Accessibility links

Путин билігінің Орыс православие шіркеуін бағындыруы


Мәскеу мен күллі Русь патриархы Кирилл (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин

Болгария вице-премьері Валерий Симеонов Мәскеу мен күллі Русь патриархын "КГБ агенті" және "Ресейдің темекі митрополиті" деп атады. Болгария ұлттық телеарнасы эфирінде Симеонов орыс патриархы туралы: "Шіркеу қажеті үшін 14 миллиард доллардың акцизсіз темекісі мен төрт миллиард доллардың шарабын әкелген. Оның жеке меншік ұшағы да бар. Ал қолындағы сағаты 30 мың доллар тұрады. Бұл православие дінбасы емес. Бұл – агент Михайлов, советтік КГБ-ның екінші қатарлы агенті" деп мәлімдеген.

Оның бұлай деуіне Болгарияның Осман империясы езгісінен құтылғанына 140 жыл толуына орай өткен салтанатты жиында ел президенті Румен Радевтің айтқан сөзі туралы патриархтың пікірі түрткі болды. Радев сөзінде орыс армиясы құрамында Болгарияны азат етуге атсалысқан орыстар, румындар, финндер, украиндар, белорустар, поляктар, латыштар, сербтер мен черногориялық сынды көптеген халықтарға өз елі атынан алғыс білдірген. Бірақ Болгарияға сапармен барған Орыс православие шіркеуі басшысы Кирилл болгар президенті Осман империясына қарсы соғыстағы жеңісте Ресейдің атқарған рөлін жеткілікті дәрежеде атап айтпады деген пікір білдірген. Болгарлардың көпшілігіне патриархтың бұл сөзі жақпай қалған.

Мәскеу мен күллі Русь патриархы Кириллдің Болгарияға сапары кезіндегі сөзі:

Ресей дін басыларын әлгіндей қатты болмаса да, сынаудан қорықпайтын адамдар Орыс православие шіркеуінің (Русская православная церковь - РПЦ) өз ішінде де бар. Валерий Отставных шіркеуде 17 жыл қызмет атқарған. Ол Орыс православие шіркеуіне қарасты Тула епархиясының миссионерлік бөлім бастығының орынбасары, православие сарапшылары қауымдастығының мүшесі болған. Бірақ шіркеу мен мемлекеттің біріге бастауы, шіркеуді Путин әкімшілігінің идеологиялық бөліміне айналдырып жібергені көңіліне жақпаған соң жұмыстан кетуге мәжбүр болған.

Ізгілік сәулесін ОМОН шоқпары мен репрессивті заңдар күшіне сүйеніп тарата алмаймын

"Мен кез-келген өзгеше ойлауды басып-жаншитын, бюрократиялық "Шіркеу" кеңсесінен, өзін "қудалап жатыр" деп үнемі "қыңқылдай беретін", мемлекеттік органдарға "өліп-өшіп жабысқаны" соншалық, қай жерінде "Христос әулиелері" қоғамы бітіп, қай тұсында мемлекеттік зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеу аппараты басталатынын түсініп болмайтын Шіркеуден кетіп барамын. Мен ізгілік сәулесін ОМОН шоқпары мен репрессивті заңдар күшіне сүйеніп тарата алмаймын" деп жазды ол өз блогында.

Валерий Отставных Азаттықтың Орыс қызметіне қазіргі кезде Орыс православие шіркеуінде не болып жатқанын айтып берді.

Азаттық: – Шіркеуге қалай келіп едіңіз?

Валерий Отставных: – Адамдар шіркеуге үш себеппен келеді. Кейде өміріндегі дағдарысты сәттер себеп болады. Діндар отбасында өскен балалар 14-16 жасында, яғни бала кезінде шоқындырылады. Ал қарт кісілердің көбі өлім жайлы ойланып, о дүниеге кету қорқынышын жеңу үшін шіркеуге жанына демеу іздеп келеді. 1993-1994 жылдары басымнан қиын жағдай өтті. Әлгіндей дағдарысты қалай еңсеруді білмей жүргенде Кохма қаласындағы көбінесе жас жігіттерден тұратын қауымы бар шіркеудің оқыған-тоқығаны көп, прогрессивті басшысымен танысып, жақын араласып кеттім.

Бұл құдайға құлшылық етуден өзге уақытта да бір-бірімен араласып, бір-біріне шамасы келгенше қарайласып көмектесетін бауырмал, көзін шел баспаған жастардан тұратын қауым болатын. Талғамымыз да ұқсас еді, бәріміз Башлачев, Цой, Гребенщиковтің музыкасын жатсынбай тыңдайтынбыз. Ол кезде рокер болатынмын, әндердің авторы әрі орындаушысы болдым, олар менің әндерімді шын көңілдерімен тыңдайтын, тіпті Иваново қаласында концерттер өткізгенбіз. Туладан Кохмаға жиі баратынмын, әлгі адамдармен бірге тұрдым, сондықтан біртіндеп шіркеуге бет бұра бастадым. 1996 жылы 33 жасқа толған кезде Пасха мерекесі алдындағы қасиетті сенбі күні священник досым мені әлгі храмда ежелгі дәстүр бойынша шоқындырды. 1996 жылы Тула епархиясы жанындағы миссионерлердің қысқа курсына және Мәскеудегі Святотихонов дін институтының миссионерлік факультетіне оқуға түстім. Дінтанушы деген дипломым бар, конфессиялық дін саласы маманымын. Тула епархиясында әуелгіде штаттан тыс жұмыс істедім, ал кейін штатқа алды. 2013 жылы 1 сәуірде ол жерден кетерде Орыс православие шіркеуіне қарасты Тула епархиясының миссионерлік бөлімі бастығының орынбасары болғанмын.

Азаттық: – Шіркеуден өзіңіз кеттіңіз бе әлде кетуге мәжбүрледі ме?

Валерий Отставных: – Бұл жерде ортақ ымыраға келдік. "Эхо Москвы" сайтында пост жазып, есікті тарс жауып, қысқасы, қайырылмастай болып кеттім. Олар маған бірнеше жыл, әсіресе наразылардың азаматтық қозғалысына қосылып, Туладағы "Әділ сайлау үшін" комитеті мүшесіне айналғаныма да шыдап келді. Сосын менімен келісімшартты ұзартпай қойды, артық бірдеңе жазып немесе айтып жүрер деп қорықты.

Валерий Отставных (сол жақта) Мәскеудегі Құтқарушы Христос храмында баяндама жасап отыр
Валерий Отставных (сол жақта) Мәскеудегі Құтқарушы Христос храмында баяндама жасап отыр

Азаттық: – Ал дінге деген сеніміңіз қалды ма?

Валерий Отставных: – 2013 жылғы 1 сәуірден бері бір де бір діни жораға қатысқан емеспін, шіркеу, христиандық деген дүниелер маған мүлде жат болып кетті. Сондықтан нақты бір ұйыммен ғана жолым екіге айырылған жоқ, бұл жерде мәселе тереңде жатыр. Бұрынғы священник досым телефон соғып, "Христосқа деген сенімің бәрібір қалған шығар?" деп сұрады. Оған "Сенің бұл сұрағыңа "иә" немесе "жоқ" дей алмаймын" деп шынымды айттым. Қазір құндылықтарды қайта бағалау процесін басымнан өткеріп жатырмын. 17 жылымды Орыс православие шіркеуіне қызмет етуге арнағаным дұрыс болды ма осы, одан да жастық шағымды өзге бірдеңеге жұмсамадым ба деп жиі ойлаймын. Бірақ өзімді атеистпін деп атай алмаймын, қазір агностикалық кезеңде жүрген сияқтымын.

Азаттық: – Бірақ Орыс православие шіркеуінен әбден түңілдіңіз. Мұның ең басты себебі оның мемлекетпен жымдасып кетуінде ме?

17 жылымды Орыс православие шіркеуіне қызмет етуге арнағаным дұрыс болды ма осы деп жиі ойлаймын

Валерий Отставных: – Совет одағының ақырғы жылдары, Орыс православие шіркеуін Александр Мень басқарған жылдар діндарлар үшін ең жайлы заман болды. Ол кезде адамдар ғибадатханаларға емін-еркін баратын, ал шіркеулерге мемлекетпен жақындасуға тыйым салынатын. Шіркеу жақындасуға әзір болды, олардың арасында құпия сөз тасығыштар да, агенттер де болғанымен, бұған коммунистік идеология кедергі болды. Священниктер шоқынғандар тізімін КГБ-ға беріп отыратын, бірақ шіркеу үшін бұл бәрібір жайлы заман болды, өйткені ол өзіне қатысты шаруамен ғана, яғни діни істермен, құлшылық ету жораларын ұйымдастырумен, Евангелиені уағыздаумен айналысты. Кейін Русьті шоқындырудың мың жылдығын тойлауға рұқсат беріп, жұрт жаппай дінге бет бұрған заман басталды. Мен де шіркеуге сол кезде келдім. Шіркеулер уағыз таратуға, жаңа адамдарды тартуға еркіндік алды. Православие діни кітаптарын шығаруға рұқсат берді, бұрын Париж немесе Нью-Йорк баспаларынан ғана шығып жүрген орыс дінтанушыларының еңбектері жарық көрді. Бұл шіркеудің нағыз қайта өрлеу дәуірі болды. Бұған қоса, бұл патриарх Ридигердің салиқалы саясат жүргізгенінің де арқасы. Жұрттың бәрі оған әлдебір саяси мәселе турасында ойыңызды неге айтып тастамайсыз дейтін. Ал ол арақашықтықты ұстайтын. Сондықтан шіркеуде екі топ пайда болды. Бірі – демократиялық-либералдық ұстанымдағы топ. Оған бір кездері Смоленск патриархы Кириллді, Андрей Кураев әкейді, священник Георгий Митрофановты, профессор Андрей Борисович Зубов сынды көптеген адамдарды жатқызған. Ал консервативті топта протоиерей Всеволод Чаплин, протоиерей Димитрий Смирнов, мұсылмандар арасында өзінің агрессиялық уағыздарымен танылған Даниил Сысоев, православие сарапшылары қауымдастығы басшысы Кирилл Фролов болды. Патриарх Ридигер осы екі топтың тепе-теңдігін қамтамасыз ететін саясат жүргізді. Ол қайтыс болғаннан кейін Орыс православие шіркеуі басшылығына "Слово пастыря" деген еңбегімен танымал либерал, миссионер, сөзге шешен патриарх Кирилл келетін шығар деген үлкен үміт болды. Бірақ 2011 жылы "Единая Россия" партиясының съезі өтіп, Путинді президенттікке ұсынды. Іле-шала Всеволод Чаплин бұл Батыстың барлық либерал демократиялары үшін биліктің бейбіт ауысуының үлгісі деген пікір білдірді. Бәрі құрдымға кете бастағанын сол кезде түсіндім. Кейін наразылар қозғалысы басталып, Pussy Riot панк тобына қатысты және өзге де жанжалдар шықты.

Валерий Отставных Туладағы миссионерлік орталықта жастармен кездесіп отыр
Валерий Отставных Туладағы миссионерлік орталықта жастармен кездесіп отыр

Азаттық: – Өзіңіз жазғандай, Орыс православие шіркеуі біртіндеп Путин әкімшілігінің идеологиялық бөліміне айнала бастады...

Валерий Отставных: – Шынымен, шіркеу елдің саяси өміріне ықпал ете бастады, ал бұлай болмауы тиіс. Мұның бір мысалын айтып берейін. Ресей әділет министрі Коновалов екеуміз бір жоғары оқу орнында оқығанбыз. Ол Орыс православие шіркеуі мен дәстүрлі конфессиялардан өзге діни ұйымдардың бәрін сотпен тыйым салынуы тиіс секталар мен теріс ағымдар деп санайтын Александр Леонидович Дворкинде оқыған. Ақыры секта аталған діни ұйымдарға қарсы күресте шіркеу мен мемлекет бірігіп алды. Бәлкім, бұл жерде мәселе правлославие шіркеуін айналып өтіп, шағын конфессияларға құйылатын қаржыға байланысты шығар? Бізде әсіресе "мынау шетелдік секта, бізге бөтен, мына діни ұйымның Бруклинде, Нью-Йоркте орталығы бар, олар рухани құндылықтарымызды күйретеді" деген сөздер көп айтылады. Коновалов әділет министрлгі жанынан діни ұйымдардың деструктивті я деструктивті еместігін анықтауы, тыйым салу керек пе, жоқ па деп шешетін сарапшылар кеңесін құрды. Ал оған негізгі шаруасын секта, теріс ағым санайтын ұйымдармен күрес деп білетін адамдар кірген. Міне, бұл министрлік пен Орыс православие шіркеуінің жымдасуының нақты мысалы.

Азаттық: – Шіркеу мен мемлекет Украинаға қарсы агрессияда да бірлесіп әрекет етті деп ойлайтыныңызды білемін. Ал Орыс православие шіркеуі бұл жанжалдан аулақ болғысы келетін түр танытады...

Валерий Отставных: – "Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясындағы Орыс православие шіркеуінің рөлі" деген және бұған қатысы бар адамдардың аты-жөндерін атап, видео қосып интерактивті бағдарлама әзірлегім келеді. Киев Майданындағы (Тәуелсіздік алаңы) наразылық шерулерін басып-жаншу іс-әрекеттеріне Орыс православие шіркеуі Мәскеу патриархатының украиналық православие шіркеуімен бірге қатысты. Украинаның шығысынан "титушкаларды" (белсенді азаматтарды арандататын, спортшы жігіттерден құралған топтың мүшесі Титушконың фамилиясынан шыққан сөз – ред.) әкелген кезде оларды Киевтегі шіркеуге орналастырған. Орыс нөмірлері тағылған автобустардың фотосуреттері бар. "Титушкаларды" тіпті Ресейден де апарған. "Титушкалар" тамақтанып, тынығып алғанша "техникалық себептер" деген сылтаумен шіркеудің есіктерін жауып, құлшылық жораларын тоқтатып тастаған. Сосын "титушкаларды" Майданның бір тұсына апарып түсіріп, олар реформаны жақтаушылардың, Януковитің қарсыластарының бастарын жарған. Шіркеу барлау әрекеттеріне де белсенді қатысты. Мұны Стрелков-Гиркиннің өзі де айтып берген. Оның сөзінше, бұл "Дары волхвов" ("Бақсылар тартуы") деп аталған арнайы операция болған. 2013 жылы "Бақсылар тартуын" Киевке де, Қырымға да апарған. Бұл операция президент әкімшілігімен байланысы бар адам – меценат Малофеевтің қолдауымен жасалған. Оның маңайындағылардың арасында Гиркин де болған.

"Бақсылар тартуын" ертіп апарғандардың бірі ретінде Киевте Гиркин түскен фотосурет бар. Яғни ол жағдайды анықтау үшін Майданда болған. Әлгі адамдар жағдайды барлап, ресейлік әскерилерді Қырымға кіргізуге бола ма, жоқ па – соны білмекке Қырымға барған. Сосын Гиркин басқаратын диверсиялық-барлау тобы Славянскіге кіріп, бірден жергілікті шіркеуге барған (Славянскіні Украина әскері азат еткеннен кейін ол шіркеу басшысы қазір қашып жүр). Шіркеу бастығы жүздеген коллабранттарды апарып қосқанша, әлгі 50 адам түні бойы сол шіркеудің территориясында күтіп отырған, яғни жасақ шамамен 400 адамға дейін ұлғайған. Бұл Гиркин мен оның жауынгерлері асқан шеберлікпен ұйымдастырған тосқауыл болған, олар тіпті кімді өлтіргендерін де білмеген. Ал ол Украина қауіпсіздік қызметінің жоғары шенді офицері болған.

Тихон Шевкунов Кремльде Путин құдайға құлшылық жасайтын ғибадатхана ашып қойған

Кезінде желіде Константин Малофеев пен Гиркиннің арасында болған әңгіме тараған. Әлгі әңгімеде Гиркин "бүгін біз біреуді жер жастандырдық, бірақ кімді екенін білмейміз, жігіттер тамаша жұмыс істеді" дейді. Малофеев "Оның кім екенін анықтап көремін, не істегендеріңді Аксеновке міндетті түрде хабарлап айт. Аксеновпен бірлесіп әрекет етіңдер" деп тапсырады. Ал Аксенов ол кезге қарай Қырымға бақылау орнатып алған болатын. Бұған қоса, Украина қауіпсіздік қызметі қолға түсірген жазба да бар. Онда "ДХР" (өзін өзі жариялап алған "Донецк халық республикасы") басшылары мен Путинге жақын адамдардың арасында болған әңгіме жазылған. Олар Гиркиннің Путинді сынағанын сөз еткен. Ол Путинді "бізге көмектеспей қойды, адамдар жетіспейді, қару-жарақ жетпей жатыр, біз мына жақта жанталасып шайқасып жатырмыз, ал ол бізге адам да, қару-жарақ та жібермей жатыр" деп сөгеді. Кремльге жақын адам "Гиркинге айт, аузын жапсын, аңдап сөйлесін, өйткені мына жақта жақтырмай жатыр. Мұны маған Тихон Шевкунов әкей айтты" дейді. Яғни шіркеу, президент әкімшілігі, "Орыс көктемі", Малофеев, Гиркинді біріктірген топқа Сретень монастыры епископының да қатысы бар болып шығады. Оны біреулер "Путиннің духовнигі" деп атайды. Меніңше, ол патриарх пен Путиннің арасында дәнекер болып жүрген адам. Неге екенін білмеймін, бірақ ол адамның Путинге ықпалы өте күшті. Бұған қоса, Кремльде Шевкуновтың діни жоралар өткізетін құлшылық бөлмесі бар. Тихон Шевкунов Кремльде Путин құдайға құлшылық жасайтын ғибадатхана ашып қойған. Путинге Тихон Шевкуновтың ықпалы қазіргі патриарх Кириллден де мықты деп ойлаймын. Меніңше, Кирилл оның Путинге ықпалын тіпті қызғанатын сияқты.

Солдан оңға қарай: Ресей мәдениет министрі Владимир Мединский, архимандрит Тихон (Георгий Шевкунов), Ресей президенті Владимир Путин және Мәскеу мен күллі Ресей патриархы Кирилл
Солдан оңға қарай: Ресей мәдениет министрі Владимир Мединский, архимандрит Тихон (Георгий Шевкунов), Ресей президенті Владимир Путин және Мәскеу мен күллі Ресей патриархы Кирилл

Азаттық: – Шіркеу мерекелеріне қатысу үшін ғибадатханаларға барып ебедейсіз шоқынатын, шырақ ұстап, сыйынып тұрғандай түр танытатын шенеуніктерді көргенде қандай сезімде боласыз?

Валерий Отставных: – Меніңше, шенеуніктер мұны сәннен қалмас үшін істейді, өйткені қазір православ болу сәнге айналған. Ал мен шіркеуде қызмет еткен тұста бұл сәнге ене қоймаған болатын. Ол кезде "ойбай, шіркеуге губернатор келіпті, жұртпен бірге шоқынып тұр ғой" дер еді. Меніңше, Путиннің адамдары шіркеуге барып, құдайға сыйынуды түнде Путинмен бірге хоккей ойнау сияқты көреді. Олардың ішінде хоккей ойнағанды жақсы көрмейтіндер бар, бірақ олар Путиннің жанында болып, оның шайба соққанын қолпаштап, қошеметтеп, қожайынның көңілін табуы тиіс. Қожайын да риза, біз де риза дегеннің кері ғой.

Ұят деген нәрсе әр адамда бар ғой, ал Путинде неге жоқ болсын, кейде оның да ұяты оянатын шығар

Сондықтан бұл да, яғни қожайынға ұнау да – тренд. Меніңше, ол ел президенті ретінде істеген әрекеттерін, кезінде Питерде істегендерін жуып-шайғысы келетін сияқты. Меніңше, ол күпті көңіліне демеу, жұбаныш іздейтін тәрізді. Патриархтан немесе ақсақал кісіден "Владимир Владимирович, сіздің істеп жатқаныңыздың бәрі дұрыс, мұның бәрі Ресейдің игілігі үшін, алаңдамаңыз, сіз үшін құлшылық етеміз. Бірдеңені дұрыс істемедім-ау деп тіпті де күмәнданбаңыз. Сіз бәрін дұрыс істеп жатырсыз. Бәрі Құдайдың бұйрығымен істеліп жатыр, ал Құдайдың бұйрығын екі етуге болмайды. Осынша жыл президент болуыңыздың өзі құдайдың бұйрығы, сондықтан ештеңе ойламаңыз" деген жұбаныш сөз естігісі келетіндей. Меніңше, ол құдайға онша сенбейтін, бірақ православие дінін жақсы білетін адам ретінде психотерапиямен айналысады. Өзін-өзі ақтаумен айналысады. Ұят деген нәрсе әр адамда бар ғой, ал Путинде неге жоқ болсын, кейде оның да ұяты оянатын шығар. Сондықтан ол өзімен біреудің сөйлесіп, оның істерінің бәрі дұрыс деп иландырғанына шынымен зәру. Ал өзгелерінің бәрі шіркеуге трендтен, сәннен қалмау үшін барады.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Дмитрий Волчектің мақаласы орысшадан аударылды)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG