Accessibility links

Путиннің ықтимал төртінші мерзімі және Қазақстан


Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің аймақтық ынтымақтастық форумында сөйлеп отыр. Астана, 4 қазан 2016 жыл.

Қазақстандық сарапшылар Путиннің Ресей президенті қызметіндегі кезекті мерзімі кезінде (сайлауда оның жеңетініне күмән келтіретіндер жоқтың қасы) Астана мен Мәскеу қарым-қатынасында қатерлер, атап айтқанда Қазақстандағы билік транзитіне байланысты қатерлер пайда болуы мүмкін деп топшылайды.

Желтоқсанның 6-сы Ресей президенті Владимир Путин 2018 жылы өтетін президент сайлауына түсу ниетін мәлімдеді. Көптен болжанған бұл шешімін ол Нижний Новгородтағы ГАЗ зауытының 85 жылдығына арналған митинг-концертте жария етті. Сайлау Мәскеудің Қырым түбегін Украинадан аннексиялап алғанына төрт жыл толғанда – наурыздың 18-іне белгіленген.

Путиннің аяқталып келе жатқан үшінші мерзімі кезінде Мәскеу мен Батыс елдері арасының нашарлауына дәл осы себеп, яғни Қырым аннексиясы мен Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдауы түрткі болған. Батыс елдерінің үкіметтері Ресейге қарсы санциялар салған, бірақ «Қырымнан кейін» Путиннің ел ішіндегі рейтингі өрлеген. Ал Қазақстан-Ресей байланысы Путиннің Кремльге «екінші келуі» заманында нығая түсті. Мемлекетаралық түрлі бірлестік (ШЫҰ, ҰҚШҰ, ТМД) саммиттері мен шекаралық ынтымақтастық форумдары аясында Путин қазақстандық әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевпен жылына бірнеше мәрте кездесіп тұрды. Ресей, Қазақстан, Беларусь президенттері 2014 жылы Астанада тауар, қызмет түрлері, капитал, жұмыс күшінің де-юре бірыңғай нарығы ретінде аталатын Еуразия экономикалық одағын (ЕАЭО) құру туралы келісімге қол қойды. Ресей басымдыққа ие одаққа 2015 жылы Армения мен Қырғызстан қосылды.

Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және Ресей президенті Владимир Путиннің Еуразия одағы келісімшартына қол қойғаннан кейін түскен суреті. Астана, 29 мамыр 2014 жыл.
Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және Ресей президенті Владимир Путиннің Еуразия одағы келісімшартына қол қойғаннан кейін түскен суреті. Астана, 29 мамыр 2014 жыл.

САЯСАТ ПЕН ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҚАТЕР

Саясаттанушы Досым Сәтбаев Азаттық тілшісімен әңгімесінде Владимир Путиннің болжамды жаңа президенттік кезеңіне байланысты Қазақстанға төнуі мүмкін қатерлер жайлы айтып берді. Саясаттанушының сөзінше, Путиннің тұсында Ресей жұрты мен бүкіл әлемді Ресей бір кездегі Совет Одағының беделі мен позицияларын қайтарып алғысы келеді дегенге иландыруға барынша тырысқан ретроспективті патриотизмнің ура-патриоттық ұрандары айналасына элита пікірін жұмылдыруға негізделген өзіндік ерекшелігі бар ішкі саясат түзілді.

Саясаттанушы Ресей өзінің сыртқы агрессиялық саясатын әуелі жақын шетелде – Грузияда, сосын Украинада, ал одан кейін алыс шетелде – Сирияда сынақтан өткізді дейді.

- Ресейдің Путин тұсында ұстанатын барынша агрессиялық әрі қатал саясаты Ресейдің көршілері үшін бәрібір қолайсыздық тудыратын болады. Айтпақшы, билік транзитіне байланысты Қазақстанда әлдебір жағымсыз оқиғалар өрбісе, Ресей өз мүддесі үшін еліміздегі ішкі саяси ахуалға ықпал етіп, қысым жасауға тырысады деген әңгімелер Қазақстанның ішінде баяғыдан айтылып жүр, - дейді Досым Сәтбаев.

Сәтбаевтың пікірінше, Путин постсоветтік кеңістіктің Ресей қатал экономикалық және әскери-саяси бақылауда ұстағысы келетін бөлігіндегі Ресейдің ықпалын қалпына келтіру сияқты реванш идеологиясын ұстанады. Досым Сәтпаев әлгі кеңістікке Қазақстан да кіретініне назар аударады.

Мәскеу дүкеніндегі Путиннің портреті салынған киім. 26 мамыр 2016 жыл.
Мәскеу дүкеніндегі Путиннің портреті салынған киім. 26 мамыр 2016 жыл.

Биыл күзде Қазақстан елге қарсы қолданылуы мүмкін «күрестің гибрид тәсілдері» туралы ұғым енгізілген жаңа әскери доктрина қабылдады. Ауқымды операциялар жүргізілетін дәстүрлі майдандарға мүлде ұқсамайтын соғыс қимылдарының жаңа түрі ретінде «гибрид соғыс» жайлы үш жыл бұрын, яғни Қырым аннексиясы басталған кезде жиі айтыла бастаған. Қырымның стратегиялық нысандарын басып алған санаулы «жасыл адамдар» ресейлік әскерилер болып шыққан.

Оқи отырыңыз: Әскери доктринаға күрестің «гибрид» тәсілдері ұғымы енгізілді​

Саясаттанушы Нұрмұхамедовтің айтуынша, Путиннің болжамды жаңа президенттік мерзімі кезінде Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы көбінесе Батыс елдерінің Ресейге салған санкцияларына қарай өрбитін болады, өйткені Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше болғандықтан, Қазақстан экономикасы көп жағдайда Ресей экономикасына тәуелді.

- Қазір халықаралық капитал нарығына Ресейдің кіруі қиындап тұр, бұл тенденция бізде де байқалады... Біздің өз экономикалық қиындықтарымыз да жетеді, бірақ оны сауықтыруды Ресейдің жағдайы қиындатып тұр, - дейді Бөріхан Нұрмұхамедов.

Бірақ ол Ресейдегі экономикалық дағдарыс Қазақстанға ЕАЭО және Ресеймен бірлескен өзге де интеграциялық құрылымдардан шығу жолдарын іздеуге тура келетіндей дәрежеге дейін ушыға қоймайды деп санайды.

ПУТИН МЕН НАЗАРБАЕВ

Саясаттанушы Рустам Бурнашев Қазақстанда билік транзиті болған жағдайда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына Путинге және Ресейге ашық қарсы шығып, Қазақстан мен Ресей арасын қақтығысқа айналдыра алатын «анти-Назарбаев» сипатындағы тұлға келуі мүмкін емес деп санайды.​

- Ресейге қарсы позиция ұстану үшін... мәселен, краинаның мұндай мүмкіндігі мол. Мысалы, Украинаның қазіргі басшылығы Еуропамен жақындасуды дамыту бағытын ұсынды. Украиналықтар бұл векторды ресейлік векторға табиғи балама ретінде қарастырады, өйткені (Еуропамен) ортақ шекара, ортақ құндылықтар сияқты ортақ дүниелер бар. Ал Қазақстанға келсек, бізде ондай балама жоқ қой. Біз Ресейден теріс айналып, Қытаймен жақындасу векторын ұстай алмаймыз. Мұның іске аспайтын бекершілік екенін бәріміз түсінеміз. Біз Еуропамен жақындасу векторын да таңдай алмаймыз, өйткені Еуропадан шалғайда жатырмыз, - деп түсіндіреді саясаттанушы Бурнашев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен Азиядағы сенім және ықпалдастық шаралары кеңесі саммитінде қол алысып тұр. Шанхай, 20 мамыр 2014 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен Азиядағы сенім және ықпалдастық шаралары кеңесі саммитінде қол алысып тұр. Шанхай, 20 мамыр 2014 жыл.

Егер Путиннің жаңа президенттік мерзімі кезінде Қазақстанда билік транзиті болса, «анти-Назарбаев» тұлғаның пайда болуы мүмкін деген болжамды экономист Петр Своик те жоққа шығарады.

- Түбегейлі ештеңе өзгермейді. Қарым-қатынас қазіргідей теп-тегіс болады, өйткені Қазақстанда дара билік режимі орнатылған. Ал мына дара билік режимі осы қызметті мұрагерлікке алатын адамның қолына өтеді. Назарбаевтың президенттігі тұсында (елді үзбей басқарған) оның орнына оппозицияға кеткен жақын адамдарының ішінен біреулер ұдайы таласып келді... Енді бұл кез-келген келесі президенттің кезінде де қайталанатын болады... Ал мұны кім реттейтін болады? Қазақстанның ішінде мұндай реттеу тетіктері жоқ. Сондықтан мұны Мәскеу реттеп, тепе-теңдікті сол қамтамасыз ететін болады, - дейді Петр Своик.

Журналист әрі құқық қорғаушы Андрей Свиридов Азаттық тілшісімен әңгімесінде Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаев бір-біріне жаман өнеге көрсетуі мүмкін деп болжайды. Свиридовтің пікірінше, мысалы, халықаралық саясатта Путиннің беделі түсіп барады, ал Назарбаевқа беделін сақтап қалудың сәті түсіп келеді. Есесіне, Андрей Свиридовтің айтуынша, ішкі саясатта Назарбаев жеке басқа табынуды Сталин тұсындағы немесе Солтүстік Кореядағы жеке басқа табынумен салыстыруға болатындай дәрежеде өрістетті, Путин жайлы әзірше бұлай айтуға болмайды. Бірақ оның сөзінше, уақыт өте келе екеуі бұл жағынан бір-бірінен «асып түсуі» мүмкін.

ПУТИН ЫҚПАЛЫНЫҢ КҮШЕЮ ЫҚТИМАЛДЫҒЫ

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (өзін оппозициялық партия деп атайды) саяси кеңесі президиумының төрайымы Зәуреш Батталова Азаттық тілшісімен әңгімесінде Ресейдің Қазақстанға ықпалы тарихи қалыптасқан нәрсе, сондықтан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Қазақстан (ең әуелі ел басшылығы) оның ықпалынан шыққан жоқ дейді.​

- Сондықтан Путиннің Ресей мемлекеті басшысы ретіндегі позициясын сақтап қалуы Путиннің Қазақстан басшылығына ықпалын сақтап қалуы деген сөз. Егер екі ел азаматтарының арасындағы қатынастар жайлы айтар болсақ, бұл - ең құнды нәрсе, тату көршілік, достық қарым-қатынастарымызды сақтап қалуға тиіспіз. Ал мемлекет басшыларының бірінің екіншісіне саясаттағы ықпалына қатысты айтарым - [Қазақстанның] ішкі ісіне [сырттан] ешкім, оның ішінде Путин де араласпауы тиіс, - дейді Батталова.

Қазақстан-Ресей шекарасы жеті жарым мың километрге созылады. Суретте: шекара сымының ар жағында көрініп тұрған Ресейдің Троицк қаласы.
Қазақстан-Ресей шекарасы жеті жарым мың километрге созылады. Суретте: шекара сымының ар жағында көрініп тұрған Ресейдің Троицк қаласы.

Путин қолындағы орасан зор әкімшілік ресурстарының арқасында жеңетініне шәк келтірмейтін журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов Азаттық тілшісімен әңгімесінде демократиялық көзқарас тұрғысынан алғанда, Путиннің өз кандидатурасын ұсынуы – өте жағымсыз қоғамдық-саяси құбылыс деп мәлімдейді.

- Бұл Қазақстан үшін алаңдататын жағдай екенін білдіреді, өйткені Қазақстан мен Ресейдің жақындығы жалғаса береді. Неліктен бұлай деп санаймын? Өйткені Ресейдің қолында Қазақстан билігін мұндай жақындыққа мәжбүрлейтін тетік жетеді. Енді кері оралу жоқ. Путин бұл жағынан Қазақстанды, бейнелей айтқанда, баяғыда «жұтып қойған». Бұл демократия және адам құқығы тұрғысынан алғанда, Ресейде болып жатқан оқиғаларға байланысты жағдай нашарлай түседі дегенді білдіреді, - деп мәлімдейді Сергей Дуванов.

Қазақстан қоғамы Кремль басқарып отырған ресейлік ақпарат алаңы ықпалында отыруын Сергей Дуванов Ресеймен жақындықтан төнетін тағы бір қатерге балайды. Сондықтан оның сөзінше, қазақстандықтардың көбі қаламаса да Путиннің саясаты, оның ішінде Украинаға қатысты ұстанатын саясатының жақтасы болып шыға келеді. Путинді Қазақстандағы саяси ағымды бағыттаушы деп санауға болады деп топшылайды Сергей Дуванов.

Қазақстаннан тысқары жерде тұратын әрі өзін оппозициялық саясаткер деп атайтын Ержан Досмұхамедов Facebook арқылы Азаттық тілшісіне «Путиннің жеті жылдық билігі аясында Назарбаев режимі өзін тіпті мығым сезініп қудалауды күшейтеді және барлық бағыттағы қоғамдық прогрестің дамуын тежейтін жобаларын жоспарлап, іске асырады» деп жазды.

65 жастағы Владимир Путин Ресейді 1999 жылдың соңынан бері басқарып отыр. Ол 13 жыл ел президенті, төрт жыл премьер-министр қызметін атқарды. Егер Путин 2018 жылғы сайлауда жеңсе, ол елді 2024 жылға дейін басқару мандатын алады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG