Accessibility links

Офшорда «дәулеті бар» шенеуніктердің жауапкершілігі қандай?


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Панамада құрылған офшор аймағында қаржысы көрінген қазақстандықтар «заңсыз әрекет жасамағандарын» айтса, кейбір сарапшылар «тізімдегі саяси, я қоғамдық қызметпен айналысатын адамдар мен олардың туыстары түсініктеме беруі тиіс» деп санайды.

Мамырдың 9-ы күні «Панама құжаттары» деген атпен белгілі офшордағы табыс көздері туралы журналистік зерттеудің тағы бір бөлігі жарияланды. Жарияланған деректе қазақстандық 250 жеке және сегіз заңды тұлғаның есімі аталады. Олардың арасында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы мен жиенінің есімдеріне ұқсас «Дариға Назарбаева» мен «Нұрәлі Әлиев» деген аты-жөндер бар. Олардан бөлек Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің аты аталады. Тізімде Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаевтың бауыры Ерік Айдарбаевтың, бұрынғы Мәжіліс депутаты Қабиболла Жақыповтың ұлдары – Жасұлан және Аслан Жақыповтардың, бұрынғы премьер-министр Нұрлан Балғымбаевтың ұлы Төлеген Балғымбаевтың және басқа да лауазымды тұлғалардың аты-жөндерімен сәйкесетін есімдер кезігеді.

Әзірге мемлекеттік қызметке тікелей қатысы бар азаматтардың арасында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қана «Панама құжаттарына» байланысты жауап берді. Жергілікті today.kz сайтына берген сұхбатында ол: «25 жыл бизнеспен айналысқан адам үшін мұның қалыпты нәрсе екенін» айтып, «қазіргі кезде шетелде ешқандай активі жоқ екенін» мәлімдеген.

«МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТПЕН ЕШҚАШАН АЙНАЛЫСҚАН ЕМЕСПІН»

«Панама құжаттарында» Volero Management компаниясының бенефициары ретінде көрсетілген бұрынғы мәжіліс депутаты Қабиболла Жақыповтың ұлы Жасұлан Жақыпов Азаттыққа берген сұхбатында офшорда «кәсіпкер ретінде Қазақстанға ақша әкеліп, пайда табу үшін» бизнеспен айналысқанын айтады.

«Қазақстанға ақша тарту үшін ашқан жобамыз болатын, бірақ түк шықпады. 2012 жылдың соңына қарай жауып тастадық. Біз әрқашанда ақша тауып, ұтуға тырысамыз. Өз басым ешқашан мемлекеттік қызметте болған жоқпын, мемлекеттік ақшамен жұмыс істеген емеспін» дейді Жасұлан Жақыпов.

Қазақстанға ақша тарту үшін ашқан жобамыз болатын, бірақ түк шықпады. 2012 жылдың соңына қарай жауып тастадық.
Жасұлан Жақыпов

Ашық деректерге сәйкес, 42 жастағы Жасұлан Жақыпов «Батыс Қазақстан Қуат Сервис» компанияның негізін қалап, басқарып келеді. 2001 жылы құрылған компания құрылыс, эксплуатация, техникалық қызмет көрсету саласында қызмет көрсетеді. Кейбір жергілікті БАҚ-тың жазуынша, компания түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысқан. Компания Қарашығанақ пен Теңіз кенішін игерумен айналысатын ірі компаниялармен тікелей жұмыс істейді. Жасұлан Жақыповтың өзі Батыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты.

Ал белгілі бизнесмен Марғұлан Сейсембаев әлеуметтік желіде «офшорлық компаниясын халықаралық қаржы операцияларын жасау үшін қолданғанын» хабарлады.

Кәсіпкер: «Офшор компаниясының болуы салықтан жалтару мақсатында жасалатын заңсыз нәрсе емес. Қазақстандағы сияқты салық төлемейтін компания ашуға болады, немесе керісінше барлық салықты төлейтін компания ашуға болады. Бұл компания («Панама құжаттарында» көрсетілген офшор компаниясы – ред.) Қазақстан Ұлттық банкінде тіркелген, сол арқылы KMobile-ды сатудан пайда көрдім және қаржының барлығын «Альянс банктің» капиталын толтыру үшін жұмсадым. Өзімнің кез келген қаржы операциям бойынша жауап беруге дайынмын» деп мәлімдеді.

KMobile-ды сатудан пайда көрдім және қаржының барлығын «Альянс банктің» капиталын толтыру үшін жұмсадым.
Марғұлан Сейсембаев

Сейсембаев өзінің ешқашан мемлекеттік қызметте болмағанын, ешқандай мемлекеттік тендерге қатыспағанын айтып, «барлық ақшасының заңды табылғанын әрі декларацияланғанын» айтады.

«ОФШОРДАН ҚАШУҒА ШАҚЫРЫП, ОФШОРЫ ТАБЫЛҒАН ШЕНЕУНІК»

Офшорда компания құрудан ешқандай заңсыз әрекет көрмейтінін айтқан сарапшылар әйткенмен мемлекеттік қызметтегі адамдардың офшордан қаржысы табылуы ерекше жағдай екенін ескертеді. Мәселен, экономист Петр Своик «офшор табылған мемлекеттік қызметпен айналысатын қазақстандықтар немесе олардың туыстары бұған байланысты қоғамға түсініктеме беруі тиіс» деп санайды.

«Бұл салық төлеуде үнемдеудің жолы болғандықтан қоғамдық немесе саяси лауызымдағы адамдарға лайықты нәрсе емес. Ондай адамдар немесе сондай адамдардың туыстары кемінде бұл бойынша түсініктеме беруі тиіс. Үндемей қалмауы тиіс» дейді Своик.

Дариға Назарбаева, Қазақстанның вице-премьері әкесі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қасында тұр. Көрнекі сурет
Дариға Назарбаева, Қазақстанның вице-премьері әкесі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қасында тұр. Көрнекі сурет

Ал саясаттанушы Айдос Сарым «бұл мәселенің моральдық тұсы басымдау» екенін айтады.

«Әсіресе, Дариға Нұрсұлтанқызы (Назарбаева – ред.) сияқты саясаткердің «ойбай, шетелге ақша шаша бермеңдер, салықты елге төлеңдер» деп алып, өзінен офшор табылуы бұл әрине ұятты шаруа» дейді ол. Айдос Сарымның ойынша, офшорға ақша салу кейбір кәсіпкерлердің мемлекет заңына сенімсіздік танытуының да бір белгісі болуы мүмкін.

«Адамдар бір ғана себеппен офшорға ақша салатын сияқты. «Мына менің қолымдағы бар ақша немесе капиталды ертең біреу тартып алады, осыдан айрылып қалуым мүмкін, егер қазір белгілі бір ақшамды, пайдамды декларацияда көрсетсем, ертең біреу қызығып, ертең біреу жиендік жасап алып кетеді» деген үрейден туындаған нәрсе. Яғни, тізімдегі адамдар мақтанарлық ештеңе жасаған жоқ, оларды тек аяуға болады» дейді Айдос Сарым.

Кейбір сарапшылар «Панама құжаттарынан» қазақстандықтардың көптеп табылуы көлеңкелі табыспен бірге Қазақстан заңдарының жетілмеген тұстарының да бар екенін айғақтайды деп ойлайды. Экономист Денис Кривошеев те осындай пікірде.

Неліктен біз әлі күнге дейін елде ақша қалатындай, сол бойынша барлық салық төленетіндей жағдай жасай алмадық?
Денис Кривошеев

«Офшорға көбіне адамдар салықтан жалтару үшін бармайды. Бұл халықаралық юрисдикция болғандықтан өте күрделі жағдайларда тіпті билікке жақын адамдардың өздеріне халықаралық сот арқылы шешімдерді даулауға мүмкіндік береді. Бизнес жүргізу бойынша заңдарымыз толымды емес екені белгілі... Сондықтан бұл тұста қойылатын ең басты сұрақ - неліктен біз әлі күнге дейін елде ақша қалатындай, сол бойынша барлық салық төленетіндей жағдай жасай алмадық? Тағы бір сұрақ, жалпы салық жүйесімен байланысты. Неліктен [кәсіпкерлерге] Қазақстанда жұмыс істеу қиын? Бұл қиындықтардың барлығы салық жүйесімен байланысты. Өзің тапқан капиталды салық көп болғандықтан елге енгізу қиын. Билікте отырған адамдар салық жүйесін өзгертуі тиіс, мұның қазір мүмкін емес екенін көріп отыр. Сондықтан олар ішкі жүйені реттеуден гөрі офшорға ұмтылып отыр. Осы жайт қынжылтады» дейді Денис Кривошеев.

Денис Кривошеев, сарапшы
Денис Кривошеев, сарапшы

Танымал тұлғалардың «Панамагейт» аясында әшкере болған офшорлық есеп-шоттары жайлы алғашқы деректер биылғы сәуірдің басында жарияланған. Mossack Fonseca фирмасынан тарап кеткен құжаттарда Дариға Назарбаеваның ұлы, Қазақстан президентінің үлкен жиені Нұрәлі Әлиевтің аты-жөніне ұқсас есімді адам аталады. Әлиев биылғы көктемге дейін Астана әкімінің орынбасары болған. 9 мамырда интернетте жарияланған қосымша деректерде Nurali Aliyev есімі тағы ұшырасады. Зерттеу авторларының жазуынша, Nurali Aliyev есімді адам Alba International Holdings LTD офшорлық компаниясының меншік иесі және Baltimore Alliance Inc компаниясы акционері болған. Бұл екі компания да ұлыбританиялық Виргин аралдарында тіркелген. Дариға Назарбаева да, оның ұлы Нұрәлі Әлиев те әзірше "Панама құжаттарына" қатыстылығын я растап, я терістеп мәлімдеме жасамады.

«Панама құжаттарында» аттары аталған бірқатар Батыс саясаткерлері түгелге жуық офшордағы дәулеттері туралы қоғам алдында ашық есеп берген. Осы мәселеге байланысты Исландияның премьер-министрі отставкаға да кеткен.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG