Accessibility links

Қазақстандағы "үнсіз көктем", параллель билік және Әблязов


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтандағы Астана Арена стадионында ойын тамашалап отыр. 24 наурыз 2019 жыл.

Осы аптада халықаралық басылымдар Қазақстандағы соңғы саяси оқиғаларға баға берген. Президент ауысса да, ескі жүйе өзгермегенін тілге тиек еткен басылымдар алдағы сайлауда ел басшысын халық емес, Назарбаев таңдайтынын жазады. Басылымдар сонымен бірге Дариға Назарбаеваның саяси портретін де жасауға тырысқан. Әлемдік БАҚ бұған қоса, Брюссельде тұсаукесері өткен қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов жайлы кітап жарыққа шыққанын жазған.

Ұлыбританияда шығатын The Economist журналы “Үнсіз көктем” деп атаған мақалада Қазақстандағы соңғы саяси оқиғаларға өз тұрғысынан баға берген.

Мақала авторы "Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш президент - Елбасы атағын алғаннан соң Қазақстанда президенттіктен де жоғары жаңа билік құрылымы қалыптасты" деп санайды.

“Бақылау Тоқаев мырзаға түгелімен де, тіпті бір бөлігімен де ауысқан жоқ. “Тұңғыш президент” және “Елбасы” іс жүзінде параллель билік құрылымын қалыптастырды. Ең алдымен ол Қауіпсіздік кеңесінің басшысы ретінде әскер мен арнайы қызметке бақылау жасайды. Осы аптада Баньян (журнал тілшісі - ред.) Астанада (Нұр-Сұлтанда - ред.) анықтағанындай, [Назарбаев] қабылдауына шақырса, министрлер графиктерін өзгертуге тиіс екен. Осындай билікті сақтап қалған Назарбаев болашақты бақылауда ұстап отыр” деп жазады журнал.

Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Қасым-Жомарт Тоқаев. 2011 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Қасым-Жомарт Тоқаев. 2011 жыл.

“Қызметінде отырса да, отырмаса да, Назарбаев сайлаушыларға таңдау беретінге ұқсамайды. Ұйымдасқан оппозиция баяғыда талқандалған, соңғы кездері еркін ойлыларды қуғындау өршіп кетті... Маусымдағы нәтижесі аян сайлауға барлығы дайын сияқты...” деп жазды автор.

Сайлауда жетіспей тұрған жалғыз деталь — президенттікке ұсынылатын кандидаттың есімі. The Economist тілшісінің айтуынша, билік үшін елбасының үлкен қызы — Дариға Назарбаевамен салыстырғанда, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы дұрысырақ.

“Қазақстандағы билік жеке адамдарға негізделгендіктен, Назарбаев мырзаның орнына туысқаны келе ме деп ойлау — қалыпты нәрсе. Дегенмен болжам тым көп сияқты. Егер Назарбаева ханымды билікке дайындап жүрсе, қамқор әкесі неге осы кезге дейін оның басқару саласында тәжірибе жинауына көмектеспеді? Бұған қоса, оның кісі өлтіріп, адам ұрлаған, Австрия түрмесінде қаза тапқан бұрынғы салық мекемесінің басшысы Рахат Әлиевпен некеде болғаны әкесі үшін оған қарсы аргумент болатыны рас. Қарапайым азаматтар үшін де солай болары анық” дейді тілші.

Сондықтан Тоқаев — президент болуға ең ыңғайлы тұлға дейді автор.

“Күңгірт көзәйнек таққан, қуаңқы өңді ол — “аппаратчиктің ішіндегі аппаратчик”. Назарбаевтың айналасындағылар үшін олигархтардың ешқайсысымен байланысы болмауы — жұмсақ мінезді Тоқаев үшін үлкен плюс. Назарбаев оларға игілікті сақтықпен бөліп беріп, қайтарымына қолдау алып отырды. Әрі білікті дипломат ретінде Тоқаев басты көршілер — Ресеймен және Қытаймен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысады” дейді The Economist.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алайда бұл таңдау ештеңені шешпейді дейді автор. Элита ішіндегі Тоқаевтың билігі тек Назарбаевтың қолдауымен ғана жүреді, елбасы кетсе, барлығы өзгереді.

“Демек, Тоқаев мырзаны ықпалдылардың арасындағы нәзік, бәлкім тұрақсыз балансқа қатер төндіріп, өз бағытын бастаудан тартынтып тұрған не нәрсе?” деп сауал тастаған тілші халықтың ең төменгі топтарының көңіл-күйі өзгеріп жатыр дейді.

“...Артық сөйлемеуді үйренген қоғамда Тоқаевтың Астана атауын өзгерту шешімі қатты сынға ұшырады. Даңғаза мен жылтырақтың жүректі айнытатын қосындысы, Назарбаев өзіне ескерткіш ретінде салған астана енді Нұр-Сұлтан деп аталады. Сыншылардың айтуынша, тіпті Солтүстік Кореядағы Ким династиясы бұлай қатты кетпеген. Құрмет кеткен соң үрей де ұзаққа созылмайды” деп журналист мақаласын астарлы сөзбен аяқтаған.

Америкалық Wall Street Journal басылымы да Қазақстандағы билік транзиті мен сайлау тақырыбын сараптай келе, басқа кандидаттардың арасында қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлану мүмкіндігі жоғары деген қорытындыға келеді. Дегенмен тіпті транзит процесінен кейін де жаңа президенттің әрекетін Н.Назарбаев сыртынан қадағалап отырады дейді журналист.

“Сарапшылардың көбі Назарбаев келесі президентті өзі таңдайды, сондықтан бұл сайлау жай ғана формалдылық болады деп санайды” дейді WSJ.

Америкалық басылым да халықтың жұрт пікірімен санаспай, астана атауын жедел түрде өзгертуге қарсылық білдіргенін жазады.

“Бұл наразылық — өмір сапасының төмендеуіне және үкіметтегі жемқорлық пен сенімсіздікке қарсы былтыр басталған шерулер тізбегінің жалғасы”.

Видео: "Нұрсұлтан" атауына қарсы тұрғынды полиция ұстады

"Нұрсұлтан" атауына қарсы тұрғынды полиция ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:41 0:00

“Саяси статус-кво халыққа жақпағанымен, алдағы транзит элиталық топтар арасында, соның ішінде Назарбаевтың екі қызының отбасылары арасында тұрақтылықты сақтауға бар күшін салады” дейді тілші.

Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динараны “Қазақстандағы ең бай адамдардың бірінің әйелі” деп сипаттаған журналист оның отбасын “әуесқой опера әншісі”, “Большой театрында, Мәскеудің саяси элитасының алдында ән салған” Дариға Назарбаеваға қарсы қояды.

“Әкесінің отставкасынан соң сенат төрайымы болып сайланған ол (Дариға Назарбаева - ред.) өзін сайлаудағы басты кандидат ретінде белсенді түрде дәріптеп жүр” деп тұжырым жасайды журналист.

“Дегенмен, көпшілік Тоқаевты Назарбаевтың батасын алуға көбірек мүмкіндігі бар адам деп санайды. Себебі, ол елдің сақтықпен бөлінген бизнес және саяси мүдделерін қозғамайтын бейтарап тұлға” деп санайды Wall Street Journal.

"НАЗАРБАЕВА ӘКЕСІНІҢ КӨМЕГІНСІЗ БИЛІК ТЕТІКТЕРІН САҚТАП ҚАЛА АЛМАЙДЫ"

The Diplomat басылымына сұхбат берген Aperio Intelligence корпоративтік консталтинг ұйымының Франциядағы бөлімшесінің басшысы Джордж Волошин Қазақстан сенатының төрайымы Дариға Назарбаеваның саяси портретін жасаған.

“Меніңше, оны билікті иемдену құқығы бойынша жаңа президент Тоқаевтан кейін қоюдағы басты мақсат — 2020 жылға белгіленген сайлауға дейін Тоқаевқа бірдеңе бола қалса, жоғары билікті Назарбаев отбасының қолында қалдыру. Нақтырақ айтсақ, отбасы дегеннен гөрі, мұндағы мақсат — билікті сенімді адамға беру” дейді Волошин.

Сенат төрайымы Дариға Назарбаева жоғары палата отырысында. 26 наурыз 2019 жыл.
Сенат төрайымы Дариға Назарбаева жоғары палата отырысында. 26 наурыз 2019 жыл.

Сарапшы саяси өмір жолында Назарбаеваның есте қаларлық ештеңе істемегенін айтады.

“Саясаттағы ұзақ карьерасына қарамастан, оның қандай да бір бастама, заң не бағдарламамен есте қалған кезін таба қою қиын. Қоғам да, элита да оны үнемі Назарбаев кланының көрнекті өкілі деп санап келеді және медиа ұзақтан бері оны басқа атағынан бұрын “президенттің үлкен қызы” деп атайды” дейді сарапшы.

“Тоқаевтың президенттік мерзімі аяқталған соң Назарбаеваның президент болу мүмкіндігі туралы айтар болсақ, ол Назарбаев жүйесінің кез келген жоғары лауазымды өкілі кезігетін проблемаға тап болады. Оның жағдайында ескі “багаждың” салмағы тым ауыр, себебі ол — президенттің қызы. Кейбіреулер әйел болғандықтан, оның мүмкіндігі аз дейді, мен бұл пікірмен келіспеймін. Оның басты осал тұстары — ескі жүйенің қалдығы ретінде қарастырылуы, саяси истеблишментте көп қарсыластарының болуы және оның әулетінің экономикалық ресурстардың қомақты бөлігіне бақылау жасауы, ал бұл элита ішіндегі дау-дамайға себеп” дейді Волошин.

Сарапшының айтуынша, Назарбаев болмаса, Дариға Назарбаева ел басқару тетіктерін қолында ұстай алмайды. Сондықтан “Назарбаев өз кланының жұртқа онша белгілі емес бір мүшесін немесе өзі сенім артатын жастау біреуді сырттан таңдауға тырысады” деп болжайды сарапшы.

ОРЫСТАР КӨПТЕП КӨШЕ БАСТАДЫ МА?

Америкалық Jamestown зерттеу орталығының Eurasia Daily Monitor басылымы Назарбаевтың отставкасынан кейін Қазақстандағы орыстардың болашаққа деген сенімі азайып, олар елден кете бастайды деген болжам айтады. Бұған себеп — “Орталық Азиядағы совет заманынан келе жатқан жалғыз басшы елдегі ұлтаралық үйлесімнің кепілі болатын”, ал “жаңа басшылық орыс ұлты мен қазақ ұлтының мүдделері арасында тепе-теңдік сақтауға ол сияқты құлшынып тұрған жоқ сияқты”.

“Мұның орнына жаңа саяси элита “алдымен — қазақтар” ұстанымын көбірек қолдайтын сияқты, ал бұл орыс этносын қобалжытады. Соның нәтижесінде алдағы айларда маңызды этностық азшылық — орыстардың сыртқа көшуі үдей түсетін тәрізді, ал бұл Қазақстанды бұрын-соңды болмаған деңгейде “қазақыландырып”, үкіметтің азайып бара жатқан орыс қауымдастығына барған сайын аз көңіл бөлуге алып келеді” деп жазады сарапшы Пол Гобл.

Игорь Переверзев есімді азаматтың пікіріне сүйенген сарапшы Қазақстандағы орыстар мен орыстілділерді Назарбаевтың биліктен “кетуі” емес, Астана қаласының “Нұр-Сұлтан” болып өзгеруі қатты қобалжытты дейді. “...Жаңа есім “Шығысқа” өте жақын, сондықтан жұрттың көбі мұны жаңа басшылықтың оларға [орыстар мен орыстілділерге] “кететін уақыт келді” дегенді меңзеуі деп түсінді”.

Пол Гоблдың жазуынша, орыстардың сыртқа көшуі жалғаса берсе, алдағы онжылдықта олардың үлес салмағы қазіргі 25 пайыздан 10 пайызға азаймақ. Сонда ол “Совет басшылығы әу баста құрған екіұлтты республика емес, нағыз Орталық Азия еліне айналмақ”.

Сарапшы орыстар мен орыстілділердің қазіргі қобалжуын 1990 жылдардағы жағдаймен салыстырады. Сол кезде орыстардың үдере көшуінің ел экономикасына келтірер залалын, Мәскеумен қарым-қатынасқа тигізер салқынын ескерген Назарбаев оларға ерекше көңіл бөлген дейді сарапшы. Оның айтуынша, Назарбаевтың орнына келетін мұрагерлердің ол сияқты “советтік тәжірибесі” жоқ, оның үстіне Қазақстан да ол билікке келген кездегіден әлдеқайда “қазақы”.

"ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ БАЙ АЛАЯҚ" ТУРАЛЫ КІТАП

Сәуірдің 2-cінде Брюссельдегі баспасөз орталығында британдық автор, EU Today сайтының редакторы Гэри Картрайттың “Іздеудегі адам: Мұхтар Әблязовтің оқиғасы” атты кітабының тұсаукесері өтті. EU Today сайтының өзі кітапты лондондық Evenining Standard “әлемдегі ең бай алаяқ” деп атаған "адамның таңқаларлық оқиғасы” деп бағалайды.

Әблязовтің өмірбаяны негізінде жазылған кітапта оның Оңтүстік Қазақстан облысында туған кезінен бастап Франциядағы түрмеге түскенге дейінгі тағдыры деректер негізінде талқыланады. EU Today сайтындағы шолуға сенсек, автор оны оппозиция серкесінен гөрі "әккі қылмыскер, қаржы ұрлауды меңгерген алаяқ" ретінде көбірек сипаттайды.

Өзін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарсыласы ретінде атайтын, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов.
Өзін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарсыласы ретінде атайтын, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов.

Қазақстандағы ірі қаржы институты — BTA банкінің төрағасы болған тұста ол 10 миллиард долларға дейін ақша ұрлаған деген дерек бар, бірақ автор кітапта 7,6 миллиард доллар деген соманы атаған. Автордың айтуынша, оның кесірінен Royal Bank of Scotland 1,8 миллиард доллар болатын зейнетақы қорынан айырылған.

Оның айтуынша, Әблязовтің оқиғасы “мұның іскерлік әлемдегі жалғыз қылмыс еместігін, Қазақстанның ықпалды ұйымдасқан қылмыстық топтары соңғы жиырма жылда мұндағы өсімді пайдаланып, өте жақсы ұйымдасқан қылмыстық синдикат құрып, жаппай ақша заңдастыра алғанын” дәлелдеуге септігін тигізеді деп үміттенеді.

Картрайттың айтуынша, Әблязовтің Брюссельде белсенді жұмыс істеп жатқан “Ашық диалог” (ODF) қоғамдық ұйымы ақшаны заңдастырудың басты құралы саналады. “ODF құқық қорғаумен біршама айналысып жатыр, бірақ олардың көбі — еріктілер” деді Картрайт.

Автордың айтуынша, Әблязов Бельгия үкіметімен сол елдің азаматтығын алу туралы келіссөз жүргізіп жатуы мүмкін дейді. Бұл үшін ол Бельгия ресми тұлғаларының Қазақстанда құпия келісімдер жасамақ болған әрекетіне қатысты куәлік беруге келісуі мүмкін дейді автор.

Қазақстандық БТА банкінің директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы, бұрынғы энергетика, индустрия және сауда министрі Мұхтар Әблязов қазір шетелде тұрып жатыр. Қазақстанда оған іздеу жарияланған, сырттай екі рет сот үкімі шыққан. Екеуінде де сот оны ұзақ жылға бас бостандығынан айырған.

Әблязов елде "экстремистік ұйым" деп танылған және қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрған. Әблязовтың өзі барлық айыптарды жоққа шығарып, айыптың саяси астары барын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG