Accessibility links

Ольга Литвиненко: "Путиннің диссертациясын әкем жазған"


Ольга Литвиненко
Ольга Литвиненко

Санкт-Петербургтегі Тау-кен университеті ректорының қызы Ольга Литвиненко 1997 жылы әкесінің Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путиннің ғылыми диссертациясын "жазып бергенін көзімен көргенін" айтады. Кремль өкілі "олай болмаған" дейді.

"ПУТИННІҢ ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСЫН ӘКЕМ ЖАЛҒЫЗ ЖАЗДЫ"

Ольга Литвиненко 1997 жылғы жазда Санкт-Петербург Тау-кен университетінің ректоры қызметіне жаңадан тағайындалған әкесі Владимир Литвиненкоға сол тұста үлкен саясатта тасы өрге домалағалы тұрған Владимир Путиннің дисстертациясын жазуына көмектескенін айтады. Оның сөзінше, әкесі қала шетіндегі саяжайда ғылыми еңбекті өзі жазып шыққан.

- Бүкіл жұмысты әкем жалғыз өзі жазды. Ол түрлі кітаптарды оқып, ішіндегі керекті абзацты көшіріп, ұнаған сөйлемді қиып алып, басқа бір параққа жапсыратын. Астына пікір жазып, содан соң келесі абзацқа көшетін, – дейді Ольга Литвиненко Азаттыққа берген сұхбатында. – Барлығы менің көз алдымда өтті.

Путиннің диссертациясына қатысты күдік алғаш рет айтылып тұрған жоқ. 2006 жылғы Брукингс институты жүргізген зерттеу авторлары "ғылыми еңбектің көп бөлігі екі дереккөзден көшірілген деуге толық негіз бар" деп тапқан. Зерттеушілер "Путин ешқашан институтқа бармаған... әрі ол ұсынып, қорғаған диссертация тақырыбы бойынша оның еш тәжірибесі болмаған" деген қорытынды жасаған.

Наурыздың 6-сы күні Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ольга Литвиненконың айыптауына қатысты пікір білдіруден бас тартты.

- Пікір айтатын ештеңе жоқ. Бұл олай болмаған, – деп қысқа қайырды ол.

Ресей президенті Владимир Путин (ортада) мен Санкт-Петербург Тау-кен университеті ректоры Владимир Литвиненко аталған оқу орнында. 26 қаңтар, 2015 жыл
Ресей президенті Владимир Путин (ортада) мен Санкт-Петербург Тау-кен университеті ректоры Владимир Литвиненко аталған оқу орнында. 26 қаңтар, 2015 жыл

Бұл сөзге қарсы уәж білдірген Ольга Литвиненко: "Ол жерде Песков болған жоқ, мен болдым... Диссертацияны өзі жазғанын және оның плагиат еместігін Путиннің өзі растасын" дейді.

Туып-өскен ортасына қарамастан, Ольга Литвиненко бірнеше жылдан бері Путинді және өз әкесін қатты сынап жүр. Қазір Польшада тұратын Ольга әкесін өзінің 8 жасар қызы Эстер-Мария Литвиненконы заңсыз ұстап отыр деп айыптаған. Ал Владимир Литвиненко полицияға қызы Ольганы ұрлап әкетті деп арыз берген. Қаңтар айында Санкт-Петербург қаласының соты Ольга Литвиненоконың паспортының күшін жою туралы шешім қабылдаған. Қызы болса өзін Ресейге келтірмес үшін мұны әдейі жасатты деп әкесінен көреді.

Ольга Литвиненко Ресейдегі адам құқықтарын бұзушыларға санкция салған "Магнитский тізімі" бойынша биыл 24 қаңтарда Литва парламентінде, 7 наурызда - Эстония парламентінде сөз сөйледі.

ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСТАРЫ

"Ресейдегі ең бай ректор" атанған Владимир Литвиненко 1994 жылы Санкт-Петербург Тау-кен университетінің ректоры болып тағайындалған. Ол фосфат өндірумен айналысатын "ФосАгро" компаниясы акцияларының 15 пайызына иелік етеді. Кезінде Михаил Ходорковский екеуі бірге иелік еткен бұл компанияның құны 850 миллион АҚШ долларына бағаланады.

- Әкем Сыртқы барлау ардагерлері қауымдастығы басшысы Геннадий Беликтің араағайындығымен 1991 жылы Путинмен кездеседі. Белик Батысқа сирек кездесетін металл түрлерін заңсыз экспорттаумен айналысатын, әкем оларға минералды ресурс саласының маманы ретінде керек болды. 1994 жылы Путин мен Белик оны ректор етіп тағайындатты, - дейді Ольга Литвиненко.

1994 жылы Владимир Путин Санкт-Петербург қаласының мэрі Анатолий Собчактың қоластында қалалық үкімет төрағасының орынбасары қызметінде болатын.

- Ректор болған соң ол қызмет бабын пайдаланып, диссертация жазып беретін заңсыз бизнесті қолға алды. Ол кезде бұған сұраныс өте көп болатын, жұрттың бәрі ғылым кандидаты я доктор болғысы келді. Олар жоғары лауазымды тұлғаларға плагиаты көп еңбектер жазып берді, – дейді Ольга Литвиненко.

Путиннің жақын серігі, "Роснефть" мемлекеттік мұнай компаниясының басшысы Игорь Сечин Санкт-Петербург Тау-кен университетінен 1998 жылы ғылыми дәреже алған. Путиннің ұзақ жылдан бергі серігі, кезінде премьер-министр қызметін атқарған, қазір "Газпром" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы қызметіндені Виктор Зубков 2000 жылы осы университеттен "Экономика ғылымдарының кандидаты" дәрежесін алған.

Ольга Литвиненконың айтуынша, жалған ғылыми еңбек жазумен айналысқан "қылмыстық топтың" ішінде профессорлар, лекторлар және ғалымдар болған. Олар тек дисстертация жазып қана қоймай, еңбектерді қорғауға шығарумен айналысқан.

- Алдын ала қорғау, қорғау сияқты процестердің барлығы [қызмет түріне] кіреді. Содан соң ғылыми дәреже алған адамға қатысты мәселе туындамас үшін әкем барлығын Жоғары аттестациялық комиссиямен бірге жайғастырып отырған, – дейді Ольга.

Оның сөзінше, сол кезде ғылым кандидатының жұмысы ондаған мың АҚШ долларына бағаланған. Ал ғылым докторының диссертациясы одан екі-үш есе қымбат болған. "Барлығы бизнесменнің қалтасына байланысты болатын", – дейді Ольга Литвиненко.

"ПУТИННІҢ АДАМЫ"

Ольга Литвиненко ғылыми еңбек жазуға тапсырыс берушілер қолма-қол ақша төлеген дейді.

- Мен ректордың көмекшісі ретінде жұмыс істедім, бәрін көзбен көрдім, – дейді Ольга Литвиненко. – Путиннің дисстертациясын [әкемнің] өзі жазды. 1997 жылы олар біздің саяжайға көшірме жасайтын аппаратын алып келді, әкем жұмыс орнынан демалыс алды. Путин саяжайға ешқашан келген жоқ, өз диссертациясы туралы әкеммен кеңескен емес... Барлығын әкем жалғыз жазып шықты, – дейді Ольга Литвиненко.

Ол кезде Путин Мәскеуде Ресей президенті іс басқарамасы басшысының орынбасары қызметін атқарып жүрген.

"Путин диссертация үшін қанша ақша төлеген болуы мүмкін?" деген сұраққа Ольга Литвиненко:

- Бәлкім әкем оған тегін жазған шығар. Бір жағынан ол [Путиннің] ректорлыққа тағайындаған өз адамы болды. Олар бірге бизнес жасады және тек бір рет қана істес болған жоқ. Сондықтан, қандай да бір төлем жөнінде әңгіме болды деп ойламаймын. Әкем өзін ректорлыққа тағайындағаны үшін алғыс ретінде көмектескен болуы мүмкін, – деп жауап берді.

Ғылыми жұмыс пен бизнес мүдделерімен қоса Владимир Литвиненко Путиннің 2000, 2004 және 2012 жылдардағы Санкт-Петербургтегі сайлау кампанияларын басқарды. Биыл ол – қалалық сайлау штабының төрт төрағасының бірі.

Владимир Литвиненко 2006 жылы "Власть" журналына берген Владимир Путиннің диссертацияны өзі жазғаны туралы айтқан.

- Жұмысты өзім бақылап отырдым. Академиялық сала өкілі болмағандықтан, Владимир Путиннің алғашқы жұмысы көп пікір тудырып, кері қайтарылды. Біз оған біраз жетілдіру жөнінде кеңес бердік. Бірнеше айдан соң ол айтылған пікірлердің бәрін ескеріп, түгелдей қайта жазылған диссертациясын алып келді. Содан кейін ол қорғауға жіберілді. Сондықтан оның өз бетімен жұмыс істегеніне ешқандай күмәнім жоқ, – деген ол.

(Роберт Коалсон мен Дмитрий Волчектің мақаласы ағылшын тілінен аударылды)

XS
SM
MD
LG