Accessibility links

Түрмеден шығып, Каримовтің моласына бару салты


Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың зиратына келген адамдар. Самарқан, қараша, 2016 жыл.

Өзбекстан билігі Ислам Каримов ел басқарып тұрғанда тұтқындалып, жуырда ғана түрмеден босап шыққан адамдардың тұңғыш президент бейітіне "зиярат етіп" баруын ұйымдастырды.

Өзбекстанда билік орындары Ислам Каримов мемлекетті басқарып тұрған кезде түрмеге қамалып, жуырда ғана бостандыққа шыққан адамдарды көне Жібек жолы бойындағы Самарқан қаласына "зиярат етуге" ұйымдастырып алып барады. Бұрынғы тұтқындар Самарқандағы әл-Бухари мемориалдық кешеніне, Әмір Темірдің мазарына, Ұлықбек обсерваториясына және ...елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтың бейітіне баруы керек.

Ислам Каримов билікте болған кезде тыйым салынған діни ұйымдарға қатысқан деген айыппен сотталып, түрмеге қамалған бұл адамдар тұңғыш президент қайтыс болған 2016 жылға дейін қамауда отырған.

Бұл "зиярат ету" шарасын Ташкент облыстық әкімшілігі ұйымдастырған.

Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы баспасөз қызметі "бұрын діни қылмыс жасап сотталғаны үшін опық жеп, тәубеге келгендер Самарқанға екі күндік сапармен" жіберілетіні туралы хабарлады.

Ақпаратта олардың барлығы Өзбекстан Конституциясының қабылданғанына 25 жыл толуына байланысты ел президенті Шавкат Мирзияев жариялаған рақымшылық бойынша түрмеден босап шыққан адамдар екендігі айтылған.

Самарқандағы Ислам Каримовтың мемориалдық кешені маңында жүрген адамдар.
Самарқандағы Ислам Каримовтың мемориалдық кешені маңында жүрген адамдар.

Өзбекстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бері алғаш рет былтыр жаппай рақымшылық жариялаған. Былтыр желтоқсанда елдегі түрмелерден 2700 адам бостандыққа шыққан.

Хабарларға қарағанда, Ташкент облысының әкімшілігі түрмеден босағандардың бір бөлігін арнайы автобус бөліп, желтоқсанның 28-і күні Ташкенттен Самарқанға апарған.

Бұл сапар "адасқандарды қайта тәрбиелеу мен оңалту" шарасының бір бөлігі саналса да, сотталғандарды Каримовтың басына апарып, құран бағыштату біртүрлі оғаштау көрінеді.

Ислам Каримов билікте болған кезде тыйым салынған діни топқа қатысқан деген күдікпен тұтқындалғандар міндетті түрде айыпты деп танылып, ұзақ мерзімге сотталатын. Кейде кінәсін мойындату үшін оларды азаптап, қинағаны туралы мәліметтер де болған. Олардың көпшілігі Өзбекстан солтүстік-батысындағы шөлді аймақта орналасқан, "Азап ордасы" деп аталып кеткен атышулы Жаслық түрмесі тәрізді тұтқындарға қатал қарайтын қамау орындарына жазасын өтеуге жіберілген.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шарада билеп жүр. Суретте оң жақ шетте тұрған – премьер-министр Шавкат Мирзияев. Ташкент, 31 тамыз 2007 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шарада билеп жүр. Суретте оң жақ шетте тұрған – премьер-министр Шавкат Мирзияев. Ташкент, 31 тамыз 2007 жыл.

Сонда, өзінің түрмеге қамалып, азап шегуіне негізгі кінәлі адамның басына барған кезде бұрынғы тұтқындар қандай ой түюі керек?

Олардың өмірі күл-талқан болып, кейбірінің шаңырағы шайқалды. Кейбірінің жақын-жуығы мен дос-жараны қудалаудан қорқып, Өзбекстаннан басқа елге бассауғалап қашқан болуы мүмкін.

Каримов режимінің исламшыл экстремистерді қатаң жазалаумен аты шықты. Өзбекстан билігі нағыз радикалдарды да қолға түсіргені шүбәсіз. Бірақ экстремистерді ұстау мақсатында жиі ұйымдастырылған арнайы операциялар кезінде қарапайым мұсылмандар да ұсталып, қуғын көрген болуы мүмкін деуге негіз бар. Каримовтың билігі кезінде жаппай өріс алған ішкі саяси атмосфера мен биліктің ішкі қауіпсіздікке ерекше мән беруі әлгіндей шектен шығу әрекеттеріне көз жұма қарайтын.

Сонымен, қазіргі билік түрмеден жаңа босап шыққандарға не айтқысы келді?

"Бұл заман қайта оралуы мүмкін" деген ескерту ме? Әлде "мұның бәрі келмеске кетті" деген емеурін бе? Немесе оларға "Каримов қатыгез адам болған шығар, бірақ қазір билікке келген Мирзияев барлығыңа рақымшылық жасап, бостандыққа шығарды" деген ойды жеткізбек болды ма? Бәлкім, Каримовтың бейітіне баратындар саны азайып кеткен соң, әлдекімдер осылайша адам санын көбейткісі келді ме?

Каримовтың бейітіне "тәу ету" (2016 жылғы қазан) туралы видео:

Каримовтің бейітіне тәу ету
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:45 0:00

Қалай болғанда да, жуырда ғана түрмеден босағандарды өздерін түрмеге қамаған адамның басына баруға мәжбүрлеу оғаш іс болып көрінеді.

(Ескерту: Блог авторының көзқарасы редакцияның ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG