Accessibility links

Мирзияевтің сөзі оқушы қыздардың пәктігін жаппай тексеруге себеп болған


Дәрігерлері "заңсыз жасанды түсік жасаған" деген айыппен тергеуге алынған Самарқандағы №2 перзентхана.

Өзбекстанның Самарқан облысында орта мектептің жоғарғы сыныбында және коллежде білім алатын жас қыздар өздерін гинекологтың тексеруінен жаппай өтуге мәжбүрлегеніне шағым айтқан. Билік өкілінің сөзінше, бұл шара "пәктігін жоғалтқан" қыздарды анықтау мақсатында жүргізілген.

"СУИЦИДТІҢ АЛДЫН АЛУ"

Азаттықтың Өзбек қызметіне (Озодлик радиосы) аты-жөнін атамауды өтінген Самарқан облыстық әкімдік қызметкерінің хабарлауынша, аталған шара "пәктігін жоғалтқан" қыздарды анықтау мақсатында жүргізілген.

– Гинекологтың тексеруінен кейін абыройынан айрылғаны немесе жүкті екені анықталған қыздардың ата-аналарымен әңгімелер өткізілді, - деп хабарлады ол.

Шенеуніктің сөзінше, орта мектептің жоғарғы сыныбында және коллежде білім алатын жас қыздарды жаппай гинекологқа тексертудегі мақсат - "пәктігін жоғалтқан немесе жүкті болып қалған қыздардың жұртқа масқара болудан қорқып, суицидке бару әрекетінің алдын алу". Ол гинекологтың тексеруінен кейін жыныстық өмірді ерте бастағаны анықталған қыздардың ата-аналарымен мұғалімдер, дәрігерлер және психологтар әңгіме өткізетінін айтады.

- Мақсатымыз – ерте жастан жыныстық қатынасқа барып, қиын жағдайда қалған қыз балаларға көмектесу. Оларды кемсіту туралы ешқандай әңгіме болмайды. Бұл шара қыздардың күйзелістен өзіне қол салуына жол бермеу мақсатымен жүргізіліп отыр, - дейді билік өкілі.

Оның айтуынша, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтың жақында Самарқанда айтқан сөзінен кейін жергілікті билік жас қыздарды жаппай гинекологқа тексертуді қолға алған. Қарашаның 9-ы күні Самарқан облысы депутаттары кеңесінде сөйлеген сөзінде Мирзияев осы облыстағы әйелдер мен қыздар арасында суицид оқиғаларының көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірген. Президенттің айтуынша, соңғы уақытта Самарқанда 145 әйел мен қыз өз-өзіне қол салған.

ГИНЕКОЛОГҚА ТЕКСЕРТУ

Озодлик радиосы сөйлескен Самарқандағы коллеждердің бірінің оқытушысы осы білім орнында оқитын қыздарды гинекологтың қалай тексергені туралы айтып берді.

– Жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің алдын алуға бағытталған бұл шара облыстық денсаулық сақтау және білім басқармалары қатаң тәртіппен бекіткен кестеге сәйкес жүргізілді. Әр колледжге нақты белгіленген күні оқушылар гинекологтың тексеруінен өткізілді. Әуелде оларды төсекке жатқызып қарайды, егер дәрігердің күмәні болса, онда гинекологиялық креслоға жатқызып тексереді. Оған қоса кей қыздарға УЗИ (ультрадыбыстық тексеру) аппаратының көмегімен тексеру жүргізілді. Қыздарды дәрігер күтіп отырғандықтан, оларды тексеруге мәжбүрлі түрде апарды, - дейді аты-жөнін атағысы келмеген колледж оқытушысы.

Самарқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы ұрпақ жаңғырту денсаулығы орталығы дәрігерінің сөзінше, гинекологиялық тексеру кезінде қыздарға маман кеңесі беріледі.

– Жүкті жасөспірім қыздарда әдеттегіден өзге түрлі ауытқулар, мысалы, анемия белгілері, жерік болу, қатты жүрек айну, ұрық жолдасының жетіспеушілігі, сүйек жүйесінде жағымсыз өзгерістер тәрізді нәрселер байқалады. Гинекологиялық тексеру кезінде оларға осының бәрін айтып, түсіндіреміз. Нәрестенің шетінеуі 18 жасқа дейін босанған аналар арасында жиі кездесетінін айтамыз. Тағы қайталаймын, мақсатымыз – қыздарды кемсіту емес, керісінше, оларға дұрыс кеңес беру. Өкінішке қарай, жұрт арасында гинекологқа негізінен "жаман қыздар" қаралады деген жаңсақ пікір бар, - дейді дәрігер.

"ҰЯТ ШАРА"

Озодлик тілшісі Самарқандағы колледждердің бірінде оқитын бойжеткен Наргизбен (есімі өзгертілді) әңгімелескен еді. Ол қарашаның 16-сы күні гинекологтың тексеруінде болғанын айтты.

– Өлердей ұялдым. Рухани сабақ өткізетін мұғалима апай қыздарды гинекологтың кабинетінен алып шығып келе жатқан кезде ұлдар жағы бізді мазақ етіп күле бастады. Сол күні гинекологтың қарауында болған кезде бізде оқитын бір қыздың аяғы ауыр екені анықталды. Ал жұма күні ол туралы бүкіл колледж хабардар болды. Тіпті мұғалімдердің өзі оған емеурінмен сөйлейтін болды. Егер еркіме салса, ешқашан гинекологқа қаралмас едім, - дейді Самарқан колледжінде оқитын жас қыз.

Самарқан облыстық әкімшілігі қызметкерінің сөзінше, облыс бойынша өткізілген гинекологиялық тексерулер барысында ондаған қыздың екіқабат екені анықталған. Бірақ бұл туралы педагогтар мен дәрігерлер тек сол қыздың ата-анасына ғана хабарлады дейді ол.

Жақында "Америка дауысы" радиосына берген сұхбатында өзбекстандық дәрігер Өктам Мұхаммад Мұрад жүкті болып қалғаны үшін қоғамнан сөгіс естіген жас қыздар арасында жаңа туған нәрестесін өлімге қиятындар жиі кездесетінін айтып, алаңдаушылық білдірген.

Таяуда жергілікті басылымдар Ташкент институтында оқитын студент бойжеткен босанғаннан кейін жас нәрестені әжетханаға тастағаны туралы хабарлады. Маусым айында Самарқан облысындағы Тайлақ ауданында зорлыққа ұшыраған жас қыз өз-өзіне қол салған.

(Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласынан аударылды.)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG