Accessibility links

"Кенеттен көзі ашылған" Мыңбаев пен "құтқарылатын" банктер


Қазақстанның мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев (сол жақта) Астанадағы жиында Қазақстан президентінің күйеу баласы, KAZENERGY ассоциациясының төрағасы Тимур Құлыбаевты тыңдап отыр. Қазан, 2011 жыл.

Батыс баспасөзінде Бермуд аралдарындағы фирма-регистратордың мәліметтері жарияланып кетуі арқасында әшкере болған офшор компаниялардың әрекетінен келген зиян көлемін есептеу жалғасып жатыр. Зерттеуші журналистердің болжамынша, офшор компаниялардың бір бөлігі Қазақстан топ-шенеуніктері мен топ-банкирлеріне тиесілі. Жаңа зерттеу нәтижелері Қазақстанның банк секторын құтқаруға қатысты кезекті шаралар мен мұнай-газ саласындағы пара беру туралы хабарлар тараған тұста жарияланып отыр.

"ЖҰМАҚ АРАЛДАРЫ ҚҰЖАТТАРЫНДАҒЫ" САУАТ МЫҢБАЕВ

Журналистік зерттеуде офшордың иесі ретінде аталғанына байланысты Азаттық жолдаған сауалға "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев берген комментарий Коррупция және ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) халықаралық ұйымы сайтындағы мақала тақырыбына айналды. Орталық қызметкерлері мен "Журналистік зерттеулердің халықаралық консорциумының" (International Consortium of Investigative Journalists, ICIJ) "Қазақстанның бұрынғы мұнай министрінің кенеттен көзі ашылды" деген мақаласында бұған дейін зерттеушілермен сөйлескен кезде офшорға қатысы барын жоққа шығарған Мыңбаев офшордағы активтерін салық декларациясында көрсеткенін "кенеттен есіне түсірді" деп жазған. Бұл мақала OCCRP ұйымының "Жұмақ аралдары құжаттары" (Paradise Papers) әшкереленіп кеткені жайлы хабарлаған "Қазақстанның құпия миллиардерлері" (Kazakhstan’s Secret Billionaires) деген мақаласының жалғасы болды. Салық төлеуден жалтарудың құпия схемаларын пайдаланған бай адамдар мен корпорациялардың қитұрқы әрекеттері Бермуд аралдарында орналасқан регистратор - Appleby компаниясы құжаттарының арқасында әшкереленді. Офшор иелерінің тізіміне іліккен бірнеше Қазақстан азаматы арасында топ-шенеунік Сауат Мыңбаевтың есімі де аталады.

Оқыңыз: Офшор дауында Мыңбаев пен Атамқұлов аталды

"Жұмақ аралдары құжаттарын" зерттеушілер "салықтан жалтаруға ыңғайлы Бермуд аралдарында қазіргі кезде айналымдағы ақшасы миллиардтаған долларға жеткен әрі жылжымайтын мүліктен бастап табиғи ресурстар, банктер, авиация, сүт өнімдерін тасымалдау мен өндіруге дейінгі көптеген салаға қаржы салатын империяға айналған компанияны Мыңбаев бір топ ықпалды банкирлермен бірге 10 жылдан аса уақыт бұрын тіркеген" деп жазған әрі Сауат Мыңбаевтың есімімен байланыстыратын Meridian компаниясын меңзеген.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев (ортада) Қаламқас кенішіндегі нысанда тұр. Маңғыстау облысы, 10 қаңтар 2017 жыл.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев (ортада) Қаламқас кенішіндегі нысанда тұр. Маңғыстау облысы, 10 қаңтар 2017 жыл.

Мақала жарияланған соң біраздан кейін "ҚазМұнайГаз" басқармасы төрағасы Сауат Мыңбаев "офшорда ешқандай есеп-шотым жоқ әрі Meridian Capital Ltd компаниясына қазір қатысым жоқ" деп мәлімдеді. Мұнай-газ компаниясының баспасөз қызметі Азаттықтың сауалына жолдаған жауапта Сауат Мыңбаев Meridian Capital компаниясы 2000 жылдардың басында – ол мемлекетік қызметтен кеткеннен кейін құрылған дейді. Бірақ "2003 жылы мемлекеттік қызметке қайта шақырылған соң өз үлесін басқа адамға берген".

Журналистер Сауат Мыңбаевтың өзі жайлы мақала жарияланғаннан кейін ғана "активтерімді декларацияда көрсеттім" деп мәлімдегеніне назар аударады. Сауат Мыңбаев Азаттық сауалына жолдаған жауабында "Мемлекеттік қызметшілерден талап етілгендей, Meridian Capital компаниясындағы үлесімді салық декларациямда көрсеткенмін әрі мұны ешқашан жасырған емеспін" деп жазған болатын.

"Жұмақ аралдары құжаттарын" зерттеген журналистер Мыңбаев тіпті Meridian компаниясындағы меншігін декларацияда көрсеткен күннің өзінде Қазақстан үкіметі атынан мұнай компаниясы акционерінің мұнайға қатысты келіссөздер жүргізуі "кемі мүдде қақтығысы болып саналатынына" назар аударады. Олар әшкереленіп кеткен құжаттардан "2002 жылы Мыңбаев пен бір топ ықпалды банкирлер құрған миллиардтаған доллар активі бар Meridian Capital Limited империясы Мыңбаев үкіметте немесе ұлттық мұнай-газ компаниясында жоғары лауазымды қызметтер атқарған тұста Қазақстанның шапшаң қарқынмен дамыған мұнай өнеркәсібінің арқасында ұлғайғанын дәлелдейтін айғақтар таптық" деп жазады.

OCCRP журналистерінің дерегінше, "2006 жылы жарияланған ақпаратқа сәйкес, Meridian үш миллиард доллар тұрған, бірақ компанияға қатысты ақпараттың құпиялылығы соншалық, бұл империяның толық ауқымын елестетудің өзі қиын". Әшкереленіп кеткен құжаттар 2006 жылы Мыңбаевтың компаниядағы үлес көлемі жағынан екінші ірі акционер болғанын, яғни оған компанияның 18,75 пайызы тиесілі болғанын көрсетеді. Оның қалған алты тең қожайыны Meridian компаниясына "арзан" несиелер беріп отырған постсоветтік аймақтағы төртінші ірі банкте жоғары лауазымды қызметтер атқарған.

"ҚҰТҚАРЫЛҒАН БАНК ТІРЕУ БОЛҒАН ОФШОР"

Ағылшын тілінде шығатын EurasiaNet сайтының "Қазақстан, "Жұмақ аралдары құжаттары: құтқарылған банк тіреу болған офшор" деген мақаласында қазақстандық ірі банктің рөлі "Қазақстан үкіметінің үлкен бас ауруына айналатын түрі бар" деп жазған. Мақалада жобалар сәтсіздікке ұшыраған жағдайда банк қожайындары мен басшылары (әрі Meridian компаниясының иелері) неиелерді банк балансынан алып тастау арқылы зиянды есептен шығарып тастап отырғанын зерттеуші журналистердің қолына түскен құжаттардың бірі дәлелдейді деп көрсетілген.

EurasiaNet сайтының жазуынша, әлгі ірі банк "үлкен өтімділік дағдарысына ұрынып, ел үкіметі наурызда 7,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде мемлекет қаржысын таудай боп қордаланған проблемалық несиелерді аршуға пайдалануға мәжбүр болған. Басылымның хабаралауынша, әлгі құтқару амалы оны Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевпен байланыстыратын компания басқаратын өзге ірі банкпен қосуға дейін тездетілген.

OCCRP материалдарында банктің Meridian жобаларын несиелендіру әрекетінен мемлекет қазынасына келген зиян көлемін бағалай алмайды, бірақ мұндай "жеңілтектік" Қазақстан азаматтарына миллиардтаған долларға түскен деп болжайды.

БІРІНШІ ОНДЫҚТАҒЫ ӨЗГЕ БАНКТІ "ҚҰТҚАРУ"

Ұлыбританиялық Reuters жаңалықтар сайты "Қазақстан Bank RBK банкін құтқару үшін 721 миллион доллар сұраған өтінішті қарап жатыр" деген мақаласында қазақстандық тағы бір банк – Bank RBK-ға мемлекет есебінен көмек көрсетілуі мүмкін екенін жазған. Сайттың хабарлауынша, "өткен сейсенбі күні Қазақстан ұлттық банкі басқармасы жергілікті Bank RBK-нің 240 миллиард теңге (721 миллион долларға жуық) көлемінде капитал құюды сұраған өтінішін қарауға әзір екенін мәлімдеді және банкті қолдаудың өзге шараларын да жоспарлайды".

Агенттік дерегінше, ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев көмек көрсету аясында актив көлемі жағынан елдің тоғызыншы ірі банкі саналатын Bank RBK 600 миллиард теңгенің (1,8 миллиард АҚШ доллары) қайтарудан үміт жоқ несие қоржынын арнайы құрылған компанияға өткізіп береді деп хабарлаған. Бірақ ол мәмілені кім қаржыландыратынын айтпаған. Бұған қоса, "Қазақмыс" тау-кен және металлургиялық компаниясы банк капиталын толықтыруға 160 миллиард теңге (480 миллион доллардан көп) бөледі деп жаспарланған.

Қазақстан ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев.
Қазақстан ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев.

"Егер мәміле мақұлданса, Bank RBK-ға көрсетілетін 410 миллиард теңге (1,2 миллиард АҚШ доллары) көмек өткен айда қазақстандық өзге төрт кредиторға қаржы бөлгеннен кейінгі кезекті жәрдем болады" деп жазады Reuters.

"ҚАЗМҰНАЙГАЗ" МЕНЕДЖЕРЛЕРІНЕ ROLLS-ROYCE "БЕРГЕН" ПАРА

Америкалық Bloomberg жаңалықтар агенттігі "АҚШ-та айыпталған Rolls-Royce компаниясының бұрынғы менеджерлері пара бергенін мойындады" деген мақаласында жазуынша, АҚШ әділет министрлігі британдық Rolls-Royce холдингінің (авиация, кеме, энергетика саласы жабдықтарын шығарумен айналысатын) бұрынғы екі басшысын пайда болғанына 10 жылдан асқан халықаралық пара беру жүйесін ұйымдастырды деп айыптайды. Тағы үш адам жауапқа тартылған істе негізгі назар Қазақстаннан Қытайға газ құбырын тарту үшін 145 миллион АҚШ долларына келісім-шарт бекітуге ауған. Коррупциялық схеманы 7 қарашада АҚШ штаты Огайо федералдық соты жариялаған.

Прокуратура дерегінше, Rolls-Royce ақшаның "ҚазМұнайГаз" компаниясының жоғары лауазымды менеджерлері арасында бөліске түсетінін біле тұра мұнай-газ жөніндегі кеңесші Петрос Контогуристің Түркияда орналасқан компаниясына пара төлеген. Rolls-Royce АҚШ-тың әділет министрлігімен "сындарлы әрі үздіксіз ынтымақтасуға" әзірміз, бірақ "энергетикалық бизнесті 2014 жылы компаниядан шығарғанбыз, сондықтан кей жеке тұлғалардың іс-әрекеттеріне қатысты комментарий бере алмаймыз" деп уәж айтқан.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG