Accessibility links

АҚШ банкі Қазақстан Ұлттық қорының қаржысын бұғаттады


Көрнекі сурет

New York Mellon (BK.N) банкі "Рейтерс" агенттігіне Қазақстанның Ұлттық қорына тиесілі 22 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі активін бұғаттағанын хабарлады. Мұндай сирек шешім Қазақстан үкіметі мен молдовалық инвестордың арасындағы дау өршіген кезде қабылданған.

Молдовалық кәсіпкер Анатол (Анатолий) Стати мен оған тиесілі бірнеше компания Қазақстан үкіметін өздерін шығынға ұшыратты деген арыз бойынша бұған дейінгі бір сотта жеңіп шыққан. Банктегі дерек көзінің айтуынша, енді арызданушы шығынын өтеу туралы шағым түсіріп, Қазақстанның мұнай табысынан құралған Ұлттық қорының 40 пайызын бұғаттауға қол жеткізген.

"ТЫҚЫР ТАЯНДЫ ДЕГЕН СӨЗ"

Лондондағы Legal & General Investment Management компаниясның инвестиция бойынша сарапшысы Саймон Куиджано-Эванс бұл шектеу шарасын бұрын-соңды болмаған оқиға деп санайды.

- Егер ұлттық қордың 40 пайызы бұғатталып қалса, оны ашудың жолы табылмаса, саясаткерлер алаңдайтын тықыр таянды деген сөз, - деді сарапшы "Рейтерске".

Бұл хабар жариялана сала Қазақстандағы доллар бағамы әлсіреп, теңге 0,6 пайызға күшейген.

- Теория бойынша бұл қор - мемлекеттік институт, сол себепті елдің орталық банктері мен әл-ауқат қорлары қайта ойлануға мәжбүр болуы тиіс. Өйткені бұған дейін бұл активтерге салыстырмалы түрде қауіп жоқ екеніне сеніп келген, - деді Куиджано-Эванс.

Анатол мен Габриэль Статилер және Ascom Group S.A. мен Terra Raf Trans Traiding Ltd. атты тағы екі компания Қазақстан үкіметін халықаралық сотқа беріп, жеңіп шыққан. Сот Астананы 500 миллион өтемақы төлеуге міндеттеген.

Бұл жанжалдың тууына Қазақстан үкіметі мен молдовалық әкелі-балалы кәсіпкерлер Анатол және Габриэль Статилердің арасындағы бірнеше жылға созылған сот процесі себеп болған.

Кәсіпкерлер Қазақстанның мұнай мен газ саласына инвестиция салған соң мемлекеттің өздеріне үлестерін арзанға сат деп қысым жасағанын мәлімдеген.

Қазақстан билігі бұл айыптауды теріске шығарады. Бірақ Анатол мен Габриэль Статилер және Ascom Group S.A. мен Terra Raf Trans Traiding Ltd. атты тағы екі компания Қазақстан үкіметін халықаралық сотқа беріп, жеңіп шыққан. Сот Астананы 500 миллион өтемақы төлеуге міндеттеген.

Қазақстан бұл ақшаны төлеуден бас тартып, қазан айында Вашингтон аймақтық сотына кәсіпкерлер мен екі компанияның үстінен қарсы талап-арыз түсірген. Қазақстанның Ұлттық банкі Нью-Йорктегі BNY Mellon банкінің үстінен сотқа арызданған. Бұл іс бойынша шешімді ұлыбританиялық сот бейсенбі күні жария етуі тиіс болатын.

BNY Mellon банкінің өкілі қандай да бір комментарий беруден бас тартты. Қазақстанның әділет министрлігінен де жауап алу мүмкін болмай тұр.

Бұған дейін Амстердам сотының Қазақстанның Ұлттық қорының америкалық банктің голландиялық филиалына басқаруға берілген активтерін шектеуге рұқсат еткені туралы хабар тараған еді. Ұлттық банк шетелде Қазақстан үкіметіне қарсы мұндай даулы сот процестерінің жүріп жатқанын мойындаған.

Ұлттық банк мәліметіне қарағанда, биылғы қараша айындағы жағдай бойынша Ұлттық қор активтері 57 миллиард долларды құраған.

НАЗАРБАЕВТЫҢ КАПИТАЛДЫ ҚАЙТАРУҒА ШАҚЫРУЫ

Бір апта бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкімет мүшелерінен ірі мемлекеттік компаниялардың шеттегі капиталын елге қайтаруды талап етіп, қатқыл сөйлеген. Мұнайға бай елдің басшысы дерек көзін айтпай келтірген мәліметке сәйкес, "отандық 18 компания 12,5 миллиард доллар қаржысын шетелде ұстап отыр. "Теңізшевройл" - 4,5 миллиард доллар. "ҚазМұнайГаз" - үш миллиард доллар. "ҚазМұнайГаз" БӨ - екі миллиард доллар. "Азия газ құбыры" - бір миллиард доллардан көп. "Бейнеу - Шымкент" газ құбыры - 100 миллион доллар".

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) телебайланыс арқылы жаңа экономикалық жобаларды ашу рәсімінде отыр. Астана, 6 желтоқсан 2017 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) телебайланыс арқылы жаңа экономикалық жобаларды ашу рәсімінде отыр. Астана, 6 желтоқсан 2017 жыл

"Қазіргі күні заңдар құбылып тұрған кезде арғы жақта ұстайтын ақшаларыңыздан айырылып қаласыздар. Санкция кезінде сіздерге ешкім көмектеспейтінін көріп отырған жоқсыздар ма. Ақшаларыңызды қайтарып, Қазақстанда ұстаңыздар. Қандай кепілдік керек - заңмен, жарлықпен ба? Оны жасаймын. Егер осыны орындамасаңыздар, онда біз өзіміз кірісеміз, сосын өкініп жүрмеңіздер" деген Назарбаев.

Қазақстан президенті нақты қандай ақша туралы айтып отырғанын атап көрсетпеген. Бірақ ол: "Еркелегендеріңіз жетеді. Яхта сатып алдыңыздар, басқа елдерде үй, коттедждеріңіз бар. Біз әлі ешкімді тексерген жоқпыз, ақша тауып алсын деп мүмкіндік бергіміз келді. Бірақ мұның барлығын сіздерге мемлекет бергенін ұмытпаңыздар. Егер премьер-министр айналыса алмаса, өзім айналысамын" деп қатты сөйлеген.

Назарбаевпен бірге телебайланыс арқылы жаңа жобаларды іске қосу рәсімінде үкімет өкілдері және президенттің күйеубаласы, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаев та болған. Forbes журналы Құлыбаевтың байлығын 2,1 миллиард долларға бағалайды.

Өткен айда Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумы (International Consortium of Investigative Journalists, ICIJ) мен Коррупцияны және ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) "Жұмақ аралдары құжаттарын" (Paradise Papers) жариялаған. Онда офшор компанияларын тіркеуге қатысты 13,4 миллион құжат бар. Құжаттарда офшор иелері ретінде Қазақстанның бірнеше азаматы, оның ішінде "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшысы Сауат Мыңбаевтың (онымен бірге қазақстандық ең ірі банктің бұрынғы бірнеше иегері мен бірнеше бизнесменнің) аты аталады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG