Accessibility links

Өзбекстанда түрік телесериалына тыйым салды


Телесериал көріп отырған өзбекстандық отбасы. (Көрнекі сурет)
Телесериал көріп отырған өзбекстандық отбасы. (Көрнекі сурет)

Өзбекстанда имамдардың көңіліне жақпаған түрік сериалына тыйым салу арқылы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев ислам дініне қатысты байсалды саясат ұстанатынын аңғартты дейді зерттеу. Кей сарапшылар қоғамда діндарлардың күш алып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді.

Түркияда түсірілген "Таусылмас махаббат" телесериалы – әлемнің 70-тен астам елінде көрсетіліп, көрерменнің көзайымына айналған махаббат туралы хикая. Өзбекстанда "Махаббат қасіреті" деген атпен көрсетілген бұл көркем туындыға радикал мұсылмандар қарсы шыққан. Ислам экстремизмімен күрес аясында дін мемлекеттің қауіпсіздік қызметінің қатаң бақылауында болған Өзбекстанда түрік сериалына қатысты мұндай шешім діни саясатқа түбегейлі өзгеріс енгенін дәлелдейді.

Радикал исламшылар да, байсалды мұсылман ұйымдары да үкіметке бұл сериалға тыйым салу туралы талап қойып келген еді. 1989 жылдан бері Өзбекстанды қатаң басқарып, дінге сенетін мұсылман атаулыға күдіктене қарап келген автократ басшы Ислам Каримов қайтыс болғанға дейін мұндай өзгерісті көзге елестетудің өзі қиын еді. Каримовтың қазасынан бір жарым жыл өткен соң "Таусылмас махаббат" сериалына тыйым салу арқылы президент Шавкат Мирзияев ислам дініне қатысты жаңаша саясат ұстанатынын аңғартты.

"Махаббат қасіреті" телесериалынан көрініс. Өзбекстандық Zo'r TV жекеменшік телеарнасы эфирінен скриншот
"Махаббат қасіреті" телесериалынан көрініс. Өзбекстандық Zo'r TV жекеменшік телеарнасы эфирінен скриншот

Chatham House орталығындағы Ресей-Еуразия бағдарламасының зерттеушісі Энетт Бордың айтуынша, Мирзияев "салмақты исламның беделін күшейтіп, рөлін арттыруға тырысып жатқан тұста" бұл фильмге тыйым салып отыр. Сарапшының сөзінше, өзбек өкіметі "Таусылмас махаббатты" сынап келген радикал исламшылардың алдында тізе бүккеннің орнына мемлекеттегі ресми ислам ұйымы – Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасындағы байсалды дінбасылардың көңілінен шығуға тырысқан.

МАХАББАТ ТРАГЕДИЯСЫ

"Таусылмас махаббат" – өзін бай бизнесменге күштеп ұзатуға тырыспақ болған ата-анасына қарсы шыққан қыздың тағдыры туралы телехикая. Бай жігіттің орнына ол кедей шаштараздың ұлымен көңіл жарастырады. Махаббаттың атастыру дәстүрін жеңгені туралы хикаямен телесериалда күштеп некелестіру, некеге дейінгі төсек қатынасы, зинақорлық, жоспарсыз жүктілік, қызғаныш, кісі өлтіру, бопсалау және суицид тақырыптары қозғалған.

2015 жылдан бері Стамбулда түсіріліп келе жатқан бұл сериал халықаралық "Эмми" жүлдесін алған және әлемнің 50-ге жуық тіліне (соның ішінде парсы және араб тілдеріне) аударылып, дубляждалған.

Иран, Ауғанстан, Әзербайжан, Латын Америкасы, Таяу Шығыс және Балқан аймағының Босния-Герцеговина, Косово, Албания, Македония, Сербия мен Черногория елдерінде бұл фильмнің рейтингі жоғары саналады.

"Махаббат қасіреті" телесериалынан көрініс
"Махаббат қасіреті" телесериалынан көрініс

Өзбекстанда "Махаббат қасіреті" деген атпен 2017 жылғы тамыздан көрсетіле бастаған бұл фильмге радикал мұсылмандар қарсы шыққан.Исламшылардың Azon.uz веб-сайты телесериалды эфирден алып тастауды талап етіп, ақпан айында бес мақала жариялаған. Олардың пікірінше, бұл фильмді көрген адам "көзбен күнә жасайды", ал актерлерді өзбекше сөйлетіп дубляж жасаудың өзі "харам" саналады-мыс.

Энетт Бордың айтуынша, мемлекетке қарайтын Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы да "Таусылмас махаббат" телехикаясын "Батыстың ықпалына түсіретін фильм" деп сынап келген.

Өзбекстанда шығатын "Қалампыр" газетінің 14 ақпандағы санында жазуынша, премьер-министр Абдулла Арипов бұл фильм өзбек қоғамындағы отбасының рөліне қауіп төндіретінін анықтау үшін "сериалдың мазмұнын тексеруге" тапсырма берген. Апта соңында күніне екі рет Zo'r TV жекеменшік арнасынан берілетін "Махаббат қасіретін" көрсету тоқтатылды.

"Осы себепті көрсетуді тоқтаттық. Әзірге бұдан әрі не болатынын білмейміз. Бұл – уақытша тыйым ба, әрі қарай көрсетуге рұқсат беріле ме, ол жағынан бейхабармыз. Нақты жауап жоқ", - деді Zo'r TV телеарнасының аты-жөнін атамауды өтінген қызметкері.

ПРЕЗИДЕНТ УӘДЕСІ

Президент Шавкат Мирзияев өзіне дейін мемлекетті басқарған Ислам Каримовтың репрессиялық саясатынан бас тартып, "өзбек халқына қызмет етуге" бірнеше мәрте уәде берген. 31 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік қызметінің директоры Рустам Иноятовтың қызметінен босатылуы мұсылман қауымы үшін осы өзгерістің басы іспеттес болды.

Оқи отырыңыз: Иноятовтан соң элиталық бөлімшелер министрлікке өтті

Содан бері Мирзияев қауіпсіздік қызметі агенттерін "құтырған ит" деп атап, олардың әрекеттерін 1930-жылдардағы сталиндік террормен салыстырып, күш органдарының құзыретін шектей бастаған. Каримовтың тұсында Иноятовтың репрессиялық аппараты радикал исламшылдарды басып-жаншып, діни экстремизмнің алдын алу жолында жұмыс істеген еді.

Алайда, Иноятов радикалдармен қоса қарапайым мұсылмандарды жаппай қуғындады деп айыпталды. Оның тұсында 17 мыңға жуық адам "экстремистер" тізіміне енгізілген. Иноятовтың құпия қызметіне кіретін Дін комитеті елдегі діни іс-әрекеттердің барлығына қатаң бақылау орнатқандықтан, АҚШ Мемлекеттік департаменті Өзбекстанды дін бостандығына байланысты "ерекше алаңдайтын елдер" қатарына енгізген.

Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Рустам Иноятов
Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Рустам Иноятов

Amnesty International және Human Rights Watch ұйымдары Иноятовтың агенттерін "діндарларды, журналистер мен саяси оппозиция өкілдерін және адам құқықтарын қорғаушы белсенділерді түрмеге қамап, азаптады" деп айыптап келген.

Иноятовты қызметінен босатқалы бері Мирзияев 16 мың адамды Өзбекстандағы экстремист исламшылар тізімінен шығарды. 20 ақпанда Мирзияев Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметі Дін комитетінің жұмысын тоқтатып, діни білім беру, баспа өнімдерін шығару және жиындар өткізуді оның бақылауынан алып тастады.

Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік қызметі кураторларын мешіттерден аластай ма?

Бұған қоса президент Мирзияев жақында мемлекет қарамағындағы діндарлар басқаратын Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан Исламды зерттеу жөніндегі арнайы академия ашты. Бұған қоса, елдегі ең көне діни оқу орны – Бұқарадағы медресенің мәртебесі көтеріліп, ол жоғары білім беретін оқу ордасына айналды.

"Мұндағы басты мақсат – экстремистерге қарсы тұра алатын теологтарды дайындау және исламның білімге негізделген түрін насихаттау", - деді Энетт Бор Азаттыққа берген сұхбатында.

"Елде исламға жол ашып, оның біршама салмақты түріне қарай бет түзеу бағытында көп қадам жасалып жатыр", - дейді ол.

Өзбекстан тәуелсіздік алғаннан кейін елдің алғашқы мүфтиі болған исламтанушы ғалым Шейх Мұхаммад Содиқ Мұхаммад Юсуфқа қатысты жайттар да біраз өзгерістен хабар береді.

Шейх Мұхаммад Содиқ Мұхаммад Юсуф
Шейх Мұхаммад Содиқ Мұхаммад Юсуф

Шейх Мұхаммад Содиқ 2015 жылғы ақпанда өмірден өткенде Каримовтың қол астындағы газеттер тіпті бұл туралы хабарлаған да жоқ. Ал қайтыс болғанына үш жыл толғанда дәл сол газеттер Шейх Мұхаммад Содиқты "тіпті коммунистік режим тұсында дінге адалдығын сақтаған өзбек халқының ірі тұлғасы" деп дәріптеді.

Ақпанның 9-ында Мирзияев Ташкенттегі жаңа соғылған мешітке Шейх Мұхаммад Содиқтың есімін беру және оның жетістіктері жайлы деректі фильм түсіру жөнінде жарлыққа қол қойды. Сонымен бірге, қаңтар айында Өзбекстан үкіметі Құран сүрелерін жатқа айтатын қарилардың республикалық байқауын өткізді.

ҚАУІПТІ ЖОЛ

Өзбекстанда ислам дінінің тамыры тереңге кетеді. Соған қарамастан, кейбіреулер елдегі мұсылман қауымының діни белсенділігін шектеу саясатының өзгеріп жатқанына алаңдайды.

Ташкент мешітіне Ораза айт намазына жиналған жамағат. 18 шілде 2015 жыл
Ташкент мешітіне Ораза айт намазына жиналған жамағат. 18 шілде 2015 жыл

Кей сыншылар президент Мирзияевтің бұрын-соңды либерал-демократ болмағанын, сондықтан оның "халыққа қызмет етемін" деген уәдесіне күмәнмен қарайтынын айтады. Сайып келгенде, президенттің басты мақсаты – шетелден көбірек инвестиция тарту, сол арқылы елдің экономикалық жағдайын түзеу дейді олар. Әйткенмен, көп жылдан бері қуғындалған діндарлардың құқықтарын қорғаумен айналысып келе жатқан белсенді Дилором Исхакова, Азаттыққа берген сұхбатында, мемлекеттік мекемелерде байсалды мұсылмандардың күш алып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

"Естеріңізде болса, Каримов та кезінде дінге бостандық беруден бастаған. Бірақ мұның қайда апара жатқанын көрген соң ол бәрін кері бұруға мәжбүр болды", - дейді Дилором Исхакова.

"Егер бәрі осылай жалғаса берсе, Шавкат Мирзияев те соны қайталайды. [Радикалдарға] көбірек еркіндік берілсе, олар "Таусылмас махаббат" тәрізді телесариалдарға тиісе бастайды. Одан соң олар телеарналарға, газеттерге және әйелдердің құқықтарына қол салады. Мирзияев мұны бақылай алмай қала ма деп қорқамын", - дейді құқық қорғаушы.

(Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлары бойынша әзірленген мақала ағылшыннан аударылды.)

XS
SM
MD
LG