Accessibility links

Қазақстан мен Түркіменстан ОПЕК жиынына екі түрлі мақсатпен барады


Каспийдегі Қашаған мұнай кенішіндегі жасанды D аралының алыстан түсірілген суреті. 21 тамыз 2013 жыл.
Каспийдегі Қашаған мұнай кенішіндегі жасанды D аралының алыстан түсірілген суреті. 21 тамыз 2013 жыл.

24-25 мамырда Венада өтетін жиында мұнай экспорттаушы елдер әлемдік нарықта мұнай бағасын қымбаттату мақсатында өндіріс көлемін әлі де шектей түсу жайын талқыламақ. ОПЕК ұйымына мүше және оған енбейтін елдер қатысатын жиынға Қазақстан мен Түркіменстан да өкілдерін жібермекші.

Астанаға да, Ашғабатқа да мұнай бағасының өсе түскені жағады. Бірақ бұл екі елдің өкілдері ОПЕК ұйымы мүшелері мен картельге енбейтін мұнай экспорттаушы елдердің Венадағы жиынына екі түрлі ұстаныммен бармақшы.

Венадағы кездесуге Қазақстан өкілдері де қатысатынын елдің энергетика министрі Қанат Бозымбаев 15 мамырда растады. Астана өкілдері былтыр желтоқсанда мұнай өндірісін шектеу жөнінде ұйғарым шыққан кездесуге де қатысқан. Сол кезде Бозымбаев «тәулігіне 1,5 миллион баррель мұнай өндіріп отырған Қазақстан өнім көлемін 20 мың баррельге азайта алады» деп мәлімдеген.

Бірақ, ақпарат құралдарының хабарларына қарағанда, Қазақстан өндіріс көлемін азайтуға асықпай отыр. Қазақстанның он жылға жуық кейінге қалдырылып келген аса ірі Қашаған кеніші 2016 жылдың жазында ғана шикізат өндіре бастады. Бозымбаев өнімді шектеу шараларының Қашағанға қатысы болмайтынын айтқан.

Каспий жағалауындағы мұнай өңдеу зауыты. Ақтау, 24 маусым 2016 жыл.
Каспий жағалауындағы мұнай өңдеу зауыты. Ақтау, 24 маусым 2016 жыл.

Мұнай бағасы арзандап, елде экономикалық қиындықтар басталғанда Қазақстан басшылығы Қашағанда өндірілетін өнімді көбейту арқылы бұл олқылықтың орнын толтыруды көздеген. Былтыр желтоқсанның 10-ындағы кездесу қарсаңында Қанат Бозымбаев Қазақстанның жылдық мұнай өндіру көлемін 10 миллион тоннаға арттырып, 85 миллион тоннаға жеткізу жоспары барын айтқан.

Қазақстанның Венадағы басқосуға қатысатынын мақұлдаған 15 мамырдағы сұхбатында министр Бозымбаев: «Біз [мұнай өндірісін шектеу] келісім-шартындағы Қазақстанның рөлі жөнінде... келіссөз жүргіземіз» деді. Бірақ ол Қазақстанның ОПЕК пен басқа да экспортерлер қабылдайтын шешімге «автоматты түрде» қосылмайтынын да ескертті.

Бір атап өтер жайт, 16 мамырда үкімет қаржыландыратын «Қазақпарат» агенттігі Қазақстанның құрлықтағы ең үлкен мұнай кеніші – Теңізді кеңейтудің жаңа жоспарына сәйкес онда тәулігіне қазіргіден 260 мың баррель артық мұнай өндіріліп, күніне шығарылатын шикізат көлемі 850 мың баррельге жеткізілетінін хабарлады. Демек, Теңізде жылына 39 миллион тонна мұнай өндіру көзделіп отыр.

ТҮРКІМЕНСТАННЫҢ МАҚСАТЫ

Түркіменстан да Венадағы жиынға өкілін жіберуге ниетті екені туралы ОПЕК-тегі дереккөздерге сүйенген Reuters агенттігі хабарлады. Ашғабат былтыр желтоқсандағы кездесуге делегат жібермеген, бірақ Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл жолы олар өкілдерін жіберіп, өндіретін мұнай көлемін шектеуге қолдау білдірмекші.

Бірақ, Ашғабаттың әлемдік нарыққа онша ықпалы жоқ, себебі бұл елдің бір тәулікте өндіретін мұнай көлемі бар болғаны 250 мың баррель. Салыстырар болсақ, Сауд Арабиясы өндірісті азайту туралы келісімнен кейін тәулігіне 10 миллион баррель мұнай өндіреді. Олар тәуліктегі өндіріс көлемін 500 мың баррельге азайтқан.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов "Шығыс-Батыс" газ құбырын іске қосып тұр. Белек ауылы, Түркіменстан, 23 желтоқсан 2015 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов "Шығыс-Батыс" газ құбырын іске қосып тұр. Белек ауылы, Түркіменстан, 23 желтоқсан 2015 жыл.

Түркіменстан – табиғи газды көп экспорттайтын ел. Мұнай бағасымен қоса әлемдік нарықта газ бағасы да құлдырағандықтан, Ашғабат бағаның өскеніне мүдделі. Түркіменстанның мұнай өндірісін азайтуға қолдау білдіруінің бір себебі де осында жатыр.

Бірақ мұнда тағы бір себеп болуы мүмкін. Түркіменстан газ экспортын мейлінше арттыру үшін дайын тұрған газ құбыры жобасына жанталасып инвестор іздеп жатыр. Ашғабат Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан (ТАРІ) газ құбырына қаржы сұрап, Сауд Арабиясына, тіпті өзі де газ өндіретін Катарға қолқа салған. Бірақ одан нәтиже болмады.

Ашғабат құны 10 миллиард доллар болатын құбыр жобасының 85 пайызын қаржыландыруға міндеттеме алып отыр. Бірақ, Түркіменстаннан өткен жылы келген ақпараттарға қарағанда, бұл елдің әлгіндей қаржы төлеуге мүмкіндігі жоқ тәрізді.

Түркіменстан басшылығы мұнай өндірісі көлемін шектеуді қолдау арқылы мұнай экспорттаушы елдердің бірінің көзіне түсіп, өзінің газ құбыры жобасына инвестиция тартуды көздеп отырған сыңайлы. Сондықтан, Қазақстан өкілдері мұнай өндірісін ұзақ уақыт шектей алмайтынын түсініп, Венаға өндірісті шектеуге асықпайтынын аңғарту үшін баратын болса, онша ештеңе жоғалта қоймайтын Түркіменстан мұнай экспорттаушы елдердің қолайына жағатын пікір айту арқылы өз жобасына қаржы тарту мақсатын көздеп отыр.

XS
SM
MD
LG