Accessibility links

"Аннексиядан айналып өтпейсің бе, Қасеке?" Тоқаевтың сұхбатына әлеуметтік желі реакциясы


Ресей басқыншылығына наразылық акциясында Қырым түбегі Украина жері екені туралы украин тілінде жазылған плакат ұстап тұрған қыз. Симферополь, 10 наурыз 2014 жыл.
Ресей басқыншылығына наразылық акциясында Қырым түбегі Украина жері екені туралы украин тілінде жазылған плакат ұстап тұрған қыз. Симферополь, 10 наурыз 2014 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Deutsche Welle басылымына берген сұхбатында Қырым мәселесі жайлы пікіріне Киев "қатты алаңдаушылық" білдірді. Қазақстанда желі қолданушылардың кейбірі Тоқаевты сынаса, кейбірі мақтаған.

"АННЕКСИЯ - АУЫР СӨЗ"

Германияға сапары қарсаңында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан сұхбат алған Deutsche Welle басылымының журналисі Жанна Немцова оған Қырым аннексиясы және Украинаның шығысындағы үкімет күштері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы соғыс тәрізді оқиғалар Қазақстан үкіметін тіксінткен жоқ па деген сұрақ қойды.

Тоқаев "Қырымда болған жағдайды аннексия деп атамаймыз. Аннексия - тым ауыр сөз" деп жауап берді. Желтоқсанның 4-і күні Тоқаевтың бұл сөзіне ресми Киев реакциясын білдірді.

Украина сыртқы істер министрлігінің спикері Катерина Зеленко жариялаған мәлімдемеде "Украина Қазақстанды әрдайым әріптес әрі дос санаған. Қазақстан президентінің ЕҚЫҰ-ның министрлер жиыны қарсаңында солай дегені өте өкінішті, себебі бұл ұйымға екі мемлекет те мүше және Хельсинки қорытынды актісіне сәйкес, оның негізгі принциптерінің бірі - мемлекеттердің егемендігі мен аумақ тұтастығын құрметтеу. Қазақстан жағына демарш жасалады" деп жазылған.

Қазақстан президентінің сөзіне Ресей саясаткерлерінің кейбірі қолдау білдірген. "РИА Новости" ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ресей мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары Наталья Поклонская Тоқаевтың аннексия жайлы сөзін "батыл ұстаным" деп бағалаған және Еуропа елдерінің басшыларын "Тоқаев, (Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан) Нығматулин және (Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан) Назарбаевтан үлгі алуға шақырған".

Қырым татарларының ATR телеарнасы Тоқаевтың айтқанын "Қырымды оккупациялаған Ресейдің қылмыстық іс-әрекетін ақтайды" деп бағалаған Қырым татарлары межлисінің жетекшісі Рефат Чубаровтың сөзін келтірген.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ РЕАКЦИЯ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырым туралы сөзіне байланысты әлеуметтік желіде түрлі пікір айтылып жатыр. Желі қолданушы қазақстандықтар арасында президентті сынап жатқандар аз емес.

Саяси партия құратыны жайлы таяуда мәлімдеген Жанболат Мамай "Біз Украинаның аумақ тұтастығын қолдаймыз және Ресейдің Қырымды, Донбасс пен Луганскіні аннексиялап алғанына қарсымыз" деп жазды.

Әлеуметтік желі қолданушы Руслан Шынтас "Тоқаевтың пікірі - Қазақстан халқының пікірі емес! Тоқаев Қазақстан халқы емес, Назарбаевтың арнаулы штабы арқылы 71 % алып, сайланған "президент" деп жазса, Ақерке Әбіштегі "Халық таңдамаған Тоқаевтың пікірі бүкіл қазақ халқының пікірін білдірмейді" дейді.

Қарағанды қаласында тұратын белсенді Айтқожа Фазыл "Ей, Қасеке-ау, дипломат емессің бе? Аннексия, маннексияда не жұмысың бар еді, айналып өтпейсің бе?" десе, журналист Болат Мүрсәлім "Тоқаевты сұмдық дипломат деуші едіңіздер. "Қырымды аннексия жасаған жоқ" дегені МИД-те мың жыл істеген адамның айтатын сөзі емес. Геосаяси жағдайдан миллион мысал келтіріп ақтамай-ақ қойыңыздар" деп жазған.

Белсенді Мұхтар Тайжан Тоқаев сұхбаты жайлы екі күнде екі пікір жазды. "Кәсіби дипломат Тоқаев Қырымның аннексияланғанын білмейді деп ойлайсыздар ма? Әрине біледі. Онда сұхбатында неге олай деді?" деп жазды Тайжан желтоқсанның 4-і күні жариялаған постында. Оның пікірінше, Қазақстан қазір Ресейге саяси және экономикалық тұрғыда тәуелді. Қырым аннексиясы бойынша тәуелсіз пікір айту үшін тәуелсіз экономика, ұлттық идеология, мықты университеттер мен қуатты әскер керек. "Фейсбукте қаласақ боқтап та жаза береміз, бірақ елге біз жауап бермейміз. Қазір Ресеймен ашық конфликтіге баратын кез емес" деген Тайжан.

Ал желтоқсанның бесіне Мұхтар Тайжан қайта пост жазып, "Тоқаевтың аннексия жайлы сөзі қате болды. Украинаның наразылығы дұрыс. Аннексия туралы айтпай-ақ, бейтарап қалудың мың түрлі тәсілін табуға болар еді" деп, сұхбатта кеткен "қателікке" Тоқаевтың айналасындағы кейбір жоғары лауазымды қызметкерлерді айыптаған.

"ТАМАША СҰХБАТ ПА?"

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатында Қытайдағы этникалық қазақтарға жасалған қысымды "жекелеген оқиға" деп атап, қамау лагерлерін жоққа шығаруы және "пикетке жалғыз шыққандарды жазаламаймыз" деген пікірі де жұртшылық назарын аударды.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сұхбатты Германияға сапары қарсаңда бергеніне назар аударған.

"Германияға комплимент айта отырып, "митингілерді қатыгездікпен тарататын" батыс демократиясына тас лақтырғандай болды. Есесіне, Ресей мен Қытайға шектен тыс дифирамба айтып, Қырымның аннексияланғанына күмән келтіруге дейін барды. Бұған Украина кезекті наразылық нотасын жолдауы мүмкін. Қытайдағы "қайта тәрбиелейтін лагерьлерге" де күмән келтірді. Екінші президент, әрине ешқандай велосипед ойлап тапқан жоқ, бірінші президент те "шалбарының балағын түріп, демократияның соңынан жүгіретін ойы жоқ екенін" мәлімдеген болатын" деп жазды.

Әлеуметтік желі қолданушылардың кейбірі Тоқаев пен журналистің әңгімесіне "еркін форматта" өткен "тамаша сұхбат" деп баға берген.

"Журналист алдын ала келісілген сұрақтар қойған жоқ. Сұрағысы келгенін сұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай форматқа келісіп, ашық жауап берді. Ол мемлекет басшысы айтуға тиісті сөздерді айтты. Біреуге ұнап, біреуге ұнамауы мүмкін. Плюрализм деген осы емес пе?" деп жазады журналист Асқар Құмыран.

"Бір жыл ішінде елімдегі екі жайтқа екі рет ұялдым" деген желі қолданушы Айбек Юсуп болса Тоқаевтың биыл наурызда Астананың атын Нұр-Сұлтан етіп ауыстырғаны мен Deutsche Welle басылымына берген сұхбатын ұят іс деп санайды.

"Соңғы 15 жылда ештеңеге таңғалмайтындай болып едім. Бұл жолы билікке өзге адам келген соң өзгеріс бола ма деп күткендіктен таңғалып отырған шығармын" дейді ол.

Құқық қорғаушы Сергей Дуванов "Тоқаевтың Deutsche Welle журналисі Жанна Немцоваға берген сұхбатына пікір айтудың мәні жоқ. Ол Назарбаев президент креслосына отырғызған адам ретінде, қалай болғанда да президент бола алмаған адам ретінде айтуға тиісті сөзді айтты. Басқа нәрсе күтудің керегі жоқ. Тартымсыз, не айтылатыны аян, ертең-ақ ұмытылатыны белгілі әңгіме болды" деп жазған.

Ресей 2014 жылы көктемде Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап, Ресей федерациясының құрамындағы субъект деп жариялаған еді. Сол жылы сәуірде Украинаның Донецк және Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен Украина әскері арасында қарулы қақтығыс басталған. Содан бері ол соғыста 13 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Батыс елдері Ресейдің Украинаға қатысты іс-әрекетін айыптаған.

2014 жылы наурыздың 16-сы күні Қырымда Ресей күштерінің бақылауымен "референдум" өтіп, оның қорытындысы бойынша "халықтың 93 пайызы автономиялы республиканың Украинадан бөлініп, Ресейге қосылуын жақтағаны" жарияланған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі оны "халықтың өз қалауын еркін білдіруі" деп сипаттап, "Ресей федерациясының шешіміне түсіністікпен қарайтынын" мәлімдеген.

Он күннен кейін, наурыздың 27-сіне БҰҰ-да Украинаның аумақтық тұтастығын қолдау туралы резолюцияға дауыс беру кезінде Қазақстан қалыс қалған болатын.

2014 жылы Мәскеудің Қырымды аннексиялап алуына және Шығыс Украинадағы ресейшіл сепаратистерге қолдау білдіруіне байланысты Батыс елдері Ресейге бірнеше рет санкция салған.

2015 жылы ақпанда Минскіде Украинаның шығысындағы қақтығысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанымен, құжат шарттары әлі күнге толық орындалмай келеді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG