Accessibility links

Сауат Мыңбаев: Офшорда ешқандай есепшотым жоқ


Сауат Мыңбаев, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев "офшор компаниясының акционері екенін" және "офшорда қандай да бір есепшоты барын" жоққа шығарды. Сауат Мыңбаев бұл туралы Азаттық сауалына жолдаған жауабында айтты.

Журналистік зерттеулердің халықаралық консорциумы (International Consortium of Investigative Journalists, ICIJ) көлемі жағынан былтыр мамырда жарияланған "Панама архивімен" салыстыруға болатын миллиондаған офшор құжаттарын жарыққа шығарған. Онда "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев пен Қазақстанның қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың есімі аталады.

Paradise Papers мәліметтері бойынша, Сауат Мыңбаев Бермуд аралдарында тіркелген Meridian Capital Ltd. компаниясының акционері болып шыққан. 2011 жылы Meridian Capital Ltd. компаниясының 20 пайызы Мыңбаевқа тиесілі болған. Ал 2006 жылы компанияның "3 миллиард АҚШ доллары тұратын активтері" болған.

Сауат Мыңбаев Азаттыққа жауабында 2000 жылдардың басында мемлекетік қызметтен бизнеске кеткенін, сол кезде Meridian Capital компаниясы құрылып, оның акционері болғанын, бірақ "2003 жылы мемлекеттік қызметке шақырылған соң акциясын басқа адамға өткізгенін" айтады.

"Meridian Capital-дағы үлесімді мемлекеттік қызметкер ретінде салық декларациямда көрсеттім, компания қызметінен тапқан табысымды декларация жасап отырдым. Офшорда жеке өзімнің ешқандай есепшотым жоқ. Компанияның өзі офшорда тіркелген" деген Мыңбаев хатында.

Ол Paradise Papers құжаттарында Meridian Capital компаниясының акционерлері деп көрсетілген Нұржан Сұбханбердин, Асқар Алшынбаев, Евгений Фельд, Азат Әбішев, Ян Коннор және Нина Жүсіповамен аталған компанияның акционерлері болғанын растады, бірақ қазір "компаниядан шығып кеткендіктен" бірге бизнес жүргізбейтінін айтты.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG