Accessibility links

Ресейлік миллиардер Әлішер Усманов Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзияевке елді сыртқы әлемге ашуға «көмектесіп жатқанын» және Өзбекстанға «шамасы келгенше ақша құятынын» мәлімдеді. Сарапшылар әңгіме Өзбекстан билігі мен ресейлік олигархтың «имидждік жобасы» туралы болуы мүмкін деп топшылайды.

Металлургия саласында активтері әрі британдық «Арсенал» футбол клубында үлесі бар ресейлік миллиардер Әлішер Усманов Reuters агенттігіне берген сұхбатында Өзбекстан билігімен ынтымақтастығы жайлы алғаш рет жария түрде айтқан. Усманов Reuters агенттігіне телефон арқылы берген сұхбатында:

- Барынша көмектесуге әзірмін әрі қазірдің өзінде көмектесіп жатырмын. Менің қазіргі рөлім – ақыл-кеңес беру, консалтинг қызметін көрсету және қайырымдылық жобалармен көмектесу, - дейді.

«Сонда Өзбекстанға қанша ақша құюға әзірсіз?» деген сұраққа Усманов «Шамам келгенше» деп жауап берді.

Бизнесмен қанша инвестиция құятынын айтқан жоқ, бірақ Ресейде орналасқан, акцияларының 49 пайызы өзіне тиесілі USM компаниясы мен Өзбекстандағы металлургиялық кәсіпорындар арасында байланыс нығайғанын айтты. Усманов әлгі байланыстың қазіргі жай-күйіне қатысты егжей-тегжейлі айтпады.

64 жастағы Усманов – Ресейдің бай бизнесмендері тізімінде бесінші болып тұр. Forbes журналы оның байлығын 15,2 миллиард доллар деп бағалайды, бұл Өзбекстанның жалпы ішкі өнімінің шамамен бестен бір бөлігіне тең. Усманов әлгі сұхбатында:

- Бұрын Өзбекстанға ақша салуға жұрттың бәрі қорқатын, өйткені кірісті репатриациялау тетігі мүлде болған жоқ. Қазір заң тұрғысынан алғанда, бұл проблема бүтіндей шешілді, енді техникалық ресімдеу жағы ғана қалды. Бұл Өзбекстан үшін, әрине, орасан зор әрі серпінді реформа болады, - деп мәлімдеді.

Кейінгі кезде Усмановтың жаңа президентпен жақын араластығының белгілері байқалып жүр. Қыркүйекте Шавкат Мирзияев Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясына бару үшін Усмановтың жеке меншік ұшағын пайдаланған. Өзбекстанның Uzbekistan Airways ұлттық әуе компаниясы «ұшақты нарық бағасымен президент үшін жалға алдық» деп хабарлаған.

УСМАНОВ – «АҚЫЛШЫ»

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен ресейлік олигарх Әлішер Усманов.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен ресейлік олигарх Әлішер Усманов.

Ислам Каримовтің тұсында Өзбекстанда ірі жеке меншік бизнес құрылымдары мемлекеттік жүйе өкілдерінің қолында болды. Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтбаевтың пікірінше, жаңа президент Шавкат Мирзияев енді «өз олигархтарының командасын жинайтын болады». Марқұм президент Каримовтің қыздары сияқты мықты ойыншыларды биліктен шеттету жаңа билік пен шетелдік олигархияның ынтымақтасуына түрткі болды. Бірақ сарапшы пікірінше, Мирзияевтің «өзбек олигархатын құруға» қатысты әрекеттері болашақта үлкен саяси тартысқа ұласуы мүмкін.

Қазақстандағы сияқты, яғни билікпен қоян-қолтық араласуының арқасында мол қаржы тауып отырған олигархтар Өзбекстанда да пайда болуы мүмкін.

- Енді әлдебір қуыс пайда болды. Әлгі қуысты Әлішер Усманов қана емес, Еуразия тобына [минералды ресурстарды өндіру мен қайта өңдеу саласындағы әлемдік компаниялардың бірі] кіретін әрі ұлты өзбек Патох Шодиев те [қазақстандық миллиардер] «толтыратын» болады. Қазір Өзбекстан экономикасына ол да инвестиция құйып жатыр. Шавкат Мирзияев өз олигархтарының командасын құратын болады. Қазақстандағы сияқты, яғни билікпен қоян-қолтық араласуының арқасында мол қаржы тауып отырған олигархтар Өзбекстанда да пайда болуы мүмкін. Олар әуелі қазіргі билікті қолдайтын, ал болашақта оған тіпті саяси қатер төндіретін үлкен қаржылық-экономикалық күшке айналады, - дейді қазақстандық саясаттанушы.

Бірақ сарапшы ресейлік миллиардер Әлішер Усманов таяу арада Ақсарайдың «ақылшысына» айналуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Досым Сәтбаев олигархат елдің саяси өмірінде үлкен рөл атқарған бірқатар постсоветтік елдерді мысал ретінде келтіреді.

- Мысалы, кезінде Грузияда дәл осындай жағдай болған, ол жақта грузиялық олигархтардың бірі [Бидзина Иванишвили – Грузияның бұрынғы премьер-министрі әрі экс-президент Саакашвилидің серігі] оппозицияны белсенді қолдап, бұл болашақта оның негізгі рөлді иеленуіне кәдімгідей көмектескен. Билікке Путин келгенге дейін, яғни Ельциннің тұсында олигархтар Березовский, Гусинский екеуі ішкі және сыртқы саясатқа әмірін жүргізуге тырысқан. Ірі бизнес өкілдері жай кеңесші ғана емес, кәдімгідей ақылшыға айналған жағдайлар бұрын талай болған. Сондықтан Усмановтың байланыстары мен қаржылық мүмкіндіктерін ескергенде, Шавкат Мирзияевтің тұсында Әлішер Усманов сондай ақылшыға айналуы мүмкін, - дейді Сәтбаев.

ИМИДЖДІК ЖОБА

Әлішер Усмановтың сөзінше, инвестициялық климат жайлы әрі капитал қорғалады деген кепілдік берілсе, Өзбекстанға көптеген ел инвестиция құюға келісер еді.

- Президент мұны өз міндеттерім деп жариялады, бұл оның қолынан келеді деп ойлаймын. Ал мен бұған барынша көмектесетін боламын, - дейді Усманов.

Ол отандастарын, оның ішінде шетелде тұратын өзбектерді өз елінің өркендеген және саяси тұрғыдан әділетті елге айналуына көмектесуге шақырды.

Әлішер Усманов.
Әлішер Усманов.

Ұлыбританиялық журналист әрі Орталық Азия бойынша сарапшы Джоанна Лилистің пікірінше, Мирзияевтің миллиардер Әлішер Усманов айтқан міндеттерін таяу арада шешу Өзбекстан билігінің қолынан келмейді. Мұның негізгі себебі - елде демократия жоқ. Сарапшы Шавкат Мирзияев пен Әлішер Усмановтың ынтымақтастығын имидждік жобаға балайды.

Қазіргі президент Шавкат Мирзияев қоғамды либералдандыруға әлдебір қадамдар жасап жатыр. Ол елдің әлемдегі имиджін жақсарту үшін жүйені сәл босаңсытуға келіседі. Бірақ ол Өзбекстанда демократия орнатпайды.

- Өзбекстанда бүкіл жүйе жылдар бойы қалыптасқан қарым-қатынастарға негізделіп құрылған. Ал Мирзияев кландық жүйені жоя сала алмайды. Енді Өзбекстан әлемге ашыла ма деген сұраққа келсек. Бұл жерде екі жайтқа назар аударған жөн. Экономикалық тұрғыдан алғанда, мен [инвестиция құюға] «иә, ашылады» дер едім. Мирзияев инвестицияларды қолдайтынын ашық айтты. Ол инвесторлар, бизнесмендердің Өзбекстанға барып бизнес ашқанын қалайды. Мен саяси тұрғыдан алғанда да «иә, ашылады» дер едім. Мирзияев көрші елдермен тату болғысы келеді. Бірақ демократияның жөні мүлде бөлек. Қазіргі президент Шавкат Мирзияев қоғамды либералдандыруға әлдебір қадамдар жасап жатыр. Ол елдің әлемдегі имиджін жақсарту үшін жүйені сәл босаңсытуға келіседі. Бірақ ол Өзбекстанда демократия орнатпайды, - дейді Джоанна Лилис.

Былтыр Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін бұрын премьер-министр қызметін атқарған Шавкат Мирзияев Өзбекстан президенті болды. Мирзияев экономикада бірқатар реформалар жүргізіп, капиталды бақылау талаптарын жеңілдетті әрі өзге елдермен қарым-қатынасты реттеуге кірісті. Мирзияев ұсынған реформалар жоспарында мемлекеттік меншікті жекешелендіру де қарастырылған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG