Accessibility links

Airbus компаниясы Қазақстанға қатысты тергеуге ілікті


Eurocopter EC145 (қазір - Airbus Helicopters H145 деп аталады) тікұшағы. (Көрнекі сурет.)

Қазақстан билігімен жасалған келісімді тексеру аясында Airbus халықаралық авиация концерні кеңсесінде тінту жүргізілді. Өткен аптада компания президенті Том Эндерсті Францияның коррупцияға қарсы істермен айналысатын тергеушілері 2010 жылы Қазақстанға спутниктер мен тікұшақтар сату ісіне қатысты куәгер ретінде тергеген.

2010 жылы Қазақстанға спутниктер мен тікұшақтар сату ісін тергеу аясында алдыңғы аптада Airbus компаниясы кеңсесінде тінту жүргізілгені туралы қарашаның 28-і күні Reuters агенттігі хабарлады.

Компания өкілі агенттікке "Қазақстанмен байланысты қозғалған істі тергеу аясында Airbus кеңселерінде тінту жүргізілгенін растаймыз. Тергеу әлі жүріп жатқандықтан, бұл мәселеге қатысты комментарий бере алмаймыз. Airbus тергеу органдарымен ынтымақтасуға бейіл" деп хабарлаған.

САРКОЗИДІҢ ІСІ

Франциялық Mediapart басылымы дерегінше, концерн басшысы Том Эндерс және Airbus компаниясының үш топ-менеджерін куәгерлер ретінде орталық коррупциямен күрес бөліміне биылғы қазанда шақырған.

Airbus концерні басшысы Том Эндерс (оң жақ шетте).
Airbus концерні басшысы Том Эндерс (оң жақ шетте).

Франциялық басылым "Тергеушілер Қазақстанмен келісім бекіту кезінде 8,8 миллион еуро көлемінде сыйақының заңсыз төленгенін анықтады" деп жазған. Француз баспасөзі Францияның экс-президенті Николя Саркози тұсындағы менеджменттің қатысы бар деп болжанған істі тергеуді "мемлекеттік маңыз бар іс" деп атайды. 2012 жылғы көктемде екі тергеу судьясы "ұйымдасқан қылмыстық топтың ақшаның ізін жасыруы" және "шетелдік шенеуніктерді параға сатып алу" баптары бойынша тергеу бастаған.

France-Presse агенттігі дерегінше, Францияның әділет органдары коррупция фактісі бойынша Airbus компаниясына қатысты істі 2013 жылдан бері тексеріп жатыр. Тергеушілер 2010 жылы Астана мен Париж арасында 2,4 миллиард еуро көлемінде бекітілген мәміле шарттарын зерттеп жатыр. Ол кезде Eurocopter (қазір Airbus Helicopters деп аталады) Қазақстанға 45 тікұшақ, ал Францияның Alstom көлік корпорациясы 295 пойыз сатқан.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОЛИГАРХТЫҢ ТАҒДЫРЫ

Франциялық БАҚ-тардың хабарлауынша, тергеушілер мәміле Бельгиядағы қазақстандық үш олигархқа қатысты сот процесіне Париждің араласуын талап еткен шартпен бекітілген болуы мүмкін деп күдіктенеді.

Француз баспасөзінің дерегінше, бұл іске экс-президент Саркозидің бұрынғы кеңесшісі Жан-Франсуа Этьен де Розенің де қатысы болуы мүмкін. Халықаралық RFI радиосының хабарлауынша, Ниццада тұратын адвокаты оған ақша аударып тұрған, бұл факт ірі көлемдегі қаржылық қылмыстармен күрес жөніндегі орталық бөлімшенің күдігін тудырған. Ақша Қазақстанда туған бельгиялық бизнесмен әрі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен тығыз байланысты Патох Шодиевтен түсіп отырған.

Қазақстандық бизнесмен Патох Шодиев.
Қазақстандық бизнесмен Патох Шодиев.

Халықаралық радио Le Mondе газетіне сілтеме жасап "Қазақстан билігі келісімге қол қою шарты ретінде бельгиялық парламентарийлерге Франция мемлекеті тарапынан қысым жасауды талап етуі әбден мүмкін. Мақсат - Бельгияда Шодиевті қылмыстық қудалауды тоқтату болған. 2011 жылға дейін осы бизнесмен және Қазақстанда туған тағы екі кәсіпкер үшеуі (Қазақстанда оларды "үштік" деп атап кеткен) коррупцияға қатысты қозғалған тағы бір іске тартылған" деп хабарлайды

"ЖАНЖАЛ БИЛІК ТРАНЗИТІНЕ ЫҚПАЛ ЕТУІ МҮМКІН"

Саясаттанушы Айдос Сарымның пікірінше, Қазақстан жағының Airbus ісіне қатысты реакциясы "дәл кімнің айыпталуына" байланысты болады. Сарапшы Airbus ісін 1990 жылдары қозғалған "Қазақгейт" ісімен салыстырады. Ол кезде АҚШ прокуратурасы бизнесмен әрі Қазақстан президентінің бұрынғы кеңесшісі Джеймс Гиффенді Теңіз кенішінен мұнай өндіру келісімін бекіту кезінде Қазақстанның жоғарғы басшылығына пара берді деп айыптаған.

Саясаттанушы Айдос Сарым.
Саясаттанушы Айдос Сарым.

- "Қазақгейтке" деген көзқарас ерекше болған, өйткені әлгі істе елдің премьер-министрі, президенті айыпталған. Сондықтан Қазақстан басшылығының да, мемлекеттік аппараттың да мазасы кеткен. Ал бұл жолы мәселе кімнің айыпталатынына байланысты болады. Егер клерктер, министрлер деңгейінде біреулер айыпталса, үлкен резонансқа ұласа қоймайтын шығар. Тіпті біздің басшылар оларды құрбандыққа шала салуға баруы да мүмкін, - дейді қазақстандық саясаттанушы.

Сарапшының пікірінше, Airbus концерні ісін тергеу қорытындылары Қазақстандағы билік транзитіне ықпал етуі мүмкін. Айдос Сарымның айтуынша, егер тергеу аяқталғаннан кейін бенефициарлардың аты-жөні жарияланса, сот процесі Қазақстандағы транзиттік кезеңге ықпал етуі ықтимал.

- Онда бұл іс үлкен резонанс тудырып, транзиттік кезеңге де, оған қатысатындарға да әсер етеді. Егер сот Airbus басшыларын айыпты деп танып, әлгі пара нақты кімдерге төленгенін көрсетсе, онда құжаттарды Қазақстанға сұратып алып, бас прокуратураның тексеру бастауына үлкен түрткі болуы тиіс, - дейді Айдос Сарым.

Кәрім Мәсімовтің Қазақстанның премьер-министрі болған кезіндегі суреті.
Кәрім Мәсімовтің Қазақстанның премьер-министрі болған кезіндегі суреті.

2016 жылы франциялық Mediapart басылымы Airbus компаниясынан 12 миллион еуро көлемінде пара алды деген күдіктілердің ішінде "Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Кәрім Мәсімов те бар" деп хабарлаған.

Болжам бойынша, Қазақстан мен әлемдегі ең ірі авиация компанияларының бірі Airbus арасында бекітілген "күмәнді" мәмілелерге қатысты істі тергеу амалдары 2018 жылғы көктемде аяқталуы тиіс. Сосын материалдар сотқа жолданады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG