Accessibility links

Мухаммад Салихтың «жиһадқа» үндеуі белсенділерді наразы етті


«Өзбекстанның халық қозғалысы» төрағасы Мұхаммад Салих (оң жақта).
«Өзбекстанның халық қозғалысы» төрағасы Мұхаммад Салих (оң жақта).

Оппозициялық «Өзбекстанның халық қозғалысы» жуырда таратқан мәлімдемесінде елдің премьер-министрі Шавкат Мирзияевты «мемлекеттік төңкеріс жасады» деп айыптаған. Ұйым басшылары бұл жайт «оның билігіне қарсы күресте ең радикалды тәсілдерге жүгінуді заңды етеді» деп санайды.

«Өзбекстанның халық қозғалысы» төрағасы Мұхаммад Салих әлгі мәлімдемеге іле-шала бірнеше мәрте «жиһад» сөзін қолданған мақаласын жариялады.

Өзбекстаннан тысқары жерлердегі бірқатар ұйымдар мен тұлғалар «Өзбекстанның халық қозғалысы» мәлімдемесі мен оның басшысының мақаласына қатысты наразылық білдірді. Азаматтық белсенділер радикалды күрес тәсілдерінің ешқайсысын қолдамайтынын және жиһад жариялауға қарсы екенін мәлімдейді.

«Өзбекстанның халық қозғалысы» мәлімдемесіне наразы белсенділердің ішінде Өзбекстандағы «Эзгулик» адам құқығы қоғамы жетекшісі Василя Иноятова да бар.

Құқық қорғаушы Васила Иноятова (оң жақта) 20 жыл түрмеде отырып шыққан саяси тұтқын Мурод Жораевпен бірге. Ташкент, 12 қараша 2015 жыл.
Құқық қорғаушы Васила Иноятова (оң жақта) 20 жыл түрмеде отырып шыққан саяси тұтқын Мурод Жораевпен бірге. Ташкент, 12 қараша 2015 жыл.

Мухаммад Салихтың «Сәл жаман болудың уақыты жетті» («Настало время быть немного плохими») деген тақырыппен шыққан мақаласына пікір білдірген Иноятова ««Өзбекстанның халық қозғалысы» сияқты топтардың кез-келген радикалды әрекеттерін» айыптап, Салих тұратын Түркия билігін «оппозициялық қозғалыстың қызметін тексеріп, баға беруге» шақырған. Бұған қоса Василя Иноятова «Өзбекстанның демократиялық күштерін қырағы болуға, ал азаматтық қоғам өкілдерін күмән тудыратын мұндай әрекеттерге қатыспауға» шақырған.

Өзбекстанда құрылған, бірақ қазір Францияда жұмыс істеп жатқан «Жалынды жүректер клубы» халықаралық құқық қорғау ұйымы да осы іспетті мәлімдеме таратты.

Құқық қорғау ұйымы жетекшісі Мутабар Таджибаева мен өзбекстандық өзге саяси белсенділер «Өзбекстанның халық қозғалысы» мәлімдемесінде келтірілген мұндай ой мүлде зиянды, сондықтан оны үзілді-кесілді қабылдауға болмайды деп санайды.

Құқық қорғаушы Мутабар Таджибаева.
Құқық қорғаушы Мутабар Таджибаева.

«Шавкат Мирзияевтың констиуцияны елемей президенттің орнын иемденіп алғаны және оның елдегі зұлымдықты күшейтуі оппозицияның оның билігіне қарсы ең радикалды күрес тәсілдеріне жүгінуін заңды етті. Енді осы оқиғалардан кейін іле-шала басталуы мүмкін сүргіннің жауапкершілігі конституцияны белден басып, төңкеріс жасау арқылы билікке келген заңсыз үкіметке жүктеледі» делінген «Өзбекстанның халық қозғалысы» мәлімдемесінде.

«Өзбекстанның халық қозғалысы» төрағасы Мухаммад Салих Өзбекстанның өзінде және одан тыс жерлердегі белсенділердің наразылығын тудырған мәлімдеменің дәл осы бөлігіне қатысты Азаттықтың Өзбек қызметі сұрақтарына жауап берді.

Азаттық: – Сіздің мәлімдемеңіздегі «радикалды тәсілдер» деген сөздер нені білдіреді?

Мухаммад Салих: – Радикалды тәсілдер деген сөздің мағынасын жұрттың бәрі біледі. Мысалы, халық билікке қарсы көтерілді деген ұғым бар. Халық көтерілісі бар. Азаматтар жұмысын тастап, бағынбайтын кез болады. Мұның бәрі радикалды тәсілдер деген ұғымға кіреді. Егер үкімет мұндай көтерілісті Әндіжан оқиғалары (2005 жылғы мамырдың 13-інде Әндіжанда болған қанды қырғынды айтады – ред.) кезіндегі сияқты қарудың күшімен басуды ұйғарса, халық та зұлымдарға қарсы қарулануы мүмкін. Радикалды тәсілдер дегеніміз – осы.

Азаттық: – Сіз мұндай радикалды тәсілдердің Өзбекстанда пайда бола бастағанының әлдебір белгілерін байқадыңыз ба әлде «Өзбекстанның халық қозғалысы» оларды өзі ұйымдастыруды жоспарлап отыр ма?

Мухаммад Салих: – Жоқ. Сұрақты бұлай қоймаңыз. Мұндай жоспарымыз жоқ. Тіпті болған күннің өзінде оны күн ілгері жариялаймыз. Бірақ қазір бізде мұндай жоспар жоқ.

Азаттық: – Егер «Өзбекстанның халық қозғалысының» мұндай жоспарларыы жоқ болса, бұл ой қайдан келді? Әлде сіз мұндай радикалды қадамдарға халықтың өзі баратынын білдіретін белгілерді байқадыңыз ба?

Мухаммад Салих: – Жоқ, мынадай белгілер бар. Жаңа үкіметтен әлдебір үміт күткен бір топ адам әрекет ете бастады. Бірақ Ферғана алқабы, Сурхандария, Қашқадария облыстары сияқты жерлерде оларға қысым тіпті күшейді. Жұрттың үйлерін тінте бастады. Үкімет жіберген қарақшылар белсенді әрекеттерге көшті. Каримовтің қазасы қарсаңында сәл бәсеңдеген қысым қайта күшейді. Каримов жүргізген репрессиялық саясат, мемлекеттік террор шарықтау шегіне жетеді. Біз мәлімдемемізде бұлай бола берсе, келешекте жағдайдың қалай өрбитініне ешкім кепілдік бере алмайды деген ойды жеткізгіміз келді.

«Өзбекстанның халық қозғалысы» төрағасы Мұхаммад Салих.
«Өзбекстанның халық қозғалысы» төрағасы Мұхаммад Салих.

«Өзбекстанның халық қозғалысы» мәлімдемесі жарияланғаннан кейін қозғалыс сайтында «жиһад» сөзі бірнеше рет қолданылған «Сәл жаман болатын уақыт жетті» деген тақырыппен мақала шықты.

Саяси эмигрант, АҚШ-та тұратын өзбекстандық журналист Джахангир Мухаммад әлгі мақала жайлы Азаттыққа комментарий берді.

– Олар мәлімдемесінде жиһадтың не екенін, мұсылмандар жиһадтан алшақтап кеткенін, өзбекстандықтардың басына түскен ауыртпалықтың бәрі жиһадтың жоқтығынан деп түсіндірген, – дейді ол.

Джахангир Мухаммад өзге белсенділермен бірге әлеуметтік желілерде, мысалы «Туген» интернет-радиосы эфирінде «Өзбекстанның халық қозғалысы» мәлімдемесі мен Мухаммад Салихтың мақаласын талқылаған.

– Мен саяси күрес мұндай болмауы тиіс деп ескерттім. Егер олар тоқтаса, бұдан олар ғана емес, Өзбекстан халқы да ұтады дедім. Менің сөздерім әсер еткенін байқадым. Мухаммад Салих «Біз жиһадқа шақырмаймыз» деп бірден мәлімдеме жасады, – дейді эмиграцияда жүрген журналист.

«Сәл жаман болатын уақыт жетті» деген мақаласы жарияланғаннан кейін Мухаммад Салих өзін сынағандарды тілді білмейді деп айыптап, «Пәлеқорларға» деген тағы бір мақала жариялаған. «Егер мен «өз құқығымыз үшін жиһад жасамаймыз» деген сөздерімнің орнына «өз құқығымыз үшін күреспейміз» деп жазсам, әлгі пәлеқор интригандар түсінер еді. Сауатсыздығы соншалық, олар «жиһад» сөзі «мужохад» (күрес) сөзінің туындысы» екенін білмейді» деп жазған Мухаммад Салих екінші мақаласында.

«Өзбекстанның халық қозғалысы» мәлімдемесі мен Мухаммад Салихтің мақаласына қатысты наразылығын тағы бір белсенді – қазір АҚШ-та тұратын өзбекстандық мигрант Миррахмет Муминов те жариялады. Биыл жазда ол өз дереккөздеріне сілтеме жасап, Мухаммад Салихтың діни-экстремистік топтармен байланысы бар деп жазған. Азаттықпен сөйлескен Муминов мұндай ақпаратты жазуға негіздері болғанын айтқанымен, егжей-тегжейін айтқысы келмеді.

Азаттық «экстремистік топтармен байланысы бар» деген мәлімдемені мүлде жоққа шығарған Мухаммад Салихтан комментарий сұрады.

–​ Мұның бәрі – жала, одан өзге ештеңе емес. Кемі бір дәлел келтірсін, олармен содан кейін сөйлесемін, – деді оппозиционер Азаттыққа.

«Өзбекстанның халық қозғалысы» мәлімдемесі мен Мухаммад Салихтың мақаласын қазір Францияда тұратын өзбекстандық саясаттанушы Камолиддин Раббимов та сынайды.

Оппозицияның 99 пайызының мақсаты – Өзбекстандағы авторитарлы режимді өзгерту.

–​ Оппозиция көздеген мақсат, міндеттеріне қарай екі топқа бөлінеді. Оппозицияның көп бөлігінің – 99 пайызының мақсаты – Өзбекстандағы авторитарлы режимді өзгерту. Яғни биліктің халықты басып-жаншуын, оған қарсы күш қолдануды, мәжбүрлеу механизмдерін азайтуды көздейді. Халықты мүмкіндігінше көтермелеп, жағдайды түсіндіру арқылы бақылауда ұстасын деген талапты оппозицияның көп бөлігі ұстанады. Ал оппозицияның аздаған бөлігіне, яғни екі-үш адамға мұндай өзгерістер керек емес, олардың мақсаты –кез-келген жолмен билікке келу. Олар Өзбекстанда оң өзгерістер болғанын қаламайды. Ұзақ бақылаулардан кейін осындай ойға келдім, – дейді Камолиддин Раббимов.

Раббимов нақты адамдарды атамады, бірақ ол Мухаммад Салихты меңзесе, «Өзбекстанның халық қозғалысы» жетекшісі мақаласында мұндай айыптауларға «... біз саяси қозғалыспыз, ал саяси қозғалыстардың бәрі (егер қуыршақ партиялар болмаса) билікке келу үшін жұмыс істейді» деп жауап қайтарған.

Жуырда «Өзбекстанның халық қозғалысының» баспасөз қызметі партия құрылтайын өткізу күні ауысқанын хабарлаған.

«Түркияда әскери төңкеріс жасау әрекетінен кейін биыл шілденің 15-інде енгізілген төтенше жағдай режимі әлі күшінде. Құрылтайға қатысу үшін Түркияға 150-ден астам адам жиналды. Өзбекстаннан төрт белсендінің біреуі ғана келді. Қалғандарын әуежайда ұстап қалғаны хабарланды. Құрылтайға қатысу үшін Түркияға Қырғызстанның экс-омбудсмені Турсунбек акун, ресейлік журналист әрі шолушы Орхан Джемал, «Түркістан бірлік қоғамы» төрағасы Бурхан Кавунчи келді» деп жазылған «Өзбекстанның халық қозғалысы» сайтында.

«Өзбекстан халық қозғалысы» 2011 жылғы мамырда құрылған. Кейінірек оның құрылтайшысы саналатын кей ұйымдар мен тұлғалар қозғалыс құрамынан шығып кеткен еді.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG