Accessibility links

Назарбаев компанияларды "шетелдегі ақшасын" қайтаруға шақырды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбекпен бірге телебайланыста отыр. Астана, 6 желтоқсан 2017 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбекпен бірге телебайланыста отыр. Астана, 6 желтоқсан 2017 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сәрсенбіде Астанада өткен телебайланыс кезінде қазақстандық компанияларды шетелдегі ақшаларын "айырылып қалмау үшін" елге қайтаруға шақырды. Президенттің сөзінше, бүгін де "қазақстандық 18 компания шетелде 12,5 миллиард доллар қаржысын шетелде ұстап отыр". "Олар экономикамызға көмегін тигізіп, Қазақстанға жұмыс істеген болар еді" деді Назарбаев Индустриаландыру күніне арналған телебайланыс кезінде.

"Қазіргі күні заңдар құбылып тұрған кезде арғы жақта ұстайтын ақшаларыңыздан айырылып қаласыздар. Санкция кезінде сіздерге ешкім көмектеспейтінін көріп отырған жоқсыздар ма. Ақшаларыңызды қайтарып, Қазақстанда ұстаңыздар. Қандай кепілдік керек - заңмен, жарлықпен ба? Оны жасаймын. Егер осыны орындамасаңыздар, онда біз өзіміз кірісеміз, сосын өкініп жүрмеңіздер" деді Назарбаев.

Қазақстан президенті нақты қандай ақша туралы айтып отырғанын атап көрсетпеді. Бірақ ол "Еркелегендеріңіз жетеді. Яхта сатып алдыңыздар, басқа елдерде үй, коттедждеріңіз бар. Біз әлі ешкімді тексерген жоқпыз, ақша тауып алсын деп мүмкіндік бергіміз келді. Бірақ мұның барлығын сіздерге мемлекет бергенін ұмытпаңыздар. Егер премьер-министр айналыса алмаса, өзім айналысамын" деді.

Назарбаевпен бірге телебайланыста жобаларды іске қосылуын үкімет өкілдері және президенттің күйеубаласы, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаев та бақылады. Forbes журналы Құлыбаевтың байлығын 2,1 миллиард долларға бағалайды.

Өткен айда Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумы (International Consortium of Investigative Journalists, ICIJ) мен Коррупцияны және ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) "Жұмақ аралдары құжаттарын" (Paradise Papers) жариялаған. Онда офшор компанияларын тіркеуге қатысты 13,4 миллион құжат бар. Құжаттарда офшор иелері ретінде Қазақстанның бірнеше азаматы, оның ішінде қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов пен "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшысы Сауат Мыңбаев (онымен бірге қазақстандық ең ірі банктің бұрынғы бірнеше иегері мен бірнеше бизнесменнің аты аталады) айтылады.

ОҚЫҢЫЗ: "Кенеттен көзі ашылған" Мыңбаев пен "құтқарылатын" банктер

Атамқұлов Мальтада тіркелген Centraz Finance Ltd. офшор компаниясынан пайда көрмегенін мәлімдеген. Ал Мыңбаев офшорда тіркелген компаниядағы үлесін 2003 жылы, мемлекеттік қызметке шақыртылған соң басқа адамның басқаруына бергенін айтқан.

XS
SM
MD
LG