Accessibility links

Киев: "Порошенко офшоры" туралы мәлімет тексеріледі


Украина президенті Петр Порошенко.
Украина президенті Петр Порошенко.

Украинаның мемлекеттік фискалдық қызметі президент Петр Порошенконың офшорлық компаниялары бары туралы мәліметтерді тексеретін болды. Бұл туралы бүгін Киевте ведомство басшысы Роман Насиров мәлімдеді.

Оның сөзінше, кеше ол Панамадағы Mossac Fonseca заң фирмасының әшкере болып кеткен құжаттарында келтірілген мәліметтерді тексеруді тапсырған. "Панама құжаттары" аталып кеткен есепте әлемнің бірнеше елінің мелмекет басшылары мен белгілі адамдардың коррупциялық қылмысы туралы айтылады. Құжаттарға қарағанда, Порошенко өзінің Roshen компнаиясын сатқанда салық төлеуден жалтару үшін офшорлық компанияны пайдаланған. Жарияланған материалдар Украина президенті елдің кем дегенде екі заңын бұзғанын көрсетеді.

Кеше Украина бас прокуратурасы мен Ұлттық коррупцияға қарсы бюро өкілеттігі жоғын айтып, Порошенкоға қатысты тергеу жүргізуден бас тартқан.

Порошенконың өзі офшорлық компанияларды иеленгенін жоққа шығарады. Оның сөзінше, ол президент болған соң "активтерді басқарудан бас тартып, істі тиісті консалтинг және заң компанияларына тапсырған".

Осы аптаның басында Коррупция мен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP), Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) мен WikiLeaks сайты әлемдегі саясаткерлер мен бизнесмендердің қаржы жымқыру әрекеттері туралы мәліметтерді жариялаған. Құжаттарда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевтің де британдық Виргин аралдарында офшорлық компаниялардың акционері болғаны айтылады.

XS
SM
MD
LG