Accessibility links

Офшор дауының Қазақстан мен Ирандағы жаңғырығы


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, Панамадағы оффшор жанжалында аты аталған Нұрәлі Әлиев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, Панамадағы оффшор жанжалында аты аталған Нұрәлі Әлиев.

Бүгін Қазақстан президенті Иранға сапарлады. Панамадағы офшор дауында Иранның экс-президенті аталса, Қазақстан президентінің жиеніне қоса Рахат Әлиев және Патох Шодиев жайлы айтылды.

Өткен аптада жарияланған офшор дауымен белгілі болған «Панама құжаттарында» 50-ден астам елдің 140-тай саясаткері бар. Иранның экс-президенті Махмұд Ахмадинежадқа қатысты мәлімет түбегейлі нақтыланбағанымен, Иранда реакция тудырып жатыр. «Панама құжаттарында» (Панамагейт) әуелде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевтің ғана аты аталса, енді оның әкесі Рахат Әлиевтің де салықтан жалтарып Mossaсk Fonseca компаниясымен жұмыс істегені айтылады.

ИРАН ҮШІН «ТАТЫМАЙТЫН АЙЫПТАУ»

Дау тудырған Панамадағы Mossaсk Fonseca заң компаниясы тіркеп, әшкере болып кеткен компаниялар тізімінде Иранның да бірнеше компаниясы аталады. Бұл компаниялар мұнай саласында жұмыс жасайды және олардың мемлекеттік компаниялар болғаны айтылады.

Оқи отырыңыз: «Панамагейт»: Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевтің «офшордағы әрекеттері»

«Неміс толқыны» радиосының Парсы қызметі Sueddeutsche газетіне сілтеме жасап «Панама құжаттарында» Иран үкіметіне тиесілі «бірқанша» компаниялар бар екенін хабарлаған. Бұл компаниялардың 2005-2013 жылдар арасында президент болған Махмұд Ахмадинежадқа қатысы болуы мүмкін екені айтылады.

Махмұд Ахмадинежадтың (сол жақта) Иран президенті кезінде Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен түскен суреті. Астана, 6 сәуір 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Махмұд Ахмадинежадтың (сол жақта) Иран президенті кезінде Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен түскен суреті. Астана, 6 сәуір 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Панамада офшорлық компанияларды тіркеумен айналысатын Mossaсk Fonseca компаниясы басшыларының бірі Лондондағы әріптесінен сұрағанда ирандық Petropars компаниясының «Ахмадинежадқа қатыстылығы» жайлы жауап алған. Бірақ BBС тілшісі Амир Пайвәр Twitter-де «құжатты көргенін» хабарлап, Mossaсk Fonseca-ның президент болғандықтан ғана Petropars мемлекеттік компаниясының түпкі иесі Махмұд Ахмадинежад деп «топшылайтынын» хабарлаған. Иранда шығатын «Хорасан» газеті де Ахмадинежад атқарушы билікті басқарғандықтан және мұнай компанияларының үкіметке қарасты жұмыс істейтіндігінен ғана осындай мәлімет тарап отырғанын жазған.

Ахмадинежадтың өзі әзірге бұл дауға қатысты ештеңе айтпады. Иран ақпарат құралдарының хабарлауынша, президент кезінде Ахмадинежадқа ақпарат істері бойынша кеңесші болған Абд ул-Реза Давари мұны «Иран ұлты қызметшісіне қарсы айыптау» ретінде түсінетінін білдірген. Ахмадинежадтың тағы бір кеңесшісі Әли Акбар Жаванфекр осыған қатысты «нақты құжат» көрсетілмегенін айтқан.

ВИДЕО: Қазақстан депутаттары: "Панамагейтті" естімедік

Депутаттар: "Панамагейтті" естімедік
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:55 0:00

Иран үкіметінің ресми өкілі Мұхаммад Бақер Ноубахт Ахмадинежадқа қатысты жайды «арзан айыптау» деп танитынын, қазіргі үкіметтің бұған білдірер «ресми позициясы» жоқ екенін айтқан. Азаттықтың Парсы қызметінің хабарлауынша, Ноубахт дауды «ресми позиция білдіруге татымайды» деген.

Mossaсk Fonseca компаниясы Petropars-ты 1998 жылы тіркеп, 2010 жылға дейін бірге жұмыс істеген. Кейін ирандық компанияның Америка санкциясына іліккені белгілі болғанда Mossaсk Fonseca онымен байланысын тоқтатқан. Алайда Mossaсk Fonseca осы компанияға қарасты өзге компаниялармен жұмысын жалғастыра берген.

Petropars компаниясын 2002 жылы қазіргі президент Хасан Роуханидың бас кеңесшісі Акбар Таркан басқарған. 12 жыл бұрын да осы компания коррупцияға қатысты дауға ұрынған.

ҚАЗАҚСТАНДА - ҮНСІЗДІК

«Панама құжаттарында» Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевтің британдық Виргин аралдарындағы бірнеше фирманың акционері болғаны жайлы, қымбат яхтасы мен Кипрдегі есепшоттары туралы мәліметтер бар. Әлиевтің өзі осы мәліметтер жарияланарда, наурыз айында Астана әкімі орынбасары қызметінен кетті.

Оқи отырыңыз: «Панамагейттегі» Әлиев және «жемқорлыққа төзген» Қазақстан

Австрия түрмесінде қаза тапқан Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев (оң жақта) пен оның бұрынғы әйелі Дариға Назарбаева. 2005 жыл.
Австрия түрмесінде қаза тапқан Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев (оң жақта) пен оның бұрынғы әйелі Дариға Назарбаева. 2005 жыл.

Бұған қоса, Нұрәлі Әлиевтің әкесі, Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиевтің қант өндірісіне қатысы бар қазақстандық компанияларынан түскен пайданы Mossack Fonteca-ның көмегімен тіркелген офшорды пайдаланып салықтан жалтарып, австриялық банктер арқылы Кариб аралдарына аударып отырғаны хабарланды.

Назарбаевтың досы, олигарх, Eurasian National Resources компаниясы иелерінің Патох Шодиевтің соңғы 14 жылда 25 оффшорлық компанияның бенефициары болғаны айтылады. Оның офшор арқылы қымбат яхта, ұшақ және ресейлік компанияның акцияларына қол жеткізгені жайлы мәлімет бар.

Президент Назарбаевтың өзі болса, 2013 жылы сәуір айында Қазақстан халқы ассамблеясы сессиясында «барлық офшордың әшкере болып жатқанын» айтып, бизнесмендерді «ақшаны шетелге тықпай» елде сақтауға шақырған болатын.

КӨРНЕКІ ВИДЕО: «Путин достары» оффшоры (орыс тілінде):

«Путин достары» оффшоры
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:33 0:00

Қазақстанда «Панама құжаттарында» аталған қазақстандықтарға қатысты ешқандай реакция болған жоқ. Бұл тек әлеуметтік желіде ғана талқыланып жатыр.

Сәуірдің 3-і күні коррупция мен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) медиа тобы мен Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумы (ICIJ) және бірнеше әлемдік басылымдар панамалық Mossack Fonseca заң компаниясының құпия құжаттарын жариялаған еді.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG