Accessibility links

Ерте сайлау: Заңнамалық қайшылықтар және билік "мұрасы"


Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев және елдің уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 20 наурыз 2019 жыл.

Сарапшылар кезектен тыс өтетін президент сайлауының заңнамаға сәйкестігін түрліше бағалайды. Бірақ олардың бәрі саяси қажеттілік туғанда мәселенің заңдық жағы кейінгі орынға ысырылып қалатынын айтады.

Сәуірдің 9-ы күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев маусымның 9-ы күні елде кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешімін жариялады. Мұндай шешімді көбі күтпеген еді. Президент сайлауы ерте өтеді деп болжағандардың өзі (желтоқсаннан ерте өтпейді деп болжаған) бұл шешімді тосын жаңалық ретінде қабылдады.

Кейбір сарапшылар президент сайлауын өткізу мерзіміне байланысты сайлау заңнамасының бұзылғанын тілге тиек етсе, кейбірі Конституция мен сайлау туралы конституциялық заң арасындағы қарама-қайшылық туралы сөз қозғайды, енді бірі жаңа президент сайланса да, ескі жүйе өзгермейді деп топшылайды.

ШЕШІЛЕТІН ЖӘНЕ ШЕШІЛМЕЙТІН ҚАЙШЫЛЫҚТАР

Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюро директоры Евгений Жовтис маусымның 9-ына белгіленген президент сайлауы жөнінде Азаттық тілшісіне берген сұхбатында сайлау туралы конституциялық заңның кейбір ережелері Конституцияға қайшы екенін айтты.

Оның пікірінше, мұндай қайшылық бір сәтте пайда болмаған. Конституциядағы сайлауға қатысы бар баптар бірнеше рет өзгерді, бұған қоса сайлау туралы заңның мазмұнына да өзгерістер енген.

Жовтистың айтуынша, заңнан гөрі саяси қажеттілікке көбірек басымдық бергендіктен сайлау туралы заңдағы кейбір ережелер Конституция табиғатына қайшы болып кетті.

— Осылайша Конституцияның 41-бабының 2-тармағында (2017 жылы, наурыздың 10-ы күні жарияланған) "туғаннан Қазақстан азаматы, 40 жастан асқан, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, соңғы 15 жылда мемлекетте тұрған және жоғары білімді адам Қазақстан президенті ретінде сайлана алады" деп көрсетілген. Үш айдан соң, 2017 жылы маусымның 15-і күні Сайлау туралы заңның 54-бабының 1-тармағына "президент болуға үміткердің мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымда бес жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі болуы керек" деген түзету енгізілді, - дейді Жовтис.

Жовтистың айтуынша, 2017 жылдың маусым айында сайлау туралы заңға енген өзгерістерге сәйкес, сайлауға кандидаттарды белгіленген тәртіп бойынша тіркелген республикалық қоғамдық бірлестік ұсына алады.

Конституцияда - бір талап, заңда басқа талап болмауы тиіс.

​— Менің ойымша, бұл тұтас Конституция болмысына қайшы нәрсе, себебі бұл жерде мәселе азаматтардың конституциялық сайлана алу құқығы жайлы болып отыр. Үміткерлерге қойылатын талаптар Конституцияда болуы керек. Конституцияда - бір талап, заңда басқа талап болмауы тиіс. Оның бәрі Конституцияда көрсетілуі керек еді. Бірақ олай болған жағдайда әлемнің бәрі бізге есуас сияқты қарайтын еді. Сондықтан билік оны сайлау туралы заңға "жасырып қойды", - дейді құқық қорғаушы.

Евгений Жовтис президент сайлауы мерзіміне қатысты сайлау заңнамасының қалай өзгергенін бақылағанын айтады. Оның пікірінше, мұның бәрі билікке заңға қайшы келтірмей амалын тауып, өз ойларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та соны пайдаланып, кенеттен кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдаған.

— 2011 жылы Конституцияның 41-бабына 3-1 тармақты қосты, онда "Кезектен тыс президент сайлауы президент шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі" деп жазылған. Яғни, 2011 жылдан бері президент кез келген негізге сүйене отырып, қалаған уақытында кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім шығару мүмкіндігін иеленді, - дейді Жовтис.

2011 жылы Сайлау туралы заңға "кезектен тыс президент сайлауын өткізу" туралы 66-1 бап қосылды.

Евгений Жовтис.
Евгений Жовтис.

— Президент сайлауы ережеге сай өткізіледі, ал шараны өткізу мерзімін сайлау комиссиясы анықтайды. Яғни, ерте сайлауға қатысты мерзім қолданылмайды. Бұл жерде бәрін орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Ол 2015 жылғы кезектен тыс сайлаудағыдай "өзіне ыңғайлы" әдіске көшуі мүмкін, сол кезде үміткерлерді ұсыну үшін 20 күн берген еді, - дейді Жовтис.

Жовтистың айтуынша, Сайлау туралы заңның 55-бабындағы норма бойынша, кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталар күні олардың саны екеуден аз болса, комиссия оларды ұсыну уақытын 20 күнге соза алады.

— Сол мерзімді қолдана отырып, 55-бапқа сүйенбейді, мерзім сайлау күнтізбесіне сай анықталады дейтін 66-1 бап жеткілікті. Сондықтан бұл жолы ешқандай қайшылық болмайды, себебі осы жолы ОСК үміткерлерді ұсынуға 20 күн берсе, сол уақыт сайлаудың заңды мерзімінен (маусымның 9-ына дейін) алынып тасталады, - дейді Жовтис.

МЕДИЦИНАЛЫҚ, САЯСИ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЛОГИКА ТУРАЛЫ

Үкіметте де, оппозиция қатарында да болып көрген 71 жастағы саяси сарапшы Петр Своиктың айтуынша, кейбір құқық қорғаушылардың сайлау заңнамасын қолдануға байланысты биліктің іс-қимылынан кемшілік табуға ұмтылуы жағдайды одан сайын тұралатып, билік транзитін одан әрі бекіте түседі. Себебі саяси логика заңнан жоғары тұр.

— Бұл ешкім күтпеген ерте сайлау. Бұл жерде заңнама сақтала ма, жоқ па деп емес, неліктен осылай болып жатыр деп бас қатыру керек. Процесті жылдамдатып тұрған күш бар сияқты. Алдымен мерзімінен бұрын отставка болды. Мерзімінен бұрын Мәскеуге барып келді. Бұл да өте маңызды: әлі сайланбаған президент Мәскеуге барды, сол жақта Путин екеуі тағы бірнеше рет кездесуге келісті (солай деп хабарлады), - дейді Петр Своик.

Петр Своик.
Петр Своик.

Своиктың айтуынша, қазір транзит процесі жылдам жүріп жатыр.

— Мұнда барлығы жылдам болып кетті. Мүмкін денсаулыққа қатысты субъективті жағдай болған шығар. Бәлкім, партияда мәселеге алаңдап отырған болуы мүмкін. Оларға көбірек уақыт берсе, өз ойындарын бастап кетуі мүмкін, сондықтан жылдамдатып жатыр, - дейді тәжірибелі саясаткер Своик.

Оның пікірінше, маусым айына жоспарланған ерте сайлауға қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев түседі және оның жеңетіні анық.

Егер Тоқаев аяқ астынан "Мен шаршадым, кетемін" десе, астана атауының өзгеруіне байланысты күмән пайда болады

— Бұл жерде бәрі анық. Елбасы отставкаға кетіп бара жатып Тоқаевты тағайындап кетті, ал ол дереу Астанаға Нұр-Сұлтан атауын берді. Тоқаев Назарбаевты тарихи тұрғыда сынамау міндетін өзіне алды, сондықтан олардың байланысы өте күшті. Назарбаев жаңа президенттің өз мұрасына қол тигізіп, қопармайтынына сенімді болды, - дейді Своик.

Саясаткердің айтуынша, мұның бәрі жай уәде емес.

— Бұл жерде тек сөз емес, ескерткіш орнату, даңғылдардың атауын ауыстыру сияқты көпке жария түрде шешімдер қабылданды, бұл екеуінің одағын бекітіп жатыр. Сондықтан оны тексерудің өзі үлкен күмән тудырады. Егер Тоқаев аяқ астынан "Мен шаршадым, кетемін. Менің орныма Иманғали [Тасмағамбетов] немесе Дариға [Назарбаева] болсын десе, астана атауының өзгеруіне байланысты күдік пайда болады, "неліктен басқарып үлгермеген адам кетіп барады, бірақ астанаға ат қойып кетті, егер ол уақытша болса, демек атауы да уақытша болғаны" дейміз. Осылайша бүкіл құрылымның берекесі қашады, - дейді Своик.

Своиктың айтуынша, егер жаңа президент ескі президенттің атын астанаға берсе, демек ол кем дегенде бір мерзім (бес жыл) болмаса 30 жыл отыруы тиіс. Сонда астананың атауы мәңгілік қалады, ешкім оны қайта өзгертуге тырыспайды.

Своиктың пікірінше, бұл тұрғыда Мәскеу де көп рөл ойнайды. Сайланбаған президент шұғыл түрде Мәскеуге ұшса, олар оны қабылдап жатса, демек, ол аралық фигура емес.

— Путинмен ешкім ойнамайды, алдымен мынаны жібереміз, бір айдан соң басқасы барады демейді. Сапарға келісер алдында Путин оның қаншалықты байсалды ұсыныс екенін тексеріп алды ғой. Сенімді екеніне көзі жеткен соң ғана сайланбаған президентті қабылдады, - дейді Своик.

Үшіншіден, назарбаевшыл "Нұр Отан" партиясының алдағы съезін ескеру керек, ол жерде де Тоқаев кері шегіне алмайды.

— "Нұр Отан" партиясының съезінде Тоқаевтың сайлауға түспеуін қалай түсіндіреді? Егер ол өзі бас тартса, оны қалай негіздейді? Қазір бас тартады екенсің, кезінде неге келістің? Қисынға қайшы келеді. Бірақ олай болмайды, бәрі әзірленіп қойды, - дейді Петр Своик.

ЕШТЕҢЕ ӨЗГЕРМЕЙ МЕ?

Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдауға ықпал еткен екі себепті атайды.

Досым Сатпаев.
Досым Сатпаев.

— Бірінші фактор – денсаулық. [Нұрсұлтан Назарбаевтың] өз еркімен отставкаға кетуі мен мерзімінен бұрын сайлау өткізуінен асығыстық байқалады. Неліктен? Себебі, бірінші президенттің дені сау, әрекетке қабілетті болса сайлауды оның бақылауымен өткізгенді бәрі қалайды. Оның жасын есепке алсақ күзге дейін күту қауіпті, - дейді Досым Сәтпаев.

Саясаттанушының пікірінше, екінші себеп – сайланбаған президент Тоқаевқа көпшілік өтпелі кезеңде отырған адам, президент міндетін атқарушы деп қарайды.

Алдымен, нақтылықты қалайтын элитаны алаңдатпауы үшін, одан соң бизнес-инвесторларды, сыртқы саясаттағы ойыншылардың көңілін орнықтыру үшін, оларға алдағы бес жылда Ақордаға басшылық ететін басшыны тезірек таныстыру керек. "Биліктің пікірінше, шиеленісті басуға бес жыл жеткілікті" дейді Сәтпаев.

Саясаттанушының пікірінше, "Конституцияға енгізілген түзетудің екіұшты болғанына қарамастан" Тоқаев та сайлауға қатысуы мүмкін.

— Менің ойымша, президенттің [Назарбаев] қашан кеткені, сайлаудың қашан болғаны, тіпті оның ізбасары кім болғаны маңызды емес, себебі екінші (енді үшінші) президент кім болса да ол адамның мұрасы ауыр болады. Оны мен "проблемаларды мұраға алу" деп атаймын, - дейді Досым Сәтпаев.

Сәтпаев алдағы президент сайлауы кезінде билікке жақпайтын кандидаттардың пайда болуы мүмкін емес деп санайды.

— Билік транзитке жақсы дайындалды, оппозициялық алаңды тазалап қойды. Белсенді азаматтардың бәрінен құтылды. Президенттіктен үміткерлерге қойылатын талаптар ішінде қызық тұстары бар. Өзін-өзі ұсынушылар арасынан күтпеген жерден мықты кандидат шықпауы үшін солай істеді, - дейді Сәтпаев.

Сәтпаевтың пікірінше, алдағы сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев президент болса да еш реформа болмайды, себебі ол егде жастағы адам, оның үстіне қалыптасқан жүйені бұзып, консерваторларға қарсы шығатындай "жауынгерлік рухы" жоқ.

— Ол дипломат адам, сондықтан бәрінің көңілінен шығады. Бұрынғы президенттің отбасы мүшелерінің басты міндеті – кво-стаусты барынша соза тұру. Әзербайжанды қараңыз, Илхам Әлиев бірнеше жылдан бері президент болып келеді. Не өзгерді? Ештеңе. Әкесінің билігі кезінде қандай болса, солай қалды. Жаңадан сайланған президент бірдеңе өзгерте бастаса жүйе жүрісінен жаңылады, дисбаланс орнайды, Назарбаевтың отбасы мүшелері одан қорқады, - дейді Сәтпаев.

Президент сайлауының мерзіміне байланысты "Сайлау туралы заңнама бұзылды ма?" деген сұраққа Сәтпаев "Қазақстанда Сайлау туралы конститутциялық заң Конституцияның өзінен жоғары болып шықты" дейді.

Конституциядан заңды жоғары қою – Қазақстанға тән жағдай, Сайлау туралы конституциялық заңға кезінде азаматтардың таңдау жасау және сайлану туралы конституциялық құқығын бұзатын тармақтар жазылды.

— Конституциядан заңды жоғары қою – Қазақстанға тән жағдай, Сайлау туралы конституциялық заңға кезінде азаматтардың таңдау жасау және сайлану туралы конституциялық құқығын бұзатын тармақтар жазылды. Екі ай ғана қалған мерзімінен бұрын өтетін сайлауды айтпай-ақ қояйын. Билік сайлау туралы заңға бірнеше тармақ енгізді, оған сәйкес басқа елдердегі сияқты өзін-өзі ұсынушылар шықпайтын болды, - дейді Сәтпаев.

Назарбаевшыл Қазақстан Коммунистік халық партиясының (ҚКХП) бейресми басшысы, мәжіліс депутаты Владислав Косарев мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешімді қолдайтынын айтты, себебі елді "президент міндетін атқарушы" адам мен сайланған президенттің басқаруы екі бөлек нәрсе.

Косаревтың пікірінше, маусымның 9-ы күні мерзімінен бұрын сайлау өткізу - сайлау заңына қайшы емес. ҚКХП сәуірдің 26-сы күні өз съезінде сайлауға қатысатын үміткерін ұсынбақ.

Косарев өзінің президент сайлауына қатыспайтынын айтты. Оның айтуынша, мемлекеттік тілді жақсы білетін және басқа талаптарға сай адам керек, ондай кандидаттар партияда бар.

АРАЛЫҚ ПРЕЗИДЕНТ

Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздың 19-ы күні Нұрсұлтан Назарбаев мерзімінен бұрын отставкаға кету туралы шешімін жариялаған соң 20 наурызда уақытша президент өкілетіне кірісті. Назарбаев Тоқаевтың "қазіргі президенттік мандат мерзімі аяқталғанша" (2020 жылдың сәуіріне дейін) президент міндетін атқаратынын айтқан еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаевтың бірінші бастамасы сенат мүшесі әрі Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваны жоғары палата спикері лауазымына ұсыну және астана атауын экс-президенттің құрметіне Нұр-Сұлтан деп ауыстыру болды. Парламент екі ұсынысты да бірауыздан қолдады. Наурыздың 23-і күні уақытша президент Астананы Нұр-Сұлтанға айналдыру туралы жарлыққа қол қойды.

Қазақстанның уақытша президенті ретінде Тоқаев бір рет шетелге сапарға шықты, сәуірдің 3-4 күндері Ресейде болып, президент Владимир Путинмен кездесті. Путин келіссөз кезінде Қазақстанға "ресейлік технологияға сай" АЭС салу үшін көмектесуге әзір екенін айтты.

Сейсенбі, сәуірдің 9-ы күні Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жасаған үндеуінде (мемлекеттік телеарналар көрсетті) маусымның 9-ы күні сайлау болатынын айтты. Уақытша президент "бұлыңғырлықты жойып", "сабақтастық пен тұрақтылықты сақтау үшін" сайлау өткізу "өте қажет" деді.

Қазақстанда президент сайлауы 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылдары өтті. Олардың бәрінде Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жетті.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG