Accessibility links

АҚШ Ислам Каримов пен қызын "Магнитский тізіміне" қосты


Гүлнәра Каримова, Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы.

АҚШ қаржы министрлігі Өзбекстанның тұңғыш президенті, өмірден өткен Ислам Каримовті және оның үлкен қызы Гүлнәра Каримованы "Магнитский тізіміне" енгізді. Бұл тізімге адам құқықтарын бұзған және коррупцияға қатысы бар адамдар енгізіледі. Әділет министрлігі Ислам Каримов Өзбекстанды басқарып тұрған кезінде адам құқықтарын аяққа таптады, ал қызының коррупцияға қатысы бар деп біледі.

Ислам Каримов Өзбекстанды 1989 жылдан бері басқарды. Ташкент оның қайтыс болғанын 2016 эжылдың 2 қыркүйегінде хабарлады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Каримовті адам құқықтарын жаппай бұзды деп айыптайды, ал қарсыластары оны «қатыгез диктатор» болғанын айтады.

Гүлнәра Каримованың күдік тудыратын коррупциялық қитұрқы істері туралы алғаш рет 2012 жылы белгілі болған. Журналистер Өзбекстанда Ucell брендімен жұмыс істейтін скандинавиялық TeliaSonea компаниясының қитұрқы әрекеттері және оған Каримованың қатысы бар болуы мүмкін екені туралы зерттеу жүргізген. Оған Азаттықтың Өзбек редакциясының да журналистері қатысқан.

Каримованың ісі бойынша тергеу жұмыстарын АҚШ пен Еуропаның бірнеше елі 2013 жылдан бері жүргізіп келеді. Тергеу материалына сәйкес, Гүлнәра Каримова шетелдік телекоммуникациялық компаниядан Өзбекстан нарығына кіру үшін 1 миллиард доллар пара алған. Бұл ақшаның жартысы Швейцария, Біріккен Араб Әмірлігінде және Гонконг қаласыында мүлік сатып алу арқылы заңдастырылған. Ақшаның басым бөлігі – 800 миллион швейцар франкі Швейцария банкінен табылған.

Биыл шілдеде Өзбекстан бас прокуратурасы Гүлнәра Каримованың қамауға алынғанын ресми түрде хабарлаған. Өзбек бас прокуратурасының мәліметінше, Каримоваға алаяқтық, шетел валютасын жасыру, кеден заңнамасын бұзу және қылмыстық жолмен иеленген табысты заңдастыру сияқты баптар бойынша айыптар тағылған. 2015 жылы тамызда Ташкент соты Каримованы салық төлеуден жалтарды, қаржы жымқырды, бопсалады және офшор компаниясының құжаттарын жойды деп айыптап, бас еркіндігін бес жылға шектеген.

Тамыз айында Өзбекстан бас прокуратурасы Ресей билігінен Гүлнәра Каримованың мүлкін тәркілеуді сұраған. Тергеушілердің мәлімдеуінше, экс-президенттің қызы әр елде заңсыз 14 фирма және 16 офшор құрған. Сол арқылы ақшаны шетелге шығарып отырған.

Биыл қазанның соңында Азаттықтың Өзбек редакциясына Өзбекстанда Гүлнәра Каримоваға қатысты тергеу аяқталып, ісі сотқа жөнелтілгені белгілі болған. Бірақ прокуратура бұл істің мән-жайы туралы көпшілікке хабарламай отыр.

"Магнитский актісін" АҚШ Конгресі 2012 жылдың соңында қабылдаған. "Магнитский актісі" 2009 жылы Мәскеу абақтысында қаза тапқан Hermitage Capital қорының заңгері Сергей Магнитскийдің құрметіне осылай аталып кеткен. Ол Ресей бюджетінен ірі көлемде қаржы жымқыру айла-шарғысын әшкерелеген. АҚШ Конгресі қабылдап, кейін кеңейтілген заң бойынша Вашингтон "адам құқығын бұзуға және коррупцияға қатысы бар" деп білетін адамдарға экономикалық санкциялар салу және виза бермеу қарастырылған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Көшпенділер ойынына асық шабандоз қыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00
XS
SM
MD
LG