Accessibility links

Түркіменстанның бұрынғы президенті Сапармұрад Ниязовтың кезінде шетел банктеріне елдің миллиардтаған доллар ақшасы құпия салынған делінетін. Түркіменстан - табиғи газға бай өлке, елді Сапармұрад Ниязов 20 жылдан артық биледі. Осы кезеңде табиғи байлықтардың саудасынан ел бюджетіне миллиардтаған доллар түсу керек еді. Алайда, ақша елге келген жоқ, түркімен халқының шамамен 60 пайызы жоқшылықта өмір сүріп жатыр. Сарапшылардың айтуына қарағанда, Түркіменстанның жаңа басшылығы Ниязовтың кезінде шетелдерде жасырылған ақшаны іздеп табуға ынта танытпай отыр.

Түркіменстан табиғи газ қоры – дүниедегі ең үлкен қордың бірі. Газ экспортынан Түркіменстан жылына шамамен бес миллиард доллар табады деген есеп бар. Ал Ниязов билік басында болған 20 жылдың ішінде қанша ақша түсу керек еді? Ондай болса, түркімен халқының шамамен 60 пайызы неге жоқшылық күнін көреді? Шамамен 60 пайыз дегеніміз – Дүниежүзілік банктің есебі. Түркімен қоғамы табиғи газ бен мұнайды игеріп, саудаға салып жатқан компаниялардың қызметінен, олардың қаржы есептерінен бейхабар. Лондонда орналасқан "Глобал уитнесс" халықаралық ұйымы есептегендей, Түркімен үкіметінің тек ғана бір банкте, бас кеңсесі Германияда орналасқан "Дойче банкте" жатқан ақшасы үш миллиард доллар. "Глобал уитнесс" ұйымының Орталық Азия істері бойынша үйлестірушісі Том Майне "Азаттық" радиосына айтқандай, газ саудасынан түскен ақшаны Ниязов өзі тікелей қадағалаған, және түркімен халқының мүддесіне емес, өз пайдасына жұмсаған. "Глобал уитнесс" ұйымы Түркіменстан үкіметі шетел банктерінде жасырған есеп-шоттардың ашылуын мақсат тұтады, мұндағы ақшаның түркімен еліне қайтарылып, халық тұрмысына пайдалануын жақтайды, - дейді Том Майне:

- Бұл маңызды, себебі бұл ақша түркімен халқына тиесілі. Бұл ақша Түркіменстан табиғи байлығынан, мұнайы мен газының саудасынан келген. Бұл қаражат оффшор аймақтарындағы есеп-шоттарға салынған деп білеміз. Қаражат Түркіменстн орталық банкісінің қарамағында болғанымен, шын мәнінде қаражатты президент өзі қадағалаған. Ақша халық мүддесіне жұмсалудың орнына Ниязовтың жеке басы билігін құруға жұмсалды, Ниязовтың жеке басына табыну Түркіменстанда соншалықты кең болды.

Түркіменстан үкіметі халық ақшасын жымқырып жатқаны ең алғаш рет былтыр Британияның "Файненшл таймс" газетінде шықты. Мұнда 2001 жылы Түркіменстан мен Украина арасындағы газ саудасы келісімі туралы айтылды, бұл келісім бойынша Түркіменстан есеп-шоттарына 2002 жылы 1 миллиард 700 миллион доллар түсу керек болатын. "Файненшл таймс" газеті бұл ақша Түркіменстан мұнай мен газ дамуы қорының есеп-шотына, "Дойче банктің" Франкфурт қаласындағы бөлімшесіне түсуі керек еді деп жазады. Алайда ақша ізі жоғалып кетті.

Шетелде қуғында жүрген түркімен оппозициясының басшылары, дәлірек айтқанда, Түркіменстан Республикалық партиясының басшылары былтыр желтоқсан айында Германия канцлері Ангела Меркелге хат жазып, есеп-шоттардағы қаражатқа Ниязовтың араласқанын, "Дойче банктің" осыған байланысты қызметін тексеруді талап етті. Германия тарабынан жауап қаңтар айында келген. Германия банктерін бақылайтын БАФИН ұйымы Түркіменстан үкіметіне қатысты күдікті есеп-шоттарды қатаң тексердік, "Дойче банк" Германия банк ережелерін бұзбаған деп жауап қайтарды. Бұдан соң "Дойче банк" өз жауабын берді, Түркіменстан орталық банкісінің есеп-шоттарын жүргізіп жатқанымыз рас, Ниязовтың ешқандай жеке есеп-шоттарын жүргізген емеспіз деп қысқа қайырды.

"Глобал уитнесс" ұйымы Германия ресми мекемесі өткізген тергеу толық емес, тергеуді толыққанды өткізу керек деп үндеу айтты. Ұйым өкілі Том Майне Германия үкіметі мәселені терең қазғысы келмейді, себебі Германия үкіметі Орталық Азия елдерінен мұнай мен газды алуға өзі де мүдделі, оның үстіне Германия үкіметі күн тәртібіне адам құқықтарының мәселесі шығып кетеді деп қорқады дейді. Мәскеуде орналасқан "ТМД институты" деген зерттеу ұйымының сарапшысы Андрей Грозин елдің қазіргі президенті Гурбанқұлы Бердімұхамедов Ниязовтың кезінде бекітілген қаражатты шығаруға ынта танытпай отыр дейді. Сарапшылар Түркіменстанның қазіргі президентінің кезінде қол қойылып жатқан, іске асып жатқан шетел компанияларымен арадағы келісімдердің мәні, түсіп жатқан қаражаттың есебі қалың бұқараға жетпей жатыр деп сын айтады.

Түркіменстандағы жағдайға ұқсас мәселе Қазақстанда да бар. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа тиесілі қаражатты жымқырып жатыр, дейді ел оппозициясы. Бұл жайында "Куб" тәуелсіз интернет-сайтында тағы мәлімет шықты. Сарапшылардың көпшілігі Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевке қатысты деп айтатын "Тәуелсіз зерттеулер агенттігі" деген ұйым президент Назарбаевқа қарсы бағытталған тағы бір ақпаратын жариялады осыдан екі күн бұрын. Мұнда президент Назарбаевтың дауысына ұқсас дауыспен сөйлейтін бір азамат әрқайсысы шамамен 200 миллион доллар тұратын екі президент ұшағын сатып алуды талқылайды. "Қазақмыс" компаниясының президенті Владимир Ким деп таныстырылған азамат келесі жылы пайдалануға берілетін жаңа "Эйрбас-320" ұшағы мұның алдында алынған "Эйрбас" ұшағынан мықты болады, ал 2010 жылы "Эйрбас-330" деген тағы бір ұшақ алынады деп есеп береді.

Қазақстан ішкі істер министрлігі "Тәуелсіз зерттеулер агенттігі" деген ұйымның интернетте шығып жатқан күдікті телефон әңгімелерін жалған ақпарат, араңдату деп тапқан. Қазақстан бас прокуратурасы бұл күдікті телефон әңгімелерін жариялаған бұқаралық ақпарат құралдары жауапқа тартылады деп ескерткен. Осы мәліметтерді жарияламақ болған оппозициялық газеттер қазір қудаланып жатыр. "Тәуелсіз зерттеулер агенттігінің" аудиожазбалары басқа бұлақтардан дәйектелген жоқ.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG