Accessibility links

Ташкентте бұрынғы ішкі істер министрі "ұсталды"


Адхам Ахмедбаев, Өзбекстанның бұрынғы ішкі істер министрі.
Адхам Ахмедбаев, Өзбекстанның бұрынғы ішкі істер министрі.

Өзбекстанның Ішкі істер министрлігін басқарған Адхам Ахмедбаевты қаңтардың 26-да Президент гвардиясының, ІІМ-нің, Бас прокуратураның қызметкерлерінен құралған арнайы топ тұтқынға алды. Қазір оны ІІМ-нің уақытша ұстау абақтысында тергеп жатыр.

Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметіне Өзбекстан ІІМ-нің лауазымды қызметкері және экс-министрді ұстаған арнайы топ мүшесі айтты.

Азаттықтың Өзбек қызметіне оқиға куәгерінің хабарлауынша, 52 жастағы экс-министр Өзбекстанның бас прокурорының тікелей бұйрығымен ұсталған. "Ахмедбаевты Ташкенттегі Бесағаш ауданындағы пәтерінен қолына кісен салып алып шығып, абақтыға жеткізді" дейді ол.

- Оны "жертөлеге" (уақытша ұстау абақтысының - ред.) бас прокурор мен ішкі істер министрінің бұйрығы бойынша қамады, - дейді аты-жөнін айтпауды сұраған полиция саласының лауазымды өкілі.

Дерек көзі Адхам Ахметбаевқа қаңтардың 29-ында ресми айып тағылатыны туралы да айтқан.

Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшілері Өзбекстан Бас прокуратурасының қызметкерінен қазір Ахмедбаевты бас прокуратура өкілдері тергеп жатқанын білді. Бұл дереккөздің айтуынша, тергеушілер экс-министрді қамауда уақытша қалдыру мәселесіне арнап сотқа құжат дайындап жатыр.

"САТҚЫН"

Былтыр желтоқсанның 22-сінде Өзбекстан парламентінің қос палатасының бірлескен отырысында президент Шавкат Мирзияев Адхам Ахмедбаевты "сатқындық жасады" деп айыптаған.

Ол кезде Мирзияев Ахмедбаевты "сатқындығы себепті" 2014 жылы тамызда марқұм президент Ислам Каримов берген генерал-лейтенант шенінен айырғанын айтқан.

"Ахмедбаевтың генералдығын алып тастадым. Сатқындығы үшін, қиянатшылдығы үшін. Өзбекстанның ішкі істер министрі бола тұрып, бір топқа қосылғаны үшін. Екі генаралдың погонын жұлып тастадым. Генерал-лейтенант дейді соларды да" деген еді Мирзияев.

ВИДЕО: Мирзияев: "Мен бәрінен хабардармын"

Мирзияев: Мен бәрінен хабардармын
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:57 0:00

Адхам Ахмедбаев Өзбекстан ІІМ саласын 2013 жылдың желтоқсанынан 2017 жылдың қаңтары аралығында басқарған.

Ол 2017 жылы қаңтардың төртінде - Шавкат Мирзияев президенттікке сайланғанына тура бір ай толғанда министр қызметінен алынған еді. Министрліктен соң ол президенттің құқық қорғау саласы бойынша мемлекеттік кеңесшісі лауазымына тағайындалған.

Бұдан үш ай өткеннен кейін Ахмедбаев кеңесшіліктен шығарылып, ІІМ Академиясына қарапайым оқытушы етіп жіберілді.

Былтыр желтоқсанның 26-сында Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшілеріне өзін "ІІМ Академиясы ректорының көмекшісімен" деп таныстырған адам Ахмедбаевтың зейнетке жіберілгенін хабарлаған.

- Президенттің мемлекеттік кеңесшісі қызметінен алынғаннан кейін ол біздің Академияға оқытушы етіп жіберілді. Бұл жақтан ол зейнетке шықты. Мен осыны ғана айта аламын, - деді Өзбекстан ІІМ Академиясының өкілі Азаттықтың Өзбек қызметіне.

Ахмедбаевпен жақын достық қатынаста болған мемлекеттік қызметкерлердің бірі былтыр желтоқсанның соңында өз аты-жөнін атамауды өтініп, экс-министрдің қазір генералдық шеннен айырылғанын, әрі жария етілмеген үйқамақта отырғанын айтқан.

Ресми ақпарат бойынша, Адхам Ахмедбаев қызметтік жолын 1984 жылы учаскелік инспектор болып бастаған. 1990 - 2000 жылдар аралығында Ташкент облыстық ішкі істер басқармасында, 2000 - 2004 жылдар аралығында Ташкент қаласы ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары лауазымында істеген. 2004 - 2006 жылдары Өзбекстан президенті аппаратының қызметкері болған.

Азаттықтың Өзбек қызметінің материалы негізінде әзірленді.

XS
SM
MD
LG