Accessibility links

Өзбекстанның "сұр кардиналы" қызметінен алынды


Рустам Иноятов, Өзбекстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы.
Рустам Иноятов, Өзбекстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы.

Өзбекстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметін 23 жыл басқарған 73 жастағы Рустам Иноятов қызметінен алынды. Бұл туралы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев қаңтардың 31-де ҰҚК, Бас прокуратура басшыларымен өткізген селекторлық жиында айтты.

Азаттықтың Өзбек қызметіне атын атамауды сұраған, күштік құрылымда лауазымды қызметте істейтін екі дереккөзі растаған ақпарат бойынша, қаңтардың 30-ы түнде Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің (ҰҚҚ) төрағасы, генерал-полковник Рустам Иноятов отставкаға жіберілген.

Бұл туралы қаңтардың 31-і күштік құрылым басшыларымен өткен селекторлық жиында президент Шавкат Мирзияев хабарлады.

73 жастағы Рустам Иноятов Өзбекстанның арнайы қызметін 23 жылға жуық басқарған. Оның орнына осыған дейін бас прокурор қызметін атқарған Ихтиер Абдуллаев тағайындалды.

52 жастағы Ихтиер Абдуллаев 2015 жылдың 21 сәуірінен бері Өзбекстан бас прокуроры қызметін атқарған. Ал Абдуллаевтың орнына бас прокурор болып бұған дейін президенттің мемлекеттік кеңесшісі болған Отабек Муродов тағайындалды.

Өзбекстан үкіметіндегі бірнеше дереккөзі мен үкіметке жақын адамдардың Азаттыққа айтуына қарағанда, Иноятов отставкаға кету туралы президентке 25 қаңтарда өтініш білдірген.

Өзбекстан үкіметіндегі жоғары шенді шенеунік президент Шавкат Мирзияев Қашқадария облысына сапары алдында Рустам Иноятовпен төрт сағат әңгімелескенін айтады.

Рустам Иноятов экс-президент Ислам Каримов 2016 жылы қайтыс болғаннан бері қызметінен ауыстырылмаған жоғары шенді аз ғана шенеуніктің бірі болған еді. Иноятов басқарған 23 жылға жуық уақытта Ұлттық қауіпсіздік қызметі Өзбекстандағы ең жабық және құзыреті жоғары құрылым болды.

Рустам Иноятов (сол жақта). Қытайға сапары кезінде . 14 қазан 2014 жыл.
Рустам Иноятов (сол жақта). Қытайға сапары кезінде . 14 қазан 2014 жыл.

2017 жылы "Human Rights First" атты жиырма үш халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы бірлескен коалиция "Магнитский актісі" қатарына "адам құқығын бұзған және жемқорлық жасаған" деген күдікпен он бес адамның қатарында Рустам Иноятовты да енгізуді сұрап АҚШ-тың Мемлекет хатшысына сұрау жолдаған. Бұл "қара тізімге" адам құқығын бұзған, жемқорлық күдігіне іліккен әлемдегі түрлі тұлғалар енеді. Оларға халықаралық деңгейде санкциялар қарастырылған. Иноятовқа бұл ұсынымда 2005 жылғы 13-ші мамырдағы "Андижан оқиғасынан" соң түрмеде адам азаптау кінәсі тағылған еді.

Оқи отырыңыз: ҮЕҰ коалициясы АҚШ-ты Өзбекстанның қауіпсіздік қызметін жазалауға шақырды

Президен Шавкат Мирзияев 2017 жылы 22 желтоқсанда парламенттің қос палатасына арнаған жолдауында Өзбекстанның құқық қорғау және күш құрылымдарын, әсіресе арнайы қызметті сынаған еді.

Мирзияев жолдауында ҰҚҚ-ның құқықтық статусын, мемлекетті ішкі және сыртқы қауіп-қатерден қорғаудағы қызметін, міндеті мен құзыретін анықтайтын «Ұлттық қауіпсіздік қызметі туралы» заң қабылдауды ұсынған еді.

Бір жыл бұрын Өзбекстан президенті қызметіне ресми кіріскен Шавкат Мирзияев бұрынғы президент, марқұм Ислам Каримов билігі кезіндегі біршама лауазымды тұлғаларды қызметінен босатты. Тіпті кейбірінің қамалғаны туралы да ақпарат бар.

Ішкі істер министрі Адхам Ахмедбаевтың "ұсталғаны", уақытша абақтыда тергелгені туралы ақпарат бірнеше күн бұрын тараған болатын. Кейіннен оның "босатылғаны" жайлы да ақпарат шыққан. Ахмедбаев 2018 жылы қаңтардың 4-де қызметінен босатылған еді.

Оқи отырыңыз: Ташкентте бұрынғы ішкі істер министрі "ұсталды"

Ал былтыр маусым айында қаржы министрі және вице-премьер қызметін ұзақ жыл атқарған, Өзбекстанда аса ықпалды, тіпті "Каримов мұрагерлерінің бірі" саналған Рустам Азимовтың қызметі төмендетіліп, "Өзбекинвест" ұлттық сақтандыру компаниясын басқаруға жіберілген еді.

Оқи отырыңыз: Каримовтің орнына қарастырылған үш кандидат кім еді?

(Азаттықтың Өзбек қызметінің материалы негізінде әзірленді)

XS
SM
MD
LG