Accessibility links

"Путиндік Ресейге қатысты 100 сұрақ" (La Russie de Poutine en 100 questions) – қазіргі Ресейдің жағдайы түрлі дереккөздерден алынған фактілер мен жеке автордың тәжірибесіне сүйеніп сипатталған 100 қысқа тараудан тұратын кітап. Шығарманың мақсаты – либералдық құндылықтар негізінде тәрбиеленген Батыс Еуропа тұрғындарына қазіргі Ресейдің болмысын түсіндіру.

"Путиндік Ресейге қатысты 100 сұрақ" кітабында Ресей мен Франция қоғамының арасында түсініспеушіліктер тым көп екені айтылады. Кітап авторы әрі Франциядағы ІFRI халықаралық қатынастар институтына қарасты Ресей және ТМД орталығының директоры Татьяна Кастуева-Жан Азаттықтың Орыс қызметіне сұхбат берді.

- Фукуяманың (Фрэнсис Фукуяма – америкалық философ, саясаттанушы, саяси экономист әрі жазушы - ред.) "Тарихтың ақыры" деген кітабы есіңізде ме? Совет одағы құлағаннан кейін еуропалықтардың көбі, тіпті бүтін батыс әлемі адамдары адамзат либералдық демократияға бет бұрды, коммунистік режимдердің құлауы – осының айғағы деп ойлады. Бұл процеске көмектесіп, авторитарлық режимдерге қарсы наразылық қозғалыстарды қолдау керек деп түсінді. Батыс жұртының бұл үмітін түсінуге болады. Адамзаттың бұлай дамуы Еуропа одағы елдерінде тұратын адамдарға әлдебір утопия болып көрінбейді. Ал бірақ Ресейден әлемнің дамуы мүлде өзгеше сипатта көрінеді. Сондықтан Батыстың тәлім-жосығынан Ресей элитасының біртіндеп көңілі қалды.

Ресейді Еуроодақ елдері немесе АҚШ тәрізді демократиялық ел ретінде көргісі келіп, әлдебір талап қояды. Бірақ қазіргі Ресейдің ұстанған саясаты мүлде бұл емес, ол басқа жаққа бет алды

Кастуева-Жанның сөзінше, Ресей өзіндік ерекшелігі бар ел болу құқығын қорғап отыр, ал әлемдегі айбынын асыру мәселесінде Ресей мен Еуропа мүлде екі түрлі тәсіл қолданып келді. Қырым аннексиясына дейін Еуропа одағы елдері ортақ қорғаныс бюджетін ұлғайту қажет деп ойламады, ал Владимир Путин билікке келген бетте Ресей армиясын реформалауға кірісті, оның нәтижесін қазір көруге болады. Кастуева-Жан Ресей мен Батыстың ұстанымы жеке тұлғаның, азаматтық қоғамның рөлі, мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастар, демократия мен азаматтық еркіндіктің мәні деген көптеген мәселелер бойынша да мүлде үйлеспейтінін айтады.

- Батыс жұрты пайымындағы зайырлы қоғам дегенді, бір жынысты неке неліктен адамның жеке еркіндігі символына айналып шыға келгенін, төзімділік принципіне негізделген көші-қон саясатын Ресейде түсінбейді. Бұл мәселелерді түсінудегі қайшылықтар тереңде жатыр. 1990 жылдары, тіпті 2000 жылдардың басында Ресей нағыз еуропалық елге, ашық елге айналып келе жатқандай көрінген. Бұл үміт ақталмай, Ресей Батыспен жауласып алды, қазір [Францияда] Ресейден қатты түңіліп отырғандар көп. Кейде Батыс жұрты өзге, Ресейден әлдеқайда авторитарлы әлдебір елге әлдеқайда жұмсақтау көзқараспен қарайтын тәрізді көрінеді. Өйткені Ресейді Еуроодақ елдері немесе АҚШ тәрізді демократиялық ел ретінде көргісі келіп, әлдебір талап қояды. Бірақ қазіргі Ресейдің ұстанған саясаты мүлде бұл емес, ол басқа жаққа бет алды.

Егер әжептәуір мықты қарсылыққа тап болса, ішкі саясатта репрессиялық, сыртқы саясатта агрессиялық сипаттағы амалдарға жүгінетін болады

Кітапта автор постсоветтік Ресейдің даму эволюциясы мен оның лидері Владимир Путиннің эволюциясын салыстырған. Ол саяси карьерасын Батыс елдеріне бет бұрудан бастады, бірақ Кастуева-Жанның пікірінше, Путиннің үшінші президенттік мерзімінде оның бұл жолдан бас тартқаны қатты байқалды. Оның пікірінше, Путин келесі президенттік мерзімінде де халықаралық аренада агрессиялық саясат ұстанатын болады.

- Путиннің төртінші мерзімге арналған мақсаты түсінікті. Ішкі саясатта – режим тұрақтылығын, оның билігін сақтап қалу және әлеуметтік толқуларды болдырмау мақсатын көздейді. Ал сыртқы аренада Ресей Путиннің үшінші мерзімі кезінде "қайтарып алған" позицияларды ұстап қалуға тырысады. Мақсаттары түсінікті, бірақ оған жету үшін қандай әдістерді қолданатыны түсініксіз. Шындығында, режим барынша оңтайлылық танытып отыр. Егер мақсаттарына азды-көпті жұмсақтау әдістермен жетуге болатынын байқаса, режим соларға жүгінеді. Ал егер әжептәуір мықты қарсылыққа тап болса, ішкі саясатта репрессиялық, сыртқы саясатта агрессиялық сипаттағы амалдарға жүгінетін болады. Қай тәсілге жүгінетінін әлі шешкен жоқ. Мұның бәрі қарымта жауап қайтару мен реакцияны созбақтауға болмайтын сәт туған кезде және қалыптасқан жағдайға қарай шешілетін болады.

Кастуева-Жан "Қоғамдық пікірді Кремль қалыптастырып отыр ма, әлде Кремльдің саясатын қоғамдық пікір қалыптастыра ма?" деген қызық сұрақ туады деп санайды.

- Кремль қоғамдық пікір сауалнамаларына өте мұқият қарайды. Қоғамдық пікірді білу үшін сауалнама жүргізумен айналысатын жабық қызметтер бар, ондай мекемелер ФСБ ішінде де бар. Мысалы, Қырымды қосып алғанға дейін Қырым территориясында сондай сауалнамалар жүргізілген. Кремль әуелі қоғамдық пікірдің беталысын анықтап алуға тырысады, сосын әлгі тенденцияға белгілі бір пішін беріп, қоюлатып, көпіртумен қарқынды айналысады. Өз кезегінде әлгі толқын Кремльге, ал Кремль оған қайта ықпал етеді, сондықтан әлдебір тұйық цикл пайда болады.

Жүйелі оппозиция – Батыс жұртына онша түсініксіз бірдеңе, өйткені бұл биліктегі, бірақ нағыз билікке ұмтылмайтын адамдар

Кітапта "әлеуметтік теңсіздік – Ресейдің қазіргі саясатының ең осал тұсы" деп жазылған. Кедейлік деңгейіне қатысты ресми көрсеткіштердің Батыс елдеріндегі көрсеткіштерден онша көп айырмашылығы жоқ болғанымен, Батыс Еуропа елдеріне қарағанда, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық Ресейде әлдеқайда терең. Кітапта француз экономисі Том Пикеттидің былтырғы зерттеуінен деректер келтірілген. Ол деректерде Ресейдің ұлттық байлығының ширек бөлігі ресейліктердің бір пайызының иелігінде деп жазылған. Ал шындығында, аталған үлес бұдан әлдеқайда үлкен болуы мүмкін, өйткені зерттеуде ел ішіндегі ресми капитал ғана ескерілген. "Кей деректер бойынша, Ресей жалпы ішкі өнімінің жартысына жуығы офшорлық аймақтарда екені ескерілмеген" деп жазады Кастуева-Жан. Ол кітапта Ресейдің саяси оппозициясының эволюциясын да талдаған.

- Ресейде екі оппозиция бар екені мәлім, біреуі – парламентте партияларға топтасқан жүйелі оппозиция, екіншісі – жүйесіз оппозиция. Жүйелі оппозиция – Батыс жұртына онша түсініксіз бірдеңе, өйткені бұл биліктегі, бірақ нағыз билікке ұмтылмайтын адамдар. Басқадай жағдай туса оппозицияның өзге лидерлері болар еді. Ал қазір ол шөбін шауып алған дала тәрізді болып қалған. Қазір ол жерде үлкен бұтақтары – Навальный мен оның штабтары бар жалғыз ағаш өсіп тұр, әр жерден Гудков, Явлинский, Рыжков сияқты "масақтар" қылтияды. Мүлде көңілсіз болып кетпес үшін әдемі гүл – Ксения Собчакты "егіп" қойды. Өзге климат орнаса, әлгі алаң мүлде өзгеше болып көрінер еді.

Кітапта ресейліктердің біраз бөлігі совет заманын және Сталиннің тұсындағы "темірдей тәртіпті" аңсайтыны туралы да айтылған. Бірақ "Путиндік Ресей..." кітабының авторы ол кездегі "тәртіп" коррупциясыз еді ғой, сондықтан Ресейдің қазіргі билігі елді жемқорлық жайлап алған кезде Сталиннің саясатын ақтауға тырысуымыз орынды ма, жоқ па деп жақсылап ойланғаны жөн болар еді деп мысқылдайды.

Франция мен Ресейдің қарым-қатынасы туралы кітаптың ең соңғы тарауындағы: "Бұл екі елдің қазіргі қарым-қатынасын меңзеу емес пе?" деген сұраққа Кастуева-Жан былайша жауап берді:

– Совет одағы құлағаннан бері екі елдің қатынасы, бейнелей айтқанда, араның тістері сияқты дамып келеді. Жатық дамыған кездері де болды. 2003 жылы Ресей мен Франция АҚШ-тың Ирактағы басқыншылығына бірлесіп қарсы шықты. Сәтсіздіктер де болды, мысалы, Югославияны бомбалауға қатысты Франция мен Ресейдің ұстанымдары үйлеспеді. 2011 жылы Ливия проблемасы екі елдің арасын тағы ушықтырды. Бүтіндей алғанда, француздар Ресей-Франция арасын "қырын қабақ пен диалог" үйлескен қатынастар деп атайды. Минск келісімі аясында Франция – аса маңызды әріптес ел, сондықтан Макрон мен Путиннің 2017 жылғы 26 мамырдағы кездесуінен кейін "Трианон диалогы" деп аталатын, яғни екі елдің азаматтық қоғамы арасында тығыз байланыс орнату туралы жаңа форматтағы идеяны іске асыру жоспарланған. Ал қатал позицияға қатысты айтар болсақ, Франция Ресейге санкциялар салды, бірақ өзара ымыраға келу жолдары, ынтымақтастықты жаңа деңгейге жеткізе алатын амалдар іздестіріліп жатыр.

Екі елдің өзара қатынасында, Ресейдегі сайлаудан кейін болмаса, әзірше ілгері жылжу байқалмайды

Татьяна Кастуева-Жан Францияда Эммануэль Макрон президент болып сайланған 2017 жылғы мамырдан бері екі елдің арасындағы диалогтан әлдебір тұшымды нәтижелер шықпағанын айтады. Мұның себебі, президент Макрон көбінесе ішкі проблемаларды шешумен айналысқанына байланысты болуы мүмкін.

"Бір жағынан, Ресей сайлауға дайындалып жатыр, сондықтан халықаралық кездесулерде Сирия мен Украина дағдарыстарына көбірек мән берілді. Екі елдің өзара қатынасында, Ресейдегі сайлаудан кейін болмаса, әзірше ілгері жылжу байқалмайды. Франция президенті мамырдың аяғында Санкт-Петербургте өтетін экономикалық форумға баратынын мәлімдеп қойды" дейді ол. Бұған қоса, принципті алшақтықтар, әсіресе Қырым мен Украинаның шығысындағы жағдайға қатысты қайшылықтар әлі жойылған жоқ, сондықтан екі ел арасындағы қатынастарда таяуда айтарлықтай ілгерілеу немесе дағдарыс болады деп күтудің реті жоқ деп болжайды Кастуева-Жан.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Наталья Каневская алған сұхбат орысшадан аударылды.)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG