Accessibility links

Қауіпсіздік қызметі кураторларын мешіттерден аластай ма?


Ташкенттегі "Хазрати Имам" (Хастимам) мешітіндегі жұма намаз
Ташкенттегі "Хазрати Имам" (Хастимам) мешітіндегі жұма намаз

Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік органы Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы мен Ташкенттегі мешіттерден кураторларын кері шақыртып алғаны туралы хабар тарады. Өткен айда президент Шавкат Мирзияев қауіпсіздік қызметінің жұмысын қатты сынағаннан кейін бұл органды ұзақ жылдар басқарған Рустам Иноятов отставкаға кеткен болатын.

ӨМДБ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ЖҰМЫСТАН КЕТТІ

17 ақпанда Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы (ӨМДБ) төрағасының орынбасары Айдарбек Тулепов қызметінен алынды. Діни басқармадан алынған деректер бойынша, Тулепов бұл ұйымдағы Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің (ӨҰҚҚ) кураторы міндетін атқарған. Онымен бірге ӨҰҚҚ Ташкент мешіттері бойынша куратор болып істеген тағы бірнеше қызметкерін кері шақырып алған деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек қызметі - Озодлик радиосы.

Айдарбек Тулеповтің Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары қызметінен өз еркімен кету туралы жазған өтінішінің көшірмесі
Айдарбек Тулеповтің Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары қызметінен өз еркімен кету туралы жазған өтінішінің көшірмесі

Озодлик редакциясына 20 ақпанда келіп түскен құжат көшірмесінде Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы (ӨМДБ) төрағасының орынбасары Айдарбек Тулеповтің қызметінен кетуге өзі өтініш бергені айтылған.

Айдарбек Тулепов бұл қызметті 2006 жылдың көктемінен бері атқарып келген.

Озодлик тілшісімен анонимді түрде әңгімелескен ӨМДБ-ның Ташкенттегі филиалының қызметкерінің айтуынша, Тулепов ұлттық қауіпсіздік қызметінің ӨМДБ-дегі өкілі болған.

– Тулепов Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасында ӨҰҚҚ өкілі ретінде қызмет істеді. ӨҰҚҚ қауіпсіздікті қамтамасыз ететіні белгілі. Тулепов нақ сол жұмыстармен айналысты. Ол өз еркімен қызметтен кетуге өтініш жазды, мүфти оған қол қойғаннан кейін Тулепов діни басқармадан жұмыстан кетті, - деді өз аты-жөнін атамауды сұраған ӨМДБ өкілі.

Айдарбек Тулеповтің қызметтен кетуі және оның Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік органы қызметкері болып істегені туралы ақпаратқа қатысты Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы мен Министрлер кабинеті жанындағы Дін істері жөніндегі комитеті Озодлик сұрақтарына әзірше ресми жауап берген жоқ.

МЕШІТТЕРДЕГІ ӨҰҚҚ КУРАТОРЛАРЫ

Озодликке анонимді түрде ақпарат берген Дін істері жөніндегі комитет өкілінің сөзінше, соңғы кезде Ташкент мешіттерінде куратор болып істеген ӨҰҚҚ қызметкерлерін кері шақыртып алған.

- Қазір Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік комитетінде қайта құрылымдау жүріп жатыр. Сондықтан ӨҰҚҚ-нің түрлі ұйымдардағы барлық өкілдері уақытша жұмысын доғарды. Тулепов өтінішінде денсаулық жағдайына байланысты қызметтен кететіні туралы жазған, ол жеке мәселе. Бірақ, оның орнына басқа куратор келе ме, жоқ әлде кураторлар қызметін біржола тоқтата ма – оны әзірше ешкім білмейді. Барлығы болашақта қабылданатын жаңа заңға қарап отыр, - деді Министрлер кабинеті жанындағы Дін істері жөніндегі комитетінің қызметкері Озодлик радиосына.

Ташкенттік журналистердің бірі Озодликке ӨҰҚҚ кураторларын мешіттерден кері шақыртып алғаны туралы хабардар екенін айтты. Бұл өзгерістер өткен айда ел президенті Шавкат Мирзияев Өзбекстан қауіпсіздік қызметінің жұмысын қатты сынағаннан кейін осы органды 1995 жылдан бері үздіксіз басқарған 73 жастағы Рустам Иноятов отставкаға кеткеннен соң болып жатыр. Өзбекстан билігіндегі ең ықпалды тұлғалардың бірі болған Иноятов кезінде Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің ықтимал "ізбасары" саналған.

Оқи отырыңыз: Өзбекстанның "сұр кардиналы" қызметінен алынды

– Айдарбек Тулепов қызметінен кетерден бірнеше күн бұрын бізге ӨҰҚҚ Ташкенттегі мешіттердің барлығынан кураторларын кері шақыртып алғаны туралы хабар жетті. Соңғы жұма намазға келген жамағат арасынан бұл "саққұлақтар" [кураторларды айтады – Азаттық.] шынымен көзге түспеді. Мешітке жиі баратын мұсылмандарға олар жақсы таныс, - дейді аты-жөнін атауды қаламаған ташкенттік журналист.

Ташкенттегі мешіттердің бірінде наиб-имам болып істейтін адамның сөзінше, қазіргі кезде прокуратура қызметкерлері ел астанасындағы мешіттерден "ҰҚҚ жансыздарын" анықтауға кіріскен.

– Прокуратура қызметкерлері мешіттерді аралап, ҰҚҚ тыңшыларын анықтап жүр, - деді Озодликке наиб-имам.

ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ ЗАҢ

Өзбекстанда "Ұлттық қауіпсіздік қызметі туралы" заң жобасы биылғы жылғы қарашаның 10-ына дейін әзір болуы тиіс. Бұл туралы 2018 жылға арналған "Белсенді кәсіпкерлік, инновациялық идеялар мен технологияларды қолдау жылы" мемлекеттік бағдарламасы жобасында қарастырылған.

"Ұлттық қауіпсіздік қызметі туралы" заң жобасын әзірлеу президент әкімшілігіне, Ұлттық қауіпсіздік қызметіне, Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық гвардияға, Қорғаныс министрлігіне, Бас прокуратураға және Әділет министрлігіне жүктелген.

1991 жылы қыркүйекте құрылған Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметіне содан бергі өткен кезең ішінде бір де бір рет реформа жүргізілмеген. Осы кезге дейін бұл құрылымның атына мемлекет басшылығы тарапынан да сын айтылмай келген еді.

Көре отырыңыз: Мирзияев СНБ-ні талқандауға көшті

Жаһан жаңалықтары 16.02.2018
please wait

No media source currently available

0:00 0:17:45 0:00

2018 жылғы 19 қаңтарда Сурхандария облысы Қизириқ ауданында өткен жиында ел президенті Шавкат Мирзияев алғаш рет Ұлттық қауіпсіздік органы қызметкерлерін қатты сынады.

- Біле білсеңсіз, олар әлі халықты бағаламайды. Әлі күнге дейін алып отырған жалақысы мен погондарын ақтайтындай бір де бір іс тындырған жоқ. Бірде көлігі ҰҚҚ бастығының машинасынан басып озып кеткені үшін әкімді қамап қойған. Әй, сен кімсің өзі? Саған ондай өкілеттілікті кім берді? Егер қажет болса погоныңды сыпырып аламын! Сурхандария облысында ондайдың заманы бітті! – деген Шавкат Мирзияв. Оның осы сөзі жазылған аудиотаспа Озодлик редакциясына түсті.

Әлгі жиыннан кейін 11 күн өткенде, 31 қаңтарда, Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы Рустам Иноятов отставкаға кетті.

Сол күні Мирзияев ӨҰҚҚ алқасының кеңейтілген отырысын өткізіп, онда "арнайы қызметтің міндеттеріне жатпайтын істермен айналысатын, кейде өзге мемлекеттік құрылымдардың функцияларын алмастыратын ҰҚҚ бөлімшелерін қысқартуды" бұйырған.

XS
SM
MD
LG