Accessibility links

Иноятовтан соң элиталық бөлімшелер министрлікке өтті


СНБ-нің элиталық қарул бөлімшелерінің бірі. Көрнекі сурет.

2005 жылы Әндіжандағы қанды оқиғалардан кейін Өзбекстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметі құзырына берілген арнайы ішкі әскер қазір қайтадан Ішкі істер министрлігіне қайтарылып жатыр.

Арнайы ішкі әскерді Өзбекстанның СНБ - Ұлттық қауіпсіздік қызметінен Ішкі істер министрлігі құзырына қайтарып жатқаны туралы ақпаратты Азаттықтың Өзбек қызметіне бір-бірінен тәуелсіз әрі қауіпсіздік қызметіне тікелей қатысы бар екі дереккөз хабарлады. Бірақ Ішкі істер министрлігінен (ІІМ) баспасөз қызметінен комментарий алудың сәті түспеді. Өзбекстандағы ең жабық мекеме саналатын Ұлттық қауіпсіздік қызметінің ресми веб-сайты мен байланыс телефондары жоқ болғандықтан, дереккөздердің ақпаратына қатысты комментарий алу үшін чекистер ведомствосымен де хабарласу мүмкін болмады.

Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Рустам Иноятов.
Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Рустам Иноятов.

Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің арнайы бөлімшелерінің атаулары, олардың атқаратын міндеттері мен өкілеттіктері қоғамнан құпия сақталады. Ашық дереккөздерде қауіпсіздік қызметі құрамында арнайы тапсырмаларды орындайтын «Альфа», «Ягуар», "Бүркіт", "Сұңқар", "Шаян", "Кобра" және "Ц" қарулы бөлімшелер бар деген ақпарат қана бар.

Азаттық дереккөзінің сөзінше, Ұлттық қауіпсіздік қызметі құзырынан ІІМ-ге қайта ауыстырып жатқан арнайы бөлімшелер қарулы тойтарыс беру өкілеті бар жүйелер саналады. Олардың құрамында ең үздік әрі кәсіпқой офицерлер қызмет атқарады дейді ол.

- Бұл процесс СНБ-нін қайта құрылымдау туралы президент мәлімдемесіне дейін басталған болатын. Содан бері 20 шақты күн өтті. "Альфа", "Бүркіт" және "Сұңқар" сияқты арнайы бөлімшелер ІІМ қарауына өтіп жатыр. Кезінде бұл бөлімшелер ІІМ-нің бұрынғы басшысы Зокиржон Алматовтың бастамасымен құрылған болатын. Әлгі бөлімшелерде ең мықты, элиталық жаттығудан өткен жігіттер жұмыс істеген. Әндіжандағы оқиғалардан кейін Каримов ІІМ-не деген сенбейтін болды, сондықтан Иноятов оларды біртіндеп өз қарамағына ауыстырып алған, - дейді Азаттықпен анонимді түрде сөйлескен қауіпсіздік қызметі офицерлерінің бірі.

ВИДЕО: Иноятовтың қызметтен кеткені жайлы өзбек телеарнасының жаңалығы.

ПРЕЗИДЕНТ АРНАЙЫ БӨЛІМШЕЛЕРДІ ТЕКСЕРУДІ ТАПСЫРДЫ

31 қаңтарда Ташкентте президент Шавкат Мирзияевтің төрағалық етуімен Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметі алқасының кеңейтілген отырысы өткен. Жиын атқарылған жұмысты талдауға және қауіпсіздік органдарының жұмысын түбегейлі жетілдіру шараларына арналған.

Президент баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында Мирзияев "ұлттық қауіпсіздік қызметін қазіргі заман талаптарын ескеріп қайта құрылымдау қажеттігін көрсеткен. Арнайы қызметке тән емес міндеттерді орындаумен айналысып, кей жағдайларда өзге мемлекеттік құрылымдардың функцияларын қайталайтын бөлімшелерді тарату, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті бағыттарымен айналысатын бөлімшелерді нығайту маңызды екенін" мәлімдеген.

Бірақ қандай бөлімшелер таратылып, қандай бөлімшелер қалатыны және қайсылары ІІМ немесе қорғаныс министрлігі құзырына ауыстырылатыны туралы әзірше ресми ақпарат жоқ.

"СНБ АРМИЯСЫ"

Азаттық әңгімелескен қауіпсіздік қызметінің бұрынғы офицерлерінің бірінің айтуынша, ІІМ құзырына кері қайтарып жатқан арнайы бөлімшелерде жұмыс істейтін офицерлердің нақты саны қанша екені беймәлім. Оның болжамынша, арнайы бөлімшелерде 10 мыңдай адам қызмет атқарады.

Маманның сөзінше, президент қайта құрылымдау қажеттігін сөз еткен арнайы бөлімшелердің көбі, шын мәнінде ІІМ құзырына жататын міндеттерді атқарып келген.

– Әлгі бөлімшелер "СНБ-нің армиясы" деп аталады. Олар шекара әскерлерінен мүлде жеке әскери жүйе болған. Өз құзырындағы өкілеттеріне қарай олар Ұлттық қауіпсіздік қызметіне қарасты тоғыз басқарманың біріне қарайтын. Ал әлгі бес бөлімше қарайтын басқарма бастықтары қауіпсіздік қызметі төрағасының орынбасарлары болған. Арнайы бөлімшелер терроризммен күрес, ұйымдасқан қылмыспен күрес, экономикалық қылмыстармен күрес және қарсы барлау басқармалары құрамына кіретін. Олардың бәрі СНБ-нің бұрынғы төрағасының бірінші орынбасары Шухрат Гулямовке тікелей бағынатын. Оларды ІІМ қарауына қайтармас бұрын генерал Гулямовты қызметінен алып тастады. Бір сөзбен айтқанда, оны әлгі бөлімшелердегі күшінен айырды. Гулямовты шеттеткеннен кейін ғана әлгі бөлімшелерді Ұлттық қауіпсіздік қызметі құзырынан шығарып жатыр, - дейді бұрынғы офицер.

Азаттық дереккөздерінің сөзінше, қауіпсіздік қызметі төрағасының бірінші орынбасары, генерал Шухрат Гулямовті қызметінен 2017 жылғы қаңтарда босатқан. Былтыр 22 желтоқсанда парламенттің қос палатасына арналған жолдауын жариялаған кезде президент Мирзияев екі генералдың "погонын алдым" деп айтқан болатын. Кей болжамдар әлгі генералдардың бірі дәл осы Шухрат Гулямов болуы керек дегенге саяды. Бейресми дереккөздердің хабарлауынша, қазір Гулямовке қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

ҚАУІПСІЗДІК ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨРЛЕУІ МЕН ҚҰЛДЫРАУЫ

АҚШ конгресі кітапханасына 2007 жылғы ақпанда енгізілген дерекке сәйкес, Өзбекстан қауіпсіздік қызметінің арнайы бөлімшелері офицерлерінің саны 1990 жылдары сегіз мыңдай болған, ал 2005 жылдан кейін бұл көрсеткіш 17-19 мыңға жеткен.

Тәуелсіз дереккөздердің мәлімдеуінше, Ұлттық қауіпсіздік қызметі Өзбекстандағы «репрессиялық жүйенің орталық құрылымына» айналған.

Сарапшылар пікірінше, бір жылға жуық созылған дайындықтан кейін мемлекетке және өз қауіпсіздігіне төнетін қатер санаған президент Шавкат Мирзияев Өзбекстан қоғамының барлық саласында қауіпсіздік қызметінің ықпалын әлсіретуге кіріскен.

Президент Шавкат Мирзияев арнайы бөлімшелерді Ұлттық қауіпсіздік қызметінен ІІМ құзырына кері қайтару процесін 2017 жылғы мамырда бастаған болатын.

Оқи отырыңыз: Өзбекстанның "сұр кардиналы" қызметінен алынды

2017 жылғы 2 мамырда Өзбекстанның сол кездегі Ішкі істер министрі Абдусалом Азизов 1 мамырдан бастап ішкі әскер бүтіндей ІІМ құзырына көшкенін мәлімдеген.

Сонда брифингте Өзбекстан ІІМ-нің сол кездегі басшысы Абдусалом Азизов "Президенттің қаулысымен бұл әскерді бізге қайтарып берді. 1 мамырдан бастап олар бүтіндей ІІМ қарауына көшті" деп хабарлаған.

Әлгі мәлімдемеге іле-шала ІІМ сайтының "құрылымдық бөлімшелер" деген бөлімінде бұрын Ұлттық қауіпсіздік қызметі құрамында болған қарауыл әскерлері бас басқармасы мен бас күзет басқармасы пайда болды.

​Өзбекстандағы жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2018 жылы Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздігі тұжырымдамасының жаңа нұсқасы әзірленбек. "Өзбекстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігінің тұжырымдамасы туралы" қолданыстағы заң 1997 жылы қабылданған. Заңның жаңа нұсқасын әзірлеу Өзбекстанның 2018 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында қарастырылған.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG