ҚАДАҒАЛАУ

«Ферғана алқабындағы шағын қала мектебінің мұғалімі, үш баланың анасы Махфуза күннің екінші жартысын көк түтінге тұншыққан, ауасы тар интернет-клубта өткізеді. Ол бұған наразы. Бірақ мектеп басшылығы алгебра пәні мұғаліміне оқушыларды қадағалауды тапсырған. Ол оқушылардың интернетте қандай ойын ойнайтынын, қай веб-сайттарға кіретінін, қандай музыкалық клиптерді көретінін тексеруге тиіс» деп жазады Еurasia View қаңтардың 9-ы күні жарияланған мақаласында.
Өзбек жастары. Өзбекстан, 20 сәуір 2012 жыл.
Өзбек жастары. Өзбекстан, 20 сәуір 2012 жыл.

Еurasia View мұғалімдердің оқушыларды Өзбекстан үкіметінің бұйрығымен бақылайтындарын жазған. Яғни Махфуза тәрізді мұғалімдер балалардың «бұзық идеялардың» құрбанына айналмауын қадағалайды.

Мақала авторының жазуынша, «мұғалімдер мұндай жұмыс атқарғандарына риза емес».

- Студенттер Counter-Strike сияқты зорлық-зомбылыққа толы ойынды ойнауға көп уақытын жұмсайды. Чатта отырып алып, бейтаныс адамдармен сөйлеседі. Оларға ата-аналары дұрыс көңіл бөлмейді, барлық ауыртпалық біз сияқты байғұс мұғалімдердің мойнына түседі. Мемлекеттен жалақы алып отырғандықтан, ұнамаса да бұл жұмысты атқаруға тиіспіз, - дейді Махфуза басылымға берген сұхбатында.

Басылымның дерегіне қарағанда, «Президент Ислам Каримовтың әкімшілігі Өзбекстан жастарын өздері қауіпті санайтын сыртқы ықпалдар мен діни ағымдардан, саяси идеялардан сақтандыру үшін оқытушылардың көмегіне жүгініп отыр. Үкімет саяси қарсылықтың барлығын тұншықтырады, негізгі оппозициялық топтар ел ішінде жұмыс істей алмайды. 2011 жылы араб елдерінде болған толқулар Ташкенттің сезігін күшейте түсті. Сөйтіп, поп-мәдениет пен әлеуметтік желілер Өзбекстандағы тұрақтылыққа қауіп төндіреді деген шешім қабылданған».
"Араб көктемі" Ташкенттің де сезігін күшейтті. Поп-мәдениет пен әлеуметтік желілер қауіпті деген шешім қабылданды.

Еurasia View-дің жазуынша, 2012 жылы қарашаның 12-сі күні парламенттің ресми сайтында жарияланған мәлімдеме «жастардың рухани байлығын арттыруға» арналған. Онда интернеттегі идеялар мен ұялы телефондардың, компьютерлік ойындардың, поп-мәдениет өкілдерінің ұлттық мүддеге зиянды екені айтылған. Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметі мектептерді бақылау үшін тыңшылардың қызметін пайдаланады.

«Бирдамлик» оппозициялық қозғалысының жетекшісі Баходир Чориев Eurasia View агенттігіне берген сұхбатында:

- Өзбек жастарының саяси оппозиция туралы хабары өте аз, оған елдегі идеологиялық шаралар әсер етіп отыр, - деді.

2004 жылы «алаяқтықпен айналысты» деген айып тағылған Чориев АҚШ-қа қашқан еді. Оның айтуынша, «билікке қарсы пікір айтпауы үшін үкімет оған осы айыптарды ойлап тапқан».

«МЕШІТКЕ ДЕ АШЫҚ КИІММЕН БАРАТЫН КАРИМОВА»

«Мектепті көз жазбай бақылап отырған билік енді поп-мәдениетті насихаттайтын басқа салаларға көңіл аударды. Интернеттегі жүздеген сайт құлыпталып, мемлекет бейне-ойындарды «улы дүние» деп атады» деп жазады басылым.

Өткен жылы қабылданған «жүріп-тұру ережесі» бойынша, мектеп әкімшілігін сынауға, жарқырап киінуге, рок концерттер сияқты мәдени шараларға баруға, қатысуға оқушылардың құқы жоқ. Ереже бойынша, студенттер өз араларынан дәстүрлі емес діни әрекеттерді байқаса, тиісті орындарға хабарлауы тиіс».
Googoosha деген атпен эстрада әндерінің альбомын шығарған Гүлнар Каримованың жарнамалық суреті.
Googoosha деген атпен эстрада әндерінің альбомын шығарған Гүлнар Каримованың жарнамалық суреті.

Eurasia View-дің дерегі бойынша, «Президент Каримовтың қызы Гүлнара Каримова құрған «Өзбекстан мәдениеті мен өнері форумы» қайырымдылық қоры осы бағытта жұмыс істеуге барынша күш салып келеді. Ташкенттік сарапшылар мен кейбір мемлекеттік шенеуніктер «Өзбекстан мәдениет министрлігі Каримованың нұсқауларын орындайды» дейді».

«Ал сыншылар Каримованың өзбек дәстүрлі мәдениетін дамытуға үлес қосатынына күмәнмен қарайды. Соңғы жылдары Каримова Батысқа еліктеп, түрлі жанрдағы музыкалық шығармаларын жарнамалап жүр» деп жазады басылым.

Мақала авторына сұхбат берген өзбек журналисі Шахида Тулаганова:

- Гүлнара өзбектің ұлттық құндылықтарына немкетті қарайды, БАҚ-тағы музыкалық клиптерін дәстүрге сай деу қиын, мешітке де ашық-шашық киіммен бара береді. Ол миллиондаған өзбек жастарына қалай үлгі болмақ? - дейді.

Басылым мақаланың соңында «Білім министрлігінің ресми өкілдері жаңа ереженің тиімсіз екеніне көз жеткізіп отыр» деген түйін жасайды. Одан бөлек, интернет-кафенің қожайындары «мұғалімдердің рейді» бизнесімізге кедергі келтіреді» деп шағымданғанын да айтады. Автордың жазуынша, «Ата-аналар да оқушылардың киімі туралы ережені орынсыз деп санайды».

Басылымға сұхбат берген Дильноза атты студент:

- Оқытушылар бақылау жұмыстарын құлықсыз, зордың күшімен орындайды. Олар интернет-кафедегі студенттерді бақылауды сол клуб қызметкерлеріне тапсыра салады, - дейді.

Ал Ферғана өлкесіндегі мектеп директоры «Жалақысы өте төмен мұғалімдердің ұсталып қалған оқушылардан пара бопсалайтынын» айтады.

- Оқушыларды адамгершілік тұрғыда тәрбиелеуге ата-аналар да көмектесуі тиіс, - дейді директор.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов интернет-кафеде отырған адаммен сөйлесіп тұр. Өзбекстан, 8 қараша 2011 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов интернет-кафеде отырған адаммен сөйлесіп тұр. Өзбекстан, 8 қараша 2011 жыл.

Басылымның жазуынша, Ташкенттегі билік өкілдері бұл идеологиялық тыйымның орындалмай жатқанынан хабардар. Енді парламентте «Жастарды қауіпті идеология мен агрессивті ақпараттан қорғау» деген жаңа заң дайындалып жатыр.

Ал Өзбекстандағы орта мектеп директорының орынбасары мемлекеттік инспекторлардың директорлар мен оқытушылардан ақша дәмететінін айтты.

- Ташкент жаңа саяси идеологияны дайындамас бұрын халықпен санасуы тиіс. Әйтпесе оның жүзеге асуы екіталай, - дейді ол.
XS
SM
MD
LG