Accessibility links

СІМ: "Визасыз режим – тәуелсіз елдің құқығы"


Әнуар Жайнақов, Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы.

Жұмада Қазақстан сыртқы істер министрлігі «шетелдіктерге визасыз режим енгізу – әрбір тәуелсіз елдің құқығы» екенін мәлімдеді. Кеше Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров «АҚШ азаматтары үшін Қазақстанға визасыз режим мәселесі келісуді қажет еді» деген.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі «шетелдіктерге визасыз режим енгізу – кез-келген тәуелсіз елдің хақы» екенін мәлімдеді. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады. Министрліктің мұндай мәлімдеме жасауына бір күні бұрын Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың айтқан сөзі себеп болды. Лавров Қазақстанның АҚШ азаматтары үшін визасыз режим енгізуі «Еуразия экономика одағының аясында келісіп алуды қажет ететінін» айтып қалған.

Лавровтың сөзінше, Еуразия экономика одағының территориясында визасыз режим бар, сондықтан мұндай шешімдер өзара келісілуі қажет. Ресейдің сыртқы істер министрі бұл мәселені наурыздың 16-сы күні қазақстандық әріптесі Қайрат Абдрахмановпен талқылайтынын айтқан.

Жұма күні Астанаға Сирия келіссөзі аясында келген Лавров әріптесі Абдрахмановпен кездескенімен, дәл осы мәселені қозғағаны белгісіз. Азаттық тілшісіне екі ел министрілеріне сұрақ қоюға мүмкіндік берілмеді.

Сергей Лавров, Ресейдің сыртқы істер министрі
Сергей Лавров, Ресейдің сыртқы істер министрі

Алайда, кешкісін, бірқатар жергілікті БАҚ, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақовтың бұл мәселеге қатысты мәлімдемесін жариялады.

Жайнақов: «Еуразия экономика одағы саяси ұйым емес. Мемлекеттер одағы туралы келісім-шартты талқылау кезінде,мүше елдер оны саясиландырудан және одақтың өкілетіне ұлттық дербестікті қозғайтын мәселелерді қосудан саналы түрде бас тартты» деген.

СІМ өкілінің сөзінше, «Қазақстандық тарап виза режимін оңайлату халықаралық сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени- гуманитарлық байланысты қарқындатып, инвестицияның келуі мен туризмнің дамуына, халық арасындағы түрлі байланыстарды нығайтуға сеп болады деп санайды».

Бұрынғы дипломат, сарапшы Қазбек Бейсебаев виза мәселесі әр елдің ішкі жұмысы екенін айтады.

- Лавров қателескен болар, я оның қызметкерлері дұрыс ақпарат бермеген. Себебі Қазақстан тек Америкамен емес, [Еуразия экономика одағына кірмейтін] өзге бірнеше мемлекетпен визасыз режим орнатқан және ол бірнеше жыл бұрын болған. Оны Лавровтың білмеуі де мүмкін. Дегенмен кіммен визасыз режим орнатам десе де, ол – Қазақстанның өзінің ішкі шаруасы, - дейді Қазбек Бейсебаев.

Расул Жұмалы, саясаттанушы
Расул Жұмалы, саясаттанушы

Ал саясаттанушы Расул Жұмалының сөзінше, Лавров сияқты жоғары лауазымды дипломаттың қателесуі «кәсіби деңгейінің көрсеткішін» байқатады.

- Еуразия экономика одағының аясындағы мемлекеттерде өзара визасыз жүріп-тұру мәселесі қамтылған. Соны желеу етіп, Ресейдің сыртқы істер министрі өзінің лауазымынан тысқары мәселелерді көтеріп отырған сыңайлы. Бұл сол баяғы, постимпериялық, «Мәскеумен келісіп шешу керек» деген әрекет. Сол арқылы бәлкім, өздерінің маңызын көрсеткісі келеді. Сондай-ақ, бұл Ресейдің Қазақстанның басқа мемлекеттермен ынтымақтастығына, оның ішінде қазір Ресейдің Америкамен арасы салқындаған тұста біздің Америка және Батыс елдерімен қарым-қатынасымызға қызғанышпен және көре алмаушылықпен қарап отырғанының көрсеткіші, - дейді Расул Жұмалы.

2014 жылы Қазақстан үкіметі АҚШ бастаған 10 елдің азаматтары үшін 15 күндік визасыз сынақ режимін жариялаған еді. 2015 жылы бұл тізімге тағы 10 ел қосылған. 2017 жылғы желтоқсанның 31-інен бастап бұл сынақ режим тағы созылған. Қазір АҚШ азаматтары Қазақстан территориясында 30 күн визасыз жүріп-тұра алады. Бұған жауап ретінде АҚШ Қазақстан азаматтарына 10 жылдық іскерлік және туристік визалар бере бастаған.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG