Accessibility links

Министр: Ұлттық қор активін бұғаттау шешімін сотқа бердік


Марат Бекетаев, Қазақстан әділет министрі.

Қазақстан үкіметі New York Mellon банкінің Қазақстан Ұлттық қорының 22 миллиард доллар активін бұғаттау шешіміне қарсылық білдіріп, сотқа берді деп хабарлады сейсенбіде әділет министрі Марат Бекетаев.

АҚШ-тың New York Mellon (BK.N) банкі өткен аптада Қазақстанның Ұлттық қорына тиесілі 22 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі активін бұғаттағанын хабарлаған. Мұндай шешім Қазақстан үкіметі мен молдовалық инвестордың арасындағы дау өршіген кезде қабылданған. Молдовалық кәсіпкер Анатол (Анатолий) Стати мен оған тиесілі бірнеше компания Қазақстан үкіметін өздерін шығынға ұшыратты деген арыз бойынша бұған дейінгі бір сотта жеңіп шыққан. Банктегі дерек көзінің айтуынша, енді арызданушы шығынын өтеу туралы шағым түсіріп, Қазақстанның мұнай табысынан құралған Ұлттық қорының 40 пайызын бұғаттауға қол жеткізген.

Астанада үкімет отырысынан соң журналистер сауалына жауап берген Марат Бекетаевтың айтуынша, Астана АҚШ банкінің Ұлттық қор активін бұғаттағанына наразылық білдіріп, Англия Жоғарғы сотына талап-арыз түсірген. Ол қор активі Қазақстан меншігінде қала береінін, бірақ таяу уақытта оны басқару мүмкін болмайтынын айтады.

«Қауіп-қатер талап етілген шығын көлемі – 500 миллиондай доллармен шектеледі. 22-ні [миллиард доллар – ред.] ешкім ешқашан алып қоймайды. Бұл іс Лондон сотында қаралады. Алаяқтық ісі бойынша тыңдау 2018 жылдың қазанына белгіленді. Біз тіпті талап етілген соманы да бермейміз. Себебі арбитраждық сот шешімі алаяқтық жолмен шығарылған деп білеміз» деді Бекетаев.

Ал Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев молдовалық бизнесмендер талап еткен қаржы сомасы АҚШ банкі бұғаттаған қаржы көлемімен сай келмейтінін, Астананың бұл шешімге шағымдану мүмкіндігі барын айтады.

«Біз кастодиан-банк талапетілген қаржы көлемі теңдей емесін көре тұрып, активтерді бұғаттап, заңға қарсы іс жасады деп ойлаймыз. Екіншіден, бұл актив орналасқан жердің юрисдикциясына қайшы деп білеміз» деді Ақышев.

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары және ауыл шаруашылық министрі Өмірзақ Шүкеев Қазақстанға байланысты түрлі сотта іс қаралып жатқанын және оның ағымдағы жайт екенін айтты. «Бұл жерде жаңағы молдавияның бір инвесторы сондай шағым беріп, осындай шешім қабылданған. Ол өзгереді деп ойлаймын. Өйткені, біздің де жаңағы тиісті заңгер, заң компанияларымыз жұмыс істеп жатыр» деді Шүкеев.

Қазақстан қаржы министрі Бақыт Сұлтанов журналистердің "сот шешімімен бұғатталған 22 миллиард доллар" туралы сауалына ол жайында "хабары жоғын" ғана айтты.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG