Accessibility links

Путин сайлауда сүйенетін "әкімшілік құрал"


Кезекті рет сайлауға түсіп жатқан Ресей президенті Владимир Путиннің сайлауалды жарнамасының алдынан өтіп жатқан адамдар. Санкт-Петербург, 12 қаңтар 2018 жыл
Кезекті рет сайлауға түсіп жатқан Ресей президенті Владимир Путиннің сайлауалды жарнамасының алдынан өтіп жатқан адамдар. Санкт-Петербург, 12 қаңтар 2018 жыл

Ресейдегі президент сайлауы қарсаңында барлық кандидатқа теңдік берілгендей көрінгенімен, олардың арасында бір кандидатқа ерекше басымдық беріліп жатқаны аңғарылады.

Ресейде 18 наурызда өткелі отырған президент сайлауы қарсаңында мемлекеттік телеарна тек қазіргі президент Владимир Путиннің өзі түскен деректі фильмдерді көрсетті. Куәгерлердің және ақпарат құралдарының айтуынша, вандализм әрекеттерінен соң оның жарнамасы жазылған билбордтарды полиция күзетуге көшкен. Сайлауға бірер апта қалғанда ол жалпыұлттық телеарнадан екі сағат бойы сөз сөйледі, ал оның қарсыластары пікірсайысқа шықты, кандидаттардың бірі бұл теледебатты "цирк" деп атады.

Бұл - бүкіл сайлау науқаны барысында Путиннің "әкімшілік ресурстардың" арқасында көрген артықшылықтарының бір бөлігі ғана. Билік өзі қалаған нәтижеге түрлі бюрократиялық тетіктерді қолдану арқылы қол жеткізеді.

Бұған қоса Путин Мәскеудің басты стадионында жұлдыздардың қатысуымен өзін қолдаушылардың шеруін өткізді. Кей хабарларға қарағанда, адамға лық толы стадионға ақша үшін барғандар да, күштеп апарылғандар да болған.

Кремль аймақ басшыларын әкімшілік ресурсты асыра пайдаланбауға үгіттеп көрген, бірақ жүйенің инерциясынан оны бәрібір тоқтата алмады

Путиннің айқын басымдықпен жеңетініне ешкім шүбәланбайды, ал Ресей үкіметі өкілдері науқан кезінде әкімшілік ресурстарды асыра пайдаланды деп айыптағандардың сөзін жоққа шығарумен әлек. Бірақ олар саяси оппоненттер мен сыншылардың "мемлекеттік машина әділетсіз түрде тек Путинге жұмыс істеп жатыр" деген сөзін елеусіз қалдырды.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин жеке вебсайтында Путинді қолдап пост жазған соң Орталық сайлау комиссиясының мүшесі ол "мемлекеттік қызметкер ресми лауазымын пайдаланып үгіт-насихат жүргізбеуі керек" деген заң талабын бұзған болуы мүмкін деді. Дегемен, ол "бұл сайлаудың нәтижесіне әсер ете қоймайды" дегенді де қосты.

Парижде орналасқан R.Politik зерттеу орталығының саяси сарапшысы Татьяна Становаяның айтуынша, әкімшілік ресурсты пайдалану - Ресей саясатында бұрыннан орныққан дәстүр, сондықтан оны бірден тоқтату мүмкін емес.

"Кремль аймақтағы басшыларды әкімшілік ресурсты асыра пайдаланбауға үгіттеп көрген, бірақ жүйенің инерциясынан оны бәрібір тоқтата алмады", - деді ол Азаттыққа берген сұхбатында.

БИЛБОРД КҮЗЕТШІЛЕРІ

Құрамына Ресей де мүше Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сайлауды бақылау тобына арналған нұсқаулығында "Биліктегі кандидатқа көбірек мүмкіндік берілуі - табиғи нәрсе, бірақ заң бұл артықшылықтың тым ұлғайып кетуіне жол бермеуі керек" деп жазылған.

"Биліктегі кандидаттар мен партиялар мемлекет қаржысы мен ресурстарын (материалдарды, еңбек шарттарын, транспортты, қызметкерлерді, т.с.с.) өздерінің жеке игіліктеріне пайдаланбауы керек" делінген нұсқаулықта.

Биліктегі кандидаттар мен партиялар мемлекет қаржысы мен ресурстарын жеке игіліктеріне пайдаланбауы керек

Ал Путин Ресейдің саяси иерархиясының ұшар басындағы үстем рөлін оңды-солды пайдаланып жатса керек.

Осы айда мемлекеттік "Россия-1" телеарнасы әрқайсысы 90 минут болатын Путинді мақтайтын екі бірдей деректі фильм көрсетіп, оны онлайнда да жариялап, ақпарат құралдарында кеңінен насихаттады.

Коммунистік партияның медианы бақылау тобының айтуынша, фильм авторы тележүргізуші Владимир Соловьев өз туындысын мемлекеттік БАҚ арқылы шектен тыс насихаттаған. Алайда, Ресейдің Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Элла Памфилова бұл фильмдердің сайлау заңдарын бұзбайды деп мәлімдеді.

"Біз интернетті реттемейміз", - деді Элла Памфилова.

Сайлауға түсіп жатқан екі либерал кандидат – Григорий Явлинский мен Ксения Собчак та Путиннің халыққа жолдау арнап екі сағат сөйлеген сөзі сайлау алдындағы жарнама екенін айтып наразылық білдірді. Памфилова бұл айыптауды да жоққа шығарды, оның айтуынша, Ресей конституциясына сәйкес президент жыл сайын халыққа жолдау арнап тұруы керек, яғни бұл - оның міндетті жұмысы.

Путин бұл жолы президент жолдауын әдеттегідей желтоқсан айында емес, сайлауға бірнеше апта қалғанда оқып берді.

Мәскеуде және басқа жерлерде студенттерге "Путинге дауыс бер" деп мәжбүрлеп жатқаны туралы да хабарлар болды. Ақпанның соңында Ресейдің орталығындағы Чебоксары қаласының электромеханика колледжінің студенттері мен қызметкерлерін дәрісханаға күштеп жинап, "не себепті Путинге дауыс беру қажеттігін" түсіндірген.

Полицияның Путинге дауыс беруге шақырған билбордтарды қорғағаны туралы ақпараттар болды. Кемеров қаласының полиция сержанты Азаттыққа берген сұхбатында билбордтарды "наразы халықтан" қорғау үшін жіберілгендерін айтты.

ВИДЕО: Путин билігі тұсындағы буын

"ТАЗА" САЙЛАУ МА?

Сайлауды бақылаумен айналысатын "Голос" тәуелсіз ұйымы қазірге дейін әкімшілік ресурсты пайдаланып сайлау заңын бұзған 600-ден астам фактіні тіркеген.

"Биліктің қолында бюджет және ұйымдастыру ресурстары бар және халық оларға сенеді, бірақ бұл ресурстар қандай да бір саяси тұлғаның қажеттілігіне пайдаланылмауы керек", - деді "Голос" ұйымының тең төрағасы Григорий Мелконянц.

"Голос" дерегінше, бірнеше телеарнада аймақтың лауазымды басшылары мен белсенділер биліктегі "Единая Россия" немесе басқа да Кремльді жақтайтын қозғалыстарды ауызға алмастан, Путиннің атына жалаң мадақ айтқан.

"Биліктің қолында бюджет және ұйымдастыру ресурстары бар және халық оларға сенеді, бірақ бұл ресурстар қандай да бір саяси тұлғаның қажеттілігіне пайдаланылмауы керек

Бұл сайлаудың бір ерекшелігі - әсіресе ірі аймақтардың басшылары әкімшілік ресурстарды сайлау мақсатына пайдаланды деген сынға қалмауға барынша тырысып жатыр. Олар осы арқылы Путинге "таза" жеңіс сыйлағысы келетін сыңайлы.

Путинді халықтың жаппай қолдайтынын паш ету үшін Кремль мен оның айналасындағылар әкімшілік ресурсты ең алдымен студенттерді, мемлекеттік қызметкерлерді және жұмысшыларды әйтеуір сайлау учаскесіне барып, дауыс бергізуге жұмылдырып жатыр.

Путиннің "Единая Россия" партиясы бас кеңесінің хатшысы Андрей Турчак адамдарды сайлауға көптеп қатыстыру үшін "әкімшілік ресурсты жұмылдырып жатыр" деп партияның аймақтағы өкілдерін сынға алған.

"Бастығын шамадан тыс насихаттады" деген Памфилованың сынынан соң Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың өзі артық кеткені үшін кешірім сұраған.

"Интерфакс" агенттігіне берген сұхбатында Путиннің іс басқармасы басшысының орынбасары Сергей Кириенконың кеңесшісі Константин Костин "Кремльден және құқық қорғау органдарынан жіберілетін сигналдардың барлығы кандидаттарды насихаттау мен саяси көзқарастарды білдіруде әкімшілік ресурстарды пайдаланудың жолын кесуге бағытталған" деді.

Становаяның айтуынша, "таза" сайлауға деген мұндай ұмтылыс Путин аз дауыс алып қалса не сайлауға адам аз келсе биліктің қаһарына ұшыраймыз-ау деп үрейленетін губернаторларға біршама кедергі жасап отыр. Оның айтуынша, бүгінгі Ресейде "әкімшілік ресурсты пайдаланбау мүмкін емес".

"Оны пайдаланудың тәртібі өзгеруі мүмкін, ол Кремльдің стиліне қарай бейімделуі де ықтимал, бірақ аймақ басшылары қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін жан-тәнімен жұмыс істеп жатыр", - деді Становая.

(Карл Шректің мақаласы ағылшын тілінен аударылды)

XS
SM
MD
LG