Accessibility links

Пәктігіне күйеуі шәк келтірген жас келін у ішіп өлді


Тәжікстанның Восей ауданы тұрғыны Раджабби Хуршед. 29 маусым 2017 жыл.

Тәжікстанда жаңа үйленген жігіт қалыңдығының пәктігіне күмән келтірді. Бұған қорланған келіншегі өзін-өзі өлтірді. Әйелін мұндай жағдайға жеткізгені үшін күйеуі бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Тәжікстанның Восей ауданының тұрғыны, 18 жастағы жас келін Раджабби Хуршед қайғылы қазаға ұшырайды деп ешкім ойламаған еді.

Биыл мамырда Чорбог ауылында тұратын ата-анасы Раджабби Хуршедті өзі ешқашан көрмеген жігітке тұрмысқа беруді ұйғарған. Тәжік заңдарына сәйкес, некеге тұрар алдында медициналық тексеруден өткен қалыңдық сол кезде өзінің пәк екенін де дәлелдеген. Заң бойынша, бұл - әркімнің қалауына қарай ерікті түрде жасалатын процедура, бірақ, іс жүзінде қыз алатын жақ мұндай анықтаманы жиі талап етіп жатады. Арада бірнеше апта өткенде жас келіншегін әлгіндей тексеруден қайта өтуге мәжбүрлеген 24 жастағы күйеу жігіт Зафар Пиров артынша Раджаббиді үйінен қуып жіберіп, өзіне екінші әйел алуға рұқсат беруін талап еткен.

Бұл қорлыққа шыдамаған Раджабби Хуршед өзіне-өзі қол жұмсаған.

Отбасындағы мүгедек екі бауырын бағып-қағуға ата-анасына көмектесу үшін мектептегі оқуын тастаған жас қыз өзінің үйлену тойынан кейін небары қырық күн өткенде "сірке суын көп мөлшерде ішіп алған". Бірнеше сағаттан кейін ол Восей ауданына қарасты Чорбог ауылдық ауруханасында қайтыс болған. Ресми құжаттарда жас келіншектің қазасы туралы осылай жазылған.

Туыстарының сөзінше, қаза болар алдында жас келіншек алғашқы неке түнінен бастап күйеуінің қатты қысымына ұшырағанын айтқан. Ақырында ол бұл қорлыққа төзе алмай, өзін-өзі өлтірген деп санайды жақындары.

Раджабби Хуршедтің анасы Фазиля Мирзоева. Вахш ауданы, Тәжікстан, 7 шілде 2017 жыл.
Раджабби Хуршедтің анасы Фазиля Мирзоева. Вахш ауданы, Тәжікстан, 7 шілде 2017 жыл.

Анасы Фазиля Мирзоева қызының ешқашан ешқандай жігітпен жақындаспақ түгілі, ешкіммен көңіл қоспағанын айтады. Оның тұрмысқа шығар алдында өткен медициналық тексеруде пәктігі дәлелденгені қалыңдыққа берілген анықтамада жазылған.

"Қызым жала мен зорлықтың құрбаны болды" деп санайтын ана Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның және басқа да лауазымды тұлғалардың атына хат жазып, марқұм қызы Хуршедтің ар-намысын қорғауды сұраған.

Ал мезгілсіз қазаға ұшыраған келіншектің күйеуі Зафар Пировқа "әйелін өзін-өзі өлтіруге мәжбүрледі" деген айып тағылды. Әзірше Чорбогтағы ата-анасының үйінде тұрып жатқан жігіттің айыбы дәлелденсе, ол 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Азаттық радиосының Тәжік қызметіне берген сұхбатында ол әйелінің "дәрігерден алған анықтамасының жалған" екенін, алғашқы неке түні қалыңдығының "пәк болмай шыққанына көз жеткізгенін" айтты.

- Оған ата-анаңның үйіне қайт дегенімде, ол сірке суын ішіп алды, - дейді Пиров.

Консервативті тәжік қоғамында некеге дейін төсек қатынасына бару – ұят әрі үлкен күнә болып саналады. Мұндай айыбы әшкереленген әйелдер өмір бойы қорлық көріп өтеді.

Зафар Пиров пен Раджабби Хуршедтің үйлену тойы кезіндегі суреті. Мамыр, 2017 жыл.
Зафар Пиров пен Раджабби Хуршедтің үйлену тойы кезіндегі суреті. Мамыр, 2017 жыл.

Некеге тұрардың алдында күйеу жігіт пен қалыңдықты міндетті түрде медициналық тексеруден өткізу туралы заң 2015 жылы қабылданған. Бұл заң жыныстық жолмен таралатын ВИЧ/СПИД, гепатит және басқа да аурулардың алдын алу мақсатында қабылданған. Алайда, осы медициналық тексеруді қалыңдықтың пәктігін анықтау үшін де жиі пайдаланады.

Медициналық тексеруден өткені туралы анықтама болмаған жағдайда билік орындары некені тіркеуден бас тартуы мүмкін.

Раджабби Хуршед пәктігін тексеруге келісіп, бұл туралы дәрігерден тиісті анықтама да алған.

Алайда, бұрын СССР құрамында болған Орталық Азия елдері арасында халқының табысы аз, ең кедей мемлекет саналатын Тәжікстанда жемқорлық кең етек жайғандықтан, жұрт әлгіндей анықтаманы дәрігерге пара беріп ала салу қиын шаруа емес деп санайды.

Зафар Пиров әйелінің пәктігін тексеру үшін оны екі емханаға апарғанын айтады. Олардың бірі ел астанасы Душанбеде орналасқан. Екеуінде де дәрігерлер Хуршедтің қыз екенін анықтаған. Бірақ Пиров дәрігерлердің "қателесіп" тұрғанын айтып, әйелінен "шындықты мойындауын" талап еткен.

Үйлену тойынан соң көп ұзамай күйеуі Хуршедтен екінші әйел алуына рұқсат беруін талап етуді шығарған.

Зафар Пиров. Вахш ауданы, Тәжікстан, 7 шілде 2017 жыл.
Зафар Пиров. Вахш ауданы, Тәжікстан, 7 шілде 2017 жыл.

- Өзі некеге тұрған сәтте қыз болмағандықтан, әйелім менің екінші әйел алуыма жазбаша түрде рұқсат берді, - деді Зафар Пиров Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Восей аудандық соты Пировтан сот отырысы басталғанша ешқайда кетпейтіні туралы қолхат алған. Соттың болатын күні әлі белгісіз.

Тәжікстанда қалыңдықтың пәктігі төңірегіндегі дау-дамайдың соңы жас жұбайлар некесінің бұзылуына әкелетін жағдайлар аз емес.

Міндетті медициналық тексеру туралы заң күшіне енбей тұрып, 2014 жылы елде соттар "қалыңдық пәктігіне" қатысты 600-ге тарта істі қараған. Көбінесе жас қалыңдықтар өздерін "неке түні пәк болмаған" деп айыптаған күйеулерінің үстінен сотқа арызданады.

2014 жылы Душанбенің оңтүстігіндегі Рудаки ауданында тұратын 19 жастағы Хуснигүл есімді келіншек өзін алғашқы неке түні "пәк емессің" деп ұрып-соғып, ата-анасына қайтарып жіберген күйеуінің үстінен "жала жапты" деп арыз түсіріп, сотта жеңген еді. Соттың ұсынысы бойынша тағы бірнеше медициналық тексеруден өткен Хуснигүл неке түнінен кейін де пәктігін сақтап қалғанын дәлелдеген. Сот Хуснигүлдің талап-арызын негізді деп тауып, оның пайдасына күйеуінен ақшалай өтемақы өндіру туралы шешім шығарған. Күйеуінің "бітімге келіп, отбасы болып өмір сүрейік" деген ұсынысына келіспеген Хуснигүл онымен ажырасуға өтініш беретіні туралы мәлімдеген.

Душанбедегі республикалық сот және криминалистік сараптама орталығының басшысы Яхьо Одинаевтың айтуынша, кей жағдайларда ер адамдар "тәжірибесіздік немесе кейбір психологиялық факторлар кесірінен міндеттерін атқара алмай", барлық кінәні қалыңдыққа артуға тырысады.

(Фарангиз Наджибулланың материалын ағылшын тілінен аударған - Мұхтар Екей.)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG