Accessibility links

Офшор дауында Мыңбаев пен Атамқұлов аталды


«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев. Астана, 7 қыркүйек 2013 жыл.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев. Астана, 7 қыркүйек 2013 жыл.

Журналистік зерттеулердің халықаралық консорциумы (International Consortium of Investigative Journalists, ICIJ) көлемі жағынан былтыр мамырда жарияланған "Панама архивімен"  салыстыруға болатын миллиондаған офшор құжаттарын жарыққа шығарды. Онда Қазақстанның қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов пен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың есімі аталады. Олардан басқа, Ұлыбритания патшайымы Елизавета II, АҚШ және ресейлік шенеуніктер есімдері табылған. Баяндама авторлары бұл адамдар офшор арқылы "салықтан жалтарған" деп топшылайды.

Бұл жолғы офшор құжаттары Paradise Papers ("Жәннат құжаттары" немесе "Жұмақ аралдарының құжаттары") аталады. Paradise Papers әртүрлі аралдарда - көбіне Бермуд, Кайман және Виргинде тіркелген компаниялардың 13 миллион 400 мың құжатынан тұрады. Бұл реестрді Appleby тіркеу компаниясы жүргізген.

Баяндама авторлары тіркеу тізімінен әлемнің барлық елдерінің саясаткерлерін тапқан. Зерттеушілер "олар офшор арқылы салықтан жалтарған" деп топшылайды. Алайда олардың бұл болжамы әзірге долбар күйінде қалып тұр.

ҚАЗАҚСТАН ШЕНЕУНІКТЕРІ

Қазақстан бұл жолғы офшор дауынан да шет қалмады. Азаттық радиосының "Настоящее Время" редакциясы ақпаратына қарағанда, Paradise Papers құжаттары ішінде Қазақстанның қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов пен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев аталады.

Paradise Papers мәліметтері бойынша, министр Бейбіт Атамқұловтың Мальтада тіркелген Centraz Finance Ltd компаниясы бар. Баяндама авторлары 1998 жылы құрылған компанияның әлі жұмыс істеп тұрғанын жазады.

Қазақстан қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов.
Қазақстан қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов.

Бұл компанияның тағы бір директоры - министр туысы Ерлан Атамқұлов. Ерлан Атамқұлов 2002 және 2007 жылдар аралығында «Қазақстан темір жолы» компаниясын басқарған. Азаттық радиосының "Настоящее Время" редакциясы ақпаратына қарағанда, ол қызметінен коррупциялық лақаптар шыға бастағанда кеткен. Бірақ айыптар сол күйі тергелмей қалған. Атамқұловтар атына тіркелген Мальтадағы компания шарап өндіріп сатумен айналысады.

Азаттық тілшісі Қазақстанның қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың пікірін білуге тырысқан еді. Алайда министрмен сөйлесу мүмкін болмады. Министрлік баспасөз қызметінің өкілдері Атамқұлов мырзаның жұмыс орнында жоқ екенін айтумен болды.

«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» БАСШЫСЫ МЫҢБАЕВ

Азаттық радиосының "Настоящее Время" редакциясының жазуынша, Қазақстанның бұрынғы энергетика және минералдық ресурстар министрі, қазір «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып отырған Сауат Мыңбаев Бермуд аралдарында тіркелген Meridian Capital Ltd. компаниясының акционері болып шықты.

Paradise Papers ақпараттарына қарағанда, 2011 жылы Meridian Capital Ltd. компаниясының 20 пайызы Мыңбаевқа тиесілі болған. Ал 2006 жылы компанияның активтері "3 миллиард АҚШ доллары тұрған".

Қаламқас кен орнында мұнайшылармен кездесіп отырған Сауат Мыңбаев (ортада). Маңғыстау облысы, 10 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Қаламқас кен орнында мұнайшылармен кездесіп отырған Сауат Мыңбаев (ортада). Маңғыстау облысы, 10 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

"Настоящее Время" редакциясының жазуынша, бұл офшор арқылы тау-кен, алтын өндірісі, мұнай компанияларына инвестиция құйылып отырған. Meridian Capital-дың меншігінде Ресей (Калининград пен Минералды суларда) және Қазақстанда бірнеше әуежай болған. Кезінде осы компанияға Петербургтегі "Галерея" сауда орталығы да қараған. 2012 жылы ол нысан бір миллиард доллардан астам қаражатқа сатылған.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы ресми сайтында Сауат Мыңбаевтың «2004 жылғы желтоқсаннан 2006 жылғы қаңтарға дейін Қазақстан премьер-министрі орынбасары, индустрия және сауда министрі, 2006 жылғы қаңтардан 2007 жылғы тамызға дейін «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі холдинг» басқармасы төрағасы, 2007 жылғы тамыздан энергетика және минералдық ресурстар министрі, 2010 жылғы наурыздан 2013 жылғы шілдеге дейін мұнай және газ министрі болғаны», қазір «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы екені жазылған.

OCCRP МӘЛІМЕТТЕРІ

Коррупция және ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Paradise Papers құжаттары туралы "Қазақстанның құпия миллиардерлері" (Kazakhstan’s Secret Billionaires) деген мақала басты.

OCCRP "Ондаған жылдар бойы Қазақстанның ең құнды ресурстары Сауат Мыңбаевтың қолында болды. Мемлекеттік шенеунік әлемдегі мұнай саласы алпауыттарымен келіссөздер жүргізді. Chevron мен ExxonMobile, Lukoil, Korea National Oil Corporation және басқа да ірі компаниялар оның қолын қысып, миллиардтаған доллардың келісім-шарттарын жасасты. Бірақ Мыңбаев тек қана үкімет шенеунігі емес, өзі де магнат. Оның байлығы тек мұнай мен газдан құралмайды.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев мұнайшылармен кездесуде отыр. Маңғыстау облысы, Қаламқас кеніші, 10 қаңтар 2015 жыл. Суреттер "Не хабар?!" газетінің редакциясынан алынды.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев мұнайшылармен кездесуде отыр. Маңғыстау облысы, Қаламқас кеніші, 10 қаңтар 2015 жыл. Суреттер "Не хабар?!" газетінің редакциясынан алынды.

Ондаған жылдар бұрын Бермуд аралдарының жасырын шиырларында Мыңбаев пен ықпалды банкирлер тобы миллиардтаған доллар қаражатты айналдыратын компания құрды. Ол компания жылжымайтын мүлік пен табиғи ресурстардан бастап, банк ісі, авиация, транспорт, тіпті сүт өндірісімен де айналысады.

Бірақ Meridian Capital Ltd. компаниясы инвестицияларының шын ауқымы офшордағы жасырын құжаттардың астында жатыр" деп жазады.

OCCRP жазуынша, Meridian компаниясы АҚШ, Еуропа, Африка, Азия, Австралияда жұмыс істейді. OCCRP "Meridian құжаттары мұқият жасырылғаны сонша, оның инвестицияларының барлық спектрі ешқашан ашылмауы мүмкін" деген қорытынды жасайды.

Азаттық тілшісі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың пікірін білуге тырысқан еді. Алайда қабылдау бөлмесіндегі қызметкерлер Мыңбаев мырзаның жұмыс орнында жоқ екенін айтумен болды. Азаттық тілшісінің Сауат Мыңбаевтың атына ресми сауал жолдаудан басқа амалы қалмады.

ҰЛЫБРИТАНИЯ ПАТШАЙЫМЫ

Paradise Papers құжаттарынан Ұлыбритания патшайымының Duchy of Lancaster аталатын қоры бар екені анықталған. Қор оның жеке байлығын басқарады. Әлгі қор 7 миллион 500 мың долларды Кайман аралдарындағы Dover Street VI қорына құйған. Инвестициялардың бір бөлігі технологиялық компанияларға аударылған. Компаниялардың бірі мобильді телефондарға саусақ таңбасы сканерін жасайтын технологиялармен айналысады. Тағы бір компания Ұлыбритания, АҚШ және Біріккен Араб Әмірліктері университеттеріне инвестиция салады.

Ұлыбритания патшайымы Елизавета II.
Ұлыбритания патшайымы Елизавета II.

Алайда қор британиялық BrightHouse компаниясын қолдаумен де айналысқан. BrightHouse жылына 99,9 пайыз өсіммен несие беретіндігімен аты шыққан еді.

Былтыр патшайымның инвестқоры 360 мың доллар пайда әкелген. Патшайымның баспасөз қызметі оның бұл пайдадан салық төлегенін, ал BrightHouse туралы білмейтіндерін мәлімдеді.

АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ

Paradise Papers құжаттарында АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонның да аты аталады. Ол Бермуд аралдарына тіркелген Marib Upstream Services Co компаниясының директоры болған. Компания Йеменде мұнай мен газ өндірумен айналысқан және ExxonMobile компаниясымен байланысы бар. Тиллерсон көп жылдар бойы ExxonMobile​ компаниясында жұмыс істеген еді. Болашақ мемлекеттік хатшы офшор құрылымының директоры қызметін 1997-1998​ жылдары​ атқарған. Ол бұл уақытта Exxon Yemen басшысы болған еді.

Paradise Papers құжаттарында Еуропарламент депутатының, АҚШ сауда министрінің, Украинаның Янукович тұсындағы саясаткерлерінің, т.б. тұлғалардың есімдері аталады.

Офшор жанжалы былтыр мамыр айында Панаманың Mossack Fonseca фирмасы құжаттары жарияланып кеткен кезде де шыққан еді.

Оқыңыз: «Панама архивінде» Дариға Назарбаеваның аты жүр

«Панама құжаттарында» 50-ден астам елдің 140-тай саясаткері аталған болатын. Тізімде (Панамагейт) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевтің, оның әкесі, сүйегі түрмеде табылған Рахат Әлиевтің есімдері аталған.

Оқи отырыңыз: «Панамагейт»: Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевтің «офшордағы әрекеттері»

Панамагейт бойынша, Назарбаевтың досы, олигарх, Eurasian National Resources компаниясы иелерінің Патох Шодиевтің соңғы 14 жылда 25 оффшорлық компанияның бенефициары болғаны айтылған еді.

XS
SM
MD
LG