Accessibility links

Зерттеу: "Африкадағы журналистердің өліміне Вагнер тобының қатысы бар"


Бизнесмен Михаил Ходорковский
Бизнесмен Михаил Ходорковский

Бизнесмен Михаил Ходорковский және ол құрған "Досье" орталығы Орталық Африка Республикасындағы (ОАР) ресейлік үш журналистің өліміне қатысты жүргізген зерттеудің алдын ала қорытындысын жариялады.

Зерттеушілер журналистер Орхан Джемаль, Александр Расторгуев және Кирилл Радченконың өліміне бизнесмен Евгений Пригожиннің қоластында істейтін ресейліктер мен ОАР жандармерия қызметкерлерінің қатысы бар деген қорытынды жасаған.

АФРИКАДА ЖУРНАЛИСТЕРДІ КІМ АҢДЫДЫ?

Зерттеушілер журналистер жалдаған көлік жүргізуші Бьенвеню Ндувокаманың телефон биллингін (телефонның қалай қолданылғаны туралы дерек беретін жүйе) таптық дейді. Сапар алдында жүргізуші басқаның атына рәсімделген сим-картаны іске қосқан. Тексерген кезде оны телефонына салған. Осылайша оның екінші нөмірі мен шын аты-жөні анықталған.

"Досье" орталығы өкілдері көлік жүргізушінің хабарласу деректеріне ерекше назар аударады: жүргізуші кем дегенде 47 рет ОАР жандармериясының жоғары лауазымды өкілі Эмманюэль Котофиомен сөйлескен. Зерттеушілер көлік жүргізушінің Котофиоға журналистердің жүрген жолын сәт сайын хабарлап отырған деп санайды. Бьенвеню Ндувокаманың өзі де бұрын жандармерияда жұмыс істеген.

Қаза тапқан ресейлік журналистердің суреттері
Қаза тапқан ресейлік журналистердің суреттері

Биллингке сәйкес, Котофио ресейлік журналистерді өлтіретін күні де оларды аңдыған. "Досье" орталығының пікірінше, "ол кем дегенде журналистер өлтірілген маңнан алыс емес жерде болған".

Ресейлік журналистер өткен бақылау-өткізу бекетінде кезекші болған әскерилер қылмыс болмай тұрып бір сағат бұрын сол бекеттен Котофио мен екі африкалық және үш еуропалық отырған автокөліктің өткенін айтқан. Үш ресейліктің өлімінен соң сол көлік жолаушыларымен бірге жарты сағаттан соң кері өткен.

Журналистер стрингер әрі БҰҰ-ның ОАР-дағы қызметкері деп атаған "Мартин" есімді адамның кім екенін зерттеушілер әзірге анықтай алмаған. "Мартинді" ресейлік бизнесмен Евгений Пригожиннің РИА "ФАН" агенттігінде істейтін Кирилл Романовский ұсынған.

МҰНЫҢ БӘРІ "ЧВК ВАГНЕР" ЖӘНЕ ПРИГОЖИНМЕН ҚАЛАЙ БАЙЛАНЫСТЫ?

"Досье" орталығының өкілдері жандармерия өкілі Котофионың ресейлік "М-Финанс" компаниясының қызметкері Александр Сотовпен үнемі байланыста болған деп санайды. Өз кезегінде, Сотов "М-Финанстың" тағы бір қызметкері, ОАР президентінің кеңесшісі Валерий Захаровпен де тығыз байланыста болған.

"М-Финанс" компаниясы – бизнесмен Евгений Пригожинге қарайтын құрылымдардың бірі. Кәсіпкерді "ЧВК Вагнер" тобымен байланыстырады. (Вагнер тобы немесе "ЧВК Вагнер" - жеке әскери топ. Олар Украина, Сириядағы соғыстарға қатысты деген дерек бар - ашық дереккөздерінен алынған)

"Досье" орталығының қолында Сотовтың атынан берілген сенімхат бар, онда "Нұсқаушы" деген лауазым көрсетілген және "ЧАК Вагнер"-дің әр жалдамалысына тағайындалған жеке нөмір бар. Жалақы берілетін адамдар тізімінде Захаров та, Сотов та бар.

Валерий Захаровтың жетон нөмірі М-5658, лауазымы "Нұсқаушылар тобының жетекшісі". Александр Сотовтың жетон нөмірі М-5661, "Сырттай бақылау, контрбақылау, адам тарту, агент жұмысы" деп жазылған.

Біріншісінің жалақысы – 300 мың (болжаммен, рубль), екіншісінікі – 200 мың. Жалақыны алу айы көрсетілмеген. Украинаның қауіпсіздік басқармасындағы құпия дереккөз "Настоящее время" сайтына "М-Финанс"-тың ішкі құжаттарынан алынған осыған ұқсас тізімді көрсетті.

"Қауіпсіздік қызметі" деген белгісі бар тізімде Захаров та, Сотов та жоғарыда аталған жалақысымен көрсетілген, 2018 жылдың тамыз айында олар өзге 11 қызметкермен бірге іссапарда болған. Захаров та, Сотов та әр уақытта бір телефон аппаратын қолданған, бірақ сим-карталар басқа адамдардың атына тіркелген.

Биллинг деректеріне сүйкенген "Досье" орталығы шілде-тамыз айларында осы телефонға Эмманюэль Котофионың кем дегенде 100 рет қоңырау шалғанын айтады.

"М-Финанс" толықтай жергілікті Lobaye Invest фирмасына қарайды, ол ОАР-да 385 шаршы шақырым жерде алтын барлауға рұқсат алған. Lobaye Invest директоры - Дмитрий Сергеевич Сытый.

"Досье" орталығының мәліметінше, Сытый ОАР-дағы Ресей елшілігімен хат жазысқан: қаза тапқан журналистердің жеке заттарына қатысты нұсқаулық берген.

Эмманюэль Котофионың ресейлік нұсқаушылардың жетекшілігімен Суданда білім алғаны анықталды. Ресейлік журналистер қаза тапқан соң оның қызметі жоғарылады. ОАР-да "Досье" орталығына жұмыс істейтін журналистер Котофионың ресейлік нұсқаушылармен әркез қарым-қатынас жасайтынын айтады.

РЕСМИ БОЛЖАМ ЖӘНЕ КҮМӘН

Ресейдің ресми тұлғалары ресейлік журналистерді тонау кезінде өлтірді деген қорытынды жасады.

"Ресейліктерге белгісіз біреулер тонау мақсатында шабуыл жасаған, оларға қарсылық көрсетеміз деп опат болған" деп мәлімдеді 2018 жылдың тамыз айында СІМ ресми өкілі Мария Захарова.

Журналистердің өлімі жайлы сұрақ баспасөз конференциясында Ресей президенті Владимир Путинге де қойылды.

"Білуімше, жергілікті топ шабуыл жасаған, Африкада журналистердің өліміне қатысты нақты дерек жоқ" деді Путин.

"Досье" орталығының дерегінше, "тонамақ болды" деген болжам шындыққа сай келмейді: журналистер жүрген көлікте Орхан Джемальдің ноутбугы мен жалпы құны бірнеше мың доллар болатын басқа да техникалық құралдар қалған.

"2018 жылдың желтоқсанында заттардың бәрі жандармерияда болды" дейді "Досье" орталығының қызметкері Екатерина Крекова. Оның айтуынша, көлікте видеотіркегіш болған, ол жабдықтар тізімінде болған және қылмыс орнынан түсірілген суреттерден де көрінеді, бірақ кейін жоғалып кеткен.

РЕСЕЙЛІК ЖУРНАЛИСТЕР ҚАЛАЙ ОПАТ БОЛДЫ?

ОАР астанасы Банги қаласына Орхан Джемаль, Александр Расторгуев және Кирилл Радченко 2018 жылы шілденің 28-і, сенбі күні таңертең ұшып келген. Олар бұл елге ресейлік "Вагнер" жеке меншік әскери компаниясы туралы деректі фильм түсіруге барған.

"Ресейлік жалдамалылар ОАР FACA ұлттық армиясын оқытып жатыр" деген Беренго базасына журналистер кіре алмаған, олардан ОАР Қорғаныс министрлігінің рұқсатын талап еткен.

Солдан оңға қарай: Александр Расторгуев, Кирилл Радченко және Орхан Джемаль
Солдан оңға қарай: Александр Расторгуев, Кирилл Радченко және Орхан Джемаль

Бұдан соң журналистер Бамбари қаласына барып, ОАР-дағы БҰҰ құрылымы қызметкері (MINUSCO) – фиксермен кездесуді жоспарлайды. Ол ОАР-дағы ресейлік әскери нұсқаушылардың жағдайына қатысты ақпарат беруге тиіс болатын, Ndassima алтын қазба орнын түсіруге көмектеспек еді және Бангиде жазба арқылы сөйлесуге дайын ресми тұлғалардың байланыс дерегін беремін деп уәде еткен.

Бірақ журналистерді шілденің 30-ы күні Бангиден 180 км қашықтықта автомат қарумен өлтіріп кетті. Трагедия болған жер Сибю мен Кага-Бандоро елді мекендері арасында орналасқан.

Джемаль, Расторгуев және Радченко ОАР-ға туристік визамен барған, ресейлік елшілік пен консулдықта аккредитация жасамаған. Себебі олар "ЧВК Вагнер" тобын зерттемек болған. Жобаны Михаил Ходорковский қаржыландырған.

Зерттеу қорытындысын таныстыру кезінде Михаил Ходорковский журналистерді қалай өлтіргендерін айтты.

"Оларды тоқтатып, сөйлеспек болады. Әңгіме жараспайды. Орхан төбелес бастайды. Төбелес кезінде ол жараланады, содан соң оны атып өлтіреді. Радченко қашып кетуге тырысады, бірақ оны ұрып, атып тастайды. Расторгуевді жүректен атады. Өлтірушілер оқиғадан соң 30 минут өткенде бақылау-өткізу бекетінен кері өтеді. Біз Пригожин мен Захаров мырзалар журналистерді аңдыған кәсіби мамандарды жалдады деп санаймыз" деді Ходорковский.

"Олар өлтіруді жоспарламаған, бірақ солай болуы мүмкін екенін болжады, сондықтан алдын ала сақтанып тасада жүрді" деді Ходорковский.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG