Accessibility links

"Билік халықтың жеңісін ұрлады". Сарапшылар Беларусьтегі жағдай жайлы не дейді?


Минскідегі наразылық. 9 тамыз 2020 жыл.
Минскідегі наразылық. 9 тамыз 2020 жыл.

Беларусь орталық сайлау комиссиясы 9 тамызда өткен президент сайлауының ресми нәтижесін жариялап, қазіргі президенті Александр Лукашенконың 80,23% дауыс алғанын, оның басты қарсыласы Светлана Тихановская 9,9% дауыс иеленгенін хабарлады. Елде сайлау учаскелері жабылып, экзит-полл Лукашенконың көп дауыс иеленгенін хабарлаған соң елде жаппай наразылық күшейді. Арнайы жасақ наразыларды күшпен қуып, ондаған адам жараланды. Құқық қорғаушылар бір адамның қаза болғаны да хабарлады. “Настоящее время” мен Азаттықтың Беларусь қызметіне сұхбат берген сарапшылар Лукашенко билігі халықтың жеңісі мен дауысын ұрлады деп санайды.

Тихановская ресми нәтижені мойындамайтынын мәлімдеп, өзін жеңімпаз деп жариялады. Ол Орталық сайлау комиссиясына дауыс беруді заңсыз деп тануды талап етіп, шағым түсірді.

Ал Лукашенко "жұртқа мереке ұйымдастырғымыз келген, бірақ біреулер мерекені бұзғысы келді" деп мәлімдеді.

"Біз шетелден телефон шалғандарды анықтадық. Польшадан, Ұлыбританиядан, Чехиядан қоңырау шалып, біздікілерді, кешірім өтінем, малдарды басқарған. Жұрт не істеп жатқандарын білмейді, мұны пайдаланып басқарушылар шыға келді. Арнайы жасақтың 25 өкілі жараланған. Аяқ-қолдары сынған. Оларды әдейі ұрған. Арнайы жасақ та жауап қатқан. Сол жерде жылап тұруы керек пе еді?" деді ол.

Лукашенко "елде майдан болмайтынын", билік "елдің шырқын бұзуға жол бермейтінін" де айтып қалды.

Беларусьтік және ресейлік сарапшылар Беларусь билігінің нәтижеге өздері сенбейтінін, қазіргі режим қиын жағдайға тап болғанын айтады.

Сергей Чалый, беларусьтік экономист:

Барлығымыз көшедегі наразы жұртты автозак таптағанын көрдік. Жараланғандар бары айтылды. Құлақ тұндыратын граната, көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ қолданды. Сайлауда 80% дауыс алған адам өзін бұлай ұстамаса керек. [Билік өзінің айтқан цифрына] өзі сенбейді. Олар сайлау кампаниясы басталғанда-ақ сенбеген. Күштік құрылымдар сайлау кампаниясын бір жарым ай бұрын қолына алғанда Лукашенко Әндіжандағы оқиға туралы, қан төгілетіні туралы ғана айтты. Ешкім ештеңе білмесе де, ол осыны айта берді. Демек, ол өзінің шынайы рейтингін білді.

Бұл жолы бұрын сайлауда дауыс бермеген, наразылық шараларына қатыспаған адамдар дауыс бермек болды. Бұл адамдар бұрын саясаттан алыс еді. Олар ұзын-сонар кезекті көріп, Светлана Тихановскаяға дауыс беруге барды. Кейін ресми хаттама бәрінің ашуын туғызды. Дауыс ұрланғаны анық. Билік бірінші рет жеңіске жеткенін түсінген халықтың жеңісін ұрлады. Енді билік не істейтінін дөп басып айту қиын. Қазір Лукашенко 2010 жылғы сценарийді қайталап, наразылықты таратамын, жұрт бұрынғы өміріне оралады деп есептейді. Бірақ бұл қазір мүмкін деу қиын. Жұрттың көбі дауыстарының ұрланғанын біледі. Сондықтан ел қалыпты өмірге қалай оралатынын болжау қиын. Қазір Беларусьте Венесуэладағыдай жағдай қалыптасуы мүмкін. Яғни, Николас Мадура сайлауда жеңіске жеттім деді, бірақ оппозиция кандидаты Хуан Гуайдо өзін жеңімпаз деп жариялады. Мұндай жағдай Беларусьте қанша жалғасатынын нақты айту қиын, бірақ осындай сценарий көріп тұрмын. Қазір Беларусь билігі үшін экономика ешқандай рөл ойнамайды. Экономика құласа құласын, қалай да билікті ұстап қалу керек деп отыр.

Глеб Павловский, ресейлік саясаттанушы:

Глеб Павловский
Глеб Павловский

Беларусьте жаңа жағдай қалыптасты және бұл ұзаққа созылады. Қазір Беларусь биліктің күштік құрылымының құрсауында. Бұл – жұрттың дауысын ұрлап алып, құрсауға салу. Қазір ресми Мәскеу де не істесек деп ойланып отыр. Себебі Лукашенко ауру адамға айналды, оның режимі де тұрақсыз ауру жүйеге айналды. Бұл режим кез келген уақытта қираюы мүмкін. Бұл – қауіпті жағдай. Мәскеу, бір жағынан бұған жол бермеуге тырысуы мүмкін. Екінші жағынан, Ресей Лукашенко антимәскеулік риторикаға көше ме деп қауіптенеді. Себебі Лукашенкоға қандай да бір идеология керек, өзінің қажет екенін дәлелдеуге тырысуы мүмкін. Ол елді Мәскеуден қорғап отырмын дер. Мәскеу осыдан қорқады. Меніңше, Мәскеу жағдайды саралап, тікелей болмаса да Лукашенконың нәтижесін мойындамауы да мүмкін. Себебі Ресей ресми бақылаушы жібермеді. Сондықтан қандай нәтиже жазып алғандарыңды бір құдай біледі деп отыруы мүмкін. Елде не боларын болжау қиын. Бүгін, 10 тамыз шешуші күн болмақ. Наразылық бәсеңдеуі мүмкін. Бірақ режим қатты құлдырады. Батып бара жатқан режимге айналды деуге болады. Бұл режим суда қанша тұратынын білмеймін. Мұны енді "Титаник" пен оның құрастырушысы біледі.

Валерий Цепкало, билік Беларусьтегі сайлауға кандидат ретінде тіркемеді. Ол биліктің қысымынан қауіптеніп, Ресейге кетіп қалды.

Валерий Цепкало.
Валерий Цепкало.

Бұған дейін Беларусьте 10-30% дауыс ұрланатынына үйреніп қалғанбыз. Он жыл бұрын Лукашенко өзіне 30 пайыз дауысты жазып алған болар. Бірақ сол кезде жұрттың көбі Лукашенконы дауыс берушілердің жартысы қолдады деп ойлап келген. Ал ол бұл жолы 7-8% дауыс алады, бірақ 80% дауысты өзіне жазып алғаны опасыздық. Ешқандай ақылға сыймайды. Демек, ешкім дауыс санағысы келмеді, дауыс санауға да ниет болмады. Лукашенконың рейтингі 7-8% деп ойлаймын. Мұны Ресей мен Украинадағы Беларусь елшілігіндегі жағдайдан көруге болады. Мұнда қоғамдық пікір шынымен ескерілді. Батыста жүрген жастар бұрыннан Лукашенкоға қарсы болған. Мысалы, Беларусьтің Польшадағы елшілігінде 3200 адам дауыс беруге келіп, біреуі ғана Лукашенконы қолдаған. Ресейде, Украинада, Молдовада жағдай басқаша. Он жыл бұрын мұнда Лукашенконы қолдайтын диаспора бар еді. Мәскеуде, Украинада 10% дауыс берген, Тихановская 80% дауыс иеленді. Меніңше, бұл қазіргі Беларусь қоғамындағы шынайы жағдайды көрсетеді. Бұл сайлауда жұрт Тихановскаяға дауыс бермегені анық. Жұрттың көбі Лукашенкоға қарсы дауыс берді.

Николай Халезин, Беларусь еркіндік театрының жетекшісі:

Халық бейбіт түрде наразылыққа шықты. Билік күш қолдануды бастады, себебі Лукашенко жеңіске жетпегені анық. Билік ұсынған нәтиже жайлы ештеңе айтқым келмейді. Сонда бүкіл халық Александр Лукашенкоға дауыс беру үшін кезекте тұрды ма? Бұл енді ақылға сыймайды. Кейінгі кезде ешқандай көшбасшысы жоқ, кенеттен ұйымдастырылған наразылық шараларының нәтижелі болғанын көрдік. Мысалы, Гонконг моделі, бұл елде нақты лидері жоқ наразы жұрт билікті шайқалтты.

Беларусь еліндегі алтыншы президент сайлауы

  • Беларусьтің жаңа тарихындағы алтыншы президент сайлауы жексенбі, 9 тамыз 2020 жылы өтті.
  • Бұл сайлауға елді кейінгі 25 жыл бойы үздіксіз басқарып отырған 65 жастағы Александр Лукашенко тағы да түсті. 1994 жылы өткен алғашқы президент сайлауынан басқа кейінгі сайлаулардың (2001, 2006, 2010, 2015 жылдары) ешқайсысы халықаралық деңгейде әділ және еркін өткен сайлау деп танылмаған.
  • Беларусь Орталық сайлау комиссиясының жетекшісі Лидия Ермошина Covid-19 пандемиясы кезінде президент сайлауын қашықтан өткізу жайлы құқық қорғаушылардың айтқан ұсынысын "ондай шараға уақыт жоқ" деп қабылдамады. Лукашенко пандемияға бола сайлауды кейінге қалдыруға еш негіз жоқ деп санайтынын айтқан.
  • Орталық сайлау комиссиясы келіп түскен 55 өтініштен 15 бастамашыл топты тіркеді.
  • YouTube платформасындағы "Страна для жизни" арнасының авторы Сергей Тихановский мамыр айында президенттік сайлауға түсетінін мәлімдеген соң қамауға алынып, сайлауға кандидат ретінде қатысу мүмкіндігінен айырылды. Бұдан кейін блогердің жары Светлана Тихановская өзінің бастамашыл тобын тіркеу туралы өтініш беретінін мәлімдеді.
  • Билік оппозициялық саясаткерлер Виктор Бабарико мен Валерий Цепкалоны президенттікке кандидат ретінде тіркемей қойды. Бабариконың үстінен қылмыстық іс қозғап, ұлы Эдуард Бабарикпен бірге қамауға алды, Цепкало Ресейге кетуге мәжбүр болды.
  • 14 шілдеде ОСК Александр Лукашенко, Светлана Тихановская, Анна Конопацкая, Андрей Дмитриев пен Сергей Черечныйды президенттікке кандидат ретінде тіркеді.
  • Сайлауалды кампания басталғалы бері құқық қорғаушылар 1300-ден адам ұсталғанын тіркеді. Олардың арасында бастамашыл топ мүшелері, белсенділер, саясаткерлер, блогерлер, журналистер мен көшеде кездейсоқ кетіп бара жатқанда ұсталған азаматтар бар. Билік жүздеген адамды әкімшілік қамауға алып, айыппұл салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG