Accessibility links

Бұғатталған 22 млрд доллардың салдары қандай болмақ?


Қазақстан, Ascom-Grup S.A компаниясының және Молдованың туы.
Қазақстан, Ascom-Grup S.A компаниясының және Молдованың туы.

Қазақстанның мұнай мен газ сатудан түскен ақшасы сақталатын ұлттық қор Қазақстан тарихында бірінші рет ресми бұғатталып отыр. Ұлттық қор – тікелей ел президентіне бағынатын жабық құрылым. Сарапшылардың пайымдауынша, егер қор қызметі ашық жүргізілсе, мұндай мәселе болмас еді.

СТАТИГЕ ЖОЛДАНҒАН СҰРАҚТАР

Азаттық бизнесмен Анатол Статиге пікір сұрап хабарласқан еді. Телефон арқылы сөйлескен Стати сұрақтарды БАҚ-пен байланыс жөніндегі өкілдеріне жолдауды сұрады. Олардың бірі Крис Уинанс Статидің Sputnik сайтына берген сұхбатын пайдалануғаа болады деген жауап жолдады. Уинанс әлгі сұхбатында Стати мен оның компанияларының Қазақстан үкіметіне қарсы талап-арызына байланысты Mellon банкі 22 миллиард долларды,соның ішінде шамамен 11 миллиард долларды АҚШ-тың қазынашылық векселдері бұғаттағанын растайды.

Крис Уинанстың айтуынша, Ascom Group компаниясының қожайыны Стати Қазақстанға бір миллиард доллардан астам инвестиция құйған, бірақ кейін бұл қаржы ел үкіметінің иелігіне «өтіп кеткен».

Анатол Стати.
Анатол Стати.

Уинанстың мәлімдеуінше, Стати халықаралық соттарда бірнеше рет жеңген. 2013 жылғы желтоқсанның 19-ы күні Стокгольмнің сауда палатасы жанындағы арбитраждық алқа Статидің талабын жарым-жартылай - 500 миллион долларға қанағаттандырған. Бизнесмен талап-арызында төрт миллиард доллардан асатын сома көрсетілген. Бұған қоса, Статидің талап-арызы бойынша «Самрұқ-Қазына» қорының KMG Kashagan BV голландиялық кәсіпорнындағы 5,2 миллиард долларға бағаланатын акциялары да бұғатталған. Каспий теңізіндегі Қашаған кенішін игеруге Қазақстан осы компания арқылы қатысып жатыр.

Уинанстың айтуынша, Швецияда қазақстандық 33 мемлекеттік компанияның шамамен 100 миллион доллар акциясы бұғатталған. Олардың ішінде Volvo, Skanska, Electrolux, Nordea кәсіпорындары да бар. Бұл акцияның бәрі швециялық SEB-банкінде сақталған.

ҚАЗАҚСТАННАН ҚАРЫМТА РЕАКЦИЯ

Ұлттық қордың бұғатталған активтеріне қатысты сот отырысында Қазақстанның мүддесін Herbert Smith Freehills LLP халықаралық заң фирмасы қорғаған.

Желтоқсанның 22-і күні Қазақстанның әділет министрлігі өз сайтында Стати мен Қазақстан арасында өткен соттардың хронологиясын жарияланды.

2014 жылғы наурызда ресми Астана Стокгольм арбитраж трибуналының Қазақстанды Статиге 500 миллион доллар төлеуге міндеттейтін шешіміне шағым түсірген. Бірақ министрлік шағымның нәтижелері, 500 миллион доллардың төленген-төленбегені туралы жазбаған.

Әділет министрлігінің мәлімдеуінше, «Стати ұзақ жылдар бойы Қазақстанда алаяқтық схема ұйымдастырып, қаржы есептерін бұрмалаған, Маңғыстаудағы газ өңдеу зауыты құрылысының құнын асырып көрсеткен».

2017 жылғы маусымда Қазақстан «Стати Швеция сотында алаяқтықпен жеңді» деп мәлімдеп, Ұлыбританияның жоғарғы сотына шағымданған. Ұлыбританияда сот тыңдауы 2018 жылғы қазанда басталады.

Әділет министрлігі «Bank of New York Mellon ұлттық банкпен келіскен міндеттемелерін бұзып отыр» деп санайды. Қазақстан Ұлыбритания сотына Нью-Йорк банкінің ақшаны бұғаттау туралы шешіміне де шағымданған. Бұдан бөлек, Қазақстан қазанда «алаяқтық әрекеттері үшін» Статидың үстінен Вашингтон (АҚШ) сотына арызданған.

ИНВЕСТОРДАН «АЛАЯҚҚА» АЙНАЛҒАН БИЗНЕСМЕН

Молдовалық Ascom Group компаниясының 65 жастағы басшысы Анатол Стати 1990 жылдардың аяғынан бастап Маңғыстау облысындағы Толқын мен Боранкөл мұнай-газ конденсаты кеніштеріне инвестиция салған. 2005 жылы Маңғыстауда Боранкөл газ өңдеу зауытының құрылысы басталған. Жобаның құны 176,5 миллион доллар деп бағаланып, оны Статидің Tristan Oil компаниясы қаржыландырған. Бизнесмен зауыт құрылысына «Толқынмұнайгаз» еншілес компаниясы арқылы «156,2 миллион доллар қаржы құйған».

2008 жылы қазанда Молдованың сол кездегі президенті Владимир Воронин Статиді Молдовада оппозицияны қаржыландырған «сенімсіз пысықай» деп атап, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазған. 2009 жылы сәуірде Кишиневте болған жаппай тәртіпсіздіктерден кейін Молдова билігі мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айыппен Статидің 29 жастағы ұлы Габриэль Статиді тұтқындаған.

2009 жылы Қазақстанның қаржы полициясы Ascom Group компаниясына қарасты «ҚазПолМұнай» және «Толқынмұнайгаз» компанияларының жұмысын тексерген. Тексерістен кейін «ҚазПолМұнай» бас директоры Сергей Корнегруца «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты» деп тұтқындалған.

Маңғыстау облысы Ақтау қалалық сотының үкімінде «Корнегурца 2007 жылдың наурызынан 2008 жылдың мамырына дейін мұнай құбырларын лицензиясыз пайдаланып, 21 миллиард 675 миллион теңге көлемінде заңсыз пайда тапқан» деп жазылған.

2009 жылдың қыркүйегінде сот Сергей Корнегруцаны «жалған кәсіпкерлікпен айналысты» деген айыппен төрт жылға соттап, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге әрі мүлкін тәркілеуге үкім кескен. Келесі жылы Сергей Корнегруца Атыраудағы УГ-157/10 қоныс колониясынан Кишиневке қашып кеткен.

Ресми басылымдардың жазуынша, Статидің салып бітпеген зауыты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қарауына өткен.

ПРЕЗИДЕНТКЕ ТІКЕЛЕЙ БАҒЫНАТЫН ҚОР

Қазақстан ұлттық қоры 2000 жылы президент Назарбаевтың жарлығымен норвегиялық үлгі бойынша құрылған. Бұл – тұрақтылық үшін, елдің қаржысы келешек ұрпақтың игілігі үшін жиналып, сақталатын қор. Ресми дерекке бойынша, қор мұнайдан түсетін тікелей салық, үстеме пайда салығы, роялти (табиғи ресурстарды пайдалану құқығынан алынатын төлем – ред.), бонустар, экспортқа шығарылған мұнай салығы есебінен толығып отырады. Бұған қоса, мемлекеттік мүлікті жекешелендіру мен ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерін сатудан түскен кіріс те қорға түседі деп көрсетілген.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мұнай бағасы құлдырамай тұрған «берекелі» жылдары қор көлемі рекордты деңгейге жетті. Мысалы, 2014 жылы қор қаржысы 77 миллиард доллар болған. Қаржы министрлігінің соңғы есебіне сәйкес, қазір ұлттық қорда 57 миллиард доллардан сәл асатын ақша сақтаулы. Соңғы төрт жылда қор қаржысы шамамен 20 миллиард долларға азайған.

Ұлттық қордың активтерін ел президенті басқарады. Кеңеске премьер-министр, парламент сенаты мен мәжіліс төрағалары, президент әкімшілігінің басшысы, ұлттық банк және республикалық бюджеттің орындалуын қадағалайтын есеп комитетінің төрағасы, қаржы және ұлттық экономика министрі кіреді.

Көре отырыңыз: Бұғатталған 22 млрд туралы депутаттар пікірі

Бұғатталған 22 млрд доллар туралы депутаттар не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:31 0:00

Ұлттық қордан жыл сайын республикалық бюджетті толықтыруға, мемлекеттік холдинг облигацияларын сатып алуға, дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыруға транштар бөлініп, банктерге көмекке беріледі. Шағын және орта бизнесті қолдауға, проблемалық несиелерді жабуға жұмсалады. Ұлттық қордың әкімшілік шығындары да осы қаржының есебінен төленеді.

Ұлттық қордың жеке сайты жоқ. Қор қызметі туралы есеп Қазақстан қаржы министрлігі мен ұлттық банк сайттарында жарияланады.

ХАЛЫҚҚА ЗИЯНЫ ТИЕ МЕ?

Азаттық сарапшылардан «Ұлттық қордағы ақшаның бұғатталуы елдің қарапайым азаматтарына зардабы тиюі мүмкін бе?» деп сұрап көрді.

«Ұлттық және халықаралық даму бастамалары институты» қоғамдық қоры директоры Светлана Ушакова «бұл жаманат хабар ұлттық қорды басқару мен оның қаржысын орналастыру мүлде тиімсіз [жүргізіліп отыр] дегенді білдіреді. Қор Норвегия үлгісі бойынша құрылды деп айтылғанымен, шын мәнінде, бұл - жабық жүйе. Халық оның активтерін қайда салып, ақшаның қалай жұмсалып жатқанынан хабарсыз» дейді.

Ушакованың пікірінше, қор ақшасын жұмсау процесіне, жұмыс нәтижелерін талқылауға тәуелсіз сарапшылар қатысуы тиіс.

- Қоғам және мемлекеттік құрылым өкілдері қатысу үшін кеңес құрамында белгілі бір ауыс-түйіс болып тұруы керек. Әрі мүшелері ашық сайлануы тиіс. Қордың жұмысы туралы есептер ашық әрі барынша толық жариялануы тиіс, - дейді қоғамдық ұйым директоры.

Көре отырыңыз: АҚШ тағы ақша туралы министрлер не дейді?

АҚШ тағы ақша туралы министрлер не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:01 0:00

Zertteu Research Institute коммерциялық емес ұйымы директоры Шолпан Әйтенова қор ақшасын бұғаттау халықтың тұрмысы мен жалақысына әсер етпейді деп санайды.

- 2018 жылдың бюджеті бекітіліп қойды. Ал бұғатталған сома жинақтау қорындағы ақша болуы керек, - дейді Әйтенова.

Әйтенованың пікірінше, ақшаны бұғаттау қаржыдан айырылады дегенді білдірмейді.

— Бұл жайт елдегі ақпараттың жабықтығын көрсетті. Яғни халық ұлттық қордағы ақшаның қайда салынғанын білмейді. Халықаралық сот процесі арқасында білді. Қордың «болашақ ұрпақ үшін» жиналған ақшасын басқару ашық болуы тиіс, Сондықтан парламент мүшелері есеп талап еткенде барынша белсенділік танытуы тиіс, - дейді Әйтенова.

Ал ұлттық банк басшысы Данияр Ақышевтың пайымдауынша, бұл - соншалықты бір қиын жағдай емес.

Бұғатталған қаржы қайта ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:17 0:00

Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының директоры Қасымхан Қаппаров осы шудан кейін қорды қалыптастыру, пайдалану және жұмысын қадағалау принциптерін «Ұлттық қор туралы» жеке заңда бекіту қажет деп санайды.

- Қорға түскен, жұмсалған ақша мен инвестициялық кіріс көлемін жыл сайын ашық жариялап, парламенте талқылап отыруды тәжірибеге енгізу керек. Жыл сайын тәуелсіз сыртқы және ішкі аудит жүргізіп, оның нәтижелерін ашық жариялап отыру қажет, - дейді Қасымхан Қаппаров.

Сарапшының сөзінше, негізгі проблема ұлттық қорды басқаруда жатыр. Яғни активтерді басқарудың менеджементі қарастырылмаған.

Молдовалық бизнесмен Анатол Статидің сотқа шағымындануына байланысты Bank of New York Mellon Қазақстан ұлттық қорының 22 миллиард долларын бұғаттап тастаған. Стати Қазақстан билігін бизнесін «тартып алды» деп, ал Қазақстан Статиді «алаяқ» деп айыптайды.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG