Accessibility links

Қазақстандағы "қос биліктің жартысы" және Лондондағы "Машкевич ісі"


Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы аптада халықаралық сараптама орталығы Қазақстандағы билік транзитінің ерекшеліктері мен президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдында тұрған ішкі-сыртқы сын-қатерлерді талдап шықты. Шетел басылымдары Лондонда "алаяқтық ісі" бойынша айыпталған қазақстандық миллиардер Александр Машкевичтің қызының соты жайлы жазды.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫЛАР ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТРАНЗИТ ТУРАЛЫ

Ұлыбританияның халықаралық қатынастар бойынша беделді сараптама орталығы – Chatham house "Қазақстан: транзит сынағы" (Kazakhstan: tested by transition) деп аталған зерттеу есебін жариялады. Онда Қазақстандағы билік транзитінің ерекшеліктері, елдің жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында тұрған ішкі-сыртқы сын-қатерлерді талдап шыққан.

Тәуелсіз сот жүйесін, лайықты бақылау билігі бар парламентті қалыптастыру және биліктің өзі құрметпен қарайтын конституцияны әзірлеу бойынша реформа жүрмеді


Сарапшылардың пікірінше, "Бұрынғы совет республикаларының ешқайсысы әлі басынан өткермеген мұндай ұрпақаралық транзиттің қаупі көп. 1991 жылғы тәуелсіздіктен бұрынғы уақыттан бері елде үстемдік етіп келген өз дәстүрін сақтап қалумен қоса, Назарбаев Қазақстанның өзі бастап берген бағыттан бұрылмай, күшейіп келе жатқан көптеген ішкі және сыртқы сын-қатерлер контексінде режимнің тұрақтылығын сақтап қалғанын қалайды".

Сарапшылардың айтуынша, ең үлкен ішкі қатер – елді басқару мәселесі. Назарбаев билігі тұсында біршама экономикалық жетістікке қол жеткенімен, саяси реформалар едәуір артта қалды. Әсіресе тәуелсіз сот жүйесін, лайықты бақылау билігі бар парламентті қалыптастыру және биліктің өзі құрметпен қарайтын конституцияны әзірлеу бойынша реформа жүрмеді. Оның орнына "Назарбаев өз өкілетін ұзартып, билігін нығайту үшін конституцияға жиі өзгеріс енгізді, сөйтіп жабық, бейресми саяси жүйе тұрақтады. Бұл институттық басқаруды, жалпы алғанда елдің дамуын тежеді" деп санайды сарапшылар.

Chatham house сараптамасына сенсек, "іс жүзінде Тоқаев президент ретінде алдыңғы президент қалыптастырған жүйедегі қос биліктің жартысы саналады". Бірақ оның алдында үлкен сын-қатер тұр. Ең алдымен ол халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөлетін үкімет құрып, ұзақмерзімді экономикалық мәселелерді шешіп, халықтың саяси жүйеге, экономикалық-саяси жағдайға деген наразылығын басуы тиіс. Бастысы – ол мұны "өзінің тым шектеулі билігінің аясында" орындауы қажет.

Полицейлер оппозициялық қозғалыс жетекшісі митинг орны ретінде белгілеген жерден ер адамды ұстап барады. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.
Полицейлер оппозициялық қозғалыс жетекшісі митинг орны ретінде белгілеген жерден ер адамды ұстап барады. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.

Сарапшылардың айтуынша, Тоқаев өз билігінің негізін қалауға тырысып жатқанымен, Назарбаевтың "ауқымды да орныққан билігінің кесірінен негізгі саяси не экономикалық реформалардың жүруі екіталай. Назарбаев саясаттың алдыңғы шебінен толық кеткен жағдайда ғана өзгерістің мүмкіндіктерін толық пайдалануға болады. Дегенмен мұны жүзеге асырудың мүмкіндігі көбіне саяси жүйенің нақты транзит кезеңінде қалай дамитынына байланысты болмақ".

Экономиканың да осал тұстары бар дейді мамандар. Қазба байлығының арқасында азаматтарының табысы ортадан жоғары елдер қатарына кірген Қазақстан аймақтағы экономикасы ең жақсы дамыған ел саналады.

"Бірақ постсоветтік жүйе мен осы жетістікке жеткізген табиғи байлық жаңа проблемаларды туғызды, ал бұл экономиканы әрі қарай дамытуға кедергі жасайды". Ол мәселелер – мемлекеттік мекемелер мен олардың холдинг компанияларының тым ерекше рөлі, жеке мүдделер араласқан тексеру институттарының әлсіздігі (әсіресе қаржы секторында), шығыны көп, тиімсіз сауда келісімдері және жемқорлық. Тұрғындардың сапалы жұмыс орындарына деген қажеттілігін өтеп, жылдам өзгеріп жатқан технологиялық дамуға, энергетика нарығының трансформациясына бейімделіп, Қытай мен Ресейдің күшейіп келе жатқан төтеп беру үшін Қазақстан осы мәселелердің бәрін шешуі тиіс делінген Chatham house есебінде.

Сарапшылардың айтуынша, жаңа президенттің келуі елдегі адам құқықтары төңірегіндегі ахуалды оңалтуға мүмкіндік береді. "Халықаралық келісімдер аясында да, өз конституциясы мен заңдарының шеңберінде де" саяси және азаматтық еркіндікті сақтай алмай отырған Қазақстан "басқарылған" сайлау өткізіп келеді, елде баспасөз және пікір бостандығына "де-юре және де-факто шектеулер қойылған". Оның үстіне үкіметке қарсы пікір білдіргендер қудаланады. Қатал заң азаматтардың жиналу бостандығына шек қояды, сондықтан бейбіт наразылықтар кезінде адамдар қамауға алынып, түрмеге жабылып жатады.

"Батыс үкіметтері адам құқықтары мәселесіне байланысты Қазақстанды қысымға алудан тартынып келеді, бұл биліктің жазасыздық сезімін одан сайын арттырып жіберді" деп жазылған есепте.

Дегенмен саяси транзит Қазақстанның адам құқығы ахуалын жақсартуына мүмкіндік беріп отыр. Оның үстіне президент Тоқаевтың өзі бұл жөнінде нақты уәделер берген. "Бұл үкіметтің шектеуші заңға өзгерістер енгізіп, азаматтық және заң аясында және іс жүзінде саяси еркіндікті кең көлемде пайдалануға жағдай жасап, азаматтардың күшейіп жатқан талаптарына, мұң-мұқтажына терең үңілуіне мүмкіндік берер еді", деп жазады сарапшылар.

Chatham house есебіне сенсек, биліктің ауысуына елдегі түрлі бірегей топтардың арасындағы үстемдік үшін күрес те әсер етеді. Қазір жүріп жатқан ауылдан қалаға көшу процесі де бұған ықпал етіп жатыр. Мигранттардың көбі жақсы өмірге қол жеткізе алмай, маргиналданып өмір сүріп жатыр.

"Мемлекетке жақындықты сезінбеген олар бірегейліктің этностық не рулық формаларына басымдық беруде. Орыс тілінің қолдану аясы тарылып бара жатқандықтан, бірегейліктің бұл формаларын қолдайтындар саны арта түсуі ықтимал" деп жазады сарапшылар. Олардың айтуынша, елде зайырлы және діни бірегейлікті қолдайтындар арасында кикілжің туындауы ықтимал. Оның үстіне ұлтшыл, популист топтарды жақтайтындар саны артып барады.

Сыртқы мәселелерге келгенде сарапшылар Қазақстанның Ресейден алшақтап, Орталық Азия елдеріне жақындай түскенін айтқан. Chatham house тұжырымы бойынша, Қазақстан өзін Орталық Азия мен Ресей арасындағы көпір емес, аймақтың бір бөлшегі ретінде қарастыра бастаған. Өзбекстанда биліктің ауысуы, Ресейге салынған экономикалық санкциялар аймақта интеграциялық процестерді жеделдете түскен. Дегенмен Қазақстан басшылығы Орталық Азиямен арадағы сауда Ресей, Қытай және Еуропамен арадағы сауда сияқты пайдалы емес екенін түсінеді, сондықтан, аймақтық экономикалық интеграцияны басымдық ретінде қарастырмайды. Қалай болғанда да, пост-Назарбаев дәуірінде Қазақстан Орталық Азиямен бұрынғыдан тығыз экономикалық ынтымақтастық орнатуға бет алады дейді сарапшылар.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Ташкенттегі Орталық Азия елдері басшылары саммитінде. 29 қараша 2019 жыл.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Ташкенттегі Орталық Азия елдері басшылары саммитінде. 29 қараша 2019 жыл.

"Көпвекторлы" саясаттың арқасында Қытаймен де, Ресеймен де жақсы қарым-қатынаста болған Қазақстанның бұл елдермен арада мәселелері де бар. Мәселен, екіжақты қарым-қатынас тұрағынан үкімет үшін басты мәселе – ол елдердегі этникалық қазақтардың ахуалы және олардың ұлт құру ісіндегі рөлі дейді мамандар.

ЛОНДОН СОТЫ АННА МАШКЕВИЧТІ ҚОЛДАМАДЫ

Ұлыбританияда шығатын Financial Times басылымы ENRC корпорациясының негізін қалаған олигархтардың бірі – Александр Машкевичтің қызының "алаяқтық ісі" бойынша айыпталуына қатысты ақпарат берді.

Қазақстандық миллиардер Александр Машкевич.
Қазақстандық миллиардер Александр Машкевич.

Басылымның жазуынша, Лондонның Жоғарғы соты Анна Машкевичтің алаяқтықпен күрес басқармасының өзіне қарсы айыптау шешімін жоққа шығару өтінішін қанағаттандырмаған. Басылымның жазуынша, Ұлыбританияның алаяқтықпен күрес басқармасының Қазақстанда кен өндірумен айналысатын ENRC-ге қарсы ісі – Лондонның азаматтық және қылмыстық соттарында көп талқыға негіз болған күрделі және ұзақ процестердің бірі.

Лондондағы ALM Services UK компаниясының директоры Анна Машкевич алты жылдан бері тергеліп жатқан ENRC ісі шеңберінде алаяқтықпен күрес агенттігі сұратқан құжаттарды бермеді деп айыпталған. Олигархтың қызы былтыр шілдеде өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтқан. Ал оның адвокаты Джеймс Люистің айтуынша, Машкевич ханым "әкесі жасауы мүмкін деген күнәларды өзіне артып отырғанына алаңдаушылық білдірген".

Financial Тimes-тың жазуынша, былтыр қарашада алаяқтықпен күрес басқармасы Александр Машкевичтен ENRC ісінің шеңберінде 2008 жылдан қазіргі кезге дейінгі құжаттарды беруді сұраған. Ол болса адвокаттарының кеңесіне сүйеніп, ENRC-ді тергеудің шеңберінен асып кететін бұл құжаттарды беруден бас тартқан.

Анна Машкевич - Лондонның алаяқтықпен күрес басқармасының ENRC-дің Қазақстандағы және Африкадағы іс-әрекетіне қатысты тергеуі бойынша айып тағып отырған жалғыз адамы. Оған қатысты сот ісі келер жылы болмақ. Айыбы дәлелденген жағдайда ол айыппұл төлеу не алты айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.

ҚҰЛЫБАЕВПЕН БАЙЛАНЫСҚАН ПРИНЦ ЭНДРЮ

Лондонда шығатын Guardian басылымы "Ұлыбритания патша әулетінің атына кір келтіріп жүр" деп жиі айыпталатын Йорк герцогы принц Эндрюдің басындағы дау-дамайларды, оның "күмәнді" адамдармен байланысын, әлемді кезіп, қыдыруға құмар екенін айтады.

Жақында ІІ Елизавета патшайымның ортаншы ұлы принц Эндрю "1990 жылдардағы дағдарыстан соң беделін біртіндеп қалпына келтіре бастаған" патша әулетінен алшақтап, ресми міндеттерінен бас тартты. Бұған оның "кәмелетке толмаған қыздарды жезөкшелікке тартты" деп айыпталған Джеффри Эпштейнмен жақын араласқаны себеп болған.

Бұған қоса принц Эндрюдің өткен аптада телеарнаға берген сұхбаты да оған деген құрметті одан сайын азайтып жіберген. Газеттің жазуынша, сол сұхбатында ол "еркінсіген, ақымақ әрі жүрексіз адам" болып көрінген.

"Британ халқы патша отбасының көп еркелігін кешіреді, бірақ кейінгі кезде байқалған дарақылығы мен өркөкіректігіне, әсіресе жалпы жұрттың игілігіне берілгендігі белгісіз адамдардың ақшасын жұмсауға құмарлығына ашуланады" деген Guardian осы кезге дейін Ұлыбританияның сауда елшісі болған принц Эндрюдің Қазақстанның экс-президентінің күйеубаласы Тимур Құлыбаевпен де байланысын еске салған.

"Әлемнің ең жақсы жерлеріне көбіне чартерлік рейспен қыдыруға құмар" ханзаданың жұмыс нәтижесі күмәнді болғанымен, "кездескен адамдар оны ренжіте қоймаған". "Солардың бірі – Қазақстанның бұрынғы диктаторының күйеубаласы Тимур Құлыбаев, ол Аскот маңындағы бос қалған үйді 2008 жылы сұраған бағасынан 3 миллион фунтқа қымбат баға – 15 миллион фунтқа сатып алған".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG