Accessibility links

Әндіжандық босқындар 12 жыл бұрынғы оқиғаны айтуды қаламайды


Чехияда тұратын әндіжандық босқындар, 2006 жылғы мамыр.
Чехияда тұратын әндіжандық босқындар, 2006 жылғы мамыр.

Өзбекстанның Әндіжан қаласының 2005 жылғы мамырдың 13-і күні болған оқиғадан кейін шетелден саяси баспана тапқан кей тұрғындары 12 жыл бұрын болған қырғынды еске түсіруді қаламайды.

Әндіжан қаласынан әлемнің әр тарабына шашырап кеткендер көп. 2005 жылғы мамырдың 13-і күнгі оқиғадан кейін оларға АҚШ, Австралия, Канада, Швеция, Германия, Чехия, Швейцария, Нидерланд және Бельгия тәрізді елдер саяси баспана берді. Қазір осы елдерде тұрып жатқан олар негізінен сауда-саттықпен айналысып, наубайшы, аспаз, ағаш ұстасы, құрылысшы, қолөнерші, фермер, шаштараз немесе көлік жүргізуші болып жұмыс істейді. Олар Өзбекстанның Әндіжан қаласында осыдан тура 12 жыл бұрын болған қырғынды еске түсіргілері келмейді. Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик радиосы) тілшісімен әңгімелескен Еуропа елдерінің бірінде тұратын әндіжандық босқын:

- Қазіргі бейбіт өмірді ойлайық. Болар іс болып, бояуы сіңіп кетті ғой. Енді бізге бейбітшілік пен тыныштық керек, - дейді.

Әндіжан оқиғасынан кейін 500-дей адам Қырғызстанға қашқан болатын. БҰҰ көмегімен оларды әуелі Румынияға, кейін Еуропа, Австралия мен АҚШ-қа жіберген.

Швеция паналатқан 39 жастағы Шамсиддин Атаматов – 2004 жылдың жазында сотталып, 2005 жылғы мамырдың 13-іне қараған түні Әндіжан түрмесіне жасалған қарулы шабуыл кезінде қамаудан босатылған 23 кәсіпкердің бірі.

Алты жыл бұрын Германияның Дюссельдорф қаласында «Әндіжан – Әділдік пен Жаңару» ұйымын құрған босқындар Азаттық тілшісіне Өзбекстан түрмелерінде әлі отырған пікірлес серіктері мен жақындарын құтқару үшін ресми Ташкентпен мәміле жасасқандарын айтқан болатын.

Швецияда тұратын 39 жастағы әндіжандық босқын Шамсиддин Атаматов.
Швецияда тұратын 39 жастағы әндіжандық босқын Шамсиддин Атаматов.

Шамсиддин Атаматовтың Азаттыққа айтуынша, әндіжандық босқындар мен Өзбекстанның тұңғыш президенті марқұм Ислам Каримовтің арасында 2005 жылғы мамырдың 13-інде болған оқиғаларға қатысты үнсіздік сақтау жайлы келісім болған. Оның айтуынша, әлгі келісімге сәйкес, әндіжандық босқындардың түрмеде отырған пікірлес серіктері президент сайлауынан кейін еркіндікке шығуы тиіс болған.

Бірақ Өзбекстан үкіметі берген уәдесінде тұрмады, керісінше, түрме әкімшіліктері президент сайлауынан кейін бостандыққа шығуы тиіс болған әндіжандықтардың мәйіттерін бере бастады дейді Атаматов. Азаттықтың Өзбек қызметі тілшілерімен бұған дейін әңгімелескен әндіжандық босқын Шамсиддин Атаматов бір сөзінде:

- Үкіметпен арамызда келісім болған. Түрмеде отырған жігіттеріміз Өзбекстанда кепіл тұтқын болып қалды. Елде 1000 адамымыз қалды. Олар бізге бөтен адамдар емес, біздің пікірлес серіктеріміз. Бізге «Президент сайлауына дейін оларды түрмеде ұстаймыз, ал сайлаудан кейін оларға босаңдық басталады» деп уәде еткен. Ойдан құрастырылып, тағылған айыптарының ауырлық дәрежесіне қарай оларды түрмеден кезең-кезеңмен босатуға уәде еткен еді. Румынияда жүрген кезімізде Өзбекстан үкіметі бізге оларды ату жазасына кеспейміз деп уәде берген, ал біз Батыс елдері БАҚ-тарымен сөйлесуді тоқтатуға тиіс болғанбыз. Сондықтан шетелдік журналистерге сұхбат беруді доғарғанбыз. Әлгі мәміледе көбірек кепілдік болу үшін олар бізге тіпті Өзбекстанға оралуды ұсынған, - деген еді.

«Акрамия» діни ұйымына мүше болған деп айыпталған босқындар мен Өзбекстан билігі арасында жария емес мәміле жасалғаннан кейін - 2006 жылдың жазында 60 шақты әндіжандық босқын Батыс елдерінен туған еліне қайтып оралған.

Өзбекстанға қайта оралған босқындарды полиция аңдып, телефонмен сөйлескен әңгімелерін тыңдап, олар күн сайын милиция бөлімшелеріне барып есеп беріп тұрған.

Австралиядан Өзбекстанға оралған соң 10 жылға сотталған босқын Дилором Абдукадырова.
Австралиядан Өзбекстанға оралған соң 10 жылға сотталған босқын Дилором Абдукадырова.

Әндіжандық босқындардың бірі Дилором Абдукадырова Австралиядан Өзбекстанға оралғаннан кейін 2010 жылдың қаңтарында 10 жылға сотталған. Оған "Өзбекстанның конституциялық құрылысына қастандық жасады" деген айып таққан. Әндіжандық босқындардың бірі Азаттыққа:

- Өзбекстан үкіметі Әндіжандағы қанды қырғынға куә болған адамдардың көзін жою мақсатын көздеді. Олар босқындарды елге оралуға сол себепті шақырған, - дейді.

Әндіжаннан шетелге қашқан босқындардың көпшілігі АҚШ-тың Айдахо және Аризона тәрізді штаттарынан пана тапқан. Бұған дейін әндіжандық бір босқын: «Енді олардың талаптарына келіспеймін. Өйткені 2005 жылғы мамырдың 13-інде болған оқиғалардың соңғы нүктесі әлі қойылған жоқ. Енді біз бұл жолдан таймаймыз» деген еді.

Әндіжанның орталық алаңында үкімет әскері мен шерушілер арасында болған қақтығыс құрбандарының мәйіттері. Өзбекстан, 14 мамыр 2005 жыл.
Әндіжанның орталық алаңында үкімет әскері мен шерушілер арасында болған қақтығыс құрбандарының мәйіттері. Өзбекстан, 14 мамыр 2005 жыл.

«Әндіжан – Әділдік және Жаңғыру» ұйымы құрылғаннан кейін екі жылдан соң қызметін тоқтатты. 2011 жылы ұйым марқұм Ислам Каримовтің негізгі қарсыласы болған, қазір Түркияда тұратын саясаткер Мухаммад Салих жетекшілік ететін оппозициялық «Өзбекстанның халық қозғалысы» құрамынан шығатынын жариялаған.

Ертеректе «Әндіжан оқиғасына тәуелсіз халықаралық тексеру жүргізілсе түсінік беруге әзірміз» деп мәлімдеген «Әндіжан – Әділдік және Жаңғыру» ұйымы мүшелерінің көбі енді ол оқиға жайлы тіс жармауды жөн көреді. Ол түгілі, әндіжандық босқындардың көбі журналистердің 12 жыл бұрынғы оқиғалар жайлы хабар таратуына қарсы.

Мамырдың 11-і күні Азаттықтың Өзбек қызметі эфирінде Әндіжан оқиғасына қатысы бар деген айыппен 20 жылға сотталған Кобилжон Парпиевтің ұлы Жангирхан жұртты тәуелсіз Өзбекстан тарихына «Әндіжан қырғыны» деген атпен енген қанды оқиғаларды ұмытуға шақырды. Ол Әндіжан оқиғаларын жұрт есіне салатын құқық қорғаушылар мен журналистерді «қажетсіз шаруамен» айналысады деп айыптады.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласын орыс тілінен аударған Айжан Оралғазина.

XS
SM
MD
LG